ПРЕЗИДЕНТТIҢ СТИПЕНДИЯСЫ БЕРIЛДI

ПРЕЗИДЕНТТIҢ СТИПЕНДИЯСЫ БЕРIЛДI

ПРЕЗИДЕНТТIҢ СТИПЕНДИЯСЫ БЕРIЛДI
ашық дереккөзі
196

Апта басында Елбасы бiр топ әдебиет пен өнер қайраткерлерiне Президенттiк және мемлекеттiк стипендия табыстады. Жылдағы дәстүрлi сыйақымен биыл 100-ден астам шығармашылық иелерi марапатталды.

"Бiр жағынан қарағанда, сонша көп қаражат емес шығар. Бiрақ бұл көрсетiлген көмек, демеу, көңiл бөлу. Сiздер үшiн үйдегi бала-шаға, туған-туыс, жора-жолдас үшiн үлкен мәртебе деп санаймын", – дедi Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл сыйлықтың дәстүрге айналғанына да 16 жылға жуықтапты. 16 жыл бойы елге еңбегi сiңген азаматтар мен жас дарындар аталмыш сыйлыққа ие болып келедi. Жылдағы дәстүрлi сыйлықты табыс етiп тұрып, Елбасы әдебиет пен өнер саласының көрнектi қайраткерлерiне шығармашылық жемiс тiледi. Одан бөлек, кездесу барысында ұлттың руханиятын көтеру, төл мәдениетiмiз бен руханиятымызды төрткүл дүниеге паш ету, насихаттау мәселелерi де әңгiме арқауына айналды.

Президент стипендияларының иегерлерiнiң қатарында Бибiгүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Асанәлi Әшiмов, Гүлфайруз Исмайылова, Шерхан Мұртаза, Әкiм Тарази, Фариза Оңғарсынова, Қалихан Ысқақ сияқты көрнектi өнер мен әдебиет қайраткерлерi бар.

Сондай-ақ, стипендия иегерлерiнiң қатарына жас дарынды қалам иелерi мен өнерпаздарымыз да iлiгiптi. Олардың арасында Данияр Саламат, Маралтай Райымбекұлы, Есей Жеңiсұлы, Айгүл Ниязова секiлдi жалынды қыз-жiгiттерiмiз бар. Елбасы стипендиаттарды марапаттай келiп, жалынды жастарды қоғамның өсiп-өркендеуiне белсене атсалысуға шақырды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары