БЫЛТЫР – ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСIРЕТI. БИЫЛ – ШАРЫН ШАТАҒЫ

БЫЛТЫР – ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСIРЕТI. БИЫЛ – ШАРЫН ШАТАҒЫ

БЫЛТЫР – ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСIРЕТI. БИЫЛ – ШАРЫН ШАТАҒЫ
ашық дереккөзі
210

Алматы облысында төтенше жағдайлар жалғаса бере ме?

Былтырғы қыстың құрсауынан амалдап шықтық. Қаһарына мiнген қыс кәрiн төккенiмен қоймай, қарапайым шаруаны титықтатып жiбердi. Қайғылы оқиғалар елдiң Шығыс Қазақстан өңiрi мен Алматы облысында тiркелдi.

Қас пен көздiң арасында Қызылағаш ауылы тып-типыл болды. Ресми дерек бойынша, 45 адам (оның iшiнде балалар да бар) тiлсiз жаудың құрбанына айналды. Адамның қолымен жасалған апаттың салдарынан қаншама отбасы жақынынан айрылып, жер сипап қалды. Шаңырағы ортасына түсiп, баспанасы бүлiндi. Суды сатып, пайда тапқысы келген ашкөздердiң астамшыл әрекетi айрандай ұйып отырған ауылдың құтын қашырды.

Осы оқиғадан соң елiмiздегi барлық тоғандар мемлекеттiң меншiгiне қайтарылып, тиiстi мекемелердiң тiкелей қадағалауына көштi. Әдетте бiзде мұндай мәселеге төтенше оқиға тiркелгеннен кейiн ғана көңiл бөлiнетiнi өкiнiштi. Оған дейiн бұл тоғандар неге бақылауға алынбаған? Алматы облысының әкiмдiгi қауiптiң қайдан келетiнiн алдын ала болжап, зерттемей ме? Жетiсу – өзен мен көлге, су тоғандарына бай өңiр екенi бесенеден белгiлi. Соны бiле тұра, облыс, аудан әкiмшiлiгiнiң ерте қамданбауын, шұғыл тексеру шараларын өткiзбеуiн қалай түсiнемiз?

Айта кету керек, Қызылағаш ауылына бүкiл халық, ел болып жұмыла көмек көрсеттi. Баспанасыз қалған тұрғындарға гуманитарлық, материалдық көмектер жөнелтiлдi. Аз уақыттың iшiнде ауыл қайта бой түзеп, жаңа үйлер пайдалануға берiлдi. Алайда өткен iстен сабақ алдық па? Қызылағаштағы қайғылы жағдай атқамiнерлерге ой салды ма, осы жағы күмәндi.

ШАРЫНДЫ СУ АЛҒАНЫ – АРЫҢДЫ СУ АЛҒАНЫ

Иә, былтырғы қыс кiм-кiмге де оңай тимедi. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында Жәнтiкей, Көкжыра ауылдары да судың астында қалды. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Есесiне қорасындағы азын-аулақ төлiмен күн көрiп жүрген тұрғындар малынан айрылды. Мемлекеттiң есебiнен баспана да салынып, мал саны да қайтарылды. Бұған да тәубе. Дегенмен қай өңiрде болмасын, төтенше оқиға тiркелгенге дейiн Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң қамнен-қаперсiз, бейқам отыратыны үйреншiктi жағдай.

Жақында Алматы облысында тағы бiр төтенше оқиға тiркелдi. Ұйғыр ауданына қарасты Шарын ауылын топан судың екпiнi басып алды. Осы аумақтан ағып өтетiн Шарын өзенiнiң сол жақ жағалауы арнасынан асып кеткен. 1070-тей түтiнi бар ауыл тұрғындарының зәре құты қашып, олардың бiразы маңайдағы көршi туыстарын паналаған. Қызылағаштағы оқиғаны көз алдына әкелген олар жанын қоярға жер таппағанын үреймен айтады. Кейбiр деректерге сүйенсек, Шарын ауылын су басып қалу қаупiнiң бар екендiгi ауыл әкiмiне 1 апта бұрын ескертiлсе де, қол қусырып отыра берген. Құтқарушылар мен жабдықталған техника дер кезiнде жетiп, жәрдем көрсете алмаған. Қазiр осы мәселеге байланысты құрылған комиссия кiнәлiлердi анықтап, жауапқа тартуға дайын. Ұйғыр аудандық прокуратурасы Қорғас-Жетiген темiр жолын жүргiзу үшiн көпiр салған құрылыс компаниясына қатысты тергеудi бастады. Алдын ала жасалған мәлiмет бойынша, құрылысшылар өзен арнасын заңсыз бұрып жiберген көрiнедi. Қазiр су тасқынынан зардап шеккендерге түрлi компаниялардан 3 млн. теңге жиналған. Жергiлiктi билiк ауыл халқын 105 тонна көмiр, 37 текше метр ағашпен қамтамасыз еткенiн жамырай айтуда. Ал көктемде апат қайталанбас үшiн Шарынның жағалауынан 1 жарым шақырым жерде ұзындығы 500 метрлiк бөгет салынып жатыр.

Бiр айта кетерлiгi, жергiлiктi тұрғындар "өзеннiң арнасынан асуы мүмкiн" деген қауiптi ауылдық әкiмге талай мәрте ескерткен екен. Алайда қарапайым халықтың сөзiне онша құлақ аспаған әкiм Әрiпжан Розиевтiң бұл мәселеге айтатын орынды уәжi де жоқ сияқты.

Бiз Шарын ауылындағы су тасқыны жөнiнде Алматы облысы Төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент бастығы, полковник Дәурен Данаевпен тiлдесiп, бiр-екi сауал тастаған едiк.

– Дәурен мырза, былтырғы Қызылағаштағы жойқын апатты ешкiм әлi ұмыта қойған жоқ. Ал Шарында су тасқынының болуына не себеп?

– Апат айтып келмейдi. Шарын ауылында болған төтенше жағдайдың өзiндiк себебi бар. Шарын – тоған емес, өзен. Бiзде Жетiсудiң жетi өзенiнен келетiн 508 өзен бар. Биыл да күн суық болып тұр. Оның үстiне қазiр елiмiзде, соның iшiнде Алматы облысы аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргiзiлiп жатыр. Өзенге жоғарыдан су жүргенде, оның тасыған бөлiгiндегi мұз әлi жiби қоймаған едi. Арындап келген су сiрескен мұзды сөге алмай, оның үстiмен жүрiп, жан-жаққа жайылып кеткен. Құрылған мемлекеттiк комиссия Шарын өзенiнiң арнасынан асып кетуiне Қорғас-Жетiген халықаралық темiр жолын салған құрылысшыларды кiнәлi деп отыр. Олар жобаны жүзеге асыру кезiнде өзен ағысын өзгертiп жiберген.

– Сонда олар бұл әрекетке өздiгiнен барып отыр ма?

– Солай болғаны ғой. Бәлкiм, заңды жетiлдiру керек шығар. Мұны құрылыс компания басшылары қадағалауда ұстамаған сияқты. Темiржол, газ құбыры, көпiр салып жатқан түрлi компания бәрiне жауап беруi тиiс. Осының бәрiн комиссия тексеру үстiнде. Қазiр басқа канал қазылып, суды солай бұрдық. Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. 12 үйдiң iшiне су кiрген. Бiрақ бiр үй ғана апатты болып саналды. Оған сол ауылдан басқа үй берiлдi. Ал он шақты үйге көктемде жергiлiктi әкiмшiлiк күрделi жөндеу жұмысын жасайды.

– Соңғы кезде Алматы облысында төтенше жағдайлар жиi тiркелуде. Бұл жұмыстарыңызды ауырлатып жiберген жоқ па?

– Жұмысымыздың өзi аты айтып тұрғандай – төтенше. Бiз күндiз-түнi жұмыс iстеймiз. Бүгiн қар жауса, ертең жел соғады. Сосын күн суытады. Бұл кезде жұмыс та көбейедi. Алматы облысында жылына 3 жарым мың төтенше оқиға тiркеледi. Мұның iшiнде өрт, жол апаты көп. Күнде мониторинг жүргiземiз. Мамандар да аз, қысқарып жатыр. Аз болсақ та, жоқ техникадан бар жасап, жергiлiктi органдармен тығыз жұмыс iстеудiң арқасында халыққа көмегiмiз тиюде. Түнде тұрып қалған жолаушы автобустарын құтқарып жатырмыз, боранды күнi жолға шыққан адамдарды аман алып қаламыз. Соған қарамастан бiздiң еңбегiмiздi ақпарат құралдары тарапынан бағалау қиындау. Ер азаматтардың күндiз-түнi мыңдаған адамды құтқарып жатқандығы жәй ғана нәрсе болып қалып жатқандай көрiнедi.

Айта кету керек, Шарын ауылына облыс бюджетiнен 30 миллион теңге бөлiндi. Бұл су тасқынының салдарын жоюға, көшелердi тазартуға және су жағалауын бекiтуге жұмсалады. "Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап". Бұл жолғы жағдай – табиғаттың тосын мiнезi емес, салғырттық салдарынан болған кесапат емес пе? Бәлкiм, облыс аумағында жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстары мен тоған, өзен арналарын қатаң бақылауда ұстауды қолға алса, мұндай қауiптi сел жүрмейтiн бе едi, кiм бiлсiн? Егер облыс әкiмi Серiк Үмбетов мырза Қызылағаш қасiретiнен сабақ алса, мұндай қайғылы апатты екiншi мәрте болдырмаудың жолдарын қарастырар ма едi?!.

Шарын мәселесi шешiлмей жатып тағы да тасқын қаупi төндi. Төтенше жағдайлар министрлiгi таратқан шұғыл ақпарат бойынша, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзендер арнасынан асуы мүмкiн. Бұған қарағанда Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр Божконың ұйқысы әзiрге тынышталмайтынға ұқсайды.

Айтпақшы, Қарағанды облысындағы Приозерск қаласы мен Семей жұртын қыспаққа алған төтенше жағдай да қалпына түсiп келедi. Қарағандының қыстан қысылған Приозерск қалашығындағы жылу мәселесiн Әсет Исекешев бастаған үкiметтiк комиссия арнайы барып, тексердi. Құбырлардың жыртық-тесiгi жамалып, шағын шаһардың 90 пайызы жылуға қосылды. "Қаланың қыс ортасында апатқа килiгуiне кiнәлi тұлғалар жауапкершiлiктен құтылмайды. Әкiмнен бастап жазаланады", – дедi Әсет Исекешов мырза.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары