ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАДА ҚАҚҚАНША...

ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАДА ҚАҚҚАНША...

ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАДА ҚАҚҚАНША...
ашық дереккөзі
175

Бұрынғы өндiрiс орындарын пайдалану тиiмдi

Индустрияландыру бағдарламасы бойынша жыл басында iске қосылған өндiрiс орындарының саны бiртiндеп артып келедi. Осы орайда 21 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылатын жаңа индустриялық жобалардың жоспары онлайн режимде өткен селекторлық кеңесте пысықталды.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов дайындық жұмыстарының жай-жапсарын селекторлық кеңесте жан-жақты талқылады. Ағымдағы жылдың екiншi жартыжылдығына жоспарланған жалпы құны 400 миллиард теңгенi құрайтын 80 инвестициялық жоба iске қосылады. Ал биылғы жылы пайдалануға берiлетiн 150-ден астам инвестициялық жобаларға құйылған қаражаттың жалпы құны 805 миллиард теңгенi құрап отыр.

Онлайн режимде ұйымдастырылған кеңесте аймақ басшылары да өз пiкiрiн бiлдiрдi. Осы орайда, талайдың көкейiнде жүрген ұтымды ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаев жеткiздi. Инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үшiн тақыр жерге тас қалағанша, кеңес үкiметi кезiнде қалыптасқан технопарктер мен ғылыми ұйымдардың орнын пайдалансақ, уақыт жағынан да, қаражат құю мәселесi мен бұрынғы кадрларды iске жұмылдыру жағынан да ұтарымыз мол дейдi. Тiптi, әкiмнiң айтуынша, осындай мақсатта "Алтай" технопаркiн жаңа бағдарламаға сай өңдесе жөн болар едi. Ал Өскеменде орналасқан "Металлургиялық орталықты" да жобаға енгiзу жергiлiктi халық пен басшылық үшiн де тиiмдi. Расында, қаңырап бос қалған өндiрiс орындары республика аймақтарында шаш-етектен. Өндiрiс тоқтаған 90-жылдардың тоқырауы iрi өнеркәсiптердi iстен шығарды. Соларды тиiмдi пайдаланудың сәтi ендi түсiп тұрса керек.

Ағымдағы жылы iске қосылатын жобалар негiзiнде 24 мың адам жұмыспен қамтылмақшы. Бұдан кейiн әрбiр өңiр бойынша жұмыстардың орындалу ретiне көңiл бөлген Үкiмет басы мұнай мен газ саласын да тексердi. Осы орайда Мұнай және газ вице-министрi Ләззат Қиынов Атырауда газ-химия кешенi құрылысы жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ "Бейнеу-Бозой" газ құбырын тарту жұмыстары 21 желтоқсанға белгiленiп отырғанын мәлiмдедi.

Жалпы, 21 желтоқсанда тұсаукесерi болатын инвестициялық жобаларды үйлестiру жұмысы Премьер-министрдiң орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешовке тапсырылды. Мұндай ауқымды жобаларды бұдан былай да iске асырып, өндiрiске беру келесi жыл еншiсiне де берiлген екен. Себебi, алдағы жылдың республика тарихында алатын орны ерекше. Тұғырлы тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында iрi кәсiпорындарды қолданысқа беру мұқият қаралып жатса керек.

Сонымен қатар инновациялық жобалар барысы да шет қалдырылмады. Жалпы құны 59,5 миллиард теңгенi қамтитын бағдарлама отандық ғылыми өндiрiстi дамытуға негiзделген. Жоғарғы технологияларды пайдаланып, ғылыми өрiстi кеңейту мәселелерi қарастырылды. Осы орайда ғылыми зерттеу институттарының көмегiне жүгiну де жоспарда бар. Ал осы мақсатта жұмыс iстеуге өтiнiш бiлдiрген мамандардың саны бүгiнде 400-дi жуықтап қалған, бұл салаға арнайы гранттар да бөлiнiп отыр. Ал Халибертон компаниясының өкiлi А.Алтаевтың айтуынша, кадр мәселесiн шешу арқылы ғылым мен өндiрiсте үлкен өзгерiстер жасауға болады. Мәселен, мұнай өндiру технологиясын жаңа сатыға көтерiп, өз технологиямызды ойлап табу басты мәселе. Ол үшiн шетелдiк мамандарды отандық кадрмен алмастыру шарт. Себебi, Каспий қайраңының табиғи ерекшелiктерiн өз отандастарымыз жақсы меңгерген. Ендеше отандық мамандарды дайындауда өзiндiк технологиямызды ойлап табу мәселесi аса маңызды. Осы орайда Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов "Ғылым туралы" заң қабылданатынын құлағдар еттi. Оған сәйкес салалық ғылымға жiтi көңiл бөлiнiп, ғылыми кадрларды дайындау басты назарға қойылады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары