ӘЛЕУМЕТТIК МӘСЕЛЕГЕ – ОН ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМА

ӘЛЕУМЕТТIК МӘСЕЛЕГЕ – ОН ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМА

ӘЛЕУМЕТТIК МӘСЕЛЕГЕ – ОН ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМА
ашық дереккөзі
184

Астанада "Нұр Отан" ХДП-ның ХIII съезiнде партияның төрағасы Н.Назарбаев алдағы он жылға арналған бағдарламаның басым бағыттарын жария еттi. Бұл құжаттың ең тиiмдi тұсы – халықтың әлеуметтiк жағдайын оңалту, жастарға қолдау бiлдiрiп, жасампаз iстерге үндеу. Бұдан өзге тұрғын үй мәселесiн реттеу, жұмыссыздықтың салдарын жою да қаперден қалған жоқ. Осы мақсатта алдағы төрт жылда жалпы құны 8,1 триллион теңге болатын 300-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асатын болады.

800 мыңнан астам мүшесi бар елдегi ең iрi саяси ұйым "Нұр Отан" партиясы Үкiметке биылдың өзiнде 50 мың адамды жұмыспен қамтитын балама жоба әзiрлеудi ұсынып үлгердi. Ал мамандығы жоқтарды қайта оқытып, оларға жұмыс тауып берудi мемлекет өз мойнына алады. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Ауылдағы жұмыссыздардың бәрiне, бiрiншiден айтарымыз, сол жерден жұмыс тауып беремiз. Жұмысы жоқтарды оқытамыз. Жолын төлеймiз. Олар оқуға ақша төлемейдi, керiсiнше бiз стипендия беремiз. Жаңағы мамандықты игерген соң, жұмысқа тұрғызамыз. Жұмыс iстеймiн деген адамға бұдан артық не iстеу керек?!" – дедi жұрттың көкейiндегiнi дөп басып. Бағдарламадағы басты жаңалықтардың бiрi қор биржасына қатысты. Қазiр бұл сектор бiздiң елде кенже қалып келедi. Сондықтан iрiлi-ұсақты компаниялардан акция алып, құнды қағаздар мен қор нарығын дамытуға қарапайым халықтың өзi құлықты болуы тиiс. Ал өз кезегiнде бұл шараға компаниялармен бiрге Үкiмет те мұқият араласқан абзал. Мемлекет басшысы акцияларды тек байшыкештер ғана сатып алмай, оның қарапайым халыққа қолжетiмдiлiгiн қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ Елбасы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғыртып, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесiн жеңiлдетудi жүктедi. "Бұл ретте "Тұрғын үй жинақ банкiнiң" қызметiн жетiлдiрген жөн. Тiптi жұмыссыздарға басқа аймақтардан жұмыс тауып, оларды арзан жалдамалы үймен қамтамасыз ету тетiктерiн де Үкiмет реттеуi тиiс. Азаматтар үй алуға қажет қаржының 20 пайызын екiншi деңгейлi банкке жинаса болғаны, қалған бөлiгiн банк пен мемлекет өзара бөлiп төлейдi. Бұл бағдарламаны баяндау барысында шенеунiктер халыққа етене жақын болуы керек. Шенеунiкпiн деп шiренiп, көкiрегiн керетiндерге жол жабық" – дедi. Елбасының тапсырмасы бойынша Үкiмет тұрғын үй құрылысын қолдаудың мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеп, қолжетiмдi баспананың бағасын 1 шаршы метрi үшiн 170 мың теңге деңгейiнде бекiттi. Бiр айта кетерлiгi, шаршы метр құны әр өңiрдiң өз ерекшелiгiне қарай құбылып отырады. Тұрғын үй құрылысын қолдаудың арқасында 2011 жылы 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынбақшы. Ол үшiн тұрғын үй құрылысына ақша жинақтау жүйесiнiң көмегiмен арзандатылған үй тұрғызылып, инженерлiк-коммуникация инфрақұрылымын салу жоспарлануда.

Биыл азаттықтың көк туының желбiрегенiне – 20 жыл. Елбасы тәуелсiздiктiң 20 жылдық тойының айрықша атап өтiлетiндiгiн тiлге тиек еттi. Оған қазiргi кезде дайындық шарасының қызу басталып кеткендiгiн жеткiздi.

"Нұр Отанның" алдағы он жылға арналған бағдарламасы елiмiздiң индустриалдық-инновациялық даму жоспарымен тығыз байланысты. Сондықтан оған ешкiм енжарлық танытпауы тиiс. Әрi бағдарламадағы басымдықтарды баянды түрде iске асыру үшiн билiк бұны бұқараға қарапайым тiлмен, түсiнiктi етiп жеткiзуге мiндеттi.

Ал съезде референдум өткiзу жөнiндегi бастамашыл топқа жетекшiлiк еткен Ерлан Сыдықов: "Нұрсұлтан Назарбаевпен бiрге болу – алдағы күнге деген үмiтiмiз бен сенiмiмiздi бекiте түседi" десе, Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Елбасының елге сiңiрген еңбегiн ерекше атап өттi. "Кезiнде қазақтың санын миллионға жеткiзiп, қой үстiне бозторғай жұмыртқалатқан Қасымның хандығы – бүгiнде аңыз. Өз кезегiнде бабаның байтақ жерiн бүтiндеп, шекарасын бекiткен, адамын 1,5 миллионға арттырып, береке-бiрлiгiн сақтаған, салауатты мемлекет құрған Назарбаев заманы – арман да, аңыз да емес, айшықты ақиқат", – деп түйдi өз пiкiрiн И.Тасмағамбетов.

Сөйтiп, съезд мүшелерi мен қонақтары "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттiкке үмiткер ретiнде ұсынып, бiр ауыздан мақұлдады. Бiр-екi күндiкте "Нұр Отан" ХДП Астана қалалық филиалында президенттiкке үмiткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын қоғамдық штаб құрылды. Штабтың басты жұмысы – Елбасының кандидатурасын құптайтын азаматтардың қолын жинау, халыққа ақпараттық көмек көрсету. "Сайлау туралы" Заң талаптарына сәйкес, әр үмiткер 91 мың адамның қолын жинауы тиiс. Қазiрдiң өзiнде "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалы Нұрсұлтан Әбiшұлының кандидатурасын қолдаған 14 мыңнан астам елордалықтың қолын жинап үлгерген. Мұндай қоғамдық штаб Алматы қаласында жұмыс iстей бастады. Қоғам қайраткерлерi мен қоғамдық ұйым жетекшiлер кiретiн штаб наурыз айының 3-i мен сәуiр айының 1-i аралығында сайлауалды үгiт-насихат шараларын жүргiзедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары