ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАР ЖӘНЕ “ҚАРА ТIЗIМ”

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАР ЖӘНЕ “ҚАРА ТIЗIМ”

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАР ЖӘНЕ “ҚАРА ТIЗIМ”
ашық дереккөзі
465

Бұған дейiн газетiмiзде Еуроодақтың әуе кеңiстiгiн пайдалануға тыйым салынған әуетасымалдаушы компаниялар туралы жазылған едi. Бұл тiзiмге iлiккен ұшақтардың саны көбеймесе, бүгiнде азайған жоқ. Десе де сейсенбiде өткен Үкiмет сағатында Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов Еурокомиссияның Ұшулар қауiпсiздiгi комитетi елiмiздiң бiрнеше әуе компаниясын "қара тiзiмнен" алғанын мәлiмдедi.

Еуропа аспаны белгiлi талаптарға сай келмейтiн, яғни ұшу қауiпсiздiгi мен техникалық жабдықталуы ескiрген ұшақтарға тарс жабық. Әрине, "сақтықта қорлық жоқ" десек те, ерте қамданған Еуроодақ көгiнен елiмiздiң 208 ұшағы техникалық ақауларға байланысты ұшып өтуге рұқсаты жоқ, тiптi Қазақстанда да ұшуға тыйым салынды. Олар тiптi қоршаған ортаны ластамас үшiн тасжолдағы ескi автокөлiктерге де баяғыда-ақ шектеу қойған.

Алайда, министрлiктiң Еуроодақ Ұшу қауiпсiздiгi комитетiне қараша айында берген баяндамасына орай Еуроодақтың 27 мемлекетi елiмiздiң 9 әуекомпаниясына есiк ашты. Атап айтсақ, "Аэропакт-KZ", "Беркут-ЗК", IJT Aviation, "Навигатор", "Феникс", "АПЛК", "Салем", "Sky Service" және "Тянь-Шань" компаниялары. Министрдiң айтуынша, техникалық жарақтандырылмаған және қауiпсiздiк шаралары қаралмаған ұшақтарды жою үшiн жаңа әуекомпаниялардың құрылуын шектеп отырған көрiнедi. Сол себептi елiмiзде бұрыннан бар 69 тасымалдаушыны 53-ке дейiн қысқартқан. Әрине, аталмыш компанияларда әлi де ескi ұшақтар баршылық. Олар Еуроодақ көгiнде ғана емес, Қазақстан аспанында да қауiптi екенiн ескерсек керек. Еуропа ғана емес, өзiмiздiң елде де мұндай ұшақтарды шектеудi қолға алған дұрыс. Осы мақсатта "Азаматтық авиация туралы" жаңа заң бойынша "Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық" мемлекеттiк кәсiпорны ашылып отыр.

Бiздiңше, Еурокомиссияның Қазақстан әуе компанияларының бiрқатарын "қара тiзiмнен" шығаруының бiр сыры мынада жатыр. Бұдан былай елде шағын тiкұшақтар құрастырылмақшы. "Жарияға жар салған" тiкұшақтардың өмiрге келуi нақтыланып, осыған дейiн мемлекеттiк жоспарда болған техниканың қай маркалары құрастырылатыны белгiлi болды. Бұл туралы мәлiмдеген Әбiлғазы Құсайынов:

– Астанада "Азияконсалтинг" компаниясы "МД-500" жеңiл тiкұшақтарын құрастыру өндiрiсiн ұйымдастыруды жоспарлауда. Бұл үшiн компания жалпы көлемi 7,5 миллиард теңгенi құрайтын инвестиция құймақ. Жобаны 2012 жылға дейiн iске асыру көзделуде, – деп атап өттi.

Қарағанды облысында қазақстан-ресейлiк "КазАвиаСпектр" компаниясы ауылшаруашылық жұмыстарына арналған "Фермер" ұшақтарын жасайтындығы туралы мәлiмдеген едi. Мiне, осы жобаның басталауы да алыс емес. Жалпы құны – 9,5 миллиард теңгенi құрайтын жоба 2010-2016 жылдар еншiсiне тиесiлi. Көлiк және коммуникация министрiнiң айтуынша, бұған дейiн мәлiм болған Eurocopter жеңiл ұшақтарына техникалық қызмет көрсететiн Skytech орталығының ашылғандығын жеткiздi. Ол Алматы облысында iске асырылған болатын. Осы жобаға 2,1 миллион еуро инвестиция тартылса керек.

Сондай-ақ, бұл жиында Көлiк және коммникация министрi "ең басты инфрақұрылымдық жоба" – "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлiзiнiң 2011 жылға арналған 1 мың шақырым жолдың құрылысы басталғанын айтты.

– Осы жоба аясында биылғы жылы 378 шақырым жол салу көзделген болатын. Алайда, күзгi мезгiлдегi қолайлы ауа райына байланысты жаңа дәлiздiң 417 шақырымына жол жамылғысын төсеу қамтамасыз етiлдi, – дейдi министр.

Депутаттар шағымы:

Қазақстан көгiндегi жағымды жаңалықтар легiмен қатар депутаттар өз өкпелерiн де жасырмады. Осы сағатта Астана халықаралық әуежайының қызметiн сынға алған депутаттар лауазымды кiсiлерге жеткiлiктi көңiл бөлiнбейтiндiгiн айтты. Бұл туралы Валерий Доскалов шағым түсiрсе, әрiптесi Нұрлан Өнербай әуежайда депутаттарға арналған касса ашылғанын қалайды екен. Тiптi, VIP деп алынған билетпен 36 орынға отырғызатынына наразы. Ал, Бекболат Тiлеухан: “Стюардессалардың қазақ тiлiнде мiңгiрлейтiнi жанды күйдiредi” дейдi. Қызмет сапасының осы тұстарына тоқталған депутаттар алдымен әуежай iшiндегi тәртiптi жөнге келтiру керек деп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары