ҚАЗАҚ ӨНЕРIНIҢ «БОТАГӨЗI»

ҚАЗАҚ ӨНЕРIНIҢ «БОТАГӨЗI»

ҚАЗАҚ ӨНЕРIНIҢ «БОТАГӨЗI»
ашық дереккөзі
128

атанған Қазақстанның Халық суретшiсi Гүлфайрус Исмайыловамен әңгiме

Әдетте Жаңа жылды тiптi қарсыз қарсы алып жататын әсем қала Алматы биыл желтоқсан айының алғашқы күнiнен-ақ ақ мамық көрпеге оранып алды. Қалың-ақ. Оңтүстiктiң жылымық ауа-райына қалыптасып қалған қала жұртшылығы әу баста әбiржiп-ақ қалғаны да рас. Дегенмен жыл мезгiлдерiнiң қай-қайсысы да өз атына заты лайық, қалыпты болғанына не жетсiн?!

Күннiң лезде "жоғалып", көк аспанды тұтастай бiр түске бөлеген ауа-райының бұлыңғыр кейпi Гүлфайрус апайдың да өмiрiнiң көлеңкелi жақтарын есiне салып өткендей, әлi де әдемi жанары суланып барып басылды.

– Кеше ғана екiншi көзiме операция жасатып шықтым. Адам деген өте-мөте сезiмталмыз ғой, дәрiгердiң алдынан аман шыға қоймаспын деген қорқыныш бойымды билеп, аласапыран күй кешiп едiм. Құдайға шүкiр, отбасыма аман-есен оралдым, қарағым. Соңғы жылдары жақындарымнан көп айырылдым. Оның үстiне ажал деген де жасарып кеттi, кiм бiлсiн, адамдардың пәндәуи пиғылдары өзгердi ме деп те қорқамын, – дедi ол кiсi терезеден Алатаудың ақбас шыңдарына алыстан көз тастап.

– Жо-жоқ, ажарыңыз баяғы бала күнiмiздегi көрiнiстi қайталағандай әсердемiз, – дедiк бiз қазақтың талантты қызының көңiл ауанына жығылып.

Иә, қазақта талантты қыздар аса көп болмаған, қазiр де солай. Елбасымыздың билiк басына қыз-келiншектердi көптеп тартып, ұлтымыздың анасына деген құрметiне көңiл бөлiп келе жатқаны – көңiлге демеу. Талантты қыздар, дарынды қазақ қыздарының iшiнде шоқтығы биiк, қазақ өнерiнде өзiндiк қолтаңбасы бар, әсiресе қылқалам мен қазақ мәдениетiнiң театр саласына да ерен еңбек сiңiрген Гүлфайрус Ысмайыловамен әңгiме дәл осылай басталды.

– Қандай дерт болса да уайымсыз, жайбарақат өтпейдi ғой. Көптеген таныстарым мақтауын жеткiзген соң, қазақстандық украин қызы, қалалық орталық емхананың бiлгiр дәрiгерi Лариса Николайчуктi iздеп барып едiм. "Уақытын өткiзiп алыпсыз" деп, басын шайқағанда қорқып кеттiм. "Жастау кезiңiзде жасату керек едi" дедi тағы да. Шыны керек, басымды "өлiмге" байлағандай болып келiстiм. Операцияға кеткен 15 минут жылжымай-ақ қойғаны… Iшiмнен Жаратқанға жалбарынып, дұға оқи бердiм, оқи бердiм…

Операция бiткеннен кейiн дәрiгер Лариса Николаевна: "қалайсыз, екiншi көзге жасаймыз ба, жоқ әлде ойланып қалдыңыз ба?" – дегенде ойланбастан "жасайсыз" деппiн. Шынында да, бiр Алладан болатын бұйрық екенiн сезiнiп тұрсаң да, дәрiгерлердiң алды кез-келген пендеге қорқыныш ұялататыны анық. Қолы жеңiл, мейiрiмдi дәрiгерге түссең жақсы, кiм бiледi, адамға адамның сенiмi жоғалып бара жатқандай ма?

Өмiр бойғы қағазға үңiлу дегенiңiздiң зардабы ендi шығып жатыр ғой. Көзiмiздi ашқаннан еңбек етiп келемiн. Туған әкем қыз тудың деп тастап кеткеннен кейiн анам екiншi рет тұрмысқа шыққан. Өгей әкемнен бес бала туды, үлкенi мен болған соң, отбасындағы ауыртпалықтан қашып құтыла алмайсың. Оның үстiне, өгей әкем Мансұр керемет ақылды, мейiрiмдi әке бола бiлдi. Соңымнан ерген бауырларыма мен де сондай қарым-қатынас жасадым. Әлi күнге дейiн солардың барына да, жоғына да алаңдап отырамын. Әкем марқұм дәрiгер боласың дейтiн, ал мен суретке жақындау болдым. Бiздiң балалық шағымыз соғыспен қатар келдi де, балалықтың бал дәмiн басқаларға қарағанда аз таттық. Одан гөрi төңiрегiмiздегi жақындарымыздың көз жасының кермек дәмiн тереңiрек сезiнiп, қабағын бағып өскен ұрпақпыз. Соғыстағы әкеме хат жазып, үйдегi, елдегi амандық-жаңалық дегенiңiздi хат соңына сурет арқылы жеткiземiн. Бала қиял десек те, логикам мықты болса керек, қағаз бетiне өрнектелген көрiнiстердi көрiп, өзiме өзiм риза болатынмын. Әкем қазақтың батыр ұлы Бауыржанмен бiр полкта болған адам. Тiптi парторгы болған. Бiр күнi менiң жазған хаттарыма, ондағы суреттерге назары ауған батыр: "Бiздiң қазақ қыздарына жұмбақ әлем ғой, жақсы суретшi шығады екен қызыңыздан",– деп ойланып қалыпты.

Бiрақ өнердегi жолым кинодан басталды. Арман қуып Мәскеуге аттандық. Сонда жүргенде Донской "Аласталған Алитет" атты көркем фильмге түсуге шақырды. Шынымды айтсам, тағдырым да, өмiрiмдегi сәттiлiктердiң бәрi осы кинодан басталды десем де болады. Суретшi болсам деген бала қиялға ендi киноөнерi келiп қосылғаны, шын мәнiнде мықты бетбұрыс болды. Аты-жөнi құлағыма әкем арқылы сiңiп қалған қазақтың батыр ұлы Бауыржанмен сол жылдары жолықтым. "Кинода не бар, сен суретшi болуға тиiссiң" дегенде, суретшiге керек құрал-саймандарға ақша жетпегендiктен киноға түсiп жүргенiмдi айттым. Ойланып қалған Баукең кейiн Петербордағы Репин атындағы көркемөнер институтында оқып жүргенiмде үзбей ақша салып тұрды. Сол қамқорлығын әлi күнге iшiм жылып, еске алып отырамын.

– Момышұлы ғана емес, сiздiң шығармашылық ғұмырыңызға қазақтың талай игi жақсыларының әсерi болғанын бiлемiз…

– Әсiресе "Қыз Жiбек" көркемфильмiн түсiрер кезде де ол кiсiнiң көмегi тигенiн қалай ұмытармын. Режиссерi Сұлтан аға Қожықов фильмнiң бас суретшiсiне ұсыныс бiлдiрген кезде талай азаматтар қарсы болды. "Немене бiр қазақтың жiгiтi жоқ па?" деген әңгiмелерге де нүкте қойған Момышұлы. " Гулфайрустың шығармашылығын кiшкентайынан бiлемiн, декорациясы түгiлi киiмдерiн де сенiп тапсыруға әбден лайық",– деп есiктi тарс жауып шығып кеткенде, iштегiлер демдерiн ала алмай отырып қалғаны әлi көз алдымда. Жатқан жерi жайлы, иманды болғыр, бiр кездерi ешкiмге, тiптi туған әкесiне керек болмай қалған мен сияқты қарапайым ғана қазақ қызына көзқарасы ерекше болғаны әлi күнге жаныма жылылық ұялатады. "Қазiр керек болмасаң да болашақта талайлар сенi iздейтiн болады",– деп арқамнан қаққаны қанат бiтiргендей жiгерлендiретiн-дi. Сөйтiп әжемнiң аузынан естiген, құлағыма сiңiп қалған ғашықтық жыры арманнан шындыққа айналып сала бердi. Фильмнiң бас суретшiсi ғана емес, тiптi Жiбектiң анасы Айкөздi ойнап шықтым ғой. Сұлтанға суретiн ғана жасап берейiн дегем, ойлана келiп Жiбектiң анасын ұсынды. Қарсы болдым. Өйткенi "он жасар балам бар, ауыр тиедi, шаршаймын" дедiм. "Онсыз да күндiз-түнi түсiру алаңында жүресiң, шаршамайсың, үлгересiң",– дедi. Тәп-тәуiр образ. Бiрақ фильм бiткенге дейiн өзiмiздiң де сау-тамтығымыз қалмаған шығар. Әр көштегi қыз-келiншектердiң киiмiнен басқа көштiң сән-салтанатын жасау дегенiңiз, түйе дегеннiң өзi ебедейсiз жануар ғой, құрал-саймандарымызды өлшеп-жiктегенше орнынан атып тұрып, тiптi кейде айдалаға қаша жөнеледi. Қолымызда ине-жiп қала беремiз. Отыра қалып жылаймыз. Қасымда жалдап алған көмекшi бiрен-саран жас қыздар, олардың да амалдары таусылады. Тiптi шөл далада бiр жұтым суға зар болған күндерiмiз де болды. Көш деген – шұбалаңқы, қаншама түйеге артылған дүние-мүлiкке соншама көз майымызды құрттық. Дегенмен жасаған iстiң қорытындысы нәтижелi болса, кез келген қиындықты ұмыттыратыны ақиқат. Кейiннен Тбилисиде өткен фестивальде "Қыз Жiбек" ерекше безендiрiлуi жағынан бас жүлденi иелендi. Бүгiнде қазақ өнерiнiң көшбасында "Қыз Жiбек" те өз орны бар, көрерменiн жалықтырмайтын ғұмырлы туындылардың бiрiне айналды. Қазақи салт-дәстүрге бай, халқымыздың елдiгi мен ерлiгiн қатар насихаттайтын, ұрпақтан ұрпаққа берер тәлiм-тәрбиесi, өнегесi мол шығарма. Жарты ғасырға жуық экраннан түспей келе жатқан бұл шығарманы әлi де талай ұрпақ сүйсiне тамашалайтын болады.

Одан кейiнгi бүкiл ғұмырым, Абай атындағы Опера және балет театрында бас суретшi болып қызмет атқарған жылдарым, шын мәнiнде, қазақ өнерiнiң марқасқаларының арасында өттi. Әсiресе шешемнiң жақын құрбысы, қазақтың күмiс көмей әншiсi, сұлу да кербез Күләш Байсейiтовадан алған тағылым-тәрбием тiптi басқа әңгiме. Анам – Қайырнесе Күләшпен бiрге оқыған, тұрмысқа шығып балалы болды да, әншi бола алмады. Әндi әдемi салатын, сымбатты, сұлу болған. Шараны, әсiресе Күләштi мен де, нағашы әжем де керемет жақсы көрушi едiк. Жиi көремiз ғой, үйге келедi, анам екеуiнiң әңгiмелерi бiтпейдi-ау. Сылқылдап күлiп, әзiлдерi жарасып, сырласып-сыйласып өттi өмiрден. Арасында менi әңгiме етiп қоятын, "суретшi емес, әншi болсаң қайтедi" дейтiн анам да өзiнiң арманы болған сахнада менi жүрсе екен дей ме, әйтеуiр күн ұзақ сыбырласып жүргенi. Оның орындауындағы спектакльдерде менi қасына ертiп алып әжем театрдан шықпайтын. Билет те алмаймыз, қызметкерлер кiретiн жақтан кiрiп-шығып жүре беретiн. Ол кiсiлердiң сахнадағы жүрiс-тұрысы, сөйлеу мәнерi, қызметтестерiмен қарым-қатынасы, әсiресе ән салған тұстағы балбұл жанған жүздерi неткен керемет десеңшi?! Нағыз өнер деп туып, өнер деп кеткен таланттар ғой. Маған Күләштiң еңбегi аз сiңген жоқ. Ақыл-кеңесiн, өнер, сахна мәдениетi жөнiнде небiр тәрбиелiк мәнi зор әңгiмелер айтып беретiн-дi. Менiң шашым ұзын, бұрымым бiлектей едi. Сонда гастрольге шыққан сайын небiр әдемi шашқа тағатын қызылды-жасылды ленталар әкелiп беретiн. Мен мәзбiн. Мәскеуде талай опера театрына да ертiп барды. Орыстың Барысова деген атақты опера әншiсiне ертiп апарып, даусымды да тыңдатты. Сонда ол: "Мына суретшiлер училищесiн бiтiргеннен кейiн маған кел, сенiң даусың жақсы, әншi боласың",– дедi. Ол менi Күләштiң қызы екен деп қалса керек. "Жоқ, менiң жақын құрбымның қызы, менiң де қызым ғой",– деп әдемi бiр жымиып, маған елжiрей қарағаны әлi де көз алдымнан кете қойған жоқ. Бiз "Ботагөзге" түсiп жүргенде қайтыс болды ғой. Итбайды Қанабек ағамыз ойнайтын-ды, өте ауыр қайғыны бастан кешiрдiк. Күләш дүниеден өткендегi Қанабектiң күйзелiсi, көз жасы…

Қазақтың танымал суретшiсi, аңыз суретшiсi Әбiлхан Қастеевпен әкем Жаркентте балалар үйiнде бiрге өскен. Екеуi керемет дос-жолдас болды. Әкем майданда болған жылдары ол кiсiнiң де қамқорлығын көп көрдiк. Туған қызындай жақсы көрушi едi. Кейiннен бойжетiп, оқу бiтiрген кезде Сидоркинге тұрмысқа шығамын дегенде де жалғыз қолдаған адам – сол кiсi болған. "Орыс болсын, орман болсын, ең бастысы азамат болсын, жақсы жiгiт сияқты",– деген.

– Ол кiсiнi еркелетiп Жанатай деп атағанын да құлағымыз шалған. Алғашқы танысқан кездерiңiз, тұрмыс құруға ниет бiлдiрген кезiн есiңiзге түсiрiп көрелiкшi?

– Рас, менен бiр курс төмен оқыған Евгений Қазақстанға соңымнан iздеп келiп, үйлендiк. Студенттiк кездiң бiр қызығы – өнер ошақтарын аралау, ондағы жүрiп жатқан спектакльдерден құр қалмау едi ғой. Алғашқы кездерi Ленинградты аралау, ондағы аттары аңызға айналған музейлердi, тiптi оның ғажайып Ақ түнiн қызықтау деген қаншалықты арман болғанын бүгiнде айта алмаймын да. Сабақтан босай қалсақ қаланың сондай тарихи жерлерiне саяхат жасауға ұмтылатынбыз. Жанымдағы қыздардың көбi жергiлiктi ұлт өкiлдерi болды да, оларға аса таңсық дүние емес едi. Ал жалғыз аралауға қорқамын. Бөтен, үлкен қалада жалғыздан жалғыз жүрексiнесiң. Осындай бiр сәтте асханада ұзын бойлы орыс жiгiтi өзiнен-өзi келiп: "Сiз бүгiн кешке боссыз ба, (ол кезде Исаакиев соборы әлi ашылмаған-тын) соған бiр таныстарым арқылы кiрейiн деп едiм, бiрге барасыз ба?" дегенде, шынымды айтсам, қуанып кеттiм. Ол кезде мен екiншi, ал ол бiрiншi курсқа ендi түскен бетi екен. Бардық. Оның танысы бiзге шай қойып, сый-сияпат көрсетiп жатты. Ал менiң қуанышым тiптi бөлек. Содан қаланы бiрге аралайтын болдық. Балмұздақ жеймiз, кофе iшемiз. Көрген-бiлгендерiмiз жайлы пiкiрлесемiз, таласамыз. Осы бiр жiгiтпен тағдыр қосамын деп мүлдем ойламаған едiм. Курстаспыз, доспыз. Бөтен ой жоқ. Қаладағы көптеген музей-үйлердi, кинотеатрларды көрдiк. Ой-өрiсi өте биiк, талғамы бөлек жiгiт екен, аса мәдениеттi. Әсiресе дiни дәстүрлi мерекелер кезiнде опера әншiлерiнiң бiрiккен концерттерiн тамашалау керемет! Ал мен әншi боламын деп екi жыл дайындық курсын, одан кейiн екi жыл консерваторияда оқығаным бар, ән салғанды ұнататынмын. Солай жүрiп менi ұнатып қалса керек, төртiншi курста жүргенде: "сенсiз тұра алмаймын, оқуыңды бiтiр де, Ленинградта қал, келесi жылы мен бiтiремiн",– дедi. Мен келiспедiм. "Елге барамын, бауырларым –жас, анама көмектесуiм керек" дегендi сылтау етемiн ғой баяғы. Қарсылық бiлдiрiп алып, ол кеткен соң ұйықтай алсамшы?! Дос деп жүрiп өзiмнiң де жақсы көре бастағанымды сонда сездiм. Соңымнан жүгiрiп, сөз айтқан бiрде-бiр жiгiтке дәл осылай жаным ауырмаған сияқты. Бiраз уақыт өткен соң, ол тағы да: "Мен Мәскеуден бiтiретiн шығармын, сенi көрiп жүрiп, бұлай жүре алмаймын, әсiресе сенiң амандаспай өте шығатының жүрегiме ауыр тиедi" дейдi. Сонымен мен бiтiрiп кеттiм де, ол соңымнан Қазақстанға iздеп келдi ғой. Әке-шешесi де жақсы кiсiлер едi. Әсiресе майданда болған, соғысқа қатысқан әкесi менiң әкеммен сыйлас жолдас болып кеттi. Алғашында қарсы болған әкем кейiннен: "Махаббаттың ұлты болмайды екен ғой",– деп риза болатын.

"Маған тимесең, Неваға батып өлемiн",– деп өлердей ғашық болған ол өле-өлгенше қазақ халқына адал қызмет еттi ғой деп ойлаймын. Қазақтың қасиеттi қара шалдарының бiрi Әбiлхан аға Қастеев: "Қазақ қызын ғана емес, менiң ұлтымды жан-тәнiмен сүйген "Жанатай" ғой бұл" деп жақсы көргенi де, оның суретшi ретiнде шығармашылығын да ерекше қадiр тұтқаны рас.

Басқа ұлтқа тұрмысқа шығу деген, қазақ қызына, оның iшiнде мен сияқты қарапайым ғана қызына бетке түскен шiркеудей болғаны да рас едi. Бiрақ Женясыз өткен ғұмырымды көз алдыма елестетер болсам, егер мен оған тұрмысқа шықпасам, дәл осындай атақ-абыройға жетер ме едiм, әлде жетпес пе едiм деген де ой қылаң бередi. Неге дейсiз ғой, өйткенi қазақ әйелiнiң таңның атысы, күннiң батысы қолынан қазан емес, қаламы түспей ғұмыр кешу дегенiңiздi елестетiп көрiңiзшi? Бұл жерде қазаны оттан түспеген, бауырында баласы, отағасының қас-қабағын бақылап, ағайын-туыс, келiмдi-кетiмдi қонағын аялай бiлетiн қазақ әйелiнен өзiмдi алшақпын дей алмаймын. Дегенмен жаратқан ием табиғатымды сәл-пәл дарын-қабiлетi ерекше тағдыр сыйлаған екен, оны бойда сақтамай қазақ өнерiне бейiмдеген екен, жазмыштан озмыш жоқ! Ал менiң осындай өзгешелiгiмдi бағалап-танып, соған мүмкiндiк жасау Женяның ғана қолынан келдi. Үйдегi тiрлiкке ер-әйел демедiк, театрдан кейiн шеберхана күтiп тұрды. Оның тiрлiгiне – мен, менiң шығармашылығыма – ол кедергi жасамадық. Әбiлхан ағамыздан бастап талайлардың кiтаптарында Женяның қолтаңбасы қалды. Тиянақты, ойлы суретшi едi. Елу үш жасында өмiрден өттi. Әкесi екеумiздiң жолымызды қуған жалғыз ұлымыз бар. Ол да өз ортасы, өз көрерменi бар жақсы суретшi.

Қазақтың жезтаңдай бұлбұлы Бибiгүл Ахметқызы – жақсы құрбым. Түйдей жастымыз. Өмiрбақи көршi тұрдық. Сырымыз да, жырымыз да бiр. Балалардың бәрi көз алдымызда өстi. Мейрамкүл үйде де, театрда да өз қызымдай болып өсiп едi, ғұмыры қысқа болды. Бибiге ғана емес, қыздың қазасы маған да оңай тиген жоқ. Талантты едi. Қазақ опера өнерi ойсырап қалды. Менiң талай спектакльдерiмде ауырып қалған әншiлердi ауыстырып, орындап жүрдi.

– Әуезовпен де жақсы сыйластықта болдыңыз…

– Әуезовтың қызы Ләйламен таныс болдым да, Женя оқуын бiтiрiп келген соң ол кiсiге бардық. Әлде өзi шақырды ма, қазiр есiмде жоқ, жұмыс орнында бiздi қабылдап, салған суреттерiмiзбен танысып, "бiрге жұмыс iстеймiз" деп шығарып салды. Отбасын жаңа құрған жас семья үшiн ол кезде тұрақты жұмыс табу дегенiңiз, жарты байлықпен тең. Оның үстiне, қазақ әдебиетiнiң ақсақалдары саналатын Мұхаңмен шығармашылық байланыста болу – тiптi абырой едi. Қамқорлығын аяған жоқ. Талай кiтаптарының көркемдiк жағын безендiруде, суреттерiне Женяның көмегi болды.

Ал Сәбеңнiң шығармашылығы мен үшiн бiр төбе. "Мен кiтабымды жақсы көрмеймiн, Ботагөзiмдi жақсы көремiн" деп қалжыңдайтын. "Ботагөздi" ойнағанымда, шын мәнiнде, мақтанғаным емес, көпшiлiк бұл туындыны менiң жанарыма арнап жазылғандай қабылдады. Сәбеңнiң өзi де: "саған, сенiң көзiңе арнап тағы бiр шығарма жазып жатырмын, оны да сен ойнайсың",– дейтiн-дi.

– Театрда бас суретшi болып жүрiп, талай актрисалардың суретiн де салғаныңызды бiлемiз.

– Иә, суретшi болу өмiрлiк мақсатым болған соң, мен өмiрбақи, тiптi әлi күнге дейiн қылқаламымды қолымнан тастаған емеспiн. Отбасылық шаруа болсын, театр болсын күнiне бiр рет шеберханамда рахаттанып отырып қағаз бетiн шимайлау ес бiлгеннен әдетке айналған дағды ғой. Шеберханам мен үшiн жұмақтың төрi десем, артық айтқандық болар ма, дегенмен анадайдан бояуы танауыңды қытықтайтын, небiр сиқырлы иiсi мен мұндалайтын кiшкентай ғана құстың ұясындай шеберхана – кез келген қалам ұстаған суретшiнiң құтты мекенi.

Рас айтасыз, мен көптеген актрисаның суретiн салдым. Күләштiң, Шараның, әсiресе Ғабеңнiң Ақтоқтысы – Шолпан Жандарбекованың портретi өзiмнiң ғана емес, тамашалаған талайлардың көзқуанышына айналғаны ақиқат. Айналайын Шолпан екеумiз тату-тәттi көршi болдық. Қандай әдемi! Қайталанбайтын актриса! Дина Нұрпейiсованың портретi де өзiм жақсы бағалайтын дүниелерiм, бұлар көптеген шетелдердi де аралады.

– Екi бiрдей өнер адамының, оның iшiнде суретшiнiң бiр отбасында ғұмыр кешкенi қалай екен?

– Женя жайлы сөз болғанда айттым ғой, ол – менiң шығармашылығыма менен де гөрi жаны ауырған, жанашырлық бiлдiрген азамат. Кейде сырттан келгенде: " Гульфайрус, бүгiн бiр қазақтың қызын көрдiм, керемет сұлу екен! Нағыз саған керек фигура!"– деп қуанып келушi едi. Кейде: "Қазақ қызы сен ғана ма десем, Қазақстанда сұлулар өте көп екен ғой" деп әзiлдеп отыратын. Сөйтiп мен оған, ол маған кейiпкер таңдаушы едiк… Женяның "Алдар Көсесiн" көргенде Кәукен: "менi де дәл осылай қашан полотноға түсiрер екенсiң",– деп қатты қызыққан. Көп дүниелерi жасалынбай қалды…

Кiшкентай кезiмде нағашы әжемнiң тәрбиесiнде өстiм дедiм ғой. Бала болып ойнамайды екенмiн, бiр бұрышта отырып алып, қағаздан көз алмаймын. "Әй, мынаның көзiнен көз қалмайтын болды ғой",– деп әжем менiң оң қолымды байлап қояды екен. Сонда бұлқынып-бұлқынып шешiп аламын, ал шеше алмасам сол қолыммен де сурет сыза бередi екенмiн. Сурет – менiң бесiктен ана сүтiмен бойыма сiңген арман! Сондықтан ғұмырыма өте ризамын. Әкем керек қылмай тастап кеткенiн айтып жылағанымда Баукеңнiң: "Қазiр ешкiмге керек болмасаң, өскенде керек боласың", – деп жұбатқанын жиi есiме аламын. Аламын да iштей "тәубе" деймiн, бүгiнде халқым, туған қазақ халқы аты-затымды жақсы бiледi. Сыйлайды, құрметтейдi! Еңбегiмдi бағалайды. Одан артық қандай бақыт керек?! Ал қазiр сол жылдардың қалай жылжып өте шыққанын да байқамай қалыппыз. Жас болса сексеннен асып барады. Жанардың жайын жаңа айттым, екi көзiме де операция жасаттым. Құдайға шүкiр, жер басып жүргенiмiз де бiр бақыт. Одан кейiнгi бақыт – Бибiмен ыстық бауырсақ, қоңыр шай үстiнде шертiлетiн әңгiме-дүкен…

Қазақтың маңдайына бiткен көркемөнер иесi – суретшi қазақ қызының бүгiнде ел анасы ретiнде аса сыйлы Гулфайрус апайдың көзi тағы да сонау Алатаудың ақбас шыңдарына барып шағылысқан сәтiнен тез арылтқымыз келгендей әзiлге сүйене тағы да сұрақ қойдық.

– "Сыры кетсе де сыны кетпеген" дегендi айтқан қазақ халқының талантты да сұлу қызысыз. Сiзге ғашық болғандар көп болған шығар деп ойлаймын.

– Ой, несiн айтасың. Студент кезiмде де талай қазақ жiгiттерi ғашық болды ғой. Әсiресе басқа ұлттың жiгiтiне тұрмысқа шыққаныма талайлар "тiсiн қайрап", жолыққанда қыршаңқы сөздерiмен iлiп, өздерiнiң ғашықтық сезiмдерiнiң басқа бiр жеккөрушiлiкке айналып кеткенiн ептеп сездiрiп те жүрдi. Небiр талантты, бүгiнде есiмдерi ел есiнде жүрген азаматтар да сөз салған. Бiрақ менiң көңiлiм ешқайсысына бұрылмады.

– Сiз екi қоғамда өмiр сүрiп келесiз. Тәуелсiз елдiң көркемөнерiне көңiлiңiз тола ма?

– Тәуба! Балалық шақта көрген жоқшылық пен қиыншылықтың орны толған бүгiнгi күнiмiзге iштей шүкiршiлiк жасап отырамын. Ал өнер қай қоғамда да өз жүгiн арқалап келедi. Өйткенi ол – ешкiмге тәуелдi емес. Жекеменшiк. Елiмiзде экономикалық дағдарыс дедiк, қайта құру дедiк, десек те небiр көркем туындыларымыз шетелдерде жеке авторлық болсын, бiрiккен-ұйымдасқан болсын суретшiлер өз көрмелерiн ұйымдастырып келедi. Дүниежүзi мойындаған қазақстандық суретшiлер санаулы болса да, бар. Олардың түсiн түстеп, атап жатпай-ақ қояйын, бiрi аталып бiрi аталмай қалса, көңiлдерi қалып жүрер, қартайғанның белгiсi болар, есiме түсiре алар емеспiн. Дегенмен қазақ бар жерде оның тiлi, дiнi бар жерде сөз өнерi, көркемөнерi өлмек емес. Ұрпақтан ұрпаққа жетiп отыратынына, жалғасып отыратынына өз басым кәмiл сенемiн!

Иә, ол кiсiнiң қолынан шыққан қабырғадағы автопортреттерге көз сала отырып, қылқалам шеберiнiң түрлi бояу сiңген әдемi саусақтарына қызыға қарадық. Кезiнде "тал бойында бiр мiн жоқ" деп ақындар жырлайтын сұлу да сымбатты қазақ қызының сексеннiң сеңгiрiне шықса да көркемдiктiң қалпын бұзбай, өзi де, сөзi де салмақты мына кейпiне неге қызықпасқа?! Қоштасарда айтқан мына сөзi: "Айналайын, сенiмен әңгiме жүрегiмдегi талайлар салған жараның аузын тырнап өткендей, өмiрдегi өкiнiштер мен сағынышқа айналып кеткен жақсы сәттерге саяхат жасап, әдемi бiр күй кештiм. Келiп тұр, бiзге амандасу – мiндеттерiң ғой", – деп маңдайымыздан иiскеп шығарып салғаны жанымызды тербетiп кете бардық. Мұрныма бояудан да күштi, адам айтып жеткiзгiсiз бiр әлем иiс келдi.

Ол ақ жаулығы желмен жарысып желбiреген Әз-Ананың мейiрiмге толы жұпары екенiн толқи отырып мойындадық…

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары