ЕКАТЕРИНБУРГТЕ ЕЛЬЦИНГЕ ЕСКЕРТКIШ АШЫЛДЫ
ЕКАТЕРИНБУРГТЕ ЕЛЬЦИНГЕ ЕСКЕРТКIШ АШЫЛДЫ
1 ақпан күнi Ресей Федерациясының тұңғыш президентi Борис Ельцин көзi тiрi болғанда 80 жасқа толар едi. Саяси сахнаға жаңа тұрпаттағы мемлекеттi әкелген алып тұлғалы, еңсегей бойлы Ельциннiң орны да ерекше. Оны жұрт өзiнiң табандылығымен, әдiл шешiм қабылдауымен дараланған тұлға деп бiледi. Айта кету керек, Ельцин – Ресейге алғаш демократияның дәнiн сепкен бiлiктi саясаткер.
Ол мәңгiлiк мызғымастай көрiнген КСРО-ның ыдырауына тiкелей ықпал жасады. Ресейдi 1991 жылдан 1999 жылдың соңына дейiн басқарған Ельциннiң елдi тарихи жаңа жолға бастау үшiн көп еңбек сiңiргенiне тарих куә. Әрине мұндай жүктi Ельцин сияқты ойы азат, шынайы демократия принциптерiне адал азамат болмаса, көтере алмас та едi.
Бүгiнде Ресей халқы еркiндiк пен бостандыққа жол ашқан алғашқы президентiн аса қимастықпен еске алады. Әлемдiк саясатта сабырлы, салқынқанды мiнез-құлқымен дараланған бiлiктi басшының ерен еңбегiн бодандықтан бұлқынып шыққан тәуелсiз мемлекеттер де бағалайтыны белгiлi.
Борис Ельциннiң 80 жылдығына орай Екатеринбург қаласында ескерткiш ашылды. Алып тұлғаның бар сұлбасы бейнеленген ескерткiш 12 метрге жетедi. Тұңғыш президенттiң туған жерiнде бой көтерген ескерткiштiң ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ресей президентi Дмитрий Медведев: "Бұл монумент – оның батылдығы мен еркiндiгiн паш етiп тұр. Әрине Ельциндi Ельцин еткен де осы мiнезi. Ол ешкiмге ұқсамайтын даралығымен кез келген мәселенi шешуде дұрыс қадамды таңдайтын, өз позициясын сақтайтын ержүрек жан едi", – дедi көтерiңкi пафоспен. Сондай-ақ Медведев Ресей мемлекетiнiң заманауи бағытта iлгерi дамуы, ең алдымен Ельциннiң сiңiрген баға жетпес еңбегi екенiн қадап айтты. "Сол үшiн де Ельциннiң рухына мың тағзым" деген Ресей президентi Медведев Ельциннiң жары Наина Иосифқызы мен қыздары Татьяна және Еленаны құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды.
Естерiңiзге сала кетсек, Ресей Федерациясының тұңғыш президентi Борис Ельцинге Астана қаласынан көше атауын беру туралы Парламент депутаттары ұсыныс жасаған-тұғын. Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн берiк етуге өлшеусiз үлес қосқан Ельцинге қандай құрмет жасасақ та жарасатын сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ