БАЗАРДАҒЫ БАҒАДАН БАС АЙНАЛЫП ТҰР

БАЗАРДАҒЫ БАҒАДАН БАС АЙНАЛЫП ТҰР

БАЗАРДАҒЫ БАҒАДАН БАС АЙНАЛЫП ТҰР
ашық дереккөзі
204

Жаңа жылдан бастап зейнетақының көлемi 30 пайызға өстi. Қаңтардың екiншi жартысынан бастап ауыл тұрғындары биылғы жылдың алғашқы зейнетақысын ала бастады. Қазiр қай ауылға барсаңыз да поштаның алды қарақұрым халық, бiр-бiрiнен "Қанша қосылыпты?" деп сұраған жұртшылық. "Зейнетақыма 5-6 мың теңге қосылыпты. "Алтын алқа", "Күмiс алқаға" берiлетiн жәрдемақы да әжептәуiр өсiптi, осыған да тәубе, осыған да шүкiр", – дейдi зейнетақысын алақанына салып, мәре-сәре болған кейуаналар. Жасыратын не бар, ауылдағы халықтың шай-пұлына жарап тұрған осы зейнетақы мен жәрдемақы емес пе?!. Бiрақ зейнетақының өскенi сол, базардағы баға да аспандап шыға келдi.

Расында да, зейнетақы өсiп, ол зейнеткерлердiң алақанына түсер-түспес базардағы азық-түлiктiң бағасы күрт өсiп шыға келетiнi емсiз "дертке" айналды. Қазiр екi адамның басы қосылған жерде әңгiме – қымбатшылық. Бағаны бiлу үшiн бiз де базарға барған едiк, шыны керек, басымызды шайқап қайттық.

Алдымен көзге бiрден байқалатыны – картоп. Кеше ғана 80-90 теңге едi, бiрақ бiр күнде 120 теңгеге шарықтап кететiнiн кiм бiлген. Алсаңыз мiне, алмасаңыз өзiңiз бiлiңiз.

– Бiзде ешқандай кiнә жоқ. "Алаш" базарынан барып алып, үстiне бар-жоғы 5 теңге қосамыз. Бiзге қымбаттамағаны жақсы ғой. Қайта арзан болса, өнiм тез өтедi. Бағаны өсiрiп жатқан – делдалдар. Естуiмiзше, облыстағы қоймаларда картоп қоры таусылған. Бұрын Сайрамнан келушi едi, қазiр өнiмдi Қырғызстаннан, Ресейден жеткiзiп жатқан көрiнедi, – дейдi саудагерлердiң бiрi. Картоппен бiрге пияздың, сәбiздiң бағасы да 10-15 теңгеге өскен. Бiрақ қымбат екенiне қарап жатқан алушы жоқ. Сатушылардың саудасы қызып жатыр. "Бүгiн алып қалмасаң, ертең бұл бағамен де жылап көрiсесiң" деген сөздерге жұрт кәдiмгiдей үрейленiп қалған сияқты. Ертеңгi күнге сенiп болмайды. Онсыз да базардағы картоптың бағасы жылда ақпан, наурыз айларында қымбаттап кететiн. Бұлай кете берсе, алдағы айларда 120 теңгелiк картоптан да көз жазып қалуыңыз әбден мүмкiн.

– Қызанақтың бағасы – 300 теңгеден. Жаңа келген, – дейдi қызанақ сатушы жiгiт майлы қасықтай жылпылдап. – Жаңа жылда 350 теңгеден сатқанбыз. Қиярдың құны – 400 теңгеден. Бүгiн алып қалыңыз, ертең баға тағы да өсiп кетпесiне кiм кепiл?!

Азық-түлiк өнiмдерiнiң бәрiнен де қымбатшылық байқалады. Ұн сатып тұрған бiр саудагер былай дейдi:

– Ұн бағасы осы күзден бастап қымбаттап келедi. Алдағы күнi не боларын кiм бiлсiн. Мәселен екi келiлiк жоғары сұрыпты ұнды күзде 150 теңгеден сатып едiк. Жаңа жылдың алдында 180 теңге болды. Қазiр 200-ден сатып жатырмыз. Келiп жатқан баға солай. Өсiмдiк майының бағасы да күзден берi үздiксiз өсiп келедi. 5 литрлiк пiсте май бұған дейiн 1450 теңге едi, ендi 1600 теңге болды. Қантқа да 5-10 теңге қосылды.

…Иә, базардағы бағадан бас айналып барады. Алдағы уақытта ет жарықтық түсiмiзге де, тiсiмiзге де кiрмейтiн шығар. Қой етi бұрын – 650 теңге болса, қазiр – 750 теңге. Жаңа жылдың алдында 850 теңге болған жылқы етi ендi 950 теңгеден. Қазы-қарта, жал-жаяның әр келiсi 1200-1300 теңгеден. Ет бағасының өсуiн сатушылар жем-шөптiң қымбаттағанымен түсiндiрiп отыр. Әйтеуiр бiр-бiрiмен байланысқан, бiр-бiрiмен шатысып жатқан нарық қой.

Жаңа жылдан кейiн оңтүстiкте жарық бағасы да өстi. 1 қаңтардан бастап электр энергиясының әр киловаты 10,23 теңгенiң орнына, 11,35 теңге болып бекiтiлдi. Әрине жаңа тариф жергiлiктi табиғи монополияларды реттеу басқармасымен келiсiлген. Аталған мекеме мамандарының сөзiне сенсек, жарықты қымбаттатпаса электр қуатын тарататын мекемелер банкротқа ұшырап, халық қараңғылықтың құшағында қалуы мүмкiн екен. Тiптi жарық бағасын жыл сайын өсiрiп отыру жөнiнде үкiметтiң арнайы қаулысы да шығып қойған көрiнедi. Қаңтардан бастап облыста жанар майдың құнына да 3-4 теңге қосылды. Шамасы "бензин бағасы түбi 1 доллар болады" деген пiкiрлердiң жаны бар сияқты. Өздерiн "тоқпақ" санайтын өзге монополистер де қарап отырған жоқ. Шымкентте қазiр жылу бағасы өседi деген әңгiмелер шығып жатыр. Қысы – жылы, көктемi – ерте шыққанымен, Шымкентте онсыз да жылу тарифi бұрыннан қымбат екенi баршаға белгiлi.

Жарық пен жанармайдың қымбаттауы басқа тауар бағасына да әсерiн тигiзетiн түрi бар. Бiрақ оның не себеп екенi, не сылтау екенi айырғысыз. Алғашқылардың бiрi болып сыр берген наубайханалар болды. Олардың айтуынша, газбен жұмыс iстейтiн наубайханалардағы нанның бағасына кем дегенде 5 теңге қосылуы керек. Электрмен нан жабатындар бұдан да жоғары бағаны сұрап отыр. Болмаса, банкротқа ұшырайды. Жұрт бiр үзiм нансыз қалуы ықтимал.

Шарасы таусылған шымкенттiктер:

– Жаңа жылдан бастап көлiк салығы көтерiлiптi. "Темiр тұлпарларды" техникалық байқаудан өткiзудiң де бағасы өсетiн көрiнедi. Кейбiреулер жер салығын төлеуге барған екен, ондағылар "биылғы жылдың жер салығы әлi бекiтiлген жоқ" деп қайтарып жiберiптi. Шамасы, жер салығы да өсетiн шығар,– дейдi.

"Оңтүстiк автотранс" қауымдастығының басшылары да облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау көлiктерiндегi жолақысын 35 теңгеден 45 теңгеге көтеру жөнiнде облыс әкiмiне ұсыныс жолдап отыр. Олар бұл әңгiменi өткен күзден берi көтерiп келедi. Айтқан сөздерiне сенсек, республикада ең төменгi жолақы Шымкентте көрiнедi. Жанармай мен қосалқы бөлшектiң құны аспандап тұр. Автобустардың көпшiлiгi ескi. Жолақыны көтермесе болмайды.

Әйтеуiр шымкенттiктердiң аузында қымбатшылық қызу әңгiме болып тұр. Бұрын Шымкенттi республикадағы ең арзан қала деушi едi. Арзаншылықтың жұрнағы да қалмауға айналды.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары