БIШКЕКТЕГI ЖАРЫЛЫС
БIШКЕКТЕГI ЖАРЫЛЫС
29 қараша күнi сәскеде Қырғызстанның iшкi iстер министрi, генерал-майор Зарылбек Рысалиев баспасөз мәслихатын өткерiп, "Бiшкек және Ош қаласының iрi сауда нүктелерiнде және елдiң көп жиналатын жерлерiнде жарылыс жасауға әзiрлiк жүргiзiп жатқан жанкештiлердi ұстадық",– деп хабарлама жасады.
9 жанкештi қолға түскен. Олардың жанынан 5 килограмм тротильдiк жарылғыш зат, Макаров маркалы екi тапанша, екi травматикалық тапанша, автоматтың муляжы, есiрткi заттары және 69 мың сом ақша табылды.
Лаңкесшiлер министр мәлiмдеме жасаған күннен бiр апта бұрын, яғни 22 қарашада қамауға алыныпты. Әдетте, мұндай төтенше оқиғалар жұртшылыққа дереу хабарланып, тиiстi сақтық шаралары ұйымдастырылатын. Оның үстiне, Ресейдiң ғаламторларында бұл мәлiметтер 26 қарашада-ақ таралып кеткендiктен, журналистер оғаш хабарламаны жайбарақат қабыл алды. Бiрақ, тәулiк өтпей жатып қырғызстандықтарды жағымсыз жәйттер шарпып өттi.
Сол, 29 қараша күнi кешкi сағат төрт жарымда Қырғызстан ұлттық қауiпсiздiгi мемлекеттiк қызметiнiң (ҰҚМҚ) арнайы бөлiмшелерi Ош облыстық iшкi iстер басқармасының қызметкерлерiмен бiрiгiп, Ош қаласының Мәжүрiмтал көшесiндегi автобекеттiң жанындағы үйдi паналаған "лаңкестiк iстерге қатысы бар" деген күдiктi адамдарды тұтқындау операциясына кiрiседi. Күдiктiлер автоматтан оқ жаудырып, граната лақтырып, орган қызметкерлерiне қарсылық көрсеткен. Қақтығыс кезiнде лаңкестердiң үшеуi оққа ұшты. Төртiншi қылмыскер өзiн-өзi гранатамен жарды. Қауiпсiздiк қызметкерлерi мен милиция тарапынан төртеуi жеңiл жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.
Оқиға болған күнi кешқұрым Қырғызстанның Қауiпсiздiк қызметiнiң хатшысы Марат Иманқұлов БАҚ өкiлдерiмен кездесу өткiзiп, жұртшылықтың алаңдауына негiз жоқтығын, Ош қаласында ғана емес, республиканың барлық елдiмекендерiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органда күшейтiлген режимде жұмыс iстеп жатқанын айтқан.
Өкiнiшке қарай, 30 қараша күнi азанда Бiшкек қаласының дәл ортасындағы Қожамқұл балуан атындағы республикалық спорт сарайының есiгiнiң алдында болған жарылыс қырғызстандықтарды шошытты. Таңғы сағат 9 шамасында ғимараттың алдында мина жарылып, төрт адам мерт болды. Салмағы 3 киллограмм жарылғыш зат есiктiң алдындағы жерасты құбырының түйiскен жерiндегi ұяшық қақпағының төменгi жағына қойылыпты. Жарылыстың екпiнi күштi болғаны соншалық – ұяшықтың болат қақпағы 300 метр жерге ұшып кеткен. Диаметрi 3 метр жер ойылып түскен.
Спорт сарайының кiре берiсiн жару әдейi таңдап алынған сияқты. Мұнда оншақты күннен берi 7-сәуiр оқиғасында ереуiлшiлердi атуға қатысқандардың iсi бойынша сот процессi жүрiп жатыр. 2 мың адамдық ғимаратта сағат тоғызда басталатын сот отырысына жүздеген адам осы жердегi екi есiк арқылы кiретiн. 29 қараша күнгi сот отырысының жабылу сәтiнде "ертең сот бiр сағат кеш басталады" деп ұйғарым жасалыпты. Лаңкестер бұл хабарландыруды бiлмеген секiлдi. Кездейсоқ шешiм жүздеген адамның өмiрiн сақтап қалды.
Лаңкестердiң тасасында кiмдер тұрғандығы жөнiнде ресми адамдардың пiкiрлерi әртүрлi. Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы М. Иманқұлов бұл әрекеттер ұлтшыл-сепаратистердiң нұсқауы десе, ҰҚМҚ-ының төрағасы Кеңешбек Дүйшебаев жарылыстарға "Түркiстан ислам қозғалысының" қатысы бар дейдi. Оның орынбасары Көлбай Мұсаев лаңкестiктi "Ислам жихады одағы" және "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымдастырып отыр деген пiкiрде. Көлбай Мұсаев тез арада Бiшкекте лаңкестiкке қарсы күрес орталығын құру мәселесiн көтердi.
Дiнтанушы Қадыр Маликов дiни қозғалыстардың, тiптi, "Хизб-ут-Тахрир" ұйымының да бұл шырғалаңға қатысы жоқ деп есептейдi. Оның айтуынша, мұсылмандықты ұстанатын дiни ұйымдар халықтың қалың көпшiлiгiнiң наразылығын тудыратын нәрселерден аулақ болуға тырысады. "– Бұл сыртқы күштердiң әрекетi болуы мүмкiн," – деп тұжырымдайды ойын Қадыр Маликов.
30 қараша күнi кешке, Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы(ҚСДП) қырғыз парламентiндегi коалициялық көпшiлiктi жасақтады. Бұл жөнiнде заңға сәйкес жасының үлкендiгiне байланысты Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiне уақытша төраға болып отырған Ташполот Балтабаев мәлiмдедi. ҚСДП, "Республика" және "Ата Мекен" депутаттык фракциялары коалицияға бiрiгу туралы келiсiмге қол қойған. 2 желтоқсан күнi өтетiн Жоғарғы Кеңештiң мәжiлiсiнде өлкенiң ең жоғарғы лауазымды қызметi – премьер-министрлiкке ҚСДП-ның лидерi Алмазбек Атамбаев, вице-премьер-министрлiкке "Республиканың" лидерi Өмiрбек Бабанов, Жоғарғы Кеңештiң төрағалығына Өмiрбек Текебаев ұмiткер болмақшы. Бұл – болашақ жаңа Үкiмет Президент Роза Отынбаевамен ортақ позицияда болады деген сөз.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi