СУ КӨЗДЕРIН ТАЗАРТПАЙ, АУА ТАЗАРМАЙДЫ

СУ КӨЗДЕРIН ТАЗАРТПАЙ, АУА ТАЗАРМАЙДЫ

СУ КӨЗДЕРIН ТАЗАРТПАЙ, АУА ТАЗАРМАЙДЫ
ашық дереккөзі
218

Қоршаған ортаны сауықтыру, өзiмiз жүрген жердiң экологиясын жақсарту туралы қаншама жылдардан берi айтылып та, жазылып та келедi. Алайда бұдан осы күнге дейiн ешнәрсе қолға алынбай отыр деп айтуға болмайды. Елiмiздiң эколог мамандары қаққан дабыл бойынша үкiмет те, жергiлiктi билiк органдары да қыруар шаруа атқарып келедi. Байқасаңыз, қазiр қызу қарқынмен қолға алынып жатқан көгiлдiр отынмен қамтамасыз ету, көгалдандыру, суландыру мәселелерi – осылардың бiр ғана айғағы.

Алысқа бармай-ақ, елiмiздiң мәдени, рухани және қаржы орталығына айналып отырған Алматы қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстарға ой жүгiртiп көрейiк. Бұл орайда ең бiрiншi ауызға iлiнетiнi – қала тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесi жақсы қолға алынып отыр. Қала iргесiндегi елдi мекендер мен Алматы аумағына қарайтын ауылдардың бәрiне жуығына көгiлдiр отын кiрiп үлгердi. Мұның өзi айналадағы атмосфераны тұмшалаған көк түтiннен тазартудың бастамасы болып табылады. Атап айтуға тұрарлық мұндай жұмыстардың қатарына ертелi-кеш қала көшелерiнде ағылып жатқан автокөлiктерге байланысты iс-шараларды да жатқызуға болады. Бiр ғана автокөлiктiң өзi 1000 шақырым жол жүргенде, бiр адамның бiр жыл бойы жұтатын оттегiсiн ысырап етедi екен. Бұл – әрине көңiл бөлудi қажет ететiн мәселе. Ал қалада тiркелген автокөлiктердiң өзi 600 мыңнан асып жығылатыны кәдiмгiдей қауiп ұялатады.

Алматыны қою қара түтiнге көмiп жүрген автобустардан құтылу мақсатында қазiр электрокөлiк желiсiн пайдалану, газбен жүретiн автобустарды көбейту жұмыстары қызу қолға алынып отыр. Таяуда ғана Алматыға жаңа 20 автобустың әкелiнуi – осындай шаралардың нәтижесi. Бұл айтылғандардың бәрi қоршаған ортаны тазартудағы адам қолымен жасалып жатқан жұмыстар болып табылады. Бұл шаралардың оң нәтиже беретiнi рас, бiрақ бiз атмосфераны тазарту барысында табиғи жолдарды ерекше назарға алуымыз керек.

Бiрiншiден, айналаға ағаш отырғызу жұмыстарын үздiксiз жүргiзуiмiз қажет. Екiншiден, табиғи көл-суларымыздың көзiн ашуымыз керек. Менiңше, қазiргi таңда кезек күттiрмейтiн iстiң бiрi осы болуы тиiс. Алматыдағы үлкендi-кiшiлi өзен-суларды тазарту жұмыстары өз алдына, қала көшелерiн жағалап ағып жататын арық суларын қайта қалпына келтiрген жөн. Бұл шаралар айналадағы ауаның тазаруына үздiксiз қызмет ететiн болады. Табиғаттағы адам қолымен жасалған сырқатты табиғаттың өз қолымен емдей бiлуiмiз керек. Табиғи жолмен тазарған ауа ғана адамның бойына қуат, жанына шипа беретiнiн ұмытпайық.

Жадыра ӘУЕЛБЕКОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң оқытушысы

Серіктес жаңалықтары