БАУЫРЖАН ТҰЛҒАСЫ БОЙ КӨТЕРДI

БАУЫРЖАН ТҰЛҒАСЫ БОЙ КӨТЕРДI

БАУЫРЖАН ТҰЛҒАСЫ БОЙ КӨТЕРДI
ашық дереккөзі
210

Желтоқсанның 10-ы күнi Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында тағы бiр ескерткiш бой көтердi. Бұл жолғы ескерткiш қазақтың батыр ұлы, Алаштың қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына қойылды.

Жаңа ескерткiштiң ашылу салтанатына даңқты жауынгер-жазушының ұрпақтары, замандастары, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi қатысты. Ашылу рәсiмiнде сөз алған Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов: "Бауыржан Момышұлы – өз есiмiн адамзат тарихында қанымен де, жанымен де, қаламымен де жазған ұлы тұлға. Батыр деген атақты оған халықтың өзi бердi. Ал Баукеңдi мемлекеттiк тұрғыда мойындау, ресми түрде тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiнiң қолымен жасалды. Елбасымыздың ұсынысымен бұрыннан лайықты болған Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бүгiнгi ескерткiш те Тәуелсiздiктiң арқасында, Елбасының қолдауымен тұрғызылып отыр. Биыл Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын атап өттiк. Сондықтан, бұл ескерткiш тек Батыр Бауыржанға ғана емес, барша Ұлы Отан соғысының ардагерлерiне көрсетiлген құрмет деп түсiнген жөн. Баукең басшылық жасаған даңқты панфиловшылар дивизиясы Алматыда құрылған. Баукеңнiң ұстазы генерал Панфиловтың ескерткiшi де осы жерде тұр", – дедi. Ұстазымен қатар, өзi басшылық жасаған даңқты панфиловшыларға арналған саябақта Батыр мүсiнiнiң тұрмауы мүмкiн емес. Жансыз ескерткiш, өлi мүсiнде рух жоқ деп айта аламыз ба? Керiсiнше, биiктiгi алты метр, қоладан салынған мүсiн, гранит тұғырдан жасалған батыр ескерткiшi әрдайым ерлiктi, елдiктi насихаттап тұратын болады.

Әке ескерткiшiнiң қасында тұрып Бақытжан Момышұлы:

– Баршамызға ортақ қуаныш ұзағынан болсын! Бүгiнгi құрметтi әкемiздiң ыстық жүрегi сезiнiп тұр деп бiлем. Әкемiздiң жұлдызы келгенде Елбасыдан жеделхат келдi. Сонда "Баукең жұлдызды болған күн – халықытң жұлдызы жанған күн" деген бiрауыз сөзi қанатты сөзге айналып кеткен. Осы жұлдыз ғасырлар бойы жарқырай берсiн", – деген толғанысын жасырмады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары