КӘРIСТЕР КЕҢЕС БЕРДI

КӘРIСТЕР КЕҢЕС БЕРДI

КӘРIСТЕР КЕҢЕС БЕРДI
ашық дереккөзі
193

Орталықазиялық қаржы нарығына қытайлардан бұрын шығуды көздейтiн кәрiстер үшiн Қазақстанның орны бөлек. Арнайы ұйымдастырылған қаржылық симпозиумда кореялық мамандар қазақстандық банктерге қатысты кеңестер бердi.

Әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстан зардап шеккендер қатарындағы Қазақстан ұлттық экономика мен қаржылық құрылымдар менталитетiне тиiмдi ұсыныстар мен тәжiрибелердi жүзеге асыруға мүдделi. Бұл орайда, қаржылық нарықты реттеуде және экономикалық оңтайлы басқаруда жетiстiктерге қол жеткiзген Оңтүстiк Кореядан Қазақстанның үйренерi көп. Осы орайда, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ мен Оңтүстiк Кореядағы "Жiбек жолы" қоры бiрлесiп, Алматыда "Корея мен Қазақстан: қаржылық нарықтағы ортақ мүмкiндiктер мен әлеуеттер" тақырыбына екi мемлекет арасындағы қаржылық-ынтымақтастық симпозиумын ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатында "Жiбек жолы" қорының төрағасы Канг Док Су 2010 жылдың 30 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында Сеулде биыл төртiншi рет ұйымдастырылған Корея мен Орталық Азия мемлекеттерiнiң форумынан кейiн өткiзiлген алғашқы симпозиум Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа оң ықпал етедi деген сенiмiн бiлдiрдi. Аталған шарада екi елдiң қаржылық нарығын дамыту мақсатында 2010 жылы Оңтүстiк Кореяда өткiзiлген G20 саммитiнiң нәтижелерiмен терең танысу, Қазақстандағы қаржылық қиындықтарды жеңудегi басты үлгiлер, Қазақстанда өз iсiн бастаған корпорациялардың инвестицияларына байланысты қаржылық ахуал туралы жаңартылған ақпараттарды көпшiлiк талқысына ұсыну, екiжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан мен халықаралық қауымдастық арасындағы экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерi қаузалды.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын "Жiбек жолы" қорын кәрiстердiң "Голден Бридж" қаржылық тобы Орталық Азия елдерi арасындағы халықтық демократияны дамыту мақсатында, Оңтүстiк Корея сауда және сыртқы iстер министрлiктерiнiң рұқсатымен құрған. Негiзi 1992 жылы Қазақстан мен Оңтүстiк Корея арасында құрылған дипломатиялық қарым-қатынастан кейiн кәрiстердiң қаржылық құрылымдары Қазақстанға келуде белсендiлiк танытуы екiжақты қатынастардың ерекше екпiнмен дамуына сеп болды. Симпозиумда Кореядағы Қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi комиссияның арнаулы өкiлеттi мүшесi Ли Джон Гу Жiбек жолы бойындағы аса маңызды серiктестер саналатын Қазақстан мен Корея келешекте тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысу қажеттiгiн көлденең тартты. Ли Джон Гу мырза өз елiнде өткiзiлген "Үлкен жиырмалықтың" саммитiнде қол жеткiзiлген жетiстiктердi саралай отырып, "өсiп келе жатқан экономикалардың" қаржылық реттеуiн реформалау тәсiлдерi мен қойылған мiндеттердi талқыға салды. Оның пiкiрiнше, Сеулдегi саммитте G20 мүшелерiне ұран болған "Дағдарыссыз жалпы өсу" үндеуi ғаламдық қаржылық салаға тән болуы тиiс.

"Кореяның орталықазиялық қаржы нарығына шығу стратегиясы" тақырыбына баяндама жасаған Кореядағы Халықаралық экономикалық саясат институтының сарапшысы Юн Сеонг Хак Орталық Азиядағы қаржылық нарықтардың жедел қарқынмен дамып келе жатқанын және осы аймақтағы шикiзаттық ресурстар мен өндiрiске иек артатынын айтты. Хактың пiкiрiнше, Орталық Азияға тиесiлi энергетикалық қорларды экспорттаудағы Қазақстанның үлесi 2016 жылға қарай азая түссе, Түркiменстандiкi керiсiнше, бiрнеше есеге артады. Бәсекелестiк тұрғысынан алғанда, орталықазиялық аймақта Корея ұзақмерзiмдiк саяси және қаржылық дамуды қолдайды. Аталған жоспарды жүзеге асырудың екi жолы бар: бiрiншiсi, заңдық тұлға құру арқылы, екiншiсi, аймақтағы белiгiлi бiр компания немесе банктi жұтып қою не сатып алу арқылы. Әлбетте, уақыт үнемдеуде екiншi жол кәрiстер үшiн әлдеқайда тиiмдi екендiгi даусыз. Симпозиумда "Кореяның банк саласындағы 1998 жылғы азиялық қаржы дағдарысынан кейiн орын алған iрi өзгерiстерi" тақырыбына баяндама жасаған Яң Хун Ку мырза кәрiстердiң дағдарыстан шығу үлгiсi банк саласындағы екi кезеңдiк реформалаудан басталғанын айтады. Бiрiншi кезең банктер мен кәсiпорындардың қайта құрылымын қамтамасыз етiп, осының нәтижесiнде қаржылық тұрғыда әлсiз 5 банк таратылған. Ал қалған банктердiң көпшiлiгi басқалармен бiрiгуге мәжбүр болған. Екiншi кезеңдi жүзеге асыру барысында Kookmin и H&CB, Hana и Seoul, Shinhan и Choheung, CB и Hanvit бiр бiрiне қосылды. Осылайша, 1997 жылы жалпы саны 26 болған жекеменшiк банктер, 2009 жылы 13-ке дейiн қысқарыпты. Есесiне, активтердiң орташа көрсеткiшi 4 есеге артқан. Осы реформалардың арқасында былтыр кәрiстердiң 3 банкi әлемдегi ең iрi 100 банктiң тiзiмiне енгiзiлген. 1997 жылы азиялық аймақты түгел жайлаған қаржылық дағдарыс кезiнде жiберген қателiктерiнен сабақ алған кәрiстер, қаржылық жүйенi реттеуде қазақтарға бiрнеше кеңес бердi. Қазақстандағы жекеменшiк банктердiң қаржылық қауқарын сарапқа салған кәрiс мамандар, елiмiздегi 4 банктiң ғана ақшаға қатысты қиындығы жоқтығын айтады. Бүгiнде елiмiзде кәрiстердiң екi банкi – Шинхан банкi және "Центркредит" банкiнiң акция пакетiн сатып алған Кукмин банкi бар. Шинхан банкiнiң Қазақстандағы бөлiмшесiн басқаратын Рох Енг Хунның айтуынша, қазақстандық нарықта кездескен басты қиындықтар ақпараттандыру мен сенiмдi клиентердi табуға қатысты болған. Осы себептi, Шинхан банкi "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ға тиесiлi бағдарламаларға қатыса отырып, арнайы келiсiмдер арқылы жұмыс iстеуге мүдделi. Журналистердiң "Кореяда қазақстандық банктердi ашудың мүмкiндiгi қаншалықты?" деген сауалына "Кореялық нарыққа шығуға қазақ кәсiпкерлерiне жақсы жағдай жасалған" деп жалпылама жауап берген Ро Ен Ху инвестициялар көлемi ұлғайса және екi ел арасындағы ынтымақтастық нығая түссе, мүмкiндiктер көкжиегi кеңейе түсетiнiн жеткiздi. Ал Қазақстанның қаржылық ресурстарды жеделдетудегi басты назары сыртқы инвесторларға негiзделетiнiн көлденең тартқан "Экономикалық зерттеулер институты" директорының орынбасары Ш.Жақыпова ханым сырттан тартылатын қаражатты (сонымен қатар көлеңкелi бизнесте айналымда жүрген ақшаны) жедел әрi кең ауқымда енгiзу тез арада қолға алу керектiгiн ескерттi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары