ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖҮГЕНДЕУ

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖҮГЕНДЕУ

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖҮГЕНДЕУ
ашық дереккөзі
326

Үстiмiздегi жылдың 26 қарашасында Алатау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң ұйымдастыруымен Алматы қалалық Еңбек биржасында қала жұмыссыздары мен жұмыспен қамтылмаған азаматтарына, жас мамандар мен мектеп бiтiрушi түлектерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесi өттi. Жәрмеңкенiң мақсаты – жұмыссыздықпен күрес туралы аумақтық бағдарламаға сәйкес жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғау. Қазақстан Республикасының "Жұмыспен қамту туралы" және тағы басқа заңдарын басшылыққа ала отырып, Алатау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасында бiраз жұмыстар атқарылды. Аталмыш жәрмеңке соның айғағы.

Әлемдi жайлаған дағдарыс талайдың сағын сындырып, талайды тағынан тайдырды. Дүниежүзiндегi талай алпауыт елдердiң өзiн алаңдатқан бұл дағдарыс бiздiң елге де өз салқынын тигiзбей қоймады. Елде жұмыс орындары жабылып, жұмыссыздар саны арта бастады. Бiрақ "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақ елi бұл сынақтан да сүрiнбей өттi. Бұған себеп – дер кезiнде ұтымды шешiмнiң қабылдануы едi.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру үшiн жұмыспен қамтамасыз ету мәселесi басты жолға қойылып, "Жол картасы" бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Бұл бағдарлама 2010 жылы да жалғасын табуда. Елбасының ел еңсесiн көтеру мақсатында қолға алуға тапсырған бұл бағдарлама аясында республика бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Бiр ғана Алатау ауданының өзiнде де "Жол картасы" бағдарламасы бойынша әлеуметтiк жұмыс орындарына 2010 жылы 300 адам орналастыру жоспарланған болатын. Бұл жоспар артығымен орындалып, 445 адам жұмысқа орналасты. Ал, "Жастар тәжiрибесiне" 2010 жылы 340 адам тәжiрибеден өтуге жiберiлдi. Жоспар бойынша 200 адамды орналастыру көзделген едi. "Жол картасы" бойынша жұмыссыздардың кәсiптiк бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында 177 жұмыссыз кәсiптiк оқу мен қайта даярлауға жiберiлдi. Бұл оқулардың мақсаты – еңбек нарығында жұмыссыздардың бәсекелестiк қабiлетiн, бiлiмiн, кәсiптiк дағдысын жетiлдiре отырып, жаңа жұмыс орындарын табу мүмкiндiгiн ұлғайту.

Аталмыш бағдарламаға орай әлеуметтiк жұмыс орындарын құруға 81 келiсiмшарт, жастар iс тәжiрибесi бойынша 60 кәсiпорынмен келiсiмшарттар жасалды. Бүгiнде iс-тәжiрибе бойынша 30 мемлекеттiк мекемеде 294 түлек тәжiрибесiн өтуде.

Бүгiнгi күнде 1 357 адам жұмыспен қамту бөлiмiне жұмыс iздеп келген екен. Ал қазiргi уақытта бөлiмде жұмыссыз ретiнде тiркеуде тұрған жұмыссыздардың саны 570 адам болып отыр. 2010 жылғы берiлген тапсырма бойынша – 490 жұмыссызды жұмысқа орналастыру керек болса, 11 айда 490 адам жұмысқа орналастырылып, тапсырма 100 % орындалды. Әлеуметтiк жұмыс орындарына 72 адам орналастырылса, жыл басынан 422 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа қатысты. Кәсiптiк бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында 170 жұмыссыз кәсiптiк оқу мен қайта даярлауға жiберiлдi.

Халықаралық еңбек ұйымының есебi бойынша 2008 жылы әлемде жұмыссыздар 190 миллион болса, 2009 жылы олардың саны 210-239 миллионды құрапты. Бұл көрсеткiш 1991 жылдан бергi ең жоғары деңгей дегендi де алға тартады халықаралық еңбек ұйымы. Мiне, осындай алмағайып заманда Қазақстан оңтайлы шешiмдер қабылдап, дер кезiнде мұндай келеңсiздiктiң алдын ала алды. Өткен аптадағы жәрмеңкеге Алматы қаласындағы 30-дан астам мекемелер мен кәсiпорындар қатысты."ФудМастер-АйсКрим", "Бала-Бала 7", "АБГ Құрылыс", "АСАД", "КредитКоллешнГруп" т.б жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi сияқты өндiрiс орындары өздерiне аса қажет деген мамандар үшiн 250-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Оған 400-дей жұмыссыз қатысып, 150-ге жуық адам жұмысқа орналасуға жолдама алды.

Алуа АЙБЫН,

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары