КЕДЕНШIЛЕРДIҢ КЕҢЕЙТIЛГЕН ЖИЫНЫ
КЕДЕНШIЛЕРДIҢ КЕҢЕЙТIЛГЕН ЖИЫНЫ
Өткен аптаның сенбiсiнде Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi басшылығы кеңейтiлген есеп беру жиынын өткiздi. Аталмыш жиынға департамент құрамына кiретiн шекара маңындағы "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеттерi қызметкерлерi қатысып, өткен жылды қорытындылады.
Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнiң басшысы Құрманбек Артықбаев бастаған кеденшiлер өткен жылы қол жеткен жетiстiктер мен жiберiлген кемшiлiктер туралы ашық пiкiрталас жүргiздi. Өткен жыл кеденшiлер үшiн табысты болды деп айтуымызға да болады. Оның себебi өткен жылдың желтоқсанында кеденшiлер баспанаға ие болды. "Қорғас" кеден бекетiнде 18 пәтерлiк екi тұрғын үй қолданысқа берiлiп, 33 кеден қызметкерлерiнiң жанұялары "өз үйi, өлең төсегiне" қолдары жеттi.
Аталмыш жиында негiзгi баяндаманы Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментi бастығының орынбасары Александр Малянов жасады. Маляновтың келтiрген деректерiне қарағанда, департаменттiң есебi бойынша, былтыр мемлекетiмiздiң бюджетiне кедендiк төлемдер мен салықтардан 44 млрд. теңгеден астам қаржы аударылған екен. А.Малянов баяндамасын 2010 жылы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетiстiктерден бастады. "Өткен жылы Алматы облысының iшкi сауда айналымы 2 млрд. АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 22% төмендеп отыр. Iшкi тұтынуға кедендiк үрдiс бойынша 1,4 млрд. доллар көлемiнде тауар әкелiнген. Өткен жылдың тиiстi мерзiмiмен салыстырғанда, бұл көрсеткiш 27% төмен", – дейдi А.Малянов. Ол мұндай көрсеткiштердi импорттың салық мiндеттемелерi шарттарын төмендету себептерiмен байланыстырады. Сондай-ақ ол осы аралықта толтырылған кедендiк жүк декларацияларының саны 36 945-ке жеткендiгiн және ол алдыңғы жылға қарағанда 11391 декларацияға төмен екендiгiн және толтырылған МАД-дың төмендеуi тауарларды iшкi тұтынуға әкелуде байқалғандығын айтады. "Сыртқы сауда айналым көлемiнiң төмендеуiне әлемдiк экономикада болып жатқан жайттар әсер еткен, негiзiнен несие беру саласындағы дағдарыс инвестициялық импортқа жағымсыз әсер етуде", – дейдi Александр Александрович.
Кедендiк төлем бағалары республикалық бюджеттi толықтырудың маңызды көзi екендiгiн айта келе, кедендiк табыстарды ерекше бақылауға алып, импортталған тауардың кедендiк бағасын дұрыс анықтап, кедендiк бекеттерде мониторинг жүргiзiп отыру керектiгiн және орын алған мәселеде қолданған шараны департамент басшылығына жеткiзiп отыру жөн екендiгiн айтты.
Бұдан өзге жиын барысында департамент кеденшiлерi өткен жылы кеден бекеттерiнде орын алған келеңсiздiктер туралы да сөз қозғады. "Сын түзелмей, мiн түзелмейтiнi" белгiлi. Кеден бекеттерiнде белең алған азды-көптi кемшiлiктерге сын айтылып, оларды жоюдың жолдары анықталып, белгiлендi. Ең бастысы, кеденшiлер барыс жылын қорытындылап, қоян жылына үмiт артатынын жеткiздi.
Гүлзина Бектасова