"САМҒАУ" СЫЙЛЫҒЫ МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI

"САМҒАУ" СЫЙЛЫҒЫ МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI

"САМҒАУ" СЫЙЛЫҒЫ МӘРЕСIНЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
216

"Игiлiктiң ерте-кешi жоқ", – демекшi елiмiзде ұйымдастырылып жатқан игi шаралар аз емес. Қоғамда осындай орны бар жобалардың бiрi – "Алтын жүрек" болса, екiншiсi – "Самғау" премиясы. Желтоқсан айының келуiмен тұңғыш "Самғау" премиясының марапаттау кешi де басталды.

Бұл кеште үмiткерлер алты номинация бойынша марапатталды. Жоба денсаулығы бойынша мүмкiндiгi шектеулi жандардың шығармашылық өмiрдегi iзденiстерiн бағалауға бағытталған. Тағдыр оларды аяқ– қол, есту-сөйлеу қабiлеттерiнен айырса да, дарыны мен шынайы өнерлерiнен алыстатқан жоқ. Олардың өмiрге деген сүйiспеншiлiк махаббаты керемет туындыларды өмiрге әкелдi. Мәдениет саласындағы көркемсурет байқауында ең үздiк суретшi атанған Жүргенов атындағы өнер академиясының IV курс студентi – Анар Абжанова өзiнiң есту қабiлетiнiң нашарлығына қарамастан, өз өнерiн танытып үлгерген жан. Оның бейнелi еңбектерi бүгiнде Қазақстан, Түркия, Франция, Италия, Швейцария, АҚШ-тың жекеменшiк коллекцияларында қойылған. Ал әдебиет саласы бойынша 30 әннiң авторы, сазгер Байболат Әубәкiров марапатталды. Мүгедек әйелдерге арнап бiрнеше жобалар дайындаған қоғам қайраткерi – Руслан Төлегенов бағалы еңбектерi үшiн марапатталды. "Қабiлет жас талғамайды", – демекшi, "Самғау" жобасы "еңбектеген баладан, еңкейген қартқа" дейiнгiлердiң басын қосып, өнерiн бiр ортаға бiрiктiрдi. 3-16 жас аралығындағы балалар номинациясы бойынша, осы күнге дейiн ел ықыласына бөленiп, көрермен көзайымына айналған "Сәт" триосы бiрiншiлiктi иелендi. Марапат иелерiн құттықтау үшiн эстрада жұлдыздары – Ескендiр Хасанғалиев, Нұрғали Нүсiпжанов, Майра Iлиясова, Меруерт Түсiпбаева, Лана, Әлiшер Кәрiмов, "Ринго" тобы сахна төрiнен табылып, ән – шашуын ортаға салды. Бiздiң бүгiнгi қоғам әрқилы жандардан құралған. Бiрi – физикалық мүмкiндiгi шектеулi, бiрақ ақыл мен талантқа бай келсе, екiншiсi – қабiлет – қарымы төмен, бiрақ сырт болмысы бүтiн болып келедi. Осының бәрiн ескере отырып, ұйымдастырылған әр жобаның орны бөлек. "Самғау" жобасы "Бауыржан" мен "Мейiрiм" қайырымдылық қорларының қолдауымен және "КазРосГаз" компаниясының демеушiлiк етуiмен құрылған болатын. Өнерлiлердiң талабын шыңдап, ел мәдениетiне жол салуға зор мүмкiндiк тудырған маңызды жоба десек артық айтқандық емес. "Әркiмнiң өзi шығар биiгi бар", – деп қазекем тағдыр жазуындағы адам баласының өзiндiк орны мен несiбесiн айтса керек, сiрә…
Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, ҚазҰУ II курс студентi

Серіктес жаңалықтары