Дүние-жалған

Дүние-жалған

Дүние-жалған
ашық дереккөзі

РОЗА БАҒЛАНОВА

Қазақ мәдениетi мен өнерi ауыр қазаға ұшырады. 2011 жылы 8 ақпанда аты аңызға айналған әншi, КСРО және Қазақстанның Халық әртiсi, Халық қаһарманы Роза Тәжiбайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында дүние салды.

Роза Бағланова Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы туған. Ол Қызылорда педагогикалық институтында оқығаннан кейiн 1941 жылы Ташкент филармониясы ән-би ансамблiнiң әншiсi болды. Р.Бағланова бұл ансамбльдiң құрамында Ұлы Отан соғысы кезiнде майдан даласында ән салды, Мәскеу түбiнде шайқасқан панфиловшы жауынгерлер алдында концерт қойды, 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңiске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы "Кестелi орамал", "Ах, Самара, городок" әндерi ел арасында ерекше танымал болды.

1947-1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншiсi, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының солисi болды. Р.Т.Бағланова кейiнгi 50 жыл ғұмырында "Қазақконцерт" шығармашылық бiрлестiгiмен байланысын үзбедi.

Роза Тәжiбайқызы қазақтың ән өнерiн дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндерi, қазiргi композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжiк, украин, грузин, әзiрбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үндi халықтарының әндерi үйлесiмдi көрiнiс тапты.

Аса танымал эстрада әншiсi Роза Бағланова қазақ өнерiн шетелдерде таныстырып әрi насихаттай отырып, белсендi гастрольдiк қызмет жүргiздi. Ол Мәскеуде өткен Бүкiлодақтық эстрада әншiлерiнiң екiншi конкурсының дипломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студенттердiң II бүкiлдүниежүзiлiк фестивалiнiң лауреаты болды. Осы фестивальде халық әндерiн орындағаны үшiн арнайы сыйлық иелендi.

Роза Бағланова елiмiздiң мәдениетi мен өнерiн дамытуға қосқан зор үлесi үшiн Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерiмен марапатталды, тәуелсiз "Тарлан" сыйлығын иелендi.

Әйгiлi әншiнiң жарқын бейнесi бiздiң жүрегiмiзде мәңгi сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкiметi

Бибiгүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО және Қазақстанның Халық әртiсi,

ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты:

ӘНI ДЕ, СӘНI ДЕ ЕРЕКШЕ ЕДI

Қазақтың ерке қызы өмiрден өттi. Ауыр қаза! Сахнада қатар жүрген жылдар осындайда небiр қызықты өнер сапарларын еске түсiредi. Қаза деген кез-келген пендеңiздi тәубесiне келтiрiп, iштей имандылықты бекiте түсетiн жағдай ғой. Бiр жағынан Роза Тәжiбайқызы өте бақытты жан, өнерiнiң қызығы мен шыжығын қатар көрiп, қуанышына бөлендi. Ең бастысы, туған халқының еркесiне айналды Тағы бiр бақыттылығы, өзiнiң сексен жасына дейiн сахнадан, сүйiп тыңдайтын тыңдармандарының көз алдынан кеткен жоқ, сахнада тiк жүрiп, тiк тұрды. Ал бұл дегенiңiз – өнер адамдары үшiн тағдырдың баға жетпес сыйы.

Әрине адам болған соң жаның ауырады, қимайсың. Әсiресе бiз сияқты қатарлас-сахналастарына өте-мөте ауыр қаза. Көзi тiрiсiнде "апа" дегiзбеушi едi, айтпаңдар деп тыйып тастайтын. Мiнездi, ерке, кейде бала сияқты аңғал, кейде тiптi қатаңдау, батыл да қайсарлығына қызығатынбыз. Шыны керек, өз басым көбiне тартыншақтаумын, ал апамыздың мiнезiне, жүрiс-тұрысына, кез келген ортада өзiн еркiн ұстауына, ашық-жарқын әңгiмесiне қызығатынбыз. Әсiресе еркелiгi өзiне жарасып тұрушы едi!

Қай елде, қай жерде гастрольге барғанымызда мiндеттi түрде Роза Тәжiбай қызына құрмет ерекше-тын. Онсыз барған елдерде жағдайын сұрап, сәлем айтушылар көп болатын-ды. Туған халқы түгiл, Кеңестер Одағының да сый-сияпатын көрген, халқының батасын алған күмiс көмей әншi өте бақытты өмiр сүрдi.

Сондықтан да артында iздеушiсi бар адам бақытты болса, апамыздың бақыты да асып-тасыған шағы едi. Тоқсан жылдығын керемет күттi. Амал не, сексен тоғыз жасында арамыздан ғайып болды. Соғыс жылдарында да аңызға айналған өнерсапарлары шын мәнiнде аңыз болатын кез жеттi.

Қара жерге қимасақ та, өкiнiш-өксiк кеудемiздi керiп тұрып, амалсыз қош деймiз де!

Артында қалған балалары мен немерелерiне көңiл айта отырып, алдыңнан жарылқасын, қазақтың қаһарман қызы деймiз!

Нұрғали НҮСIПЖАНОВ,Қазақстан Республикасының Халық әртiсi,

Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты:

"АЛТЫН ҚОРДАҒЫ" АҢЫЗ-АПА

Қазақ өнерi тағы да ауыр қазаға ұшырады.

КСРО және Қазақстанның Халық артисi, "Халық қаһарманы" Роза апамыз Бағланова өмiрден озды.

Қаршадайынан халықтың алдына шығып, сәнiмен де, әнiмен де туған халқының мақтанышына айналған апамыздан айырылып қалдық деген суық сөз жеткенде жүрегiмiз қан жылап қала бердiк…

Асыл моншақтай тiзiлiп, шашауы шықпаған мөлдiр үнi, сахнаның еркесiне айналған кербез де әдемi күлкiсi ендi қайта естiлмейдi дегенге сенгiмiз келмесе де, мойындағандай күй кештiк.

Қасында жүрiп тәлiм-тәрбиесiн алдық. Асыл да адами қасиеттерiне тәнтi болдық. Өнерiне жығылдық, құрмет тұттық. Өзiне ғана тән еркелiгi, еркiндiгiне iштей сүйсiндiк. Қызықтық, қазақтың маңдайы жарқыраған әдемi бiр қызына Алла Тағаланың мынандай байлық бергенiне тәубе дедiк. Үнi қандай десеңiзшi, оның орындауындағы әндер қандай?! Жалт-жұлт еткен сахнадағы жанары қандай едi, шiркiн, табиғаттың осындай кербезiне де кезектiң келгенi бiздi – әншiлердi ғана емес, талайларды есеңгiретiп жiберерi сөзсiз. Өйткенi өнер халықтiкi десек, сол өнердiң жайсаңы Роза Тәжiбайқызы болды.

Қазақ халқы халқымыздың өнерi тұрғанда, қазақтың небiр жезтаңдай әншiлерiнiң үнi сақталған қазақтың "Алтын қоры" тұрғанда Роза апамыздың да аты да, заты да мәңгi есiмiзде сақталады.

Өзiмiздi осылай жұбата отырып, бүкiл қазақ халқына, қазақстандықтарға, қайғы ортақ отандастарыма көңiл айтамыз.

Топырағың торқа болсын, апатай!

Зәурехан ҚҰМАРБЕКОВА:

ҚОШ БОЛ, АҚ МАМАМ

Мен Роза Тәжiбайқызын "ақ мамам" деушi едiм. Өзiмнiң туған анамнан кем көрмей, отбасымызбен араласып тұрдық. Үлкен әжесi жағынан туыстығымыз болған соң бiресе келiн, өз ыңғайына қарай кейде сiңлiм деушi едi.

Өмiрлiк жолдасым Абдолла қайтыс болғанда: "Тәжiбайымды саған тапсырып кетемiн деп жүр едiм, менен бұрын кетiп қалғаныңды қарашы", – деп ағыл-тегiл жылағаны әлi есiмде. Ұлы Тәжiбайға келiн түсiргенде де тойдың басы-қасында болып, ағайындығымызды көрсеттiк.

Тәжiбайды "алтын сақам", ал келiнi Маржанды "ақ маржаным" деп еркелететiн-дi. Менiң немерелерiмдi шөберем деп отыратын. Бiр немереме өз атын қойып, "Ах, Самарасын" үйреттi. Барған сайын әндi орындатып, мәз-мәйрам болушы едiк. Менi де әншiлiкке тәрбиелеуде Ақ мамамның үлесi зор. "Үнiң ашық, құлаққа жағымды" деп мақтап жүрiп, өнер жолына баулыды. Сексен жылдығына байланысты Республика сарайында өткен концертте "Аппақ тәтем" әнiмен шықтым.

Артында әнi, ұрпағы бар, тоқсанға қараған шағында "ақ мамамды" мәңгiлiк сапарына шығарып салып, соңында жоқтаушылары – ұрпағы қалды. Топырағың торқа болсын деймiз, "Ақ мамамды" бақилық сапарға аттандырып тұрып…