АСТАНА САММИТI: ЖЕМIСТI КYНДЕР

АСТАНА САММИТI: ЖЕМIСТI КYНДЕР

АСТАНА САММИТI: ЖЕМIСТI КYНДЕР
ашық дереккөзі
391

Қазақ халқының Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуi сәттi аяқталды. Бiр жыл бойы мойнына жүктеген мiндетiн адал атқаруға тырысқан Қазақстан мемлекетi аса беделдi ұйымның құзыретiн жоғарылатқаны сөзсiз. Аз ғана уақыттың iшiнде елiмiз шиеленiс туындаған аймақтарға қолұшын берiп, қауiпсiздiк мәселесiн бейбiт жолмен шешуге күш салды. Бұл – ЕҚЫҰ тiзгiнiн алған Қазақстанның басты мiндетi едi. Мiне, осы үдеден шыққан қазақ елi өз жұмысын қорытындылап, Астана қаласында 56 мемлекеттiң көш басында жүрген атқамiнерлерiн жинады.

Әлемнiң назары екi күн бойы Астанаға ауды. Себебi, Қазақстан Орта Азия мемлекеттерiнiң iшiнен төраға болуға лайықты екенiн мойындатқан ел ретiнде танылды. Тәуелсiздiгiнiң небары он тоғызыншы жылында үлкен белестердi бағындырып, беделдi ұйымға басшылық жасауы кiм көрiнгенге бұйыра бермейтiн бақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Астана Саммитiнiң әлемдiк тарихтан ойып тұрып орын алатыны сөзсiз.

Сонымен, Астана Саммитi қазақ елiне не бердi? Қазақстан аты мәшһүр ұйымға төрағалық етуде неден ұтты, неден ұтылды? Дәл бүгiн отандық және әлемдiк БАҚ-тың ден қойып отырғаны да осы.

ЕҚЫҰ Саммитi басталған күнi-ақ өзектi мәселелер тақырыпқа арқау болды. Талай жылдан берi шиеленiс алаңына айналған жабулы қазанның ернеуiн ашқысы келгендер де табылды мұнда. Әрине, Саммиттiң де мақсаты – күрмеуi қиын түйiндi мәселелердi шешу үшiн мемлекет басшыларының басын қосып, ымыра-бiтiмгершiлiкке келтiру болғанмен, 56 мемлекет, 56 ұсыныс, 56 пiкiр де саналуан. Әрқайсысының өз көздеген мүддесi бар. Пiкiрлер тоғысса да, мүдделердiң тоғыса бермейтiнi белгiлi. Мәселен, Ресей президентi Дмитрий Медведев Саммиттiң алғашқы күнi сөз алып, ЕҚЫҰ-ның беделiнiң түсiп бара жатқандығын баса айтты. Оның пiкiрiнше, ұйымның ресурстарын қолдану үшiн нақты құқықтық база мен ереже қажет. "ЕҚЫҰ – өзiнiң потенциалын жоғалта бастады. Менiңше, ұйымның формасы мен қызметiн модернизациялау қажет" деген ойын бүкпесiз айтқан Медведев даулы мәселенi реттеу кезiнде ортақ принциптердiң болуы керектiгiн айтқан. Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындап үлгерген Ресей Абхазиядан әлi де әскерiн шығармай отырған Грузияның әрекетiн басқыншылыққа балады. "Осы тұрғыда, 2008 жылы Грузияның Оңтүстiк Осетия халқына жасаған iс-әрекетi шектен шыққандық" деп араздас көршiнi өктем пiкiрiмен түйреп өткенде Грузия президентi Михаил Саакашвили залдан шығып үлгердi. Бәлкiм, Саакашвили Медведевтiң дәл осылай айтатынын алдын-ала сезген шығар. Есесiне, Медведев дайындап келген сөзiн Саакашвилиге тыңдата алмағанына налыды ма, түстен кейiн Отанына ұшып кеттi. Бұл туралы ресейлiк БАҚ сол күнi-ақ: "Әуелгi кезде Медведев Астанада екi күн болуды жоспарлап едi. Алайда, неге екенi белгiсiз, ол Қазақстан астанасын шұғыл тастап, ұшып кеттi" деп жарыса хабарлады. Тiптi, iле-шала Ресей Сыртқы iстер министрi Сергей Лавровтың Ресей Астана Саммитiнiң Грузия қақтығысына байланысты ұстанымын қолдамайтындығын бiлдiрiп мәлiмдеме жасағанын да ресейлiк ақпарат құралдары таратты. Ал, Грузия президентi Михаил Саакашвили орыстарды келiссөзге шақырып, "Грузия– Осетия мәселесiн" бейбiт жолмен шешуге үндедi. "Бiз бұл жерге шағым арқалап келген жоқпыз. Трагедиялық мәселелер қайта қаралып, Ресеймен арадағы жанжалды шешуге болады деп үмiттенiмiз" дедi. Бұл екi ел арасында ушыққан мәселе "екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайтынын" тағы бiр мәрте дәлелдегендей болды.

Астана Саммитiнде қызу пiкiрталасқа айналған екiншi мәселе – Әзiрбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жайында болды. Өзiн маңғаз ұстайтын Әзiрбайжан президентi Илхам Әлиев "Қарабақ – Әзiрбайжанның тарихи жерi. Мұнда бiздiң қорғандар, мешiттер бар. Армения күшпен басып алған аумақта халықтың тынышын алды" дей келе, Қарабаққа қатысты өзара келiссөздердi қысқа мерзiм iшiнде аяқтауды ұсынды. Алайда, Армения басшысы Серж Саргсян да есесiн жiберген жоқ. "Егер Әзiрбайжан Таулы Қарабаққа әскери агрессиясын тоқтатпаса, Армения Қарабақтың тәуелсiздiгiн мойындайтын болады" деп салды ол. Осы кезде "Шабыт" медиа-орталығында ақпарат таратып жүрген Әзiрбайжан елiнiң тiлшiлерi де өре түрегелдi. Мәселен, Орта Азия және Қазақстан Республикасындағы Әзiрбайжан теле-радио корпорациясының тiлшiсi Аида Эйвазова: "Әлемде бейбiтшiлiк орнау керек. ЕҚЫҰ-ның басты жұмысы да қауiпсiздiк мәселесi. Әзiрбайжан бұл ұйымнан көп үмiт күтедi. Әзiрбайжан мемлекетi ҚараҚарабақ мәселесiмен 20 жыл бойы күресiп келедi. Бiз Қарабаққа байланысты қандай да бiр құжат қабылданады деп күттiк. Бұл бiздiң жерiмiз, суымыз, аспанымыз. Бүкiл әлем мұны бiледi. ЕҚЫҰ жанындағы Минск тобы бiздiң ойымыздағыдай жұмыс iстеп жатқан жоқ. Неге екенiн түсiнбеймiн, олар бұл мәселенi сағызша созумен келедi. Егер мен Қазақстанда тұрып, қазақ халқын қырып жiберсем, бұл – геноцидке жатпай ма? Армения Әзiрбайжаннан да, Түркиядан да жер сұраумен келедi. Менiңше, Астана Саммитiнде Таулы Қарабақ мәселесi туралы нақты сөз болған жоқ" деп кесiп айтты. Жер дауы – бiтпес дау. Әлбетте, бұл жанжал кеше не бүгiн туған жоқ. Қалай десек те, екi мемлекет те атышулы Таулы Қарабақ мәселесiне келгенде бiр-бiрiне сес көрсетiп шығады. Тiптi, мұны Әзiрбайжан немесе Армения президенттерiнен ғана емес, қарапайым тiлшiлерiнiң бойынан да аңғардық. Олардың қай-қайсысы болса да, өз туған Отанын, жерiн, суын, халқын қорғауға дайын екендiктерiн патриоттық тұрғыдан дәлелдеп жүр.

ҚЫРҒЫЗСТАН АЛҒЫС АЙТСА, ӨЗБЕКСТАН НАЗЫН АЙТТЫ

Қырғызстанның өтпелi кезеңдегi президентi Роза Отунбаева әуелгi сөзiн ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызмет атқарған Қазақстан мемлекетiне алғыс жаудырудан бастады. "2010 жылы Астана Саммитi ЕҚЫҰ-ның беделiн көтердi. Әсiресе, Қырғызстанда сәуiр айында болған төңкерiсте моральдық, материалдық, гуманитарлық, техникалық көмек бергендерiңiзге үлкен рақметiмдi айтқым келедi. Бұл жыл Қырғызстан үшiн ауыр әрi жауапты кезең болды. Жаңа конституцияны қабылдау арқылы қырғыз елi парламенттiк сайлау өткiзiп, шетелдiк бақылаушылар тарапынан демократиялық түрде өттi деген баға алдық. Демократия – тек сайлау ғана емес. Алайда, қазiр ертеден тату болып келген Қырғызстан мен Өзбекстан арасын реттеу керек" дедi Роза ханым.

Ал, Өзбекстан Сыртқы iстер министрi Владимир Норов Ауғанстан және Қырғызстан мәселесiн тiлге тиек ете келiп: "Өзбекстан өзiнiң жақын көршiсi Ауғанстанмен тек қана екiжақты келiссөздер негiзiнде ғана жұмыс iстей алады. Астын сызып айтатын бiр мәселе – Өзбекстан Ауғанстанға көмек беруде ауқымды шаралар атқарды. Бүгiнде Кабул қаласының толықтай дерлiгi Өзбекстан электрқуатымен қамтамасыз етiлiп отыр. Сондай-ақ бiздiң мемлекеттiң есебiнен ондаған көпiр салынып, қаншама шақырым жолдар мен әлеуметтiк нысандар салынды. Ағымдағы жылдың қазан айында өзбек тарапы Хайратон шекарасынан Мазари-Шарифке дейiн темiржол құрылысын бастады" деп көмекке мұқтаж елге жасап жатқан шараларды тiзбектеп өттi. Ал, екiншi жақын көршiсi Қырғызстан туралы: "Сөз жоқ, Қырғызстан халықаралық қауымдастық тарапынан гуманитарлық көмекке зәру. Бiр айта кетерлiгi, Қырғызстанның оңтүстiгiнде маусым айында болған қантөгiске халықаралық деңгейде тергеу жүргiзу керек. Мұны БҰҰ және ЕҚЫҰ өкiлеттiлiгi бар адамдар қолға алып, қажеттi деңгейде зерттеуi тиiс. Мұндай оқиғаның тағы да қайталанбайтынына кепiлдiк жоқ" деп қадап айтты.

Сондай-ақ, 31 жыл соғыстың ортасында өмiр сүрiп жатқан Ауғанстанның ауыр жағдайы да ортақ тақырыпқа арқау болды. Бұл тұрғыда Елбасы Н. Назарбаев: "Осыдан 31 жыл бұрын өмiрге келген азамат Калашников автоматын асынған адамнан басқа ештеңе көрген жоқ" дедi. Мәселенi шешу үшiн, ауған халқын еңбекке шақыру керек. Опиум магын егудiң орнына күрiш пен мақта егудi айту қажет. Тек инвестиция жағынан көмек болса, Ауғанстан жерi өте бай" дедi Елбасы. Ал, Тәжiкстан Республикасының Президентi Эмомали Рахмон Орталық Азиядағы жарылғыш қатерлердiң жалғасуы үдерiсiне алаңдаушылығын бiлдiрiп, Душанбеде ЕҚЫҰ-ның минаға қарсы өңiрлiк үйлестiрушi кеңесiн ашу жұмыстарын тездетудi сұрады. "Бiз бейбiт адамдар жапа шегiп отырған Орталық Азиядағы жарылғыш қатерлердiң жалғасуы үдерiсiне алаңдаушылығымызды бiлдiремiз. Осы мәселе бойынша 2009 жылы ЕҚЫҰ-ның Душанбеде өткен өңiрлiк конференциясын қаперге ала отырып, ЕҚЫҰ мен Халықаралық траст қорына Орталық Азиядағы жарылғыш қатерлерге қатысты iс-шараларды жандандыруды және Душанбеде ЕҚЫҰ-ның минаға қарсы өңiрлiк үйлестiрушi кеңесiн ашу жұмыстарын тездетудi сұраймын", – дедi Э. Рахмон.

Сонымен, бүкiл әлем көз тiгiп, құлақ түрген ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитi тарихта алтын әрiппен жазылды. Қазақ елi үшiн Астана Саммитiнiң декларациясын қабылдау да оңай болған жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, ондаған жылдар бойы бiр мәмiлеге келе алмаған мемлекеттер Алаш жерiнде әлем қауiпсiздiгiне қатысты құжатқа қол қойып, халықаралық ұйым төңiрiндегi өткiр мәселелердi сарапқа салды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары