"КИIКБАЙ КЕРҚҰЛАДАЙ ЕКПIНДЕТКЕН..."

"КИIКБАЙ КЕРҚҰЛАДАЙ ЕКПIНДЕТКЕН..."

"КИIКБАЙ КЕРҚҰЛАДАЙ ЕКПIНДЕТКЕН..."
ашық дереккөзі
595

Сыр сүлейлерiнiң бiрi Базар жыраудың Киiкбай Әлiбекұлы хақындағы:

"…Киiкбай Керқұладай екпiндеткен, Бәйгiден озық келер демiкпестен. Төрт шөмен жиналғанда туын ұстап, Жауымен жағаласып, кескiлескен" деп төкпелеген өлең жолдары нақты деректерге жол сiлтейдi. Өкiнiшке қарай, ХVIII ғасырдағы белгiлi батырлардың бiрi болған Киiкбай Әлiбекұлының өмiр жолы бүгiндерi ұмыт болып бара жатыр. Ақын-жыраулардың мұрасына молынан енген Киiкбай батырдың есiмi Ресей құжаттарында да сирек болса кездесiп қалады. Ал мұрағаттағы жазбаларды салыстыра қарап, тереңiрек үңiлген сайын, Киiкбай батырдың туған, өскен өңiрi, билiк, батырлық еткен кезеңдерi айқындала түседi. Бiз сөз еткелi отырған Киiкбай Әлiбекұлы өмiр сүрген уақытта (Әбiлхайыр хан тұсында) қазақ халқының тұтастығын сақтау жолындағы күрестерге қатысқан бiрнеше Киiкбай есiмдерi кездестi. Бiрi – Әлiм Киiкбай батыр (әрi би, Жанқожа батырдың атасы), екiншiсi – 1794 жылы Әбiлхайыр хан балаларының iстерiне қарсылық бiлдiрген билердiң бiрi Киiкбай Ерболатұлы. Киiкбай Әлiбекұлы шамамен 1717-1720 жылдарда туып, 1794-1795 жылдарда өмiрден өтсе керек. Өйткенi, оның баласы Тобаберген Арынғазы ханның тұсында өмiр сүрген әрi би, әрi батыр (шамамен 1766-1841 жылдары). Арынғазыны (1785-1840) қолдап, 1819 жылдың 27 шiлде күнi Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссенге хат жазған Кiшi және Орта жүз билерiнiң арасында Тобаберген батыр да болған. Тобаберген Киiкбайұлы қазақ пен башқұрт арасында болған ұрыста, 1837-1840 жылы башқұрттың "Гүберлi" деген жерiнде қаза болып, сүйегiн бiр жылдан соң Ырғыздан 25 шақырымдай жердегi "Майтөбе" деген төбеге әкелiп жерлейдi. Басына құлпытас белгi қойылған. Ал Тобаберген батырдан: Алмат, Мәребай, Бошыбай туған. Алмат Тобабергенов 1840-1875 жылдары Ырғыз өңiрiндегi белгiлi би болған кiсi. Атақты Балқы Базар ақынның (1841-1911) Алматқа арнау өлеңi көп тарихи шындықтан хабар да беретiнi сөзсiз. "…Болғанда ағам – Алмат, жеңгем – Күмiс, Кiсiде бола бермейдi бұндай туыс. Алекем қырда тұрып айқайласа, Болады Әлiм-Шөмен бiр-ақ уыс". Белгiлi ғалым-зерттеушi, қазақ халқының бес ғасырлық тарихын жазған Әбдiкәрiм Хасенов "Қазақ әдебиетi" газетiнде 1992 жылдың 7 ақпанында жарияланған "Үш ғасыр иiнiнде" атты көлемдi де, құнды тарихи деректерге толы зерттеу мақаласында қазақ халқының ХVIII ғасырда үш дүркiн "ақтабан" боп шұбырғанын сөз еткен. Ол мақалада қазақ пен жоңғар арасындағы бiрнеше жылға созылған, кескiлескен ұрыс оқиғалары айтылып, қазақ қолының қолбасшы болған батырлары, тұлғалары атап айтылған. Сол аға батырлардың бiрi ретiнде Әбдiкәрiм Хасенов: "…Адай – Назар, Шотан, Есенқұл, Сабытай, тiлеу Орыс, шөмекей Киiкбай, сыбан Жанай, балталы Оразымбет, бағаналы Баянбай, табын Бөкенбай, сiргелi Елшiбек, ақкете Алтай, тағы басқа батырлардың есiмдерiн көрсеткен. Есiмi бүгiнде бүкiл қазақ халқына белгiлi болып отырған табын Бөкенбай, сiргелi Елшiбек, ақкете Алтай батырлармен бiрге Киiкбай Әлiбекұлы есiмiнiң қатар аталуы тегiн емес. Бұл деректерден басқа орыс-қазақ қатынастары құжаттарында, өзге де жекелеген жинақтарда Киiкбай батыр есiмi кездесiп отырады. Киiкбай Әлiбекұлы – қазақ жерiне, әсiресе Кiшi жүз аймағына қалмақтармен қатар, Қоқан, Хиуа хандықтарының да көзi жиi түсiп, елге маза бермеген шақта қол бастап, жауына қырғидай тиген батырлардың бiрi. Бiрнеше рет ауыр жараланып, аман қалған. Ол туралы Балқы Базар жыраудың Киiкбайдың немересi Алматқа: "Жылқысы ауылыңыздың ала-құла, Өсiрдiң балаларыңды етiп бұла, Атаңыз Киiкбайға оқ тигенде Өзi аттап түсiрiп ед анаң Қына", – деп айтқаны бар. "Қаз дауысты Қазыбек, Төле би мен Әйтеке, Мөңке, Алшынби, Көбек, Өтетiлеу, Сарыбай, Тампыш, Мұрат, Киiкбай – солардан өткен сұм дүние…" – деп Киiкбайды ұлағатты, бiлiктi адамдар қатарында сипаттайды. Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ерi Әбiш Кекiлбаев "Үркер" атты романында (1981 жыл) Әбiлхайырдың Ордабасында хан тағына отыру сәтiн былайша суреттейдi: "Бiр уақытта қолдарына көлдария өре киiз ұстап, iштерiнде қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, тама Есет, әлiм Бақтыбай, ошақты Саңрық, керейт Тайлан, шөмекей Киiкбай, үйсiн Ақтамбердi, Қалдыбай, керей Сырымбет, тiлеу Орыс, адай Шотан, атығай Құлсары, қыпшақ Шақа, сарыжетiм Бұданбай бар, қарақұрым қол алдына келiп, тiстерi ақсиып бiрдеңе дедi. Қапелiмде орнынан тұра алмай қалған Әбiлқайырдың бiр қолтығынан арғын Жәнiбек, бiр қолтығынан табын Бөкенбай демеп, өре киiзге алып келдi. (288-бет). Жазушының 1984 жылы шыққан "Елең-алаң" романы да тарихи оқиғаларға арналған. Әбекең осында Әбiлхайыр ханның Ресей патшалығына бодан болуға арналған мәжiлiстi суреттеген: "…Төртiншi күн дегенде тойдың тарағанын паш еткендей шақшақ Жәнiбек, Бөкенбай, Дербiсәлi, найман Талбасар, Төле батырлар бастаған Орта жүз тобы бәйгеден озып келген жүйрiктерiне қалы кiлем жауып, түйе бастаған тоғызды жетелеп Торғай бетке, тайтұяқ бастаған тоғызды жетелеген шөмекейлер тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға бердi" (166-бет). Және осы кiтаптың 170-бетiнде Әбiлхайырдың құрдасы, әрi батыры Айбасұлы Арыстанбай мен хан арасындағы әңгiменi айшықтаған Әбекең: "…Сiздiң сол көп ауылдан Келдiбайдың екi төлi – Киiкбай екеуiңнен басқа ешкiм көзге түспедi. Не ойлағандарың бар едi? Жалтырдың төрт бұйда ұстары – Жәдiк, Алман, Шыбынтай, Кенже, Қаратамыр Мәмбет, балқы Бәйбек шөмен атамның көшiн арқар ұранының қай ауылының күлiнiң басына апарып шөгерейiн деп жүр", – деп хан кейiстiк бiлдiргендегi Киiкбай, бiз жазып отырған Әлiбекұлы Киiкбай. Үлкен романдар мен жекелеген жинақтарда батыр әрi би ретiнде айтылып жүрген Киiкбай, башқұрттар мен қазақтар "құба қалмақ", "қара қалмақ" деп аталған елдермен болған жаугершiлiк заманында қазақ халқының басқа батырларымен бiрге сарбаздары басқарғанына дау жоқ. Ол 1743 жылғы ұрыста үш мың кiсiден құралған Шөмекей жасағын басқарады. Бiрде жеке отырған Қорен батырдың ауылын қалмақ шауып, елiн талан-тараж етедi. Намыстанған Ералы хан (сұлтан, Шөмекей руына хан болған) халқын жинап: "– Ұраны – Алаш, уығы – ағаш болған кiсi, ер соңымнан", – деп жауға аттанады. Алайда қамалды бұза алмапты. Сонда Киiкбай батыр: "Иә, тақсыр, рұқсат берiп, елге қайтпай, не бата берiп, қамалға шаппай, бұл не жатыс!" – дейдi. Киiкбайдың бiр көзiне найза тиiп тыртық болып бiткен екен. Батырдың сөзiне шамданған Ералы: "Сендей бiр қызылкөз келер ме екен деп жатыр едiм", – дейдi кекетiп. Сонда Киiкбай: " Қызыл көзiң келдi, батаңды бер", – деп сарбаздарды бастап қалмақ қорғанына шабуылдап, басып алған екен деседi аңыз әңгiмеде. Киiкбайдың шөберелерi Самұрат пен Төремұраттың үйiнде қаратамыр Тұрымбет Салқынбайұлы (Салқынбаев, 1868-1946 ж.) той үстiнде Киiкбайдың батырлығын жырға қосады. "…Қазақтың ханы жиып көп халықты, Ар көрiп "Алаш" ұран аттаныпты… Қалмақтың қамалына тиемiз деп, Жиылып талапкерлер топталыпты. Абырой Алла берiп Киiкбайға Дұшпаннан сол сапарда бақты алыпты". Киiкбай Әлiбекұлының ұрпақтары Ырғыз өңiрi мен Сыр бойын, Әмудария бойын қоныс еткен. Киiкбай бабадан тараған ұрпақтардың қыс қыстауы мен жаз жайлауы тайға таңба басылғандай жазылып қалған. Екiншiден оны Әлiбек, Киiкбай, Тобаберген, Алмат, Самұрат атындағы жер-су атаулары растай түседi. Қуаңдария өзенi бойында Әлiбек тамы, Бетегелi Бестөбе, Аққыр, Жаңадария, Қуаңдария бойларында Киiкбайдың еңкеймесi, Тамды, Боқан тауы маңында Тобаберген тауы, құдығы, Ырғызда Алмат тамы, Аққұмда Самырат мешiтi, Байқожа темiржол стансасы маңында Самыратқа арнаған қос үй тамы Киiкбай Әлiбекұлы ұрпақтарының жүрiп өткен жолдарын, мекендерiн нақтылай түседi. Ресей құжаттарында 1860-1862 жылдарда Арал Қарақұмдағы жайлауынан Әмудария бойына Аспан руларымен қатар Шобдар руының, яғни Киiкбай батырдан тарағандар да көш басын бұрған. Киiкбайдың шөпшегi болып табылатын Самұрат бидiң баласы Әбдiқадырдың Өзбекстандағы Тамды ауданында 1963 жылы 89 жасында қайтыс болғанын бiлемiз. 2010 жылы "Алаш" тарихи-ғылыми зерттеу орталығы шығарған Қаракесек бiрлестiгiнiң (Кете, Әлiм, Шөмекей) шежiре кiтабында Киiкбай батыр Әлiбекұлы туралы деректер берiлген. Орынбор шекара комиссиясының бастығы И.Неплюевтың Кiшi және Орта жүздегi жағдай туралы Сыртқы iстер министрлiгiне жiберген мәлiмдемесiнде Әбiлхайыр хан тарапынан 1743 жылдың 22 қыркүйегiнде Орынборға старшина Қотыр батыр, жасауыл Киiкбай т.б. келгенiн жазған. Бұл дерек "Казахско-русские отношения в ХVI-ХVIII веках" кiтабының 303-бетiнде жазылған. Сондай-ақ "История Казахстана в русских источниках ХVI-ХХ веков" атты кiтаптың VIII томының 2-бөлiмiнiң 160-161-бетiндегi "Алфавитный список о почетнейших и влиятельнейших ордынцах" атты құжатта: Киiкбаев Алмат Тубабергенов, почетный бай, 44 лет", – деп нақты деректердi берген. Сонымен Киiкбай батырдың шөпшегi соғыс және еңбек ардагерi болған марқұм Рахи ағамыздың (1924-1999 ж.) бабалары туралы жазып қалдырған және маған аманат ретiнде қалдырған қолжазбасында Киiкбай батырдың бейiтi Қазалы ауданындағы Сарыбұлақ елдi мекенi маңында, Қуаңдария өзенiнiң Қарақалпақстанмен шектесетiн жерiнде екенiн жазса, 90-нан асып өмiр сүрген, ел мен жер тарихын жетiк бiлген Шобдар Мәнтiбай Түлкiбайұлы Сарыбұлақ елдi мекенiнiң шет жағында "Шобдар қорымы" болғанын, бүгiнде сондағы үй-тамдар мен төртқұлақтардың құлап қалғанын, бұл қорымның 200-300 жылдан сыр шертетiн таратып айтқан-ды. Қарияның айтуынша, мүмкiн Киiкбай батыр да осында жерленген сияқты Сарыбұлақ маңындағы Киiкбай төбесi деген белгi секiлдi басқа да деректер шығып, "Киiкбай Керқұладай екпiндеткен", – деп ақын айтқан батыр бабамыздың жамбасы тиген жердi бiлетiндер болса, редакцияға хабарласса, нұр үстiне нұр болмақ. Сондай-ақ, Сарыбұлақтағы Шобдар қорымы, батырдың немересi Алмат сардардың, 1890-1892 жылдары салынған Алмат (Ырғызда) тамы мен 1922 жылы Кеңтүбектегi салынған Самұраттың қос үй-тамы сәулет өнерiнiң бiрегей туындылары екендiгi күмән туғызбаса керек.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф

Серіктес жаңалықтары