492
ТYБIТI – ЖIБЕК, CYТI – EM
ТYБIТI – ЖIБЕК, CYТI – EM
Әлiмсақтан ата-бабамыз бұл түлiктi Шопан ата ұрпағына телiп, "қой-ешкi" деп атаған. Алайда ешкiнiң тиiмдiлiгiн де ұмытпаса керек. Бұған қазақ пен айыр қалпақ қырғыз арасында "Текебаев" сынды тектiң кездесуi дәлел болса керек. Мәселен Омeрбек Текебаев деген қырғыз саясатшысы да бар.
10 ЕШКI ТIРКЕЛГЕН ӨҢIР Сонау 1982 жылы өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiр Пленумында Д. Қонаев бiздiң өңiрге ерекше шүйiлген көрiнедi. Елiмiздiң басшысы, ұлтымыздың бiртуар ұлы былай дептi: "Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан мүмкiндiктер мол. Басқасы басқа, ешкi шаруашылығын алайық. Осы облыспен көршiлес, табиғаты бiрдей Орынбор аймағында түбiттi жүндi ешкi баяғыдан өсiрiлiп келедi. Көршiлер содан шаш етектен пайда тауып отыр. Аса сапалы өнiмнiң көп бөлiгi өңделген күйiнде шетелге шығарылуда. Ал сiздiң облыста статистикалық дерек бойынша… 10 ешкi тiркелген. Бұл қалай?!" – Сол сол-ақ екен, бiрiншi басшының айтқанын күтiп тұрғандай, – дейдi бүгiнде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлiм бастығы Қали Ақон, – ешкi түлiгiне көңiл аударыла бастады. Өңiр жетекшiсi М.Ықсановтың тапсырмасымен бiздiң мамандар көршi облысқа барып, iрi-iрi ешкi шаруашылықтарын аралап, шәлi тоқитын фабрикаларды көрiп, iспен нақты орнында танысты және әрiптестерiмен тәжiрибе алмасты. Сонан кейiн облыс бойынша түрлi тектi ешкiлер жиналынып, бiр жерге шоғырландырылды. Таңдау Шыңғырлау ауданының "Алмазный" кеңшарына түстi. Өйткенi үш мыңдай ешкi жинаған бұл кеңшар Орынбор облысының асыл тұқымды ешкi шаруашылығы – "Южныймен" шектес едi. "Южныйдың" өзiнде 36 мың асыл тұқымды жануар бағылып жатты… …Мiне, "Алмазныйға" сол кездегi жас маман Қ.Ақон директорлыққа тағайындалған. Малды бiр жерге жинау аз, жануарларды сауықтыру қажет қой. Алғашында көп ешкi сарыпқа шығыпты. Нәтижесiнде жануарлар сұрыпталып, тұқымын асылдандыру үшiн Волгоград облысы мен Таулы Алтайдан тектi, түбiтi сапалы текелер әкелiндi. Соңынан аталған шаруашылық сапалы түбiт сатып, толағай табысқа кенелiптi. Өйткенi бiр текенiң өзiнен келi жарым түбiт алынған. БӨРТЕ ЛАҚТЫ БАҚҚАН ҚАНДАЙ?.. Ешкi – адамзат алғаш рет қолға үйреткен жануардың бiрi. Жер бетiнде Шекшек ата тұқымының оншақты түрi өмiр сүруде. Оның еттi, еттi-сүттi, түбiттi-жүндi түрлерi әлемде кеңiнен таралған. Мәселен Ангор ешкiсiнiң түбiтi ұзын және жiбектей. Заанин түрi – сүттi тұқым. Еттi тұқым – Қытай мен Үндiстанда, сүттiсi – араб әлемi мен Еуропада, түбiттiсi – АҚШ, Түркияда көп өсiрiледi. Мүйiздi жануардың басты ерекшелiгi күй және күтiм талғамайды. Ол шөптiң 547 түрiмен қоректенедi. Шекшек атаның тұқымы аяз бен қапырыққа да төзiмдi. Рас, сызға осал. Қойға қарағанда, лағы тез отығып кетедi. Сүттi түрлерiнен бiр маусымда 250-350 литр өнiм алынады және жануар кемiнде 7 ай сауылады. Түбiттi тұқымның ешкiсi бiр маусымда 700-800 грамм сапалы өнiм берсе, текесiнде бұл көрсеткiш 1200 грамға жетiп жығылады. Терiсiнен шевро, сафиян сынды жоғары сапалы былғары алынса, могер жүнiнен жылтыр костюмдер тоқылады. Ең бастысы – ешкi тез жерсiнедi және өсiмтал. Түсiне қарай "Бөрте", "Жағал", "Бурыл" және басқаша аталады. БIЗДЕГI АХУАЛ Облыстың Бас зоотехнигi Қали Ақоннан алынған дерек бойынша, қазiр өңiрде 209092 бас ешкi бар. Соның 31222-сi шаруа қожалықтарының үлесiнде. Қалған 177870-ы жеке меншiкке тиесiлi. Ақжайық ауданы ешкiнiң саны жөнiнен облыста бiрiншi орында тұр. Осы iрiлендiрiлген аудандағы 54549 ешкiнiң 49665-i жекенiң қорасында. 32310 бас ешкiсi бар Жаңақала ауданы екiншi орында. Сонан кейiнгi кезек Қазталовка ауданының еншiсiне тиiптi. – Әдетте бiреулер ешкi малын менсiнбей, оған мұрнын шүйiре қарайды,-дейдi Қали Ақон әңгiмесiнде -Түбiрiмен қате көзқарас. Әуелде ешкi шаруашылығымен тiкелей айналысқан маман ретiнде айтарым, ешкi өзiн-өзi артығымен ақтап шығатын, мейлiнше тиiмдi түлiк. Өкiнiштiсi сол, облыста мақсатты түрде сүттi немесе түбiттi-жүндi ешкi өсiретiн, оның тұқымын асылдандырумен айналысатын бiрде бiр шаруашылық жоқ. Бүгiн болмаса, ертең сондай шаруашылықтардың болғанын қалаймыз. Өйткенi түбiтке және жүнге сұраныс бар, ол жылдан жылға өспесе, кемитiн емес. Сүтiнiң шипасы да белгiлi. Дәмдi әрi холестеринi жоққа жуық, ағзаға жеңiл, сiңiмдi етiн айтпағанның өзiнде. Орынборлық көршiлердiң асыл тұқымды бес-алты ешкi шаруашылығын жойып жiбермей, күнi бүгiнге дейiн сақтап отыруы тегiн болмас. Демек, ежелгi түлiк тиiмдiлiгiн толық дәлелдеп тұр. СОНЫМЕН… Облыста зауыт салудың көзделуi және мал шаруашылығын дамытудағы соңғы кездегi оң нышандар Шекшек ата ұрпағының да келешегiне деген үмiттi үкiлей түскендей. Керек десеңiз, елiмiзде ешкi етiнен брэнд жасауға да мүмкiндiк бар ғой. Өйткенi АҚШ, Еуропа және араб әлемiнде холестеринi көп майлы еттен гөрi диеталық тағамға барған сайын мән берiлiп келедi. "Темiрдi қызған кезiнде соқ" деген, сұраныс пайда болған екен, оны да пайдаланып қалсақ, кәне.
Серiк Ықсанғали,
Қайырша Қыдырниязов, соғыс ардагерi:
– Бұрынғы ауыл баласы ретiнде айтарым, ешкiнiң етi де, сүтi де – ем. Оны өсiру керек. Өте өсiмтал болғандықтан, саны да, сапасы да көбейсiн!
Бисенғали Аманжолов, Облыстық мал дәрiгерлiк зертхананың бас маманы:
– Ешкi етiнде және сүтiнде дәрумен де, минералды заттар да көп. Түбiтi өз алдына ғой. Оны өсiруге және ұстауға да шығын кетпейдi. Ең бастысы осы.
Ешкiге байланысты қанатты сөздер:
Ешкi жейдi ебелек, ешкiнi жейдi кебенек;
Ешкiнi түлен түртсе, қойшының таяғына сүйкенедi.