ТЕМIРЖОЛДА 78 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚОЛДЫ БОЛҒАН

ТЕМIРЖОЛДА 78 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚОЛДЫ БОЛҒАН

ТЕМIРЖОЛДА 78 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ  ҚОЛДЫ БОЛҒАН
ашық дереккөзі
261

Темiржолдың солқылдақ жыры бiтпейтiнге айналды. Қыңқыл-сыңқылы көп осынау саланың басынан қара бұлт арылмай ма, әлде "қара бұлтты" қолдан жасап отырғандар саны күн санап өсiп келе ме? Әйтеуiр кiлтипаны көп темiржолды ҚР Бас прокуратурасы тексерудi қолға алған едi. Нәтижесiнде көптеген заңбұзушылықтар анықталып, ол аз десеңiз 78 миллион теңгеден астам қазына қаражаты ұшты-күйлi жоқ болғаны белгiлi болып отыр.

Темiржол транспортындағы тұтынушылар құқығын қорғау қызметiне байланысты заңбұзушылықтар әсiресе көп. Мәселен тасымалдау қауiпсiздiгiне сай емес жүк және жолаушы вагондарының қолданыста жүруi, сондай-ақ қызмет көрсетiлдi деген желеумен қазынадан алынған қаражат та қомақты. Темiржолдың келеңсiздiктерiн тайға таңба басқандай анықтап берген Бас прокуратураның ресми өкiлi Ж.Өмiрәлиевтiң хабарлауынша, заңбұзушылықтар республиканың барлық аймақтары бойынша тiркелiп отыр. Заңбұзушылықтар күретамырдай жайылған темiржол бағыттарымен бiрге таралса керек. Атап айтар болсақ, Қарағанды транспорттық аймағында "Қазтемiртранс" АҚ-тың 18 жүк вагоны пайдалану уақыты бiтсе де әлi қолданыстан шықпаған. Осынау ақаулары бар вагондар елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне жүретiн бағыттарда пайдаланылып жүр. Әзiрге бұл жағдайға тосқауыл қою мүмкiн емес, себебi жолаушы және жүк вагондарының құжаттарында ешбiр шикiлiк жоқ. Ал "Астана-Арқалық" жолаушы поезында электр құрылғыларының олқылықтары көзге ұрған танадай ашық жатыр, ол жол бойында үлкен өртке, апатқа әкелуi әбден мүмкiн. Жалпы техникалық жабдықтары толықтырылмаған жүргiншi поездар елiмiзде әлi де қолданыста.

Ал жүк вагондарының "жырын" айтып тауысу мүмкiн емес. Семей бөлiмiнде ешбiр себепсiз 119 вагон рельске шығарылмаған. Себебi оған кәсiпкерлер тапсырыс берiп қойса керек. Темiржол саласында да сыбайлас жемқорлық бәсеңдейтiн емес. Ақмола облысында ұлттық бюджет қаржысын қолдануға байланысты iс қозғалып отыр. Мәселенiң мән-жайына үңiлер болсақ, Көлiк және коммуникация министрлiгiне қарасты Көлiк және хабар жолдары комитетi субсидия ретiнде "Құнан Транс" ЖШС мен "Арлан транс" ЖШС-на 78 миллионнан астам қаржы бөлген. Алайда аталмыш компаниялар ешбiр қызмет көрсетпеген, тек қағаз жүзiнде толтырылған құжаттар қазынаны тонауға толығымен жеткiлiктi болған. Бүгiнге дейiн комитет те ешбiр шара қолданбаған. Сондықтан Бас прокуратураның тапсыруы бойынша Қаржы министрлiгiне мақсатсыз жұмсалған қаржы қайтарылуы тиiс.

Қазiргi уақытта басқа да заңбұзушылықтарды анықтап, ретке келтiру мақсатында жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Осы мәселелермен Көлiк және коммуникация министрi мен "Қазақстан темiр жолы" ҰҚ" АҚ басшысын таныстыру үшiн құжаттама жiберiлдi.

ТАРИФ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

"Жаңа жылда – жаңа тариф" ұраны Қазақстанда дәстүрге айналғандай. 2010 жылдың қаңтар-ақпан айларында да темiржол тарифтерi 10 пайызға қымбаттаған болатын. Мiне, осы дәстүр жалғасын тауып, тұтынушы қалтасымен ешбiр санаспайтын темiржолшылар тағы да алақандарын ысқылап отыр. Темiржол саласының iшкi резервтерiнiң мол екендiгi туралы бұған дейiн талай рет ашық айтылған болатын. Ендеше темiржол тарифiн қымбаттата беруге не жорық?

Биыл, мiне, тағы да жолаушы тасымалының бағасы өршиiн деп тұр. Бұл туралы Көлiк және коммуникация вице-министрi Азат Бектұров хабарлады.

– Жолаушы тасымалы бойынша бағаны аздап көтеремiз, қазiр қай бағыт бойынша, қай уақытта тариф көтерiлетiнiн нақты айта алмаймын. Бiрақ 10 пайызға дейiн ғана қымбаттайды, – деп аз ғана қымбаттау болатынын ескерттi. Құдды бiр, осыдан тұтынушыға келiп-кетер қайғы жоқ дегендей айта салды. Оның айтуынша, тасымалдаушы компаниялардың араны ашыла түскен сыңайлы. Яғни көптеген компаниялар тарифтi көтеру керек деген ұсыныс жасап жатқан көрiнедi.

– Жолаушы тасымалының тарифi бiзде өте төмен. Авиабилет мәселесi қозғалған жоқ. Онда тариф өзгермейдi, – дедi вице-министр мырза. Айтқандай, Кедендiк одақ келiсiмдерiн жүргiзушi Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова да темiржол тарифтерiне қатысты бiр қымбаттаудың болатынын айтқан едi және бiртұтас экономикалық аумаққа шығатын бағыттар бойынша ғана өзгерiстер болуы тиiс-тұғын. Бiрақ көрiп отырғанымыздай, республика өлкелерi бойынша тариф түгелдей қымбаттайтын түрi бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары