ЕЛДЕН ЖЫРАҚ ЖҮРСЕ ДЕ...

ЕЛДЕН ЖЫРАҚ ЖҮРСЕ ДЕ...

ЕЛДЕН ЖЫРАҚ ЖҮРСЕ ДЕ...
ашық дереккөзі
193

Студенттерiмiз Малайзияда қазақ газетiн шығаруда

Бүгiнгi таңда Малайзия мемлекетi Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағындағы экономикасы, мәдениетi, бiлiм беру саласы, туризмi, ақпараттық және инновациялық технологиясы өркениет үрдiсiне сай жақсы дамыған, электрондық үкiмет бағдарламасы толық мүмкiндiгiнде жұмыс iстеп жатқан қуатты елдердiң қатарына жатады. Сондықтан да бiздiң елiмiздiң сыртқы саяси және басқа да маңызды үйлестiру жүйесiнде Малайзия өзiндiк орны бар мемлекет болып табылады. Осы орайда қазiргi уақытта бiздiң елiмiз бен Малайзия мемлекетiнiң арасында саяси, мәдени-экономикалық байланыстардың бет алысы күннен-күнге жақсы үрдiспен дамып келедi. Аталмыш елдiң жоғарғы оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердiң саны қазiр мыңнан асып жығылғанын мақтанышпен айта аламыз.

Жуырда сол елде бiлiм алып жатқан елiмiздiң жастары Қазақстан студенттерiнiң Малайзиядағы қауымдастығын құрды. Қауымдастықтың президентi болып ХЕЛП университетiнiң бизнестi басқару магистрi Абзал Оспанов сайланды. Қауымдастықты құрудағы негiзгi мақсат – студенттер арасында ауызбiршiлiк пен ынтымақтастықты қалыптастыру арқылы оларды екi ел арасындағы болып жатқан барлық қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатыстыру, жағдайы қиын студенттерге көмек көрсету, халқымыздың мәдениетi мен салт-дәстүрiн әлемге таныту, отансүйгiштiк қасиетiн қалыптастыру, екi елдiң арасындағы өзара байланысқа дәнекер болу. Толығымен айтқанда, аталмыш қауымдастықтың атқаратын жұмысы жиырма бiр құрылымнан тұрады. Қауымдастық құрылған аз ғана уақыттың iшiнде бiрнеше қоғамдық-саяси маңызы бар шараларды ұйымдастырып үлгердi. Атап айтсақ, студенттердiң ауызбiрлiгiнiң арқасында Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшiлiгiнiң қолдауымен Конституциямыздың он бес жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып, концерттiк бағдарламамен қоса, Рамазан айында 400-ге жуық адамға ауызашар берiлдi. Сонымен бiрге, "Sports Planet Subang Grang" спорт кешенiнде Малайзияның жоғарғы оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер футболдан он үш команда құрып, өзара жарыс өткiздi. Жарыста жеңiмпаз болған командаға жаңадан ғана шаңырақ көтерген қауымдастықтың атынан кубок және үш жүз АҚШ доллары көлемiнде сыйақы берiлдi. Ал қараша айында қауымдастықтың мұрындық болуымен қазақ-ағылшын тiлiнде он алты бет болып "MyKaz" газетi жарық көрдi. Редакторы – ХЕЛП университетiнiң бизнестi басқару магистрi Тiлек Темiрбеков. Газеттiң аты ағылшын тiлiнен аударғанда "Малайзия Қазақстан" немесе "Менiң Қазақстаным" деген екi түрлi мағынаны бiлдiредi. Малайзия мемлекетiнiң жоғарғы оқу орындарымен және ондағы қазақ студенттерiнiң қауымдастығымен тiкелей байланысты. Сонымен қатар серiктестiк қызметкерлерi бояуы кеппеген жаңа газеттiң Қазақстанда таралуына да ат салысады. Тағы бiр айта кететiн жайт, бұл газеттiң алдына қойған коммерциялық мақсаты жоқ.

Газет түрлi-түстi бояумен, сапалы қағазбен бүгiнгi күн талабына сай безендiрiлiп, кәсiптiк деңгейде шығып отыр. Газеттiң негiзгi авторлары сол елдiң әртүрлi оқу орындарында бiлiмiн жетiлдiрiп жатқан өз жерлестерiмiз. Аталмыш газет Қазақстан Республикасының Малайзиядағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Бейбiт Атамқұловтың және Малайзияның басқа да жоғары оқу орындары басшылары тарапынан жоғары баға алды. Осылайша, аталмыш газетпен тығыз байланыста жұмыс iстеуге ниет бiлдiрген жоғары оқу орындарының саны да, жарнама беруге ықылас танытқан азаматтардың қарасы да көбейiп келедi. Сондай-ақ, газетте жарияланған мақалаларда егемендi ел ретiндегi ұлттық бет-бейнемiздi және елiмiздiң жетiстiгiн танытуға басты назар аударылады. Бұл газеттi әлемнiң әр түпкiрiнен келiп оқитын басқа елдердiң студенттерiнiң де оқуына мүмкiндiгi бар. Бүгiнде аталмыш газет арқылы бүкiл әлем жастары қонақжай ұлттың және егемендi елiмiздiң жарқын келбетiн жете тани түстi, Қазақстанға деген қызығушылықтары да арта бастады десе де болады. Желтоқсан айында газеттiң үшiншi нөмiрi он мың данамен жарық көрмек. Ол Малайзияның барлық жоғары оқу орындарында және өз елiмiзде таратылатын болады.

Меруерт НҰРАХМЕТ, Малайзиядағы "Limkokwing" университетi магистратурасының түлегi, "KMB Group" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң директоры

Серіктес жаңалықтары