АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫ ҚАЙ ЖЫЛЫ ДYНИЕГЕ КЕЛДI?

АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫ ҚАЙ ЖЫЛЫ ДYНИЕГЕ КЕЛДI?

АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫ ҚАЙ ЖЫЛЫ ДYНИЕГЕ КЕЛДI?
ашық дереккөзі
265

Алашорда ұлттық автономиялы үкiметiнiң төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткерi Әлихан Бөкейханның дүниеге келген жылы туралы бүгiнде үш бiрдей дерек көрсетiлiп жүр. Анығында Алаштың Әлиханы қай жылы дүниеге келдi? 1870 жылы ма, әлде 1866 жылдың наурызында ма? Тiптi өзiнiң туған iнiсi Смахан төре ағасының 1865 жылы дүниеге келгенiн айтады.

Жуырда белгiлi алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы құрастырған Ә.Бөкейханның толық шығармалар жинағының алғашқы екi томдығы қолға түстi. Аталмыш кiтапта С.Аққұлұлы Ә.Бөкейханның 1866 жылы туылғандығын тұшымды дерекпен дәлелдеген. Нақтырақ айтсақ, Әлекең атылар күнi толтырған "тұтқын анкетасында" өзiнiң 1866 жылдың 5 наурызында дүниеге келгенiн жазады. Осыны ескере келе С.Аққұлұлы: "Бұдан былай "Алаштың Әлиханының" туған күнi мен жылы ретiнде мiне осы датаның қабылданғаны әдiл болар едi!" – деп ескертедi. Сондай-ақ "Әлихан Бөкейхан үкiм шығарылған күнi-ақ атылған" деген кезектi мақаласында автор Алаш арысының 72 жасында атылғанын айтады. Мәселен: "Үкiм шығарар алдында берiлетiн соңғы сөзде өзiн кiнәлi етiп, жазаға кесетiндерiне күмәнi болмаған Әлихан Бөкейхан ешқандай өкiнiштi де, аяушылық сұрауды да бiлдiрмейтiн қысқа, бiрақ мағынасы терең ақтық сөзiн айтты: "Мен советтiк билiктi жақсы көрген емеспiн, бiрақ мойындадым!" Осы сөздi айтқан сәтте ол 72 жаста едi" деген тың деректi келтiредi.

Ал Тұрсын Жұртбай анкеталық анықтамаға сүйене отырып Әлекеңнiң 1866 жылы дүниеге келгенiн, әйтсе де "Ә.Бөкейхановтың өмiрi мен шығармашылық жолын тиянақты зерттеген С.Аққұлұлы 1870 жыл деп дәлелдейдi" дейдi "Ұраным алаш!.." еңбегiнде. Алаштанушы Смахан төре Нұрмұхамедұлы көрсеткен 1865 жылды да назардан тыс қалдырмаған жөн деп есептейдi. "Қанша дегенмен ағасының өзiнен неше жас үлкен екенiн Смахан төре бiлсе керек" деген пiкiрдi алға тартады Т.Жұртбай. Ал бұл турасында Аққұлұлының өз айтары бар. Ол: "Ескертетiн бiр маңызды мәселе – Әлекеңнiң туған жылы, қара таныған бастауыш мектептен бастап, С.-Петербордағы жоғарғы оқу мекемесiн бiтiрген кезеңдерiн немесе Алаш серкесiнiң өмiрлiк жолы мен қайраткерлiк қызметiнiң сан-сақты сәттерiнiң нақты жыл мезгiлдерiне келгенде, Смахан төре азын-аулақ қателескен. Оған бiр ғана мысал, автор Әлекеңдi "Қызылқайнарда 1865-шi жылы…" туған деп жазады" дей келе, "Әйтсе де естелiктер одан өзiнiң құндылығын бiр елi де жоғалтпайды" деп тұжырымдайды. Ал Алашорда басшысының 1870 жылы дүниеге келгендiгiн С.Аққұлұлы iлгерiде жазған болатын. Демек алаштанушының соңғы пiкiрiн, нақтырақ айтсақ 1866 жылдың 5 наурызы дегендi "қабылдаған әдiл болар едi!".

Сондай-ақ жуырда "Абай.кз" ақпараттық порталы: "Биыл – Алаш ардақтысы, қазақтың жаңа замана мемлекеттiлiгiнiң төр басында тұрған айрықша, ерен тұлғасы, алғыр саясаткер, "Алашорда" ұлттық территориялық үкiметiнiң төрағасы, "Алаш" қозғалысының ту ұстаған бастаушысы, екi дүниедегi Алаштың аяулы ұлы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 145 жылдығы" деп жазды.

Ұзын сөздiң қысқасы, биыл ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығымен қатар Ә.Бөкейханның 145 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келiп отыр. Сондай-ақ Алаштың аяулы азаматтары Жақып Ақбаевтың туылғанына – 135 жыл болса, Әлiмхан Ермековтiң дүниеге келгенiне – 120 жыл. Соңғы рет жоғарыда аты аталған үш арысқа 1992 жылдың тамызында Ақтоғай ауданында ұлан-асыр ас берiлген екен. Арада жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, олардың есiмi жоғары жақтан елеп-ескерiлмей келедi. Оған дәлел 2006 жылы Әлихан Бөкейханның 140 жылдығына ешкiм мән берген жоқ. Ал "Тiрi болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар едi, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деген Әлекеңнiң мерейтойын қалай атап өтсе де орынды емес пе едi? "Езiлген елi үшiн амалсыздан… қара жұмыстың кiрiне былғанып, саясаттың сандалына түсуге" мәжбүр болған Әлекең туралы Қошке Кемеңгерұлы: "Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Әлиханның қазақ елiне iстеген тарихи қызметi: әдеби тiл тууына себеп болды, өзiне ерген топты дiни фанатизмге қарсы тәрбиеледi. Бұдан барып татардан iргесiн аулақ салған қазақ ұлты туды" дей келе: "Басқа жұрттың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елiн сүйгендiкке дәлел" деген ыстық ықыласын бiлдiредi.

Халқымыздың түсiнiгiнде елеусiздеу той-жиынды "жетiм қыздың тойындай өттi" деушi едi. Өкiнiшке қарай, Әлекеңнiң 145 жылдығы "жетiм қыздың тойындай да" аталып өтiлмейтiн сияқты. Бүгiнде исi Қазаққа ортақ азаматтың мерейтойы өзiнiң туған өлекесiнде ғана аталып өтуге тиiс дегендей қисынсыз көзқарас қалыптасқан. Осы қасаң қағидамен қарайтын болсақ, Әлекеңнiң мерейтойын Қарағанды облысы атап өтуге тиiс едi. Амал не, небәрi жиырма бес күнен кейiн 145 жасқа толатын Алаш ардақтысының мерейтойы аталмыш облыста да аталып өтiлмейтiн тәрiздi.

Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары