"АЛТЫНТАУ" АЛАШТЫҢ АЙБАРЫНА АЙНАЛСА...

"АЛТЫНТАУ" АЛАШТЫҢ АЙБАРЫНА АЙНАЛСА...

"АЛТЫНТАУ" АЛАШТЫҢ АЙБАРЫНА АЙНАЛСА...
ашық дереккөзі
243

Елбасы былтыр 400 тонналық алтын қоры бар кенiштiң ашылуына қатысты

Алтын…

Әлiмсақтан берi байлық пен абсолюттi билiктiң нақты синонимi болған осынау бағалы металл – державалар мен мемлекеттердiң әлеуметiн айқындаушы құдiрет екенi аян. Сүлеймен патша мен Сава ханшайымынан бастап, әлемдiк деңгейдегi әмiршiлердiң тарихтағы iздерi де осы құдiреттi металға байланысты ел жадында сақталып, бiздiң дәуiрге жеттi. Ескендiр Зұлқарнайынның "Бактрия алтынын" iздеу әрекеттерi 2,5 мың жылдан берi бiр толастаған емес.

Алайда соңғы дәуiрде әлемдiк қаржы-валюта нарығында алтынның төбесiне қағаз ақшаның, яғни мемлекеттiк валютаның шығу үрдiсi орын алды. Мемлекеттердiң қаржы-валюталық қоры осы ғасырдың басына дейiн доллар түрiнде сақталатын. Ал 2002 жылы Лондон қор биржасында алтынның 1 унциясының бағасы шарықтап өстi. Талайдан берi болмаған құбылыс едi бұл. Оқиға бiрден әлемнiң жетекшi елдерiнiң алтын-валюта қорына әсер еткен. Қорда бұрынғыдай құны кете бастаған долларды емес, алтын ұстау үрдiсi басталған. Ол – валютадан қауқар кетiп, бағалы металдың қайта дәуiрлеуiнiң басы едi. Ақшадан қауқар кетуiнiң тiзбектi құбылысы әлi де жалғасуда. Оған биылғы еуроның мүшкiл халiн мысалға келтiруге болады. Қазiргi мемлекеттердiң экономикалық күш-қауқарының төлемдiк құралы есебiнде алтынның дәуренi қайта өркендей бастаған сыңайлы.

Қазақстанда тiкелей алтын өндiрiсiмен айналысатын "Алтыналмаз" компаниясы бар. Жамбылдағы "Ақбақай" кенiшi, шығыстағы алтын кенiштерi қарқынды жұмыс iстеуде. Өз заманында Қазақстанның бiраз алтын кенiшiнiң Өзбекстанға өтiп кеткенi де белгiлi. Қазiр сол Тамдыдағы алтын кенiштерiнiң арқасында Өзбекстан алтын өндiрiсi бойынша Қазақстанның алдын орап кеттi.

Алайда ауызды қу шөппен сүртуiмiзге әлi ерте. Басқасын айтпағанда, бiр ғана Көкшетауда әлемдегi ең мол алтын кенiштерiнiң бiрi болып есептелiнетiн 400 тонна саф алтын бұғып жатыр. Кеңес үкiметi де Көкше алтынын өндiруге барынша күш салды. Заманауи технологиямен жұмыс iстейтiн жаңа комбинат салынып, оның құрылысы 75 пайыз орындалған кезiнде тоқтап қалған. Содан күнi кешеге дейiн Көкше кенiштерiндегi алтын ескi сiлтiлендiру тәсiлiмен игерiлдi.

Ел макроэкономикаға ден қойып, инвестиция тарта бастаған кезде Көкшетау алтынына шүйлiгушiлер де көп болған. Атап айтқанда, канадалық "Текк Корпорейшн" компаниясы құрылысы аяқталмаған комбинатқа қаржы құйып, өз шартын ұсынды. Ол шарт – Қазақстан үшiн тиiмсiз едi. Атап айтқанда, канадалықтар "өнiмнiң 80 пайызы – бiзге, 20 пайызы – сендерге" деген қағида ұстанды.

1963 жылдан берi алтын берiп келе жатқан комбинатты ондай шартпен шетелдiктерге беру тиiмсiз болатын. Сондықтан қазақ үкiметi 750 млн. доллар көлемiнде инвестиция құйып, жаңа технологиялы комбинатты салып бiтiрдi. Комбинат салтанатпен ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасы қатысты.

Жаңа комбинаттың iске қосылуының арқасында Қазақстан әлемдегi алтын өндiрушi 15 жетекшi елдiң қатарына қосылады деген болжамдар айтылуда. Бұған дейiн Көкшетаудағы алтын кенiшiнiң "Василковка" деп аталғаны белгiлi. Осыдан бастап Көкшедегi алтынды кенiш Елбасының тiкелей ұсынысымен "Алтынтау" аталатын болды.

Комбинат басшылығының берген деректерiне қарағанда, үстiмiздегi жылы кәсiпорын 6-дан 8 тоннаға дейiн өнiм беруге тиiс. Ал 2011 жылға қарай ең кемi 13 тонна алтын өндiрiлмек! Әзiрге өндiрiлген өнiмнiң өзiндiк құнының қаншалықты болатыны белгiсiз. Алайда көкшетаулық алтын өндiрушiлер алтынның 1 унциясының нарқын 400 долларға жеткiзудi жоспарлап отыр.

Сонымен Қазақстанның аса бағалы металл өндiрiсiнiң жаңа кезеңiн бастағаны айдан анық сияқты. Қыруар алтын қоры жатқан Көкшетаудағы жаңа фабриканың толық қуатын пайдалану үшiн жылына 8 млн. тонна кен қажет екен. Осыншалықты қыруар кеннен 13-15 тонна алтын алынбақ. Бұл бүкiл республикада өндiрiлетiн алтынның жартысынан асады.

Қазақстанда қазiр жылына 20 тоннадан астам алтын өндiрiледi. Ал оған "Алтынтауда" бiр жылда игерiлетiн алтын мөлшерiн, яғни 15 тоннаны қоссақ, жылдық мөлшер 35 тоннаға жетiп жығылады екен. Сол арқылы Қазақстанның әлемдегi алтын өндiрушi 15 жетекшi елдiң қатарына қосылу мүмкiндiгi бар көрiнедi.

Өнiм өз алдына, жаңа комбинаттың ашылуына Елбасының қатысуының өзiндiк топонимикалық саяси маңызы да болды, Қазақстанның солтүстiгiнде орыс атаулары аз емес. Президенттiң: "Темiртауы, Ақтауы, Кентауы бар елге Алтынтаудың қосылуы әбден орынды", – деп пiкiр бiлдiруi арқылы осы мәселеге де оңтайлы нүкте қойды.

Ақиқатында Қазақстанның алтын өндiрiсi саласы ендi-ендi дамып келедi. Сөйтсе де алтын қоры жөнiнен Қазақстанның әлемдегi алдыңғы қатарлы елдер сапына қосылу мүмкiндiгi жеткiлiктi. Ендiгi мәселе – озық технологияларды игерiп, өнiм өндiрудi арттыруда.

"Алтынтау" өндiрiстiк кешенiнiң ашылуы арқасында жергiлiктi 2000 адам жұмысқа тартылды. Сөйтiп елдiң әлеуметтiк дамуындағы тағы да бiр келелi мәселе шешiмiн таппақ.

Сөз арасында "Алтынтауды" ашу салтанаты үстiнде Президент Н.Назарбаевтың елдiң үдемелi инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының жергiлiктi адамдарды жұмыспен қамтуға бағышталғанын ескерте кеткенiн айту парыз. Үстiмiздегi жылы республикада осындай 144 жаңа кәсiпорын ашылмақ. Жалпы 2014 жылға дейiн Қазақстан түбiнде 20 мың адамды жұмыспен қамтитын қыруар кәсiпорын салу үшiн 25 млрд. доллар жұмсағалы отыр. Бұл да болса елдiң экономикасымен қоса әлеуметтiк дамуының нақты сипаты болары сөзсiз.

400 тонналық алтын қоры – аз байлық емес. Нарықтың алғашқы жылдарында осынау қыруар байлықтың шетелдiк инвесторлардың көзқұртына айналып, Қазақстанға түрлi тиiмсiз шарттармен шыққаны да белгiлi. Тiптi Қажыгелдин үкiметi тұсында "Василковка" алтын кенiшiне байланысты шетелдiктердiң бизнес жоспарының қолымызға түскенi де бар. Онда жоғарыда бiз келтiрген тиiмсiз шарт жүзеге асса, Қазақстанның үкiметiне ("Үкiмет" деп атап көрсетiлген) 80 млн. доллар, ал жергiлiктi үкiметке 5 млн. доллар көлемiнде сыйақы берiлетiнi туралы да жазылған. Ол – кәдiмгi сол кездiң коррупционер үкiметiне ұсынылған пара едi. Қиын шақта қазақ алтынын сақтап қалу оңай болмаған секiлдi. Ендi сол байлық "Алтынтау" деген қазақы атауымен ұлттың ырыс қазанының бiр қайнар көзiне айналмақ.

Қазiр "Алтынтау" кен байыту комбинаты жұмысын бастап та кеттi. Алда тұрған мiндет – алтын өндiрiсi жөнiнен әлемнiң алдыңғы қатарлы 15 елдiң қатарына қосылу.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары