ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЛАҢКЕСТIК ТОПТЫҢ ЖОЛЫ КЕСIЛДI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЛАҢКЕСТIК ТОПТЫҢ ЖОЛЫ КЕСIЛДI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЛАҢКЕСТIК ТОПТЫҢ ЖОЛЫ КЕСIЛДI
ашық дереккөзі
176

11 қаңтарда Бiшкек қаласының "Жеңiс" алаңында Қырғызстанның Ұлттық Қауiпсiздiгiнiң Мемлекеттiк Қызметiнде (ҰҚМҚ) және Iшкi iстер министрлiгiнде қызметтерiн өтеп жүргенде қайтыс болған сарбаздарды ескеруге арналған аза тұту митингiсi болды.

Митингiде ҰҚМҚ мен IIМ-н қазiргi заман талабына сай қайта құру керек деген мәселелер де көтерiлдi.

Әрине, митинг бекерден-бекер дәл бүгiнгi күн ұйымдастырылып отырған жоқ. Өткен аптада ғана IIМ-нiң – үш, ҰҚМҚ-ның бiр офицерi терроршылардың қолынан қаза тапты.

Оқиға былай болған. Бiшкектiң 8-мөлтекауданындағы 17 қабатты үйдегi тұрғындардың төлқұжаттарындағы тiркеудiң бар-жоғын тексеруге 4 қаңтар күнi кешкi сағат 9-ға жақындағанда, сол жердегi №5 қалалық милиция бөлiмiнiң үш офицерi келедi. Өйткенi бұл үйдiң бiрiншi қабатындағы пәтер иелерiнiң көпшiлiгi пәтерлерiн жалға берiп, өздерi басқа жақта тұрады екен. Оқиғаның дәл қалай өрiс алғанын айту қиын, куәгерлер жоқ. Жатақхана тәрiздес пәтердi уақытша қоныстанған қонақтар милиционерлердi автоматпен оқ атып қарсы алған сияқты. Бiрiншi кiрiп барған Самат Жээнбеков деген капитанның кеудесiне – сегiз оқ, дәлiзде артқа шегiнген Алмазбек Сулайманов деген аға лейтенанттың және Пiрiдiнбай Исманов деген лейтенанттың арқаларынан алты оқтан тиiп, олар сол жерде жантәсiлiм еткен. Сол уақытта сыртта болған куәгердiң бiрiнiң айтқанына қарағанда, үш-төрт адам таксиге мiнiп, қаша жөнелген. Құқық қорғау қызметкерлерi Бiшкектi торуылдап жүргенде, қылмыскерлер Тоқмақ қаласына қарай өтiп, iздерiн жасырған. Кейiннен белгiлi болғандай, жол қозғалысының қауiпсiздiгi басқармалығының инспекторлары оларды Тоқмаққа бара жатқан кезiнде екi жерде тоқтатқан көрiнедi. Инспекторларға Бiшкектен дабыл жете қоймағандықтан, олар жүргiзушiнiң ғана құжаттарын тексерген. Тiптi тексерген күннiң өзiнде оларға да оқ атылуы мүмкiн едi. Сол түнi Бiшкектегi милиция және қауiпсiздiк қызметкерлерi аяғынан тiк тұрып, ұйқы көрген жоқ.

Қырғызстанның Iшкi iстер министрi Зарылбек Рысалиев 4-5 қаңтардағы оқиғаларға байланысты өткен баспасөз мәслихатында террорлық ұйымның мүшесi, жарылыстарға қатысы бар деген күдiкпен, қамауда жатқан 7 адамның ваххабиттiк мектептiң мүшелерi және осы ағымға жан-тәнiмен берiлген фанаттар екендiгiн айтқан болатын.

Десе дегендей, түс ауа қылмыскерлердiң дерегi Бiшкектен он шақты шақырым оңтүстiк тараптағы Арашан және Бешкүнгей ауылдарының ортасындағы иесiз үйлерден шықты. Оларды ұстау операциясы жедел ұйымдастырылған. Қылмыскерлер тұрақтаған үйдiң ауласына тура бару мүмкiн болмаған соң, арнайы топ үйге тiкұшақ арқылы түсiрiлген. Операция барысында екi қылмыскер мерт болып, бiреуi көзiнен жараланып, қолға түсiрiлдi. ҰҚМҚ-ның "Альфа" арнайы бөлiмiнiң бiр офицерiне оқ тиiп, ол госпитальға барар жолда көз жұмды.

Анықталған мәлiметке сүйенсек, өлген және қолға түскен қылмыскерлер лаңкестiкке қатысы бар, Бiшкектiң Спорт сарайының алдындағы жарылысты және Шу облысының Соқылық ауданына барған америкалықтарды тонап, көлiгiн тартып мiнiп, Бiшкектiң Iшкi iстер басқармасының дәл алдына алып келiп, бос машинаның iшiне жарылғыш зат қойып тастап кетудi ұйымдастырған күдiктiлер ретiнде бұған дейiн iздеу салынған терроршылар болып шықты. Операция үстiнде сондай кiшiгiрiм топтың басшысы – 39 жастағы Советбек Исламов және 26 жастағы Азим Султанкулов атыс кезiнде қаза тапса, 25 жастағы Эдил Абдрахманов тұтқындалған. Терроршылардың тағы үшеуiне iздеу жарияланған. Олар: Дооткулов Руслан Турдубекович, 1982-жылы туылған, тұрған жерi – Бiшкек қаласы, өте қауiптi адам; Салиев Кайрат Алыбекович, 1981-жылы туылған, тұрған жерi – Бiшкек қаласы, әрдайым қару-жарақпен жүредi; Кадыралиев Данияр Кылычбекович, 1976-жылы туылған, Нарын облысындағы Жұмғал ауданының Мың Құш ауылында туылған. Бiшкекте тұрады.

Операциядан кейiн ҰҚМҚ-ның және IIМ-нiң өкiлдерi бiрнеше рет баспасөз мәслихаттарын өткiзсе де, тергеу барысына кедергi тудырмас үшiн, Эдил Абдрахманов туралы ештеңе айтар емес.

27 желтоқсанда Жаңа Жыл және Рождество мейрамдары кезiнде милиция қызметкерлерiнiң сақ болып, өздерiне тиiстi қаруларын асынып жүруi жөнiнде министрлiктiң бұйрығы шыққанына қарамастан, терроршылардың қолынан қаза тапқан үш милиционердiң де жанында қызметiне сай тапаншалары болмаған екен. Бұл бұйрықты дұрыс орындамағаны үшiн милицияның әр түрлi дәрежедегi бiрнеше жетекшiлерi қызметтерiнен босатылды. Сондай-ақ, Бiшкек қалалық Iшкi iстер басқармалығының экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бойынша бөлiмiнiң оперативтiк қызметкерi Асан Чалбаев та жұмысынан алынды. Ол үш милиционермен қызмет бабымен сол үйге барып, iшке кiрмей, далада қалған екен. Бiреуге күлкi, бiреуге түрпi дегендей, IIМ-нiң Iшкi қауiпсiздiк қызметiнiң бастығы Айтмамат Рахманов Асан Чалбаев орнынан алынып жатқанда: “оның аман қалғанына шүкiршiлiк, iшке кiргенде ол да өлетiн едi", – дептi.

11 қаңтарда әдiлеттiлiктi талап етiп, митинг ұйымдастырғандардың әрекеттерiнiң де жүйесi бар. Терроршыларды ұстау операциясында қайтыс болған ҰҚМҚ-ның "Альфа" арнайы басқармалығының лейтенанты Жеңiш Бабараимов 7 сәуiр оқиғасына байланысты басқармалықтың сотта жауапқа тартылып жатқан жетi сарбазының бiрi болатын. Оларға ереуiлде халыққа оқ атты деген айып тағылуда. Алайда әзiрге арнайы бөлiктiң сарбаздарының өздерiне бекiтiлген қаруларынан оқ шығарғаны дәлелденген жоқ. Бұл мәселеге байланысты Премьер-министр Алмазбек Атамбаев: "Бұйрықты атқарғандар емес, оны бергендер сотталуы керек", – деген пiкiрiн бiлдiрген.

Бұл "Альфа" тобын ескiнiң көзi әлде, алтынның сынығы деуге болар. Алғаш рет сонау Кеңес мезгiлiнде чекист, компартиялық бас хатшы Юрий Андроповың билiгi тұсында өмiрге келген. Ауғанстандағы Амин режимiн құлатуға қатысып, "Альфаның" абыройы артқан.

Егемен Қырғызстанның террорға қарсы күрес, әскер қызметкерлерiнiң статусы жөнiндегi заңдарына сәйкес, "Альфа" лаңкестiкке, дiни экстремизмге қарсы, жаппай бей-берекеттiктi басу және мемлекеттiлiктi, өлкенiң бүтiндiгiн сақтау мақсаттарындағы шараларға пайдаланылады. "Антитеррор" бiрлестiгiнiң басшысы Артур Медетбековтың айтқанына сүйенсек, "Альфа" тобында Қырғызстанның азаматтары болған қырғыз, өзбек, қазақ, орыс, украин сияқты ұлттардың өкiлдерi бар. Топта мемлекеттiң денсаулық, моральдық-психологиялық тұрғыдан ең таңдаулы әскери адамдары қызмет етедi.

Алмаз Атамбаев 6 қаңтар күнi ҰҚМҚ-да, содан кейiн IIМ-де лаңкестiкке қарсы күрестi күшейту туралы арнайы мәжiлiстер өткiзiп, бұл органдардың соңғы уақыттарда Бiшкектiң iрi сауда орындарында әзiрленген террорлық жарылыстарды болдыртпай, олардың алдын алу бойынша атқарған шараларына, 5 қаңтарда лаңкестiк топты жоюдағы жедел әрекеттерiне жоғары баға бердi.

IIМ-де өткен мәжiлiсте соңғы жылдары қылмыстық орта өздерiн тым озбыр сезiнiп, билiк органдарына кiруге ұмтылып, өлкеде тұрақтылықты орнықтыруға бөгет жасап, қаржы ресурстарының айтарлықтай бөлiгiн иеленуге әрекеттенiп жатқаны сөз болды. Бұдан тысқары, Қырғызстан лаңкестiк әрекеттерiмен жиi-жиi бетпе-бет келуде. Үкiметтiң қолында бар мәлiметке қарағанда және қауiпсiздiк саласындағы сарапшылардың бағалауы бойынша, жақын уақыттарда бұл жауыздық көрiнiспен аяусыз күресуге тура келедi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары