ШЕТIНЕН — ШЕШЕН, АЛЫП, ДАНЫШПАН, БАБАЛАРЫМА МЫҢ АЛҒЫС!

ШЕТIНЕН — ШЕШЕН, АЛЫП, ДАНЫШПАН, БАБАЛАРЫМА МЫҢ АЛҒЫС!

ШЕТIНЕН — ШЕШЕН, АЛЫП, ДАНЫШПАН, БАБАЛАРЫМА МЫҢ АЛҒЫС!
ашық дереккөзі
359

"Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы". Бұл бiздiң сөзiмiз емес, хакiм Абайдың айтқан ғақлиясы. Бүгiнгi қазақ прозасына қарағанда, қазақ поэзиясының құлашы кеңге жайылып, өркендеп жатқандығы туралы жылы пiкiрлер жиi айтылады, айтылып та жүр. Өлеңдi сүйген, "күпi киген қазақтың қара өлеңiн, шекпен жауып қайтарып жүрген" жас дарынды қалам иелерiнiң бiр шоғырының Отан туралы, Тәуелсiздiк жайлы, туған ел төңiрегiнде жазған өлеңдерiнiң бiр парасын табалдырығымызды аттаған Қоян жылының алғашқы күндерi газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрдiк.

РЕДАКЦИЯДАН

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ

ШЫРАҚ

…Бұзылды қорғансыздық қамалы.

Үзiлдi үмiтсiздiк жiбi.

Шырақ тұтанды!

Құйынды ғасырлардың қойнауында сөнген.

Мөлдiр iңкәрлiкке малынып сенiмнiң ақ уыз гүлi,

Тәуелсiз таң нұры тарады:

Қобыздың қоңырқай даусы ба-уыр-лап көлде;

Мың түрлi сиқырымен құбылып

өрмекшi тоқыған өрнек,

жусанның жұпар лебiне жуынып…

Жасымыз парлап жанардан

(Дәмi сәл кермек)…

Самайы қудай ағарған

Аңыздар

Абыз Даланың көкiрегiн кернеп –

Иiскеп, құшып…

Бозторғай жүрдi шырылдап, қауырсыны ұшып.

Қоңыр қаз баяу мамырлап,

Мамырлап,

Ақырын, мүлде;

Сан ғасырлық сағынышымыз ауырлап,

Жеңiлдеп бiрде;

Сауысқан сұрап сүйiншi, ақ сөйлеп, күлген,

Торғын мұң толқып, бусанып топыраққа сiңген…

Бiртүрлi өксiк,

Бiртүрлi арпалыс,

Бiртүрлi зарығу сезiмi билеп…

Маңдайды сүйгiзiп Мәңгiлiк Күнге,

Жаныңның жапырағы бүрлеп,

Көңiлдiң күлгiн шоқтарын күйлермен үрлеп…

Сонда…

Ұз-за-ақ…

……………………………………………………….

Шақырмас ендi бiздердi байырғы жолдар.

Байырғы соқпақ.

Байырғы тұзақ.

Өртенген орман.

Санадан кетпей сұлбасы… ескiрген қорған

Күйiгi молдау күйлерiн күңiрене толғап

Сағымға айналып барады…

…көлеңке торлап,

Шыңғырды ескi үрейлер шыңырауға батып.

Сығылған Кеңiстiк пенен

Мыжылған Уақыт

Қарайды кейде iргеден етегiн түрiп.

Қуады оның елесiн

баябан дала төсiнен Бөрiлер ұлып.

Маңдайға түскен Ай нұры таңдайда тұнып…

Жаңғырық ойлар бiткенше жартасқа сiңiп,

Сарыарқа төсi ойларға жүктi боп ұлық,жоғалар күдiк.

Жоғалар күдiк, жоғалар, жоғалар үркiп,

Қолымда менiң – Қыран құс, Қыран құс – Бүркiт.

Қолыңда сенiң – Қыран құс!

Маңайын шолған:

Ашылып жаңа Кеңiстiк.

Сыңсиды орман.

Сыңсиды орман жап-жасыл.

Жап-жасыл таулар.

Буырқанған теңiз.

Iшiнде малтыған Ай бар.

Мұзартты заңғар.

Шақырар бәрi…

Уақыт…

……………………………………………………….

Қанатын қомдап,

Ұшады әлi ол ұзаққа – зау көкке самғап!..

Мұндайда менiң есiме түседi бұрын,

Парағын үнсiз сипалап Тарихтың жұлым,

Кiсiнеп қоя бередi, жүрегiм-құлын:

"Шалқыта көршi, Тәңiрiм, Пешене Нұрын,

Құлан жал тағдыр, құлатпа, Қазақтың Туын!"

… Ойына тоқып алғандай әкенiң жырын,

Бесiкте жатыр былдырлап, перiштем – ұлым!..

* * *

Мақпал ЖҰМАБАЙ

МАҚПАЛ, ШЕРДIҢ КӨМЕЙIҢНЕН ШЫҚҚАНЫ…

Бiздiң жұртта бар едi бiр даралық,

Қазақтардың жаны мәңгi – далалық.

Дала иiсiн ұмытқанда – ұрындық,

Дала мұңын ұмытқанда – жығылдық.

Тұлымшағы желкiлдеген өрiм қыз,

Парасатқа жеткен күндi көрiңiз.

Сол аруың атқа қонар Тұмар боп,

Тауларды да күзетедi ұлар боп.

Жаңғырығы, жаңғырығы сананың –

Туған жерге келерi анық Жаңа күн.

Шартарапты шарлап жүрген жаралы

Ойдың бәрi ақиқатқа барады.

Мақпал, шердiң көмейiңнен шыққаны,

Еркiндiгiң екендiгiн ұқ, қанi!

Басқа айтсын тiршiлiгiн былайғы

Сенiң жаның елiң үшiн жылайды.

ТӨЗIМДЕРIМ – ЖАНАРТАУ

Жүрегiме бiр үмiт тамызды Күн,

Екiжүздi емеспiн.

Жаны iзгiмiн.

Мен – Жердегi жақсылық iздеп жүрген

Адамдардың соңғысы тәрiздiмiн.

Ақиқатты сүйетiн жаным – жырау,

Төзiмдерiм – жанартау.

Жарылдым-ау.

Қабағына мұз қатқан заманаға

Қарсы шыққан дауылды шағым мынау.

Теңiз болдым.

Туладым.

Тасыдым.

Минуттарым – жоғалған асылым…

Тайсалмадым.

Бетiңе тас лақтырдым.

Селт етпедiң нелiктен, Ғасырым?

Азаттыққа жеткiзген Бiрлiгiм ең,

Күн болам да кiремiн түндiгiңнен,

Замандасым, шақырам қатарыма

Тиiстiсiң келуге шындығыңмен!

* * *

Күңкiл-шүңкiл әңгiмеде жоқ үмiт,

Өткен күндi өмiр өзi безбендер.

О, жасаңдар, арпалыстар астында

Шындық барын сезгендер!

Буырқанған, буырқанған Iледей,

Менiң мәңгi тасуымды тiле, Күн.

Терезелi тiршiлiктiң түбiнде

Адалдықтың барын анық бiлемiн.

Жер бетiнен iздеп жүрмiн ес-түссiз,

Қайдасың-ей, ақиқаттың семсерi?

Қалам, далам, сол ақиқат келгенше,

Қаламыммен сүйей тұрам мен сенi,

Қаламыммен сүйей тұрам мен сенi!

* * *

Ерғали БАҚАШ

МАХАМБЕТТЕР ТУА МА ЕНДI ҚАЗАҚТАН

Көк бөрiнiң көз жасына көмiлiп,

Рухым мен намысыма шомылып.

Жалғыз өзiм маңып бара жатамын,

Нөсер жырым ағыл-тегiл төгiлiп.

Ештеңеден көргемiн жоқ сескенiп,

Ақ жұлдыздар ағып жатыр кеш келiп.

Төбет болып тiстеп алғым келедi,

Ұзын құлақ есек көрсем кектенiп.

Намысымның тiк көтерiп жалауын,

Шабытымның шарықтаттым алауын.

Ақын жүрек бұйрығыңа көнбейдi,

Iстейдi тек өз жанының қалауын.

Өзегiме мұң кептелдi азаптан,

Түсiн менi, түсiнбесең ғажаптан.

Ұлысының көтеретiн намысын,

Махамбеттер туа ма ендi қазақтан?

Әттең, дүние бар қызығың шектеулi,

Кiм шығарды адамды адам тектеудi.

Ел алдында көсемсiнiп сөйлеймiз,

Қарғып мiнбей ереуiл атқа ерттеулi.

СЕРТ

Жүгiрiп келем көрiнбей бiреу қуады,

Түскен жоқ бiзге арайлы күннiң шуағы.

Азған ба рас тектi шалдардың ұрпағы,

Батырдан неге құл болар ұлдар туады?

Азып барамын жасырып қайтем дертiмдi,

Ұмытып кеттiм Алашқа берген сертiмдi.

Кесiлген басы түсiме кiрiп хан Кене,

Жиғызды қайта жат билеп кеткен еркiмдi.

Алдымда жатыр айдаһар менен арыстан,

Арыстан көрсе бөрiнiң жағы қарысқан.

Алматы үнсiз мұңайып жатыр, дүние-ай,

Бiр суық хабар естiлетiндей алыстан.

Көкжиек көптен бұлыңғыр тартты қаралы,

Естi пенделер жүрегi содан жаралы.

Өкпемдi қысып, тынысым кеттi тарылып,

Айдаһарлардың ашылды ма екен араны?..

Айтатын бiреу шыға ма ашық кесiмдi,

Сенделiп жүрмiн жия алмай әлi есiмдi.

Кесiлген басы түсiме кiрiп хан Кене,

Жиғызды қайта жат билеп кеткен еркiмдi.

ЕРКIНДIК ЖЫРЫ

Айылы босап керiнiң,

Бауырында кеткенi-ай, ерiнiң.

Өмiлдiрiк, құйысқан, пыстанның,

Пайдасы тимедi бiрiнiң.

Отырмын аһ ұрып өкiнiп,

Iздеуге керiмдi бекiнiп.

Досым боп қасымда жүргендер,

Күйiндi жаны ашып өтiрiк…

Қайт берi, керiтөбел, жынданба,

Көресiң әлi де азапты.

Сен түгiл салған ғой зынданға,

Жайына жүрсе де қазақты.

Несiне мөңкисiң, тулайсың,

Кекiлiң көзiңдi жапқан ба?

Бiлемiн сен екi тумайсың,

Не табам жалғызды сатқанда…

Шашаңа шаң жұқпас жануар,

Кеттiң бе, азат боп еркiңе.

Маған да күн туар сәруар,

Кететiн еркiме…

* * *

Қалқаман САРИН

ДАЛА

Кермиық далам, келем көсiлiп,

Аяғым асты көк шалғын.

Төсiңнен тектi өлең көшiрiп,

Батыр бабамды еске алдым.

Көгiмде менiң қалықтап ұшқан,

Кереге қанат – қыран құс.

Шетiнен – Шешен, Алып, Данышпан,

Бабаларыма мың алғыс!

Бозарып атқан бозала таңнан,

Бозторғай үнiн естимiн.

Ұлдары – ұлт боп ҚАЗАҚ атанған,

Еңiсте тұрған ескi үйдiң.

Керiлген керiм кербез даламда,

Көлiм де – есен, тау – аман.

Жусанын желпiп жел қозғағанда,

Жұпар аңқиды ауадан.

Домбыра далам, тоғыз пернелiм!

Шанағы шерлi мұң сiңген.

Қоңыр төбелi қобыз кеуделiм,

Момын молалар күрсiнген…

Далиған мынау далада жүрмiз,

Дара нұр төгiп қыр таңы.

Соры бес елi Бабалардың – Бiз

Бағы батпандай ұрпағы!

ЗАҢ – ДӘСТҮР

Ата заңымның анасы болған дәстүрiм,

Ата салтында – ғажайып ғұрып, жақсы ырым.

Ата бабамның ақ отау, алтын бесiгi –

Атамекенiм! Алладан соңғы басты ұғым!

Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,

Шаңырақ қалды. Шежiре сырдан шал қашып.

Шала бiлетiн ұлтымның ұлық тарихын,

Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.

Қасиет қалмай, береке болмай iсiмде,

Қас дұшпан келiп қасықтап қанымды iшуде.

Қасым хандардың қасқа жолынан адасып,

Қасқырдай болып ұлиды-ау, үрей iшiмде.

Есiмнен қалған елдi адастырмас ескi жол,

Есiмдегi әлгi ән, "Елiм-ай" емiс естiлер.

Есiктен қарап қалмасын қайран қазағым,

Есiлге қонған есiл ерлерiм, естi бол!

Тәуелсiздiктiң жолында кеше мың өлдiк,

Тәубасын айтып Тәңiрге бүгiн жүрер жұрт.

Тәуекел етiп, жетi жұртымның қамын жеп,

Тәукедей, сiрә, жасайтын кiм бар бiр ерлiк?!

Залалы тимей заманды мынау кiм күштер?

Заңғар таулардай бола алар ма екен "бiлгiштер"

Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,

Заң бұзғандардың бәрi де, ендеше, қылмыскер.

* * *

Бақытжан АЛДИЯР

АҚЫН IНIМЕН ӘҢГIМЕ

Ей, көңiлi көктем тұнған жас iнiм!

Бүгiн сенiң алшы боп тұр асығың.

Мына ғасыр – сенiң ғана ғасырың,

Ана сұлу – сенiң ғана ғашығың.

Қазiр сенi айналып жүр бiр бақыт,

Сол бақытты алма бiрақ ұрлатып,

Тағдырың бар сынап жатқан жасырын.

Ей, қияғы қайрылмаған қыран ұл!

Сен таңдаған мына бiр жол – тым ауыр.

Бұйра басым шерленген жер – бұл ауыл,

Жиырма жасым жерленген жер – бұл ауыл.

Сол ауылдың кезiп жүрiп сортаңын,

Сорқұдыққа тап болар деп қорқамын –

Сорқұдықтың суын iшкен күнә-дүр.

Айналайын перiштем!

Аяймын ғой, аяп тұрмын сенi iштен.

Бұл ауылда жеңiлiс көп, жеңiс кем,

Бiздер татқан татпашы улы жемiстен.

Бұл ауылда күнә батар кезең көп,

Бұл ауылда сыра жатар өзен боп,

Сол күнәнi сыра қосып мен iшкем.

Ал, мейлi, iштiм, кәне соның пайдасы?

Бұл ауылдың көп сұмдығы, айласы.

Мына бiр көл – Жұмекеннiң көз жасы,

Су перiсi – Жұматайдың Ләйласы.

Көл жағалай өскен мына жекен-мұң,

Қаламынан тамған Тоқаш көкемнiң.

Ақ шағала – Мұқаңдардың Музасы,

Ана бiр бұлт – сағынышы Төкемнiң.

Ақандардың ағып өткен жасы боп,

Құлагер жүр тұяғынан шашып от.

Ано-о-оу тұрған – Есенғали ағамның

Құба жалды құнаны ғой басы жоқ.

Бұл ауылдың өзгермейдi iреңi,

Ақындық пен өнер елi, жыр елi.

Және де оның тұрғындары үнемi

Бiрдеңенi жуады да жүредi.

Бұл ауылдың жоқ ешкiмге тарлығы,

Жүрмейдi онда хан, қараның жарлығы.

Және де оның "Қаламгердей" бары жоқ,

Барыменен базар қылар барлығы.

Өз жолыма үрке қарап тұрам да,

Өзiң сынды жөн сiлтеймiн ұланға.

Аттың басын бұрдың ба ақыр, iнiм-ай,

Ай, iнiм-ай, қоймадың ғой… Жүр онда!

1992 ЖЫЛ. КӨКЕМНIҢ КҮРСIНIСI.

"Тебiрлерге қалғанда

Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз…"

(Шалкиiз)

Бұлың, бұлың, бұлыңғыр,

Бұлтты күннiң құнын бiл.

Бұлыңғырдың iшiнде

Өттi талай күнiм құр.

Адырлардан жел естi,

Айдарлылар теңестi.

Көк үйдегi көп естi,

Күбiр-күбiр кеңестi.

Кеңестi де егестi,

Егес тегiн еместi.

Желтоқсанның желi естi,

Күнiм болды көмескi.

Көзге iлместен белестi,

Пана тұттық елестi.

… Жаңа Ай туды аспанда,

Соның өзi көп ескi.

Жел соқты да екпiндi,

Телпек қылды тектiмдi.

Темiр тордан телмiрiп,

Тектiлерiм тек тұрды.

Шерiк-шерiк шеп құрды,

Шерге әкелiп бөктiрдi.

Тұлпарымды тұғыр деп,

Тарантасқа жектiрдi.

Көп көзiне кек тұнды…

Күн ашылды, көк күлдi…

… Он бес басты аждаһа

Бiрiн-бiрi жеп тынды.

Тiлек қабыл болғасын,

Түгендедi ел қол-басын.

Күлiн көкке ұшырды

Жылан Бапы ордасын.

Еттi де еппен күйдi оңды,

Жар басына үй қонды.

Бостандығын алғандар

Бас-басына би болды.

Тауысып ек тағатты,

Жеңiс жерге қаратты.

Ұмытыппыз, о, ғажап,

Тауып жеудi тамақты.

Аңыз деушi ек кәнiгi,

Бар екен ғой Тәңiрi.

Ендiгiңдi шешедi

Сол кiсiнiң әмiрi.

Бұлың, бұлың, бұлыңғыр,

Өттi-ау талай күнiм құр.

Бұлыңғырдың iшiнде

Адасып жүр құлын-жыр.

Бұлың, бұлың, бұлыңғыр…

* * *

Серiк СЕЙIТМАН

ТҰЛПАРМЫН

Менiң дiлiм төркiндеген Оғызға,

Менiң мұңым тiл бiтiрген қобызға.

Ұқсаймын,

Ұқсағым да келмейдi,

Өз баласын өзi жейтiн доңызға.

Әр құлынның тағдырына қайғырдым,

Әр құлынды қорғап жүрiп, тай қылдым.

Үйiрi үшiн басын тiккен ажалға,

Асылтұқым ажынаған айғырмын.

Бестiмiн мен, туғаннан бес түлеген,

Қалың ойдың құшағында түнегем.

Құлағымды жымқырам да

Күйлеген,

Құнажынды аулақ қуып жiберем.

Құнажынды қуғандығым – бақ маған,

Құлагердiң мұрагерi боп қалам.

Тектi айғырдың ұрпағымын себебi,

Бел баласы-байталына шаппаған.

Алай-дүлей күн туғызса ұлы таң,

Қанаттанып, бар дүниенi ұмытам.

Басқа айғырды айдап жүрiп аулаққа,

Баптаусыз-ақ өзiмдi-өзiм суытам.

Күндiз Күнiм,

Түнде медет Ай маған,

Қарбаластың қазанында қайнағам.

Ешқашан да,

Ешкiмнен де қашқам жоқ,

Қуғанымды жетiп алып шайнағам.

Жетiп алып, жетi жауды жеңгенмiн,

Бақытымды үйiрiммен тең бөлдiм.

Танымайтын құрық дейтiн ұғымды,

Тұлпар тектi Қазақ деген елденмiн.

Гүлдей жайнап құлпырғанда алашым,

Айдай әлем аңтарыла қарасын.

Тұяғымның дүбiрiмен оятам,

Үйiрiмнiң ұйқыдағы санасын.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ

Түсiнбей қалмаңыз қалай деп,

Балдырған сәтiм ол – таза-шық,

Тұмсығым қанады талай рет,

Қазақтың қызына таласып…

Қасында қазақтың мұңының

Бiр тиын үлде мен бүлдеңiз.

Ұлтымның қансүйер ұлымын,

Қанiшер деп ойлап жүрмеңiз.

Қазақ деп қақсамай тiзеңiз,

Алаш деп ақпаса қаныңыз,

Қара қыз,

Тез менен күдер үз,

Жаныммен үйлеспес жаныңыз.

Кеудеңдi "ұлтым!" деп кернеген,

Намысың болмаса қаныңда,

Есiмiң құрысын Ер деген,

Жiгiтiм, батыр боп танылма.

Ертеңге елеңмiн, алаңмын,

Бозарып барады самай-дүр.

Өз қанын сүймейтiн адамның

Жүрегi тоқтамай қалай жүр?!.

Егемен елмiз деп қуанған

Бабалар шаттанып көрiнде.

Атажау қанына суарған

Атамның қылышы – төрiмде.

Тiленiп бақытсыз ұрысты,

Қанымды болса кiм жылатқан,

Төрдегi қайқыбел қылышты,

Қайтадан суырып қынаптан!

Малым бар – жаныма садаға!

Жаным бар – арыма садаға!

Арым бар – қаныма садаға!

Қаным бар – қаныма садаға!

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары