БАУЫРЖАН ҚОЛДАҒАН БАТЫР

БАУЫРЖАН ҚОЛДАҒАН БАТЫР

БАУЫРЖАН ҚОЛДАҒАН БАТЫР
ашық дереккөзі
211

Мәлiк Ғабдуллиннiң туғанына – 95 жыл

1942 жылдың басында Бауыржан Момышұлы басқарған полкке стратегиялық маңызы бар Тимаково қыстағын жаудан босатуды тапсырады. Бұл өзi тоғыз жолдың торабына орналасқан, жау әскерлерiн оқ-дәрi, қару-жарақ, азық-түлiкпен қамтамасыз етiп тұрған жаудың маңызды объектiсi екен. Қалайда бұл қыстақты жау қолынан тартып алса, онда немiс әскерлерiнiң бiрталай шығынға ұшырап, әлсiрейтiнiн ескерген армия қолбасшысы қызу әрекетке көшедi.

Қаңтардың қақаған қысында жау тылына екi жүз шақырымға дейiн дендей енген Баукең бастаған полк межелi жерге келiп жеткенде тапсырманың оңай орындалмасына көздерi жетiп, алдын ала дайындап келген жоспарларына көптеген өзгерiстер жасайды. Өйткенi жалғыз Тимаково емес, бiрiне-бiрi өте жақын орналасқан Бородино, Накимовка секiлдi алты қыстақ екен. Жалғыз Тимаковоны жаудан азат етсе, қалған бес қыстаққа мықтап бекiнген жау таң ата жан-жақтан қоршап, Тимоковоны қайтадан тартып алатынын алдын ала ескерiп, неде болса тәуекелге бел байлап, алты қыстақты бiрдей алуға бекiнедi. Өйтпесе еңбектерi еш кетiп, Тимаководан да, әскерден де ажырап қалу қаупi бар болатын.

Полк деген аты болмаса, алғашқы шайқастарда селдiреп, қарамағында небәрi екi ғана батальондай жауынгерлермен тәуекел етiп, алты қыстаққа бiрдей шабуыл жасауды ұйғарған Баукең тапсырманы орындауға кiрiседi. Бұл жақтан қауiп төнбей қаннен-қаперсiз жатқан жау әскерi түннiң тыныштығын бұзып, дарылдай жөнелген пулеметтiң үнiнен сескенiп, әрi қоршауда қалып қоямыз ба деп үрейленiп, тым-тырақай бет-бетiмен қаша жөнеледi. "Ә" дегенде қыстақты оңай алғанымен есiн жинап, күшiн топтастырып алған жау әскерi таңсәрiден бастап, кешке күн батқанша үстi-үстiне шабуылға шығып, ажырап қалған қыстақтарды қайтарып алуға көп әрекет жасайды. Сол күнгi жаудың соңғы шабуылы қарқынды болып, полктi бекiнген жерiнен керi шегiндiре бастаған кезде, оң қанаттан жиырма шақты автоматшылар шыға келiп, тұтқиылдан жауға атойлап соққы берiп, жау шабуылының тылынан күйрете шабуыл жасай бастаған кезде сол қанаттан автоматтан оқ жаудырып, дүрсе қоя берген он шақты жауынгердi Баукеңнiң көзi шалып қалады. Жау жағы тұтқиылдан жасалған шабуылға төтеп бере алмай көптеген өлiктерiн қалдырып, керi шегiнедi. “Жауға тұтқиылдан шабуылды ұйымдастырған көзсiз батырлар кiмдер?” деп сұраған Баукеңе полктiң комиссары Жалмұхамед оң жақтан автоматшыларды басқарып, шабуылға шыққан Мәлiк Ғабдуллин, сол жақ қанаттағы шабуылды ұйымдастырған Төлеген Тоқтаров екенiн бiлгеннен кейiн екеуiне де сол күнi Кеңес Одағының батырлығына ұсынған хаттаманы дивизияның командирi, генерал Чистяковтың қолына тапсырады.

Өкiнiшке қарай, бұл ұсыныс жоғары жақтан қолдау таппай қалып, орындалмайды. Арада бiраз уақыт өткеннен кейiн Баукең басқарған полктi жоғары қолбасшының арнайы тапсыруымен келген комиссия тексеруге алады. Полктi егжей-тегжейлi тексерiп шыққаннан кейiн, ешқандай кемшiлiк таппаған соң, тексеру комиссиясының төрағасы Баукеңе риза болып, "Не тiлегiң бар, орындайын", – деген кезде алдын ала қайтадан Мәлiк Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровты Кеңес Одағының батырлығына ұсынған хаттаманы қолына ұсынады.

– Мұның не?

– Бұл менiң екi батыр жауынгерiмдi Кеңес Одағының батырлығына ұсынған хаттамам, – дейдi Баукең.

– Бұл менiң қолымнан келмейдi ғой. Бiрақ, мен Мәскеуге аман-есен жетсем тиiстi жерге тапсырамын. Ал, сенiң алғашқы ұсыныстарың Мәскеуге жетпей қалған шығар. Соғыс кезi ғой, бiр бомбаның астында қалып қойған шығар. Ол жағын Құдай бiледi. Ал, мен мына тапсырмаңды апарып, тиiстi орындарға тапсырамын, – деп алып кетедi.

Бiраз уақыт өткеннен кейiн газет беттерiнде Мәлiк Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровты Кеңес Одағының батыры деген құрметтi атақ берiлгендiгi жөнiнде СССР Жоғары Советi Президиуымының указы жарияланады.

Осы әңгiме жайлы бiзге жылдың басында Мәскеуде өткен Б. Момышұлының "Легендарный батыр" деген кiтабының тұсаукесерiне барғанымызда мәскеулiк тұрғын, iшкi iстер әскерiнiң полковнигi, қандас бауырымыз Хайдар ақсақал айтып берген болатын. Бұл әңгiменiң желiсi Баукеңнiң жазбаларында да бар. Мен ол жөнiнде Хайдар ақсақалға айтқанымда, ол кiсi қуанғанынан көзiне жас алып, көңiлi босап, қуанышын жасыра алмады. Айтуына қарағанда, өзiнiң туған жерi – Өскемен қаласы екен. Елдi сағынғанда Бородино қыстағына барып, Төлеген Тоқтаровтың бейiтiнiң басында құран оқып тұратын көрiнедi. Иә, Мәлiк пен Төлегеннiң батыр атағын алуына Баукеңнiң тiкелей әсер етiп, указ шыққаннан кейiн екеуiнiң туыстарына "Ер еңбегi еш кетпейдi. Ел ерiн бағалады. Мәлiкке Кеңестер Одағының батыры деген ардақты атақты берiп отыр. Бұған сiздермен бiрге бiз де қуанамыз… Мәлiк сынды халық батырын тәрбиелеп, өсiрген сiздердей ата-анаға мың рахмет!" деген құттықтау хатын сонау майданнан жолдап, олардың қуанышын бiрге бөлiседi.

Бұған жауап ретiнде Мәлiк Ғабдуллин: "Маған награданы майданда жүргенде Пуркаев тапсырды. Бұл атаққа ие болуда менiң қызметiм аз. Қызмет те, еңбек те сiздiкi" деп 1943 жылдың ақпанында Баукеңе хат жазып, ағынан жарылады. Егер Баукең айтқандай, архив пен Құдайға сенетiн болсақ, архивтен алынған тарихи деректер нағыз шынайы болып шығады. Жоғарыдағы деректердiң барлығы дерлiк архивтiң деректерi.

Республикалық орталық мұрағатында Баукең мен Мәлiктiң арасында жазылған хаттар жүзден асып жығылады екен. Бiз оның отыздан астамын iрiктеп алып, ең маңызды дегендерiн жарияладық. Мәлiк Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры деген белгiсiн үнемi тағып жүрмеген көрiнедi. Оның "Қалай батыр болдыңыз?" деген сауалға, "Батыр мен емес, батыр – Бауыржан Момышұлы. Бұл "Алтын жұлдызды" Баукеңнiң көзiнше тағып жүруге ұяламын" деген сөзiн бiраз достары естiген көрiнедi. Қала бердi жоғарыдағы Мәлiктiң Баукеңе жазған хатынан осы сөздi айқын аңғаруға болады.

Алғашқыда екеуi бiр полктiң екi батальонында, кейiннен екеуi бiр полкта, 1942-43 жылдары бiр дивизияның екi полкында қатар соғыса жүрiп, бiр-бiрiне хат арқылы байланысып тұрған. Амандық-саулықтан кейiн сол тұстағы қазақ әдебиетiнiң келелi мәселелерiн, қазақ тiлiнiң проблемалары төңiрегiнде кәдiмгiдей соны пiкiрлер айтып, проблемалар қозғайды. Соғыс аяқталғанда Баукең Мәскеуде академияда қалып, Мәлiк ағамыз елге оралып, қызметке орналасқаннан кейiн аралары бiраз уақытқа ажырап, тек хатпен хабарласып отырады. 1944 жылы Мәлiк Ғабдуллиннiң Мәскеу баспасынан "Орыс еместер арасындағы тәрбие жұмысы" деген шағын кiтабы жарық көрiп, ол қуанышын ағамыз Баукеңмен хат арқылы бөлiседi.

1955 жылы Баукең зейнетке шыққаннан кейiн бiржола жазушылыққа бет бұрды. Сол тұста Мәлiкке "Мәскеу түбiндегi сұрапыл соғысты еске алып, бiр көркем шығарма жазбақшымын. Соған байланысты Мәскеуге барып, деректер жинап қайтпақшымын. Сенде деректер болса маған берерсiң. Мүмкiн жақсы шығарма болып қалар" дегендi айтқан кезде Мәлiк ағамыз қуанғанын жасыра алмай: " Шұғыл түрде жолға шығыңыз. Мәскеуден ғана қайтпай, Ригаға дейiн барып қайтыңыз. Өзiңiзге қажеттi деген станцияларға жол-жөнекей бiр-екi күн аялдаңыз. Сiз сөзсiз қызықты деректердi жинап қайтасыз. Шығарма жазу сiздiң қолыңыздан келедi. Оған менiң сенiмiм мол" деп ақыл-кеңес бередi.

1958 жылы "Москва үшiн шайқас" романы алғаш жарыққа шыққан кезде Мәскеу жазушылары мен әдебиетшiлерiнiң арасында кеңiнен пiкiр-талас туындағаны мәлiм. Онда бұл шығарманы "Неге Александр Бек жазбаған, неге Б. Момышұлы жазған?". "Шығарманы кiм жазғанында тұрған не бар, ең бастысы кiтап көптiң игiлiгiне айналды ғой" деген де пiкiр болған. Осыған ең бiрiншi болып қазақ жазушыларының арасынан Мәлiк Ғабдуллин өзiнiң шынайы пiкiрiн былай деп бiлдiредi:

"За нами Москва" деп аталатын әңгiме-естелiгiңiз – тарих үшiн, кешегi сұрапыл соғыста асқан ерлiк жасаған азаматтарды бiлуiмiз үшiн керектi шығарма. Бұған ешкiм де таласпайды. Бiрақ, ашып айтқанда, сiз бұл шығарманы өте асығыс жазған екенсiз. Менiң ойымша, бұл әңгiме-естелiгiңiз асықпай, ұзағынан жазылуы керек. Қазiргi көлемi он баспа табақ болса, сiз оны алдағы күнде жиырма, бәлкiм одан да мол баспа табаққа жеткiзуiңiз қажет. Бұлай ету қолыңыздан әбден келедi. Әрi асығыс, әрi көлемi шағын болғандықтан, сiз осы әңгiмеңiзде көп жайларды толық, ұзағынан баяндай алмапсыз. "Әттеген-ай" дегендердi тудыратын сияқты…”

Мәлiк Ғабдуллиннiң осы пiкiрi көп жайды аңғартып тұрған сияқты. Кейiн бұл ескертулердi ескере отырып, Баукең шығармасын толықтырып, бастырды. Айта кететiн бiр жайт, егер Александр Бек "Арпалыс" романын жалғастырып жазғанда, онда "Москва үшiн шайқас" романы мүмкiн, жазылмаған да болар едi. 1943 жылы "Арпалыстың" бiрiншi және екiншi бөлiмдерi жарияланып, содан кейiн шығарма жалғасын тапқан жоқ болатын. Оның өзiндiк түрлi себептерi бар шығар. Әйтеуiр, Бауыржан Момышұлы 1955 жылға дейiн "Арпалыс" романының жалғасын күте-күте жалыққаннан кейiн "Москва үшiн шайқас" кiтабын жазуға отырғаны мәлiм.

Мәлiк Ғабдуллин Бауыржан Момышұлы мен Александр Бектiң арасындағы жағдайларды өте жақсы бiлгендiктен Баукеңе өзi шығарма жазуды ұсынып, кеңес берген. Және ол шығарма жарыққа шыққанда өзiнiң жақсылы-жаманды пiкiрiн ашық айтуы да осыдан болуы керек. Мәлiк ағамыздың айтуына қарағанда, "Москва үшiн шайқас" бiр ғана кiтаптың емес, он шақты кiтаптың желiсiне ұлғаюы керек секiлдi. Оның үстiне Мәскеу түбiнде бiр ғана Б.Момышұлының батальоны соғысқан жоқ қой. Олай болса, Баукең өз батальонын негiзге ала отырып, өзге де батальондардың ерлiктерi жайында сөз қозғауы керек секiлдi.

Б.Момышұлының орталық мұрағаттан табылған "Курляндия майданы" деген шығармасы 2009 жылы әуелi "Жұлдыз" журналында жарияланғаннан кейiн оның отыз томдық шығармалар жинағының құрамында жеке жинақ етiп бастырдық. Жоғарыда айтылған Мәлiк Ғабдуллиннiң пiкiрiне сүйенсек, бұл шығарманың жазылуына да түрткi болған Мәлiк ағамыздың өзi секiлдi. Алайда осы екi батыр жайлы баспасөз бетiнде жиi сөз қозғай бермеймiз, Өкiнiшке қарай, кешегi өткен Баукеңнiң 100 жылдық мерейтойында Мәлiк ағамыздың атын бiрде-бiр рет атағанымыз жоқ. Ендi Мәлiк ағамыздың 95 жылдық тойында Баукең туралы да, ол туралы да көптеген естелiк-әңгiмелер айтылып, баспасөз беттерiнде жарияланса екен деген тiлегiмiз де бар.

Мекемтас Мырзахметұлының айтуына қарағанда, екi батыр өмiрде ағалы-iнiлi сияқты араласып тұрыпты. Оның бұл пiкiрiн жоғарыдағы деректер де растап отыр.

Мұхамеджан Кәтiмхан, Бауыржантану ғылыми зерттеу

орталығының бас ғылыми қызметкерi

Серіктес жаңалықтары