«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
ашық дереккөзі
194

28. Әбдiғали ӘБДIМАНАПОВ

Әтиман күн ұзаққа тағат таппай терезеден сыртқа телмiрумен болды. Өзегi талса да нәр татпады. Ұлы әне-мiне күндегiдей әзiлiн айтып, жайраң қағып, есiктен кiрiп келетiндей. Сырттан тықыр естiлсе, есiкке қалай алып ұшқанын өзi де сезген жоқ. Әйтеуiр алаңкөңiл тағат тапқызар емес. Зарыға күткен қоңырау да шыр еттi-ау. Олар пәтерге енген кезде көзiнiң алды былаудай болып, домбығып iсiнген келiнiн көрiп, жүрегiне бiреу бiз сұғып алғандай шым етiп шаншыды.

– Зияда-ау, балам қайда?

– Апа, аналар алып кеттi. – Қайғыдан қан жұтып, есiнен адасқан жандай, одан әрi сөйлеуге шамасы келмедi. Ұлы Бектас алтыншы, қыздары Айгүл, Анель бастауыш сыныптарда оқиды. Ең кенжесi Айдана небәрi төрт-ақ жаста. Бота көздерi жәудiреп, суыққа тоңған балапандардай бұйыға томсырайып тұр. Айдана дел-сал күйдегi анасының қолынан ұстап тартқылады.

– Мама, папам қайда?

Зияда сонда ғана есiн жиып, төртеуiн бауырына алды. Өзiн-өзi қанша ұстайын десе де, ұл қыздарының әкесiн iздеген бейкүнә аянышты түрлерiне жаны шыдамай көз жасына ерiк бердi.

– Әбдiғалисыз ендiгi көретiн күнiмiз қалай болар екен?! – Үнi тұншыға, құмығып зорға шықты.

Әтиманның iшiне шоқ түскендей көкiрек тұсы күйiп барады. Тынысы тарылып, сөйлей алар емес. Дауыл шайқаған емендей теңселiп тұрып, жұмсақ диванға сылқ етiп отыра кеттi. Иегi кемсеңдеп, қаны қашқан өңiн тарам-тарам жас айғыздады.

Белғожаев сабырға шақырып, қалай көңiлдерiн орнықтырарын бiлмей әлек. Тiлiне оралған жылы жұбаныш сөздерiн айтып жатыр. "Апа, ұлыңыз – ақ, iсi – таза. Соған көздерi жеткен соң олар оны босатады әлi. Iштен тынып, көп егiле бермеңiз".

"Жақсы сөз – жарым ырыс". Белғожаевтың жұбанышы жанына медеу болды ма, әлден соң iшiне үмiт сәулесi түскендей жүзiнен қан қылаң берiп, қоңырқай тартты. Ақ жаулығының ұшымен көз жасын сүрттi.

Зияда зiл тартқан денесiн ауырлағандай енесiнiң жанына тiзе бүктi.

– Апа, Әбдiғалидың үстiнен нағашысы Тәжiбаев қалалық прокуратураға арыз берiптi.

Бұл сөз Әтиманның құлағына түрпiдей тиiп, көздерi шарасынан шыға жаздады.

– Қандай арыз?.. Балам ол бейбақтың несiн алыпты?..

Келiнi Iшкi iстер бөлiмiнде болған жайды қысқа баяндады.

– Әй, аңғал балам-ай! Оны бәлеқор деп қанша айттым. Тiлiмдi алсаң еттi. Ақыры түбiңе сол жеткен екен ғой. – Көкiрегi қарс айырылардай терең күрсiндi.

Ұлы Тәжiбаевты пәтерiне түстiк асқа ертiп келген сайын, анасы Әтиман салқын қарсы алатын. Әбдiғали оның асты-үстiне түсердей бәйек болады. "Нағашы, төрлетiңiз!.. Нағашы, өз үйiңiздей көрiп, дем алыңыз!.. Нағашы, мына астан алыңызшы!.. Нағашы, мен шақырмай-ақ келiп тұрыңыз!..". Ал нағашысы дастарқан басында кеседегi шайды шайқап iшiп, қарқылдай күледi. "Жиен, менi сыйласаң жаман болмайсың!.. Жиен, бұл былай ғой!.. Жиен, ол солай ғой!.." Жөн бiлгiш адамдай ананың бiр, мынаның бiр басын шалып, шатып-бұтып көпiрiп сөйлесiн бiр. Содан соң тоқтатып көр. Әбдiғали табиғатынан әзiлкеш. Қала бердi анасына да ара-тұра еркелеп, қалжың айтып қоятын. Шай үстiнде нағашысына да жеңiл әзiлдер айтып кеңк-кеңк күлдiрумен болады. Бiр жолы Әбдiғали нағашысын шығарып салып келген соң, Зияда бiртүрлi шағынғандай наз айтқан. "Әбдiғали, осы нағашыңның көзiнен қорқамын. Бәлендей жайнап тұрған жиһаз-мүлiктерiмiз болмаса да, бөлмеде оңаша отырып қалған сәттерiнде, жан-жағына тiмiскiлеп қарай беретiнiн ылғи да байқаймын. Бүгiн де сол. Бiздiң бiр тығып қойған асыл затымыз бардай".

Келiнiнiң бұл сөзiн анасы жалғастырды. "Балам, сен тым ақ көңiлсiң. Бiреу а десе аузына түсiп кете жаздайсың. Осы нағашы деп құрақ ұшып жүрген жанның негiзi жаман. Ал сен оны әкеңнен бетер сыйлағың келедi. Бәлкiм, бұл ерте айырылған әкеңе деген сағынышың шығар. Бiрақ, менi қияс айтып тұр деме. Оған берген тамағыңды да қызғанып отырғаным жоқ. Құдайға шүкiр, тоқшылық заман ғой қазiр. Сенiң аңқылдаған ақ көңiлiңдi пайдаланып, бiрде болмаса бiрде орға итерiп кете ме деп қорқамын". Сонда ұлы көкшiл көздерiнен от шашып күлген. "Ай, апам-ай, қызықсың. Бұл кiсi кабинетiме екi күннiң бiрiнде "жиен, жиен" деп келiп тұрады. Әкемдей адам болған соң мен де "нағашы, нағашы" деймiн. Әзiл-қалжыңымыз да жарасады. Сондай адамнан мен қалай сырт айналамын".

Ұлы құлақ аспаған соң Әтиман амалсыздан басын шайқаған едi. "Әй, ақ жүрегiм-ай, түбiнде осыдан опық жеп жүрмесең еттi. Жаратқан ием сенi содан сақтасын!".

Тергеушiлер Әбдiманаповты қалалық Iшкi iстер бөлiмiнiң уақытша қамау орнына алып келдi. Олар көше бойынан екi адамды куәгер ретiнде шақырып, үстi басын тiнти бастады. Протезiнiң аяғына байланатын қайыс қабаттың арасынан қағазға оралған бас бармақтай затты шығарды.

Әбдiғали әрi таңырқап, әрi шошына қарады.

– Бұл не?

– Не екенiн қазiр көремiз.– Вотинов қағазды стол үстiне қойып, бүктеуiн жазды. Iшiндегi ақ ұнтақ екен.

– Бұл есiрткi.

– Менiң протезiме мұны кiм салған?

– Бiз салған адамды көргенiмiз жоқ. Ал сенiң протезiңнiң арасынан шыққанына мiне мыналар куә. Есiрткi сатумен айналысқансыз.

Әбдiманаповтың жандаусы шықты.

– Ей, сендер қайдағы есiрткi сатуды айтып тұрсыңдар? Жасым елуден асқанда, менi осындай бейбастақ iске барады деп отырсыңдар ма? Сендер мұны маған әдейi жасадыңдар. Болмаса, есiрткiңнiң түрiн көрiп тұрғаным осы.

Вотинов хаттама жазып, куәгерлерге қолдарын қойдырды да, рахметiн айтып есiктен шығарып жiбердi.

– Сөздi қойыңыз. Тәжiбаевтың арызын мойындаңыз. Мiне қағаз, мiне қалам. Оның параға берген ақшасын Мамыровтың қолына мына күнi, мына жерде табыс еттiм деп жазыңыз. Солай жазсаңыз бiз сiздi қазiр босатамыз. Ал бас тартсаңыз, сiздi ұзақ жылдарға түрмеге жабуға мынау есiрткi де жетедi.

Сол күнi олар Әбдiғали Әбдiманаповқа Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 143, 146 бабтарының 2 тармағы бойынша тергеу жұмыстарын жүргiзетiндерiн ресми түрде жариялады.

Жамандық хабардан жылдам не бар? Болған жаймен институт тез құлақтанды. Кездескен екеудiң сөздерi сол жайында. "Әбдiманаповтай адал жанды қамап қойғандары қалай?", "Ондай iскер деканды ендi қайдан табамыз?!", "Бұл барып тұрған қиянаттың өзi ғой!", "Мүгедек жанға мұндай ауыртпалықты көтеру ендi сiрә оңай болмас".

Көптiң iшiнен ала да, құла да кездеседi. Бiреулер iштей айызы қанып, табалап жатты. "Өзiне де сол керек. Студенттерге, "ана дәрiстi оқымадың, мына дәрiске дайындығың нашар болды" деп қақсай берушi едi. Адал боламын деп ақыры апанға түстiң бе? Ендi шығып көр!

Шалғайдағы Нарынқолдан Әбдiғалидың туыстары Рақымбердi Тәлiпов пен Әбен Ысқақов келген. Зияда Тәжiбаевтың туған қарындасын танушы едi. Соған телефон шалып, ағасымен кездестiруiн өтiндi. Ертеңiне Әтиман, Зияда, Рақымбердi, Әбен төртеуi Тәжiбаевпен қарындасының үйiнде кездестi. Рақымбердi сөз бастады. Салған жерден жағадан алмай, тамырын басып көрдi. Әуелi өздерi ауыл елдiң атынан келгендерiн, Әбдiғалидың жетiмдiк көрiп өскенi, ендi қолы аузына жеткенде жазықсыз жапа шегiп жатқанын айтты. Тәжiбаев мiз бағар емес. Күрең шайды сораптап iшiп, жайбарақат отыр. Әбен шыдай алмай төтесiнен тартты.

– Әбдiғалидың қамалуына сiздiң қатысыңыз бар деп естiдiк.

Тәжiбаевтың көздерi атыздай болып, байқаусызда шоқ басқандай баж ете қалды.

– Мен Әбдiғали жиенiме ешқандай жала жапқаным жоқ. Ол туралы жан адамға аузымды да ашқан емеспiн. "Мамыровты қорғаймын, институттың намысын қолдан бермеймiн" деп, өзi шамға ұрынған көбелектей елбектеп жүр.

Әлгiден әлiптiң артын бағып отырған Зияда ол дес бермей бара жатқан соң сөзге араласты.

– Аға, болған жайды ары-берi бұлталақтатып қайтесiз. Әбдiғалидың үстiнен арыз берген сiзсiз. Әйтпесе, Әбдiғалиды аудандық iшкi iстер бөлiмiне алып келiп, сол бойда сiзбен бетпе-бет кездестiрмес едi ғой. Ал мен сонда есiктiң сыртында тұр едiм. Сiздi өз көзiммен анық көрдiм. Әбдiғалиға қалай жала жапқаныңыздың бәрiн естiдiм.

Тәжiбаев жеп отырған тамағына шашалып қалды.

– А, а, – Көздерi жыпылықтап, сасып қалғаны соншалық, аузына сөз түссейшi.

Зияда сөзiн ширата бердi.

– Егер арыңыз таза болса, "Менiң Әбдiманаповқа артар кiнәм жоқ. Мен оған Мамыровқа алып барып бер деп, пара берген емеспiн" деп жазып берiңiз.

Рақымбердi мен Әбен де оны қоштады.

– Нұреке, солай деп жазып берiңiз. Сонда бiздiң сiзге деген көңiлiмiзде күдiк-кiрбiң қалмас.

Ол жылан көрген текедей оларға едiрейе қарады.

– Неге жазамын… Онда өзiм жауапқа тартыламын. Жоқ, жазбаймын!

– Аға, қазiр шындықтан бас тартқаныңызбен, сотта бәрi белгiлi болады. – Зияда оның жүзiнен көзiн тайдырған жоқ.– Әбдiғалидың бiр аяғы протез. Өзiңiздi құрақ ұшып сыйлап жүрген мүгедек жанға жала жауып, қаматуға қалай дәтiңiз барды? Үйде бұғанасы бекiп, буыны қатпаған төрт баласы мен қартайған мына анасы Әбдiғалиға қарап отыр ғой.

Тәжiбаев ашуға мiндi.

– Менiң Әбдiғалида шаруам жоқ. Ал Мамыровпен есеп айырысамын. Сөз осымен бiттi. – Орнынан жұлқына тұрды.

Бұрын ағалы-iнiдей сыйласып жүрген Тәжiбаев пен Мамыровтың арасынан қандай ала мысық өттi? Тәжiбаев институтқа кадр бөлiмiнiң бастығы қызметiне тұрысымен-ақ, Қожанова секiлдi тамыр-танысын тарта бастаса керек. Мамыров тыйым салмақ болып, бiрнеше рет ескерту жасайды. Ал анау тықпалағанын қоймайды. Шектен шығып кеткен соң Мамыров жанына батырып сөз айтқан. Тәжiбаевтың талағы тарс айырылды. "Қап, сенi ме?.. Ендiгi iсiм сенiмен болсын". Сол күннен бастап ол Мамыровтан қалай кек алу жолын қарастырып жүрдi. Меңдiбаевтың Мамыровқа қырын көз қарасы, институтты жаппай тексертуi мұндай жақсы болар ма. "Темiрдi қызған кезде соқ" деушi едi ғой. Қимылдап, шалып қалатын кез келдi. Ары ойлап, берi ойлап табан тiрегенi мынау болды. "Тутаеваны оқуға пара алып түсiрдi деп қалалық прокуратураға арыз берейiн. Сонда кiм арқылы?.. Айтпақшы, Аграрлық-экономикалық факультет деканы Әбдiманапов бар екен ғой. Мамыровпен жерлес. Иiнi жұмсақ, аңқылдақ жан. Тергеушiлер қысыңқырап жiберсе, көнбегенде қайда барады дейсiң. Iстiң қисыны мұндай оңынан келмес сiрә". Ол осы ойын жиенi Қожановамен ақылдаса отырып, жүзеге асырды. Әбдiманапов солай қосақ арасында қоса кеттi. Құрбандыққа осылай шалынды.

Олар пәтерге қас қарайған кезде оралды. Облыстың құрылыс жағында басшылық қызметте жүрген Мэлс Бұғыбаев бастаған үш-төрт кiсi күтiп отыр екен. Дастарқан жайылса да шайға ешқайсысының тәбетi тартпады. Бұғыбаев ұнжырғасы түсiп отырғандарға шола қарады.

– Әбдiғали кiсi өлтiрген жоқ, ағайын. Сондықтан ағайыннан безiне алмаймыз. Апталдай азаматтың басына жалалы iс түскен екен, бiз жанына жалау болайық. Оны тергеу орындарына берiп қойып, артында iздеушiсi жоқ жандай тағдырының илеуiне берiп, қаннен-қаперсiз отырғанымыз жараспас. Бiлiктi адвокат жалдап, қорғау жағын қарастырайық.

Стол басында отырған басқалары бас изедi.

– Қолымыздан келгенiн аянып қалмаспыз.– Олар түннiң бiр уағында тарады.

Зияданың ойын телефон шылдыры бөлiп жiбердi.

– Жеңгей, бүгiн iс-сапардан келiп, жағдайды естiдiм.– Қазақ ССР Телевизия және радио хабары жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң төрағасы Сағат Әшiмбаевты дауысынан таныды.

– Күтпеген жерден ағаң жалалы болып, есiмiздi жия алмай отырмыз. – Жанарына жас үйiрiлiп, қыстыға сөйледi.– Бiздiң телефон тыңдалады екен. Оны ағаңды аэропорттан ұстап кеткенде бiр-ақ бiлдiм.

Әшiмбаев оның сақтандыра сөйлеп отырғанын сездi.

– Жеңгей, пусть сволочей слушает! Мен Әбдiғали ағамның таза адам екенiн жақсы бiлемiн. Осындай қиын кезде неге отбасының жағдайын сұрауға қақым жоқ. Олар жүз жерден тыңдаса да ары таза ағамнан кiнәрат таба алмайды. Сiздiң де оған еш күмәнiңiз болмасын. Өйткенi жаладан басқа дәлелдерi жоқ. Мен қазiр сiздер жаққа барамын. Көше бойына шығып тұрыңыз. Кеңесiп алайық.

Сүт қайнатым уақыттан соң, Жандосов көшесiнiң бойына ақ "Волга" келiп тоқтады. Кабинадан Әшiмбаев түстi.

– Жеңгей, бағана республика Бас прокурорының орынбасарында болдым. Әбекеңнiң қырық жылдан берi комунисттiк партияға мүшелiгiн, институтта ондай бiлiктi маман ғалымның азын, суретi жылдар бойына "Құрмет тақтасынан" түспейтiнiн, адалдығына кепiлдiк беретiнiмдi айтып, сондай адамды сiздер ақтығына қарамай қаматып отырсыздар. Бұл қорлау, аппақ арына дақ түсiру дегенiмде жүзiн тайдыра бердi. Байқаймын, олар жоғарыға жалтақтайтын секiлдi. "Әбдiманаповтың ақ-қарасын сот қана анықтайды" деумен шектелдi. Жеңгей, өзiңiздiң және Әтима апайдың атынан барлық тиiстi орындарға шағымдана берiңiз. Бiрi болмаса, бiрi iстi әдiлдiк жағына қарай бұруға ықпалы тиер. Мен де қарап қалмаспын.

Әшiмбаев қоштасып жүрiп кеттi. Зияда үйiне қарай бұрылды. Ойына күнi кеше ғана институтта Әбдiғали арласып-құраласып жүрген кейбiр жандардың бүгiн сырт айналғаны оралды. "Кiмнiң кiм екенi осындайда көрiнедi екен-ау".

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Зақаш Камалиденов пен Алматы обкомының бiрiншi хатшысы өзара кеңесе отырып, Халық шаруашылығы институтына ректор болатын жанды республикадан тысқары жерден әкелудi ұйғарған. Украинаның Киев қаласынан В.Найденовты арнайы шақыртады. Ал институттың Аграрлық-экономикалық факультетiнiң деканы болып Ландишев тағайындалды. Нұрғали Мамыров институтта оқытушы болып қалу үшiн профессорлық конкурсқа түсуге өтiнiш бiлдiрген. Алайда, жаңа ректор В.Найденов мәселенi ашып айтады. "Конкурсқа сiздi жiбере алмаймыз. Жоғары жақтың сондай нұсқауы бар. Жұмысты басқа жақтан iздеңiз".

Ол Меңдiбаев тұрғанда өзiне институттар мен ғылыми мекемелердiң есiктерi жабық екнiн сезiп, шарасыздан Мәскеуге жол тартқан.

* * *

Әбдiманаповқа тергеу күндiз түнi жүргiзiлдi. Тергеушiлер кезектесiп жауап алады. Алғашқы екi түн ұйқысыз өттi. Олар параны Мамыровқа алып барып бергенiн мойындауын талап етедi. Әбдiманапов қалың ұйқы меңдеп, басы зiл тартып отырса да бастапқы жауабынан қайтқан жоқ.

– Мамыровқа жала жаба алмаймын. Маған өлтiрсеңдер де ар-ұятым қымбат.

Тергеушi Вотинов:

– Осылай қасарыса берсең, түрмеде шiрисiң.

Әбдiманапов:

– Бiздiң әдiл сот жазықсызды жазаламас.

Вотинов:

– Жоқ, бiз сенi қалай айыптаймыз, тағдырың солай шешiледi.

Түрме тәртiбiн бақылаушы ол жатқан камераға бейтаныс бүйрек бет бiреудi жайғастырды. Қолында тоқ қалтасы бар. Бiраз уақыт үн-түнсiз отырды да, аты-жөнiн айтып танысты.

– Түрмедегiнiң тағдыры бiр, бауырым. Кел, жүрек жалғап алайық. – Ол қалтаның аузын ашты. Iшiнен нан шұжық шығарды. – Көптен берi сылдыр су сорпадан жиренген де боларсың.

Әбдiманапов оның ылдым-жылдым түрiнен секем алып қалды.

– Асқа тәбетiм тартпай тұр. Iзетiңе рахмет!

Анау шұжық жеп отырып, өзiнiң бiр мекемеде бухгалтер болып iстегенiн, бастығының айтуымен бiраз ақшаны бөле жегенiн, көп бөлiгiн бастығы алғанын, әуелгiде оны тергеуден жасырып жүргенiн, содан абақты азабын көргенiн, кейiн "Ол бостандықта сайран салып мен неге сотталып кетуiм керек" деп ойланғанын тiлге тиек еттi.

– "Айран iшкен құтылып, түбiн жалаған тұтылады" демекшi шындықты айтпасам, жазаның бәрiн мен көтередi екенмiн. Ал айтсам, қылмысты ұйымдастырушы ретiнде жазаға сол тартылуы керек екен. Тергеушiлерге болған жайды түгел баяндап, хаттамаға қол қойдым. Азаптан көзiм ендi ғана ашылды. Тергеушiлер бiрер күннен соң үйге жiберетiн болды. Шiркiн, бостандықта жүргенге не жетсiн.

Әбдiманапов үнсiз тыңдады. "Е, е улитка деген көк езу сен екенсiң ғой".

– Маған негiзсiз жала жауып отыр. – Ары қарай сөйлескiсi келмеген сыңай танытып, тақыр төсекке терiс қарап жатып қалды.

Әбдiманаповтың пәтерiнен ет жақын ағайындары үзiлмедi. Бiрi келiп, бiрi кетiп жатты. Жезқазған облысындағы Жаңарқадан Зияданың ағасы Бүркiт екi өкпкесiн қолына алып жеткен. Олар ақылдасып, қалалық, облыстық, республикалық заң орындарына шағым хаттар жолдаумен болды. Бiрақ олардан жауап жоқ.

Зияда Төкенқызын тергеушiлер Құралов пен Вотинов бiрнеше рет жауап алуға шақырған. Алғашқысында бiр бөлмеге күнi бойына қамап қойды да. Вотинов: "Күйеуiңнiң Тәжiбаевтан пара алғанын мойында" дейдi. Төкенқызы: "Ол Әбдiғалиға жала жауып отыр" деп бас тартты. Бiр жолы Құралов әдеттегiдей сұрақтарын қайталап, жүйкесiне тағы тидi.

– Сiздiң бұл сұрақтарыңызға бұдан бұрын бiрнеше рет жауап бергенмiн. Ендi езе бергеннен майы шығады дейсiз бе? Бар бiлетiнiм Әбдiғалидың жаны қандай таза болса, қолы да сондай таза.

Құралов миығынан мырс еттi.

– Сiз күйеуiңiздi жақсы бiлмейдi екенсiз. Әбдiманапов сiздi осы уақытқа дейiн алдап келген. Қиғаш жүрiсi көп.

– Бұл сөзiңiздi қалай түсiнуге болады?

– Институтта небiр сұлу әйелдер қызмет етедi. Солардың бiрi Әбдiманаповтың ашынасы болып шықты. Қасы керiлген, тана көздерi сүзiлген, әй бiр керiм әйел. Сол әйел бiзге онымен қалай жүргенiн, қайда қыдырғанын айтып бергенде, күйеуiңiздiң пысықтығына таң қалып, жағамызды ұстадық. Қолынан бәрi келедi екен. Ал сiз Әбдiғали адал адам деп ай қарап отырсыз.

Зияда iле жауап қайырды.

– Әйелдер өте нәзiк жандар. Олар кез келгенге ұрына бермейдi. Тек ер-азаматқа лайықты жандарды ғана сүйедi. Әбдiғалиды жалғыз мен ғана емес, басқа әйелдер де сол қасиетiн бағалап сүйiп жатса, мен оған қуанамын.

Құралов езуiн тез жиып алды.

– Бүгiнге осы да жетер. Боссыз.

Зияда орнынан көтерiле қойған жоқ.

– Әбдiғалиды қамақта ұстағандарыңызға бiр айдан асты. Мен онымен көзбе-көз кездесiп, жағдайын бiлуiм керек қой.

– Қазiр тергеу жүрiп жатыр. Сондықтан кездестiре алмаймыз. Бұл күйеуiңiзге де байланысты. Бүгiн Тәжiбаевтың арызын мақұлдаса, ертең-ақ үйiне босатамыз.

1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң кезектен тыс пленумы болып, Геннадий Колбин Бiрiншi хатшы болып сайланды. Ал 17 күнi жастардың наразылық ереуiлi басталды да, кешке қарай жағдай насырға шауып, көтерiлiске ұласты. Көтерiлiс 18 желтоқсан күнi түнде әскери күшпен басылды. Қала абақтылары қолға түскен студенттер мен жұмысшы жастарға толған. Сейфуллин көшесiндегi Әбдiманапов жатқан түрменiң тар камерасына 30-40 студентен топырлатып қамады. Тiзе бүгер бос орын да жоқ. Солдаттардың соққысынан жан дауысы шығып жатқандар қаншама. Айқай-шу таң ата ғана саябыр тапты. Олардың арасында Халық шаруашылығы институтының студенттерi де бар екен. Қарсы беттегi ашық тұрған есiктен бiр студент Әбдiманаповты тани кеттi.

– Әбдiғали ағай, сiз осында екенсiз ғой. Бiз қайта құру, жариялылық саясатына сенiп, алаңға шықтық. Онда сiз басқарған факультеттен де өте көп студенттер болды. Олардың қолындағы ақ плакатта сiздi түрмеден босатуды талап еткен жазу да бар едi. Бiз елiмiздi жергiлiктi ұлт өкiлi басқарсын деген талап қойдық. Бiз сол талабымызға да кiнәлiмiз бе?

– Шырағым, мен қазiр сыртқы дүниеден мүлдем бейхабармын. Не газет оқып, не радио тыңдап жатқаным жоқ. Мына дүрмек басылған соң сендердi босататын шығар.

Көтерiлiстен соң iле Алматы қаласының Iшкi iстер бөлiмдерi мен Мемлекеттiк қауыпсiздiк комитетiнiң (МҚК) қызметкерлерi алаңға шыққан студенттердiң фотосуреттерi бойынша жаппай iздестiру жұмыстарын жүргiздi. Олар Халық шаруашылыға институтының Аграрлық-экономикалық факультетi студенттерiнiң бiразын қолға түсiрдi. Солардың бiрi – 3-курста оқитын Ералы Рахимов.

Тергеушi:

– Қай облыста туып өстiң?

– Алматы облысы, Шелек ауданынанмын.

– Әбдiғали Әбдiманаповты бiлесiң бе?

– Бiлемiн. Бiздiң факультеттiң деканы.

– Ол сендерге дәрiс оқығанда ұлт мәселесi жөнiнде не айтушы едi?

– Өз пәнi бойынша оқитын.

– Бiзде ол студенттердi ұлтшылдыққа тәрбиелеп жүр деген ақпарат бар.

– Әбдiманапов ұлтшыл емес. Ауылдан келген көп студенттер орысшаға шорқақ. Сондықтан ол кiсi соларға түсiнiктi болсын деп көбiне дәрiсiн қазақша жүргiзедi. Кейде: "Оқулықтарды қазақ тiлiнде жазбасақ болмас" деп отыратын.

– Сендер алаңға "Ландишева заберите, Абдиманапова верните!" деп жазылған плакат алып шықтыңдар. Оны институттың бас корпусына да iлiп қойғансыңдар. Соны ұйымдастырған кiм?

– Студенттер ол кiсiнi жақсы көредi. Ұйымдастырушыны бiлмеймiн.

– Сенi институтқа Әбдiманапов пара алып түсiрдi ме?

– Мен өз бiлiмiммен түстiм.

– Жоқ, сенi Әбдiманапов жерлес ретiнде пара алып түсiрдi. Мына ақ қағазға солай деп жаз. Сонда ғана бiз сенi жатақханаңа қайтарамыз. Ал жазбасаң, әлгi плакатты ұйымдастырған сен болып шығасың.

– Әбдiманаповқа ондай жала жаба алмаймын.

Тергеушi қолына кiсен салып, жылу жүйесiне бекiттi.

– Ойлан, студент. Саған ойлануға көп уақыт беремiн. – Ол бөлменiң есiгiн сыртынан жапты.

Рахимов тас еденге бiресе шөкелеп, бiресе жүрелеп, бiресе бойын жаза алмай сұрау белгiсiндей иiлiп тұрды. Аяқтары талып, белi қақсады. Есiктi ұрайын десе қолындағы кiсен жiбермейдi. Қолын тарта-тарта бiлегi қанталап, ауырғаны соншалық қозғаудан қалды. Айқайлаумен дауысы да қарлықты. Ал тергеушi он екi сағаттан соң келдi. Рахимовтың байлаулы қолы көтерiлiп, тас еденде бiр қырын ұзынынан сұлап жатыр екен. Бетiне мұздай су шашып, есiн жиғызды.

Тергеушi Құралов:

– Рахимов, ойландың ба? Басыңа ақылың кiрген шығар. Мә, қалам мен қағаз. – Стол үстiне ақ парақ пен қалам қойды.– Жаз.

Ол басын шайқады.

Ашу қысқан тергеушi орнынан атып тұрып, тепкiнiң астына алды. Оның бет-аузын, күллi денесiн қан жуып кеттi. Үстiндегi пиджагы мен көйлегiнiң дал-далы шықты. Көз алдында дүние шыр айналып, лезде қара түнек басты. Арғысы есiнде жоқ. Әлдекiмнiң бетiнен ұрғылап: "Есiңдi жи! Тұр!" деген өктем үнiн есiтiп, көзiн ашты. Қолын кiсеннен босатып, стол жанындағы орындыққа арқасын қабырғаға сүйеп отырғызып қойыпты.

Жуан бақылаушы стол үстiне қалайы ыдысқа құйылған сорпа мен бiр тiлiк нан қойды. Ол дүрдиiп iсiнген ерiндерiн ауырсына әзер ашып, қасықпен зорға ұрттады. Жан шақырып отырғанда Құралов iшке ердi. Сол сұрақ, сол жауап.

– Жарайды, сенi әзiрге босатамын. Бiрақ кез келген уақытта шақыртамыз.

Ол сүйретiлiп, сыртқа шықты. Түннiң бiраз уағы болған екен. Дымқыл аяздан тұла бойы тiтiркендi. Күртесiн қымтанып, мойынорағышымен бетiн жартылай жауып, аялдамаға қарай аяңдады.

Тергеушiлер сол факультеттiң студенттерi Нүсiпхан Жазықбеков пен Азат Уақбаевты да солай азаптаған. Соның салдарынан екеуiнiң де өмiрлерi қысқа болды.

Әбдiманаповты үстi жабық автомашинамен орталық түрмеден Виноградов көшесiнiң бойындағы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң үйiне алып келдi. Үйдiң астыңғы қабатындағы тергеу бөлмесiне кiргiзген. Сұр түстi, бұжыр сылақты қабырғалары бiтеу. Төбеде жалғыз шам жанып тұр. Ауыр темiр есiк сықырлай ашылып, iшке ұзын бойлы, ат жақты бiреу кiрдi. Ол шағын стол жанындағы орындыққа жайғасып, пәпкiсiнен iс қағаздарын шығарды. Содан соң өзiн "СССР Бас прокуратурасы Аса маңызды қылмыстық iстер жөнiндегi бөлiм бастығы Владимир Иванович Калиниченко" деп таныстырды. Әбдiманаповтың iсiн мұқият қараған екен. Бiрден iске кiрiстi.

– Әбдiманапов, 17-18 декабрь күндерi сiз басқарған факультет студенттерiн алаңға шығарған кiмдер деп ойлайсыз?

– Владимир Иванович, мен мұнда 15 ноябрьден берi жатырмын. Сыртқы әлеммен еш байланысым жоқ.

– Ал бiз бiлемiз. Сiз студенттердi ұлтшылдық бағытта тәрбиелегенсiз. Сөз жоқ, бұл соның салдары.

– Кешiрiңiз, мен оларды адалдыққа, терең бiлiм алуға тәрбиеледiм.

– Сiз басқарған факультет студенттерi алаңға "Ландышева заберите, Абдиманапова верните!" деп жазылған плакат ұстап шыққан. Тап осындай плакатты олар институттың бас корпусына iлiп қойған. Мұны қалай түсiнуге болады?

– Бұл олардың ұстазына деген жәй құрметi болар.

– Неге Аграрлық-экономикалық факультеттегi студент қазақ жастарының көрсеткiш саны 97 пайызға жеткен?

– Бұл факультет негiзiнен мамандарды ауылдық жерлерге дайындайды. Сондықтан болар өзге ұлт өкiлдерiнiң талапкерлерi құжаттарын өте аз тапсырады. Оны сол жылдары құжат тапсырғандар тiркелген журналдан да көрiп, көз жеткiзе аласыз.

– Дегенмен қайталап айтамын. Сiз жастарды ұлтшылдыққа тәрбиелегенсiз. Бiзде ондай мәлiмет бар.

– Мен коммуниспiн. Оларды коммунистiк тұрғыда тәрбиеледiм.

– Сiздiң алдыңызда бостандыққа шығудың бiр-ақ жолы тұр. Осындағы тергеушiлердiң дегенiне көнiп, Мамыровқа пара беруге септескенiңiздi мойындау.

– Маған ешкiм, "Мамыровқа алып барып бер" деп пара берген емес. Бұл – жала.

– Егер бұл ұсыныстан бас тартсаңыз, 9 жылға бас бостандығыңыздан айырыласыз. Өзiңiз мүгедексiз. Түрме сiзге Кисловодскiнiң шипажайы емес. Тоғыз жылдан соң денсаулығыңыздың қандай күйде болатынын ойланғаныңыз абзал.– Пәпкiден ақ қағаз алды. – Ақшаны Тәжiбаевтан алып, Мамыровқа қалай және қандай жағдайда бергенiңiздi жазыңыз. Осы айтқанымды орындасаңыз түрмеден қазiр шығарамын. Бостандыққа шығып, адам сияқты өмiр сүрiңiз. Бала-шағаңызды да сағынған боларсыз.

– Кешiрiңiз, бiреуге жазықсыз жала жабуға арым бармайды.

– Әбдiманапов, бекер келiспей отырсың. Бiз бәрiбiр сенi мойындатамыз. Кейiн өкiнiп жүрме.

– Владимир Иванович, егер қазiр сiздердiң ықпалдарыңызбен жазықсызға жала жапсым, кейiн маған нағыз өкiнiш сол болады.

"… Сол күнi менi алдын ала тергеу камерасына қамады. Содан соң Алматы қалалық iшкi iстер бөлiмiнiң уақытша оқшаулайтын изоляторында 45 тәулiк бойы жаттым. Осы жерде мен денсаулығымды мүлдем жоғалттым. Жүйкем де әбден тозды. 1986 жылы 30 декабрьде менi өлiмше халде Қазақ ССР Мемлекеттiк қауыпсiздiк комитетiнiң тергеу абақтысына жапты. Менiң тергеушiлерiм Вотинов, Шалкенов, Құраловқа ендi МҚК-нiң жауапты қызметкерлерi Айтқұлов пен Аристов қосылып, бiр бригаданы құрады. Бұлар менi кезекпе-кезек, кейде топтасып тергедi. Мен жас емеспiн. Қылмыскер де, парақор да емеспiн. Алайда олар маған тергеу заңынан тыс барлық әдiс-тәсiлдерiн қолданып бақты. Қылмысым болмаса да қолдан ұйымдастырылған жасанды қылмысты мойныма қиып салды". (Әбдiғани Әбдiманаповтың Алматы Қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы В.И.Романовқа жазған шағым хатынан. 1988 жыл, 8 июль).

Әбдiманаповқа тергеу мұнда да тәулiк бойына жүргiзiлдi. Бес тергеушi кезектесiп келiп, ол ести-ести әбден жауыр болған сұрақтарын қойып, жүйкесiн жұқартумен болды. Айтқандарына көнiп, айдауларымен жүрмеген соң заңсыз тәсiлдерге көштi. Бiрде түрме бақылаушысы бет аузы мен кеудесiн тұтаса түк басқан, ұсқынынан адам шошитын, жал тұмсықты, түйедей кавказдық бiреудi ол жатқан камераға жайғастырды. Ол салған жерден Әбдiманаповтың протезiнен теуiп жiберiп, дүрсе қоя бердi.

– Ей, ақсақ, тергеушiлердiң айтқанына неге көнбей жүрсiң?– Дарылдаған дауысы камера iшiн жаңғыртып, құлақ тұндырды.

Әбдiманапов тыңдағысы келмеп едi, анау жағасынан ұстап, отырған орнынан жұлып алды.

– Мен кiмге айтып тұрмын? – Жалпақ бетi жыбырлап, ағы қанталаған көздерi ызғар шашты.

– Олардiкi жала.

– Сен не, мына ақсақ аяғыңмен шындыққа жетемiн деп отырсың ба?– Итерiп жiбергенде төсекке сылқ етiп, басы қабырғаға қатты соғылды.

– Сенiңше жазықсызға жала жауып, жер басып жүруiм керек пе?

– Қасарыспай ертең бәрiн де мойында.

– Сенен қорқып мойындай алмаймын.

– Өй, қыңыр неме, мен қазiр сенi ұрып өлтiрейiн. – Күрзiдей жуан жұдырығын ала тұра ұмтылды. Әбдiғали жойқын соққыдан еденге етпеттей құлады. Жындысүрейдiң қағынып алғаны сонша, ол жығылып жатса да, тоқтар түрi жоқ. Тепкiнiң астына алды.

– Қане, айт! Мойындайсың ба, жоқ па?

– Жоқ!

– Мә, ендеше сазайыңды тарт – Өзi әбден шаршап-шалдыққанша ұрып-соқты.

Ертеңiне рецидивистi басқа камераға ауыстырды. Әбдiманапов көкала қойдай болған денесiн төсектен әзер көтердi. Орнынан сәл қозғалса, тұла бойы зар қақсайды.

Тергеу бөлмесiнде күтiп отырған Вотинов ол кiрген кезде сойған түлкiдей ыржиды.

– Әбдiманапов, жақсы жатып, жайлы тұрдың ба?

– Иә, сендердiң "қамқорлықтарыңның" арқасында ұйқыны қандырып жатырмын.

– Ендi мойындайтын шығарсың. Жоқ, әлде осы көрген құқайларың аз болып тұр ма?

– Бiздiң қазақта: "Жаным – арымның садақасы" деген ұлағатты сөз бар. Ар-ұятым үшiн бәрiне де төземiн.

– Сен әлi-ақ мойындайтын боласың. – Вотинов кекесiн кейiппен мырс еттi. Бақылаушыны шақырып, иегiмен оны алып кет дегендей меңзедi…

(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары