ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНА 222 млрд. ТЕҢГЕ ЗАЛАЛ КЕЛГЕН. НЕГЕ?
ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНА 222 млрд. ТЕҢГЕ ЗАЛАЛ КЕЛГЕН. НЕГЕ?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң елiмiзде қарқынды жүрiп жатқанын Қаржы полициясының мағлұматтарынан байқауға болады. Былтыр аталмыш орган 9560 қылмыстық iстi әшкерелеп, соның барлығын дерлiк сот төрелiгiне ұсынған. Осы қылмыстың кесiрiнен елiмiздiң қарапайым халқына 222 миллиард теңге шамасында зиян келген. Мұншалық соманың ұшты-күйлi жоғалуына кiм жауапты, болмаса жауапты органдар қайда қарап отырған деген сауал туындайды? Кейiн қайтарылған 182,6 миллиард теңге секем алған көңiлдерге демеу бола ала ма?
Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттiктiң есеп-қисабы мiнсiз. Бұл турасында хабар берген агенттiк "Жол картасы – 2010", "Ауыз су", "100 мектеп, 100 аурухана", "Нұрлы көш" және "Денсаулық сақтаудың бiртұтас жүйесi" бағдарламалары бойынша қыруар қаржының желге ұшқанын айтып отыр. Халықтың әлеуметтiк тұрмысын жақсарту үшiн қолға алынған осынау бағдарламаға бөлiнген қаржының тоналуына не себеп? Жалпы осы салалар бойынша қозғалған қылмыс саны 60-тан астам екен. Ендеше қарауы жоқ, қарасы көп бағдарламаларды қадағалайтын топты ақтап алу жөнсiздiк пе? Қылмыстық жолмен жоғалған қаржы өтелдi деп басу айтқан болады, бiрақ заңды түрде аударылған қаражат сұраусыз қала берген.
Сыбайлас жемқорлық, жең ұшынан жалғасушылық әлi де заман көшiнен қалмай келедi. Қаржы полициясының мәлiметiне сүйенсек, осы тарау бойынша 1568 қылмыс ашылып, заңбұзушылықтың басым бөлiгi сотқа тартылған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыстың денi парақорлық, бюджет қаржысын талан-таражға салу фактiлерi. Бұл мәселеде шағын және орта бизнес субъектiлерiн тексеру жұмыстары әлi де жүргiзiлiп келедi. Өткен жылы лауазымды тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуы бойынша 106 iс қозғалған, соның 87-сi сотқа жолданып, 44 адам жазаға тартылды.
Экономикалық қылмысқа барғандар саны да аз емес. 6 мыңнан асып жығылады. Олардың үштен бiрi салық төлеуден жалтарса, жалған кәсiпкерлiкпен айналысқандар саны – 725 екен. Осы қылмыстың кесiрiнен қазынаға 125 миллиард теңге шығын келген. Дегенмен бұл шығынның 45 миллиард теңгесi өндiрiлдi. Сонымен қатар жалған кәсiпорындардың шотындағы ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 53 қылмыстық топ құрықталып отыр. Ал заңсыз кәсiпкерлiктiң түр-түрi бойынша күн көрiп келген қылмыскерлер саны тiптен қисапсыз болып шықты.
Ақниет ОСПАНБАЙ