ДЕЛДАЛ КОМПАНИЯ ШЕТКЕ ЫСЫРЫЛДЫ

ДЕЛДАЛ КОМПАНИЯ ШЕТКЕ ЫСЫРЫЛДЫ

ДЕЛДАЛ КОМПАНИЯ ШЕТКЕ ЫСЫРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
258

Электр қуатын ресейлiктерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр боп отырған Қазақстанның батыс облыстары 2011 жылдан бастап құны арзан жарықпен қамтамасыз етiлмек.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Дүйсенбай Тұрғановтың мәлiмдеуiнше, Кедендiк Одақ шеңберiнде Қазақстанның батысында орналасқан облыстарға солтүстiк аймақтағы облыстардан электр энергиясын тасымалдау туралы келiсiмге қол қойылды. "Электр энергетикасы саласындағы баға қалыптастыру және тариф саясаты негiздерiн қоса алғандағы табиғи монополиялар қызметiне қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету туралы" Келiсiм" деп аталатын бұл құжат Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасында алғаш рет қабылданды. Онда КО-ға мүше елдердегi электр қуаты нарығына және электр желiлерiне қосылудың басты қағидалары көрсетiлген. Тұрғановтың пiкiрiнше, бұл елiмiздiң электр қуатына зәру аймағына, әсiресе, батыс бөлiктегi 3 облысын солтүстiктегi ресейлiк энергетикалық желiлерден қуат алатын солтүстiктегi стансалардың электр желiсiне қосу мүмкiндiгi туды. Бүгiнгi таңда батыс аймақтағы облыстар электр жарығын ресейлiк баға бойынша, яғни, қымбатқа Ресейден импорттауға мәжбүр едi. Жуырда Ресей Қазақстанды батысқа импорттайтын газ бағасын 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 пайызға (13,2 теңге) дейiн өсiретiнiн ескерткен.

"Келiсiм талаптарына сәйкес, әр мемлекет бiрiншi кезекте өзiнiң iшкi нарықтағы сұранысын қанағаттандырады" деп мәлiмдеген Тұрғанов батыстықтарды жарықпен қамтамасыз ететiн ресейлiк тараптың тасымал ақысын онша қымбат сұрамайтынын көлденең тартты.

КО құрамындағы үш ел бiрауыздан құптаған бұл құжат Қазақстанның Беларусь пен Ресей нарығына электр қуатын делдалдардың қатысуынсыз тасымалдауына жағдай жасайды. "Ең алдымен, ортадағы делдал компания — "ЕЭС" РАҚ шетке ысырылатындықтан, кiрiс көзi көбейедi" деген вице-министр 2015 жылға қарай Қазақстанның экспорттық қауқары 2,9 миллиард киловатт-сағатқа дейiн өсетiнiн жеткiздi. Осынша көлемдегi электр қуатының экспорты 7 млрд. теңгеге жуық пайда келтiретiндiктен, экономикалық тұрғыда елiмiзге өте тиiмдi. Аталған жарық Ресейге де, Беларусьқа да қалаған бағаға, қалаған уақытта сатылады.

Кедендiк Одақ шеңберiндегi Келiсiм 2011 жылдың алғашқы күнiнен бастап күшiне енбек. Үкiметаралық шаралар аяқталғанан кейiн Қазақстан мен Ресейдегi электр қуатын өндiрушi және оны тасымалдаушы мекемелермен келiсiмдерге қол қойылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары