БАТЫР БАУЫРЖАН РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН КЕШ

БАТЫР БАУЫРЖАН РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН КЕШ

БАТЫР БАУЫРЖАН РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН КЕШ
ашық дереккөзі
202

Қазақ халқының қаһарман батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы бiлiм ошақтарында да жалғасын тауып келедi. Өскелең ұрпаққа өнегелi тәрбие мен патриоттық рух беретiн Бауыржан Момышұлының мұрасы сарқылмас қазына. Ендеше, Отан үшiн от кешiп, намысты қолдан бермеген Бауыржандай батырға кейiнгi жастардың баулып өсуi заңдылық емес пе?!

Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты жалпы бiлiм беретiн №133 мектепте Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған әсерлi де мағыналы кеш болып өттi. Бiлiм ұясы айтулы мерекенi атап өтуге көптен берi дайындалып келген. Бұған дейiн де әр сынып оқушылары тәрбие сағаттарында Бауыржан батырдың өлеңдерi мен қанатты сөздерiн жадында жаттап келсе, олар бұл өнерлерiн мектептiң үлкен сахнасында ортаға салды. Мәселен, 2 "Д" сынып оқушылары былтыр "Аты аңызға айналған батыр" атты тәрбиелiк мәнi зор шара өткiзiп, Баукеңнiң ұстазы генерал Панфилов пен аяулы батыр қыздарымыз – Әлия мен Мәншүктiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, ержүрек ұл-қыздарымыз жайлы өлеңдер мен өсиеттi сөздердi тебiрене оқыған едi. Сол кезде кiшкентай ғана балғындардың батыр ағалары мен апаларының жансыз сұлбасына қарап тұрып, өзара тiлдескенiн байқау қиынға соқпады. Мiне, бүгiн олардың Бауыржандай атасының мерейтойына тағы бiр тың жаңалықтармен дайындалғаны көрiнiп тұр.

№133 жалпы бiлiм беретiн мектептiң оқушылары Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған тәрбиелiк кеште даңқты батырды сан қырынан көрсете бiлдi. Батырдың өмiр жолы бойынша қойылған сахналық көрiнiстер де жиналған көпшiлiктi селт еткiзбей қоймады. Нақыл сөздерi мен өлеңдерi, шығармаларынан үзiндi оқыған оқушылардың өне бойында батырға тән патриоттық рухтың бары көрiндi. 2 "Д" сыныптың бiр топ оқушылары әуездi музыкамен көркемделген "Батыр Бауыржан" атты әндi нақышына келтiре орындаса, республикалық "Айгөлек" балалар мен жасөсiпiрмдер байқауында жүлделi орыннан көрiнiп жүрген "Жас өркен" бишiлер тобы мың бұралып биледi. Ендiгi бiрi Бауыржан Момышұлының рухына арналған әсерлi кештi уытты өлеңдермен өрнектедi.

№133 жалпы бiлiм беретiн мектеп директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасары, 2 "Д" сынып жетекшiсi Эльмира Бердiбайқызы: "Оқушыларыма үнемi Бауыржан батырдың балалық шағын әңгiмелеп, "Ұшқан ұя" кiтабынан шағын үзiндiлер оқып беремiн. Батырдың шығармашылығына арналған сынып сағатын өткiзiп тұрамыз. Мұндағы мақсат – оқушыларға батыр атамыздың өмiр жолынан мағлұматтар берiп, ерлiгi мен өсиет сөздерiн насихаттау, балаларды патриоттық рухқа тәрбиелеу. Бүгiн мектеп ұжымы осы үдеден шықты деп ойлаймын" деп оқушыларының өнерiне ризашылығын бiлдiрдi.

Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған тәрбиелiк кештi Әуезов ауданы әкiмдiгiнен арнайы өкiлдер мен ауданның мектеп директорлары келiп, тамашалады. Кеш қонақтары алған әсерлерiмен бөлiсiп, талантты жастарға келешекте Бауыржан аталарындай рухты, өрлi, намысты болып өсiңдер деген тiлектерiн бiлдiрдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары