ҚОРҒАСТЫҚТАР БАСПАНАҒА ИЕ БОЛДЫ

ҚОРҒАСТЫҚТАР БАСПАНАҒА ИЕ БОЛДЫ

ҚОРҒАСТЫҚТАР БАСПАНАҒА  ИЕ БОЛДЫ
ашық дереккөзі
260

Алматы облысы кеденшiлерiнiң жұмысымен танысу оңай болмай шықты. Алматыдан тым шалғайда, аспанасты елiмен шекаралас жатқан аймаққа жету де қиын. Таңертең жолға шыққан автобус алматылық бiр топ журналистердi алып, Қорғасқа қарай iлбiп келедi. Желтоқсанның ызғарлы күнi дейтiн емес, қаһарлы қыс оғаш мiнез танытып тұрған жоқ. Аяздың да бетi берi қараған. Бағытымыз – "Қорғас", жол бастаушымыз – кеден бекетiнiң қызметкерлерi. Мақсатымыз – Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiне қарасты "Қорғас" кеден бекетiндегi жұмыспен танысу.

"Қорғас" кеден бекетiне жеткенiмiзде, жаңадан бой көтерген үш қабатты екi үй бiрден көзiмiзге шалынды. Жаңа салынған қос ғимараттағы пәтерлердiң кiлтi кеденшiлерге табыс етiлмек. Тiлшi қауымның кеденге сапар шегуiнiң де негiзгi мақсаты осы. Яғни, кеденшi қауымның "өз үйi, өлең төсегiне" қол жеткiзген қуанышына ортақ болу.

Кеденшiлердiң төл мерекесi қарсаңында қол жеткiзген пәтерлер кеден қызметкерлерiнiң көптен берi аңсаған арманы. Бүгiнге дейiн бiрi – Жаркенттен, ендi бiрi – "Қорғас" маңындағы ауылдардан қатынап жұмыс iстеп жүрген қызметкерлердiң басты арманы болмағанда нетсiн?!

Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментiнiң бастығы Құрманбек Артықбаев мырза бұл жөнiнде былай толғам жасайды. "Қазақстан тәуелсiздiгi күнi мен кеденшiлердiң төл мейрамының қарсаңында 36 пәтерлi екi үйдi қолданысқа берiп отырмыз. Отыздан астам кеден қызметкерлерiнiң жанұялары бүгiн өз пәтерлерiне қол жеткiздi. Бұл бiрiншiден, осы оңтүстiк өңiрде алғаш рет болып отырған жағдай. Бұған дейiн кеденшiлерiмiздiң көбiсi жатақханаларда тұратын, жатақханадан орын таппағандары жақын маңайдағы елдiмекендерден қатынап жұмыс iстеп жүрген. Ендiгi жоспар, осы маңнан осындай тағы үш үй салу. Жер бөлiнiп қойған, Құдай бұйыртса, келесi жылы кеденшiлерiмiз тағы 54 пәтерге қол жеткiзетiн болады", — дейдi Құрманбек Жуасұлы.

Баспанаға қол жеткiзген кеденшiлердiң де қуанышында шек жоқ. Мұнтаздай тап-таза бөлмелердiң iшi кең, әрi жарық. Жаңа стандарттағы үйлердi он үш айдың iшiнде бiтiру жоспарланған екен, мердiгер ұйымның құрылысшылары он бiр айдың iшiнде аяқтап үлгерiптi. Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында кеденшiлерiмiз жаңа пәтерiне қол жеткiзсiн деген ой болған шығар, бәлкiм!

Баспананың кiлтiн табыс ету рәсiмiнен соң, кедендiк бақылау бекетiнiң жұмыстарымен танысып қайттық. "Қорғас" кеден бекетiнiң жұмысын шартты түрде негiзгi екi бағытқа бөлiп қарауға болады. Оның бiрi – жолаушылар мәселесi болса, екiншiсi шекара арқылы тасымалданылатын жүктi бақылау. Бүгiнде "Қорғаста" елiмiзге кiргенде де, шыққанда да өткiзiлетiн электронды пункттер пайдалануға берiлген. Осы электронды пунктте кеден саласына көп жеңiлдiктерiн тигiзiп жатқанға ұқсайды.

Сонымен бiрге, кеденде орнатылған бейнебақылаулардың барлығы дерлiк, тiкелей Астанадан бақыланып отырады екен. Қытайдан берi қарай шыққан үлкен жүк көлiктерi осында арнайы бақылаудан өтедi. Егер жүк көлiктерiнiң арасында радиоактивтiлiгi жоғары дүниелер болса, Қытайға керi қайтарылады екен. Соңғы үш жыл iшiнде, яғни 2007 жылдан бастап, кедендiк органдарда iшкi кедендiк транзит процедурасы бойынша арнайы сейф-пакеттер қолданылатын болған.

Атап айтарлығы, "Қорғастағы" кедендiк бақылаудың техникалық құралдары кедендiк рәсiмдеу iсiнде адами факторларды неғұрлым азайтуға мүмкiндiк берiп отыр. Сондай-ақ бүгiнгi таңда "Қорғас" кеден бекетiнде кедендiк рәсiмдеудiң атқарылмайтынын атап өткен жөн. Тек өзi қозғалатын арнайы техникалық құралдар осы бекетте рәсiмделедi. Бұдан бөлек, жолаушылардың да, жүк көлiктерiнiң де елiмiзге қалай өтiп жатқандығына да куә болдық. Тынымсыз қарбаласта қызмет етiп жатқан кеден қызметкерлерiнiң бiр күнiн осылай тамашалаған журналистер қауымы "Қорғас" бекетiндегi кедендiк бақылаудың техникалық құралдарының қалыпты жұмыс iстеп тұрғанын өз көздерiмен көрiп қайтты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары