ЖЕТIНШI САММИТТIҢ ЖЕЛI ОҢЫНАН ТҰРДЫ

ЖЕТIНШI САММИТТIҢ ЖЕЛI ОҢЫНАН ТҰРДЫ

ЖЕТIНШI САММИТТIҢ ЖЕЛI ОҢЫНАН ТҰРДЫ
ашық дереккөзі
155

ЕҚЫҰ жаңа өзгерiске дайын

Еуропадағы ынтымақтастық және қауiпсiздiк ұйымының Жетiншi Саммитi Қазақстан Президентi Нұрcұлтан Назарбаевтың сөзiмен ашылды. Елбасы 56 мемлекет, 11 халықаралық ұйымның мәртебелi өкiлдерi бас қосқан салиқалы жиында өз сөзiн қазақша бастап, қазақша тәмамдады. Осының өзi Саммиттiң қожасы Қазақ елi екенiн айбындатқандай әсер еттi.

"Тәуелсiздiгiн таяуда алған мемлекеттердiң iшiнде Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырып отыр" дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Бiр кезде Хельсинки процесi "Атлантикадан – Оралға" дейiнгi кеңiстiктi қамтыса, одан соң "Ванкуверден – Владивостокқа дейiн" мәнiн өзгерттi. Ал Қазақстан Президентi ЕҚЫҰ мүшелерiне жаңа бағытты – "Мұхиттан – мұхитқа дейiнгi" үшiншi сатыны нұсқады. Бұл төрт мұхит шекарасында: Атлант мұхитынан – Тынық мұхитына дейiн, Солтүстiк мұзды мұхитынан – Үндi мұхитына дейiнгi кеңiстiкте ортақ қауiпсiздiк қауымдастығын қалыптастыру идеясы.

Астана Саммитi Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңiстiкте ортақ әрi бөлiнбейтiн қауiпсiздiк қауымдастығының негiзiн қалады.

Қазақстан Президентi ЕҚЫҰ әрiптестерiн Ядролық қарусыз әлем туралы жалпыұлттық ортақ декларация қабылдауға үндедi.

Елбасы "2011 жылдағы Ислам конференциясына төрағалықты Еуразияның барлық кеңiстiгiнде сенiмдi нығайтуға пайдалануға ниеттiмiз" дедi.

"Бiз Ұйымды дағдарыстан алып шығуды өзiмiзге мiндет етiп таңдадық. Бiздiң талпынысымызға әрiптестер лайықты баға бередi деп үмiттенемiн. Ұйымды жаңғырту процесi – бәрiмiзге ортақ, жүзеге асуы ұзаққа созылатын мiндет. Ендi болашақта ЕҚЫҰ төрағалық ететiн барлық мемлекеттердi белсендiлiктi азайтпауға шақырамын" дедi Президент.

Қазақстан Президентi Ұйымды жаңғырту үшiн ЕҚЫҰ себеттерi мен институттар санын арттыруды ұсынды.

Бiрiншiден, ЕҚЫҰ аясында қаржылық-экономикалық қауiпсiздiктi бөлек себет түрiнде қабылдау.

Осы орайда, Елбасы әлемдiк жаңа валюта қабылдау керектiгiн еске салды. Маастрихт стратегиясын "Маастрихт-плюс" құжатымен толықтыру керектiгi бұрын да айтылып жүр. Нұрсұлтан Назарбаев Жетiншi Саммитте мұны қадап айтты.

Одан соң Қазақстан Президентi ЕҚЫҰ Экологиялық форумын құруды ұсынды. Мұндай форум Арал теңiзi, Семей полигоны зардаптарын жоюға ықпал етер едi.

Ауыз су тапшылығына ұшыраған мемлекеттер үшiн "Су және құқық" бағдарламасын қабылдау қажет.

Екiншiден, қару-жарақты таратпау мақсатындағы iс-шараларды жалғастыру үшiн ЕҚЫҰ арнайы форумын құру туралы ұсыныс жасалды.

Үшiншiден, конфессияаралық төзiмдiлiктi бөлек себет ретiнде қалыптастыруды ұсынды. Дiнаралық диалог жасауға Елбасы Астанада үш рет өткiзiлген Әлемдiк және дәстүрлi дiндер құрылтайының алаңқайын ұсынды. Сондай-ақ "Жаңа онжылдықта төзiмдiлiкке қарай" атты жаңа құжатты қабылдау керектiгiн де айтып өттi.

Төртiншiден, түрлi қауiптердi болжау жұмысын бөлек себеп аясында жолға қою қажет деп есептеймiн дедi Н.Назабаев. Астанада орналасатын ЕҚЫҰ қауiпсiздiк институтын құруға болады.

Бесiншiден, өзара сенiм мен түсiнiстiктi арттыру ұйым жұмысының нәтижелiлiгiн арттырар едi. Бұл ұсыныстарды Корфу процесi аясында талқылауға ұсынамыз".

"Бүгiн Еуразияның жүрегiнде, байырғы қазақ жерiнде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы басталды. Саммитке ұсынылып отырған Астана декларациясы мен iс-жоспарының жобалары Ұйымның барлық мүшелерi тарапынан қолдау табады деп сенемiн. Бұл бiздiң халықтарымыздың қауiпсiздiгi мен гүлдену iсiне қосылған үлкен үлес болар едi. Алып Еуразия құрлығын сенiм, дәстүр, ашықтық және төзiмдiлiк сынды жалпы құндылықтарға негiзделген ортақ кеңiстiкке айналдыру өз қолымызда. Бiздiң саммиттiң тарихи маңызы мен атқарар жүгi де осында деп бiлемiн" деп аяқтады сөзiн Президент.

Бұдан соң сөз сөйлеген ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы, ҚР Мемлекеттiк хатшысы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев жыл басынан берi Қазақстан тарапынан атқарылған шараларды атап өтiп, келесi жылы төрағалық тiзiгiн алатын Литва республикасы басшылығына сәттiлiк тiледi.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун биылғы жылы Арал теңiзi мен Семей полигоны орнына барған сапарын еске алды. Бас хатшы "Семей – үмiт символы" деп те тебiрендi. Ең бастысы, БҰҰ ХХI ғасырдағы қауiптермен ЕҚЫҰ, т.б. халықарлық ұйымдар Еуроодақ, Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм шарт ұйымдарын тiзе бiрiктiре әрекет етуге шақырды. Пан Ги Мун мұндай әрiптестiктiң жемiстi нәтижесiн Қырғызстандағы саяси дағдарыс – төңкерiс кезiнде байқағанын алға тартты.

ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблея президентi Петрос Эфтими Саммит делегаттарының алдына Гамлеттiң атышулы "to be or not to be?" сұрағын қойды да, "дегенмен қазiргi таңда ұйым алдында "Қандай болу" сұрағы тұр" деп жауап берiп те үлгердi.

Ал ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо әрiптестерiн қамшыламақ болған сияқты. "ЕҚЫҰ сiздер қаншалықты қаласаңыздар, соншалықты тиiмдi әрi күштi" дедi ол. Сөзiн ағылшынша бастаған Бришамбо одан кейiн сөздерiн орысша сабақтады да, сөз соңында "Улкен рахметь" деп қазақша аяқтады. Қазақстанда болған санаулы күндерде екi ауыз қазақша үйренгенiне шүкiрлiк делiк. Дегенмен….

Астана саммитiне Ресей-Грузия арасындағы салқындық кесiрiн тигiзе ме деген қауып айтылған едi. Мұндай ой Бришамбоның өзiнде де болған. Айтса айтқандай, Ресей преизидентi Медведев Грузия атына ауыр-ауыр сөздерiн айтып салды. "Грузияның 2008 жылы күш қолдануға талпыныс жасауы жол берiлмейтiн жағдай" дедi Медведев. Бұны Грузия жағының жауапсыз қалдыруы екiталай.

Осы орайда, Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң Еуропадағы қауiпсiздiкке қатысты жаңа келiсiмшарт қабылдау жөнiндегi ұсынысын Нұрсұлтан Назарбаев тағы да еске салып, қолдау бiлдiрдi. Медведевтiң өзiнiң айтуынша, бұл мәселенiң талқыға түскенiне 2 жарым жыл болған. Дегенмен де, Ресей басшысы бұл ұсыныстың жерде қалмайтындығына сенiмдi.

Саммиттiң алғашқы күнi сөз сөйлеген ел басшылары ЕҚЫҰ-ның қайталанбас құрылым оның әлi де қабiлеттi екенiн баса айтты. Ең бастысы, олардың әрқайсысы өзгерiске дайын екендiктерiн байқатты. Ендеше, Астана лебiнiң желi оңынан тұрды деген сөз.

Қазақстанның ұйымды жаңғыртуға деген еңбегi желге ұшпағаны да. Астана лебi сезiле бастады!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары