ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨССЕ, БАҒА ДА БАС БIЛМЕЙ КЕТЕДI...

ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨССЕ, БАҒА ДА БАС БIЛМЕЙ КЕТЕДI...

ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨССЕ, БАҒА ДА БАС БIЛМЕЙ КЕТЕДI...
ашық дереккөзі
374

Жаңа жылдан бастап "Саламатты Қазақстан" мемлекеттiк бағдарламасы күшiне ендi. 2011-2015 жылдарға жоспарланған бағдарлама елдiң әлеуметтiк-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшiн тұрғындардың денсаулығын жақсартуды көздейдi. Айталық, бағдарлама бойынша 2013 жылға дейiн халықтың өмiр жасын 69-ға, ал 2015 жылға таман 70 жасқа дейiн ұзарту дiттелiп отыр. Ал 2013 жылға дейiн ана өлiмiн 100 адамға шаққанда 28 адамға, 2015 жылға дейiн 24-ке азайту керек болса, бала өлiмiн алдағы 2 жыл iшiнде 1 мың сәбиге шаққанда 14-ке, 2015 жылға дейiн – 12-ге азайту жоспарланған.

Әрине елiмiздегi тұрғындардың жасын ұзарту мәселесi әлеуметтiк тұрмысқа да байланысты. Былтырғы жылы зейнеткерлер санының шамадан тыс көбейiп кетуiне алаңдаған Қаржы министрi Болат Жәмiшев мемлекеттiк зейнетақы бюджетiн 9 миллиардқа арттыру қажеттiгi туындап отыр деген едi. Тiптi бұдан соң Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң мамандары әйелдердiң зейнетке шығу жасын 63-ке жеткiзу керектiгiн айтып қалып, iле-шала бұл пiкiрдi жуып-шайған болатын. Айтпақшы, Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлiбаев: "Әйелдер мен ер азаматтардың зейнетке шығу жасын теңестiру қажет. Әйтпесе ерлердiң өмiр сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда, төмен екен. Әйелдер тарапынан менiң бұл ұсынысыма қарсылық танытушылар көп болар, бiрақ көптеген шет мемлекеттерде екi жыныс өкiлдерiнiң де зейнетке шығу жасы – тең. Бiз де сол жүйеге көшуiмiз қажет", – деп жаңалық ашқысы келгенi есте. Десе де елiмiздегi тұрғындардың өмiр сүру ұзақтығының мәз еместiгiн ескерсек, бұл саясат зейнетақы қорын үнемдеудiң жолы сияқты.

Соған қарамастан биыл зейнеткерлердiң зейнетақысына 30 пайыздық үстеме қосылды. Ол үшiн бюджет қоржынынан 168 миллиард теңге қарастырылған. Дегенмен зейнетақы мен жалақы өссе, азық-түлiктiң, коммуналдық қызмет түрлерiнiң әп-сәтте шарықтап кететiнi бар. Үкiмет пен құзырлы мекемелер баға саясатын тұрақтандырамыз десе де, ауыздықтай алмай әлекке түседi.

Қазiр елiмiздегi зейнеткерлер саны 1 жарым млн.-нан асады. Бұл жалпы халықтың 7 пайызы екен. Оның 728 мыңы ең жоғарғы зейнетақы алса, 520 мыңы орташа мөлшердегi зейнетақыны яғни 17 870 теңгенi жанбағыс етiп жүр. Ал ең төменгi зейнетақы алатындар саны – 323 мың адам. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң айтуынша, ең төменгi базалық зейнетақы 24 047 теңгенi құраса, орташа 35950, ал ең жоғарғысы – 52 226 теңгеге өспек.

Қалай десек те, 30 пайызға артып отырған зейнетақы көптiк етпейдi. Әсiресе кiрiсiнен шығысы көп қалалы жерде тұратын зейнеткерлер үшiн бұл ақша күнкөрiске әрең жетiп артылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары