ҮЗДIК ЖЕҢIС ЖАЛҒАСА БЕРГЕЙ

ҮЗДIК ЖЕҢIС ЖАЛҒАСА БЕРГЕЙ

ҮЗДIК ЖЕҢIС ЖАЛҒАСА БЕРГЕЙ
ашық дереккөзі
246

Қысқы Олимпиялық ойындар Қазақстанға бұйыра ма?

Ақ Азиаданың Қазақстандағы жалауы соңғы рет желбiреп, Саппоро ұйымдастыру комитетiнiң өкiлдерiне табыс етiлдi. Астана мен Алматы қалаларында ту көтерген Азия құрлығының қысқы ойындары Жапония аралдарында жалғасын табады. Алматы қаласындағы Балуан Шолақ Спорт сарайында өткен жабылу салтанатында сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев тартысты ойынға куә болғанын қуанышпен жеткiздi: "Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын қорғаған спортшыларға айрықша алғысымды айтамын. Сiздер ел тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығына тамаша тарту жасадыңыздар. Астанада жағылған Азиада алауы әр жүректе ұзақ сақталады деп сенемiн. Қазақстанға деген ыстық ықыластарыңыз үшiн шынайы алғысымды бiлдiремiн. Келесi Қысқы Азия ойындары Жапонияға берiледi, бiз аталмыш елге зор табыстар тiлеймiз", – дедi.

Бәсекеге салынған 69 алтынның 32-сi қазақтың қоржынынан табылып, Азия құрлығының алды атанды. "Командалық есептегi және медальдар саны бойынша мұндай жарқын да үздiк жеңiс бiзде бұған дейiн ешқашан болған емес. Бұл – қазақстандық спорттың нағыз салтанаты!" – дедi Елбасы жабылу рәсiмiнде. Тартысты бәсекеде спортшыларымыз аянып қалған жоқ, "жүзден жүйрiк" келген спортшылар ендi әлемдiк деңгейдегi бәсекелерде бақ сынап көрмек. Сонымен "тойдың болғанынан боладысы қызық", Азиадаға арналып салынған спорттық нысандар тиiстi бағасын алып, әлемдiк алпауыттардың көзiне түсiп те үлгердi. Азия Олимпиадалық кеңесiнiң вице-президентi Тимоти Фук та VII Қысқы Азия ойындарының жабылу рәсiмiнде жарыс барысы сәттi өткенiн мойындады. Осы тұрғыда 2022 жылға жоспарланған Қысқы Олимпиялық ойындар елiмiзде өтуi мүмкiн бе? Азиялық ойындардың ашылу салтанатына қатысқан ХОК төрағасы Жак Рогге Президентпен осы тұрғыда әңгiмелескенiн айтып қалған-ды. Ендi мiне, Елбасы жабылу рәсiмiнде шана-бобслей трассасын салсақ, толық дайын боламыз дедi. Олай болса, келесi сайыстың да ауылы алыс емес. Дағдарыстан кейiн ендi бас көтерген экономикада осынау ауқымды шараны ұйымдастыра бiлудiң өзi өнер емес пе?

ҚАЗАҚСТАНДА – 32 АЛТЫН

Қысқы ойын түрлерi елiмiзде кеш дамыды деп айта алмаймыз. Кеңестiк одақ кезiнде де қысқы спорт түрлерiнен жұлдызы жарқыраған спортшыларымыз болды. Тiптi азаттық алған жиырма жылдың iшiнде спортқа жақын мықты ұрпақ дайындауға уақыт жеткiлiктi едi… Әрине, спортқа жаны жақын жастардың аздығы осы ойында айқын байқалды. Ең әуелi қара домалақ қазақ спортшыларының аздығынан қазақ ұлтының кiм екенiн таныта алмадық. Бұл – бiр. Жанкүйер жастардың, жалпы халықтың спортқа әлде спортшыға көңiлi қалған ба, әйтеуiр тартысты сайысты тамашалауда жалқаулық танытты. Бұл үрдiс Астана қаласындағы стадионда көзге ұрып тұрды. Бос қалған жанкүйер орнын шетелдiк туристермен толтырмақшы болған ұйымдастырушылар бұл ойды жүзеге асыра алмады. Бiрен-саран болмаса, топырлап жүрген туристердi көре алмадық. Осы тұрғыда Президент: "Шетелдiк қонақтар Азиаданың жоғары деңгейде өткенiне, оларға жылы шырайлы қабылдаулар мен қонақжайлық көрсетiлгенiне, қызмет көрсету деңгейi жоғары болғанына және қазақстандықтардың мәдениетiне таңданыстарын бiлдiрiстi. Олардың есiнде Азиаданың Астанада ашылу және Алматыдағы жабылу рәсiмдерi жақсы сақталып қалмақ", – дедi. Қалай десек те ат шаптырып алыстан келген қонақтардың болғанын ескеру керек.

"АЙСҰЛУ" АЛДЫНА ЖАН САЛМАДЫ

Қазақстанның хоккей командаларының дайындығы өте жақсы. Әсiресе көп көрiне бермейтiн қыздар командасы Азиада алтынына әу бастан-ақ ұмтылды. Қарсы келген қарсыластарды ойсырата жеңiп, ақтық сында қажымайтын Қытай командасымен кездескен едi. Мiне осы тұста сәл қобалжуға тура келдi. Себебi Қытай құрамасы – бұрындары шайбалы хоккейде әлемдiк ареналарда жеңiске қол жеткiзiп жүрген команда. Дегенмен Александр Мальцевтiң шәкiрттерi жiгерлiлiк танытып, 4:1 есебiмен алтын тұғырға қадам басты. Ойында қарсыластар қақпасына шайба кiргiзген Зарина Тухтиева, Елена Штельмайстер, Любовь Ибрагимова, қақпашы қыз Айжан Раушанова жанкүйер iлтипатына бөлендi.

Шайбалы хоккей Халықаралық федерациясының (IIHF) әлемдiк рейтингiсiнде қазақстандық әйелдер құрамасы 8-орында тұр екен. Қытай құрамасы бiр тармақ жоғары болса, жапон құрамасы оныншы орынға табан тiреген. Осыдан кейiн-ақ қытай қыздарынан секем алған едiк. Қазақстанның әйелдер құрамасы бас бапкерi Александр Мальцевтiң жетекшiлiгiндегi "Айсұлу" хоккей клубынан құралған. Жақында өткен маусымдағы ҚР бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы болған бұл команда балалар командалары арасындағы еуропалық чемпиондар Кубогының бiрiншi кезеңi өткен Түркиядан оралды. Бiздiң хоккейшi қыздарымыз Франция, Түркия мен Словениядан жиналған төрт құраманы жеңiп шығып, жарыстың екiншi кезеңiне жолдама алған.

ҚЫТАЙ НЕГЕ КIДIРДI?

VII Қысқы Азия ойындарын дүбiрлi думанмен өткiздiк. Байрағы желбiреген әрбiр ел алтын мен күмiсiн қолтығына басып, алдағы әлем бiрiншiлiктерi мен Саппоро ойындарында тағы да бақ сынап көрмек. Себебi 2011 жылғы Азия ойындары ең бiр ерекше кезең болды десек артық айтпағандық. Жарысқа қатысқан спортшылардың барлығы жас. Жас шамасы – 16-17 жас аралығында. Ендеше келесi сайыстарда тәжiрибесi мол, бабына келген спортшылармен күш сынасуға тура келедi деген сөз.

Иә, құрлықтың келесi бiрiншiлiгiнде шығыс құрамалары қарап қалмас. Ақ Азиадада алтын медаль саны бойынша Жапония мен Корея қатар келдi. 13 алтынды арқалаған бұл елдердiң спортшылары аяғынан нық тұрған, бапкерлерi қалаған негiз бар. Ал келесi лекке Қытай командасы тұрақтады, олардың еншiсiнде – 11 алтын, 10 күмiс, 14 қола. Жалпы жаман нәтиже емес, бiрақ спорттың түр-түрiн толық меңгерiп, техникалық қатеге бой алдырмайтын елдiң спортшылары үшiн таңғаларлық құбылыс. Шорт-трек, фристайл, мәнерлеп сырғанау сынды күрделi сайыстарда алтынды қатарынан алып жатты.

Азиада жеңiмпаздарымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алтын иегерлерiне – 10 мың доллар, күмiс алғандарға – 5 мың доллар, ал қолаға – 3 мың доллардан бөлiнетiнiн жеткiздi.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары