Әлемдiк миграция: МҰҢДЫ МИГРАНТТАР МЕН ШАРАСЫЗ МЕМЛЕКЕТТЕР

Әлемдiк миграция: МҰҢДЫ МИГРАНТТАР МЕН ШАРАСЫЗ МЕМЛЕКЕТТЕР

Әлемдiк миграция: МҰҢДЫ МИГРАНТТАР МЕН ШАРАСЫЗ МЕМЛЕКЕТТЕР
ашық дереккөзі
2185

Егер әлемдiк миграцияға қатысты мәселелердi халықаралық қауымдастық мемлекетаралық деңгейде реттемесе, Жер шарының түкпiр-түкпiрiнде жүрген жалдамалы жұмысшылар экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және саяси тұрғыда қауiп төндiрмек.

ҰСЫНЫС – БАР, СҰРАНЫС – ЖОҚ
 

Апта басында Женевада көпшiлiк талқысына ұсынылған БҰҰ Миграция жөнiндегi халықаралық ұйымының 2010 жылға арналған "Әлемдiк миграция туралы баяндамасында" (WMR) егер мемлекеттер, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамдар тiзе қоса отырып, өте жедел қарқынмен дамып келе жатқан миграцияны бәсеңдетуге күш салмаса, Жершары жаңа қиындықтарға тап болатыны айтылған. "Миграцияның келешегi: өзгерiстер кезеңiне арналған жаңа мүмкiндiктер" деп аталатын құжатта МХҰ мамандары демографиялық және экономикалық қажеттiлiктер мен қоршаған ортаның түбегейлi өзгерiске ұшырауы салдарынан, нәпақа табу немесе жат жұрттан жанға жайлы жер iздеген халықаралық мигранттар саны күрт артқанын көлденең тартады. Олардың пiкiрiнше, жыл сайын дүние жүзiндегi көптеген мемлекет iшкi және сыртқы миграцияны жүйелi түрде басқарып отыру мақсатында жүздеген миллион доллар көлемiнде бюджеттен қаражат қарастырса да, қабылданатын шаралар қысқамерзiмдiк, ауқымы тар әрi нәтижесi аз күйiнде қалып келедi. Бұл адамдардың еңбекке деген қабiлетiн бәсеңдетiп, экономикалық және әлеуметтiк дамуына керi әсер етедi.

Миграция жөнiндегi халықаралық ұйымының бас директоры Уильям Лейсли Суинг: "Миграция мәселесiн шешуге қатысты саясат пен тиiмдi шараларды енгiзбеу – осынау ғаламдық құбылысты өз пайдасына жаратуға деген тарихи мүмкiндiктен қағылу. Миграцияның көз iлеспес шапшаңдықпен дамып келе жатқанын ескерсек, уақыт көшiнен кеш қалған мемлекеттер миграцияның жағымсыз әсерлерiнен зардап шекпек" дейдi. Баяндамада келтiрiлген деректерде 2010 жылы халықаралық мигранттар саны 214 млн. деп көрсетiлген. Егер соңғы 20 жылдағы қарқынынан жаңылмаса, олардың саны 2050 жылға қарай 405 миллионға жететiн көрiнедi. Мұның басты себептерiнiң бiрi, дамушы елдердегi жұмыс күшiнiң жедел көбеюi. Мысалы, бұл көрсеткiш 2005 жылы 2,4 млрд.-қа тең болса, 2040 жылға қарай 3,6 млрд.-тан аспақ. Бүкiл әлем бойынша, жұмыс күшiн ұсыну мен оған деген сұраныс арасындағы алшақтық жалдамалы жұмыскерлердiң жердiң түкпiр-түкпiрiне қарай жөңкiле көшуiне себеп. Сонымен қатар келешекте қоршаған ортаның өзгерiстерге ұшырауы да миграциялық үдерiстерге ықпал етпек.
ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫСШЫҒА АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА КЕРЕК
 

Гастарбайтер – немiс тiлiнде "қонақ жұмысшы" (gastarbeiter) деген мағына бередi. 1950-160 жылдары Германиядағы экономикалық өрлеу кезеңiнде Түркиядан жүздеген мың жұмысшы немiстер жерiне ағылды. Сол 1960-1970 жылдары Азия, Африка, Латын Америкасынан клген еңбек мигранттары Батыс Еуропа елдерiн бетке алған. "Гастарбайтер" ұғымының халықаралық терминге айналуына шет жерден аса ауыр жұмыстармен шұғылдануға уақытша келген жалдамалы жұмысшы ықпал еткен. Бүгiнде халықаралық миграцияның жаңа үлгiсi түзiлгенiн көлденең тартқан "Әлемдiк миграция туралы баяндама" Азия, Африка, Латын Америкасы сияқты дамушы елдердiң еңбек мигранттары үшiн басты нысанға айналғанын айтады. Сондықтан көшi-қонды реттейтiн саясат пен арнайы әзiрленген бағдарламалар аталған мемлекеттер үшiн аса маңызды. Әлбетте, көшi-қон мәселесiн реттеуге мүдделi елдердiң барлығында жалдамалы жұмыскерлер саны шектеулi болатынын ескерсек, заңсыз мигранттардың қатары уақыт өткен сайын көбейе түсерi айқын. Заңсыз миграцияның жаңа үлгiсi адам құқын қорғау саласында бiрқатар заң бұзушылықтарға жол берiлетiнi айтылған құжатта мамандар әсiресе, кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға, тағдыры тәлкекке түскендiктен, баспана iздеп сабылған қорғансыз жандарға, адам саудасының құрбандарына, тiптi, экологиялық немесе ауа райының өзгеруiне байланысты жыраққа қашуға талпынғандарға қауiп төнiп тұрғанын ескертедi. Аталған жайттың кез келген елдiң ұлттық қауiпсiздiгiне, мемлекеттiк тұтастығына төнген қатер екендiгi даусыз. Осы орайда, Уильям Лейсли Суинг миграция мәселесiне қатысты қомақты көлемде инвестиция салынбайынша, мигранттардың құқығын қорғау мен оларды қабылдайтын қоғамдарға сiңiсiп кетуi мүмкiн еместiгiн айтады: "Миграцияның келешегiн жоспарлау және оны инвестициялау экономикалық және қаржылық дағдарыс кезiнде ушығып кеткен мигранттарды қабылдауға қатысты қоғамдық пiкiрдiң жақсаруына игi ықпал етедi. Сондай-ақ, миграцияны қысқа уақыт iшiнде реттеуге қатысты үкiметтерге жасалатын саяси қысымдарды бәсеңдетедi".

КӘРI ҚҰРЛЫҚ ҚАРТАЙЫП БАРАДЫ
 

"Әлем экономикалық дағдарыстан айығып келедi" десе де, сыртта жүрген жалдамалы жұмысшылар туған жерлерiне қайтуға асығар емес. Осы себептi, 2009 жылы дамушы елдер экономикасына мигранттар тарапынан құйылған қаражат небары 6 пайызға ғана қысқарған. Десе де, Бангладеш, Пәкстан мен Филиппиндер әлемдiк миграцияның арқасында едәуiр пайда тауыпты. Қазiргi кезде Еуропалық Одаққа мүше елдердiң көпшiлiгiнде демографиялық ахуалдың төмендеуi, жасы ұлғайғандар санының артуы, жоғары бiлiмдi жас еуропалықтардың көбеюi, жастардың басым бөлiгi отбасын құрып, бала сүюге аса құлшынбауы т.б. сырттан ағылатын мигранттарға тәуелдi етiп қойған. Әсiресе, халыққа қызмет ету, коммуналдық жұмыстар, ауыл шаруашылығы мен үй шаруашылығы, денсаулық сақтау мен құрылыс салаларына жоғары бiлiмдi еуропалықтардың нан табу мақсатында әсте бармасы анық. Осы себептi, еуропалық елдердiң үкiметтерi мамандар тапшы салаға шет елден мигранттарды шақырса, өз азаматтарына жасалатын жағдайларды жасауға мүдделi. Бiрақ мигранттарды қабылдайтын әр мемлекет жатжұрттықтардың қаржылық ахуалына мiндеттi назар аударады. Мысалы, Германияда сырттан келген жалдамалы жұмысшы егер мемлекеттiк бюджеттен бөлiнетiн әлеуметтiк жәрдемақыларға ауыз салмаса, оны тұрмысы жақсы деп есептейдi. Ал Чехия мен Словакияда мигранттың айлық кiрiсiнiң ең төменгi деңгейi қанша болатыны маңызды. Сонымен қатар кәрi құрлықтағы кез келген елде мигранттарға жұмыс iстейтiн елдiң тiлiн, салт-дәстүрi мен ұлттық-мәдени құндылықтарын бiлу мiндеттеледi. Мәселен, Нидерландтарда жалдамалы жұмысшылар тiл, мәдениет пен тарихын қаншалықты бiлетiнiн дәлелдеу мақсатында ақылы түрде (350 еуро) сынақтан өтедi. Австрияда немiс тiлiнде оқу, жазу, сөйлеуге қатысты сынақ бар. Францияда бұл сәл қаталдау, яғни, тiл, мәдениетпен бiрге иммигранттардың азаматтық құқығына қатысты тест тапсырады. Өйткенi, халықаралық мигранттар мәселесiнде БҰҰ Миграция жөнiндегi халықаралық ұйымы дабыл қаққан адам саудасы, мигранттардың құқығын аяққа таптау сияқты тағы басқа да заң бұзушылықтар көп кездеседi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары