ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ АЛМАТЫДА ЖАЛҒАСТЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ АЛМАТЫДА ЖАЛҒАСТЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ АЛМАТЫДА ЖАЛҒАСТЫ
ашық дереккөзі
390

Қоғамды жегiдей жеген жемқорлық iндетiне әрбiр азамат жұмылған жұдырықша қарсы күресуi керек. Оны бiр ғана партияның түпкiлiктi түрде шешуi мүмкiн емес. Жақында "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясы (ХДП) Алматы қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы Форумында жиналған партия мүшелерi осындай ортақ пiкiрге келдi.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы күрестi күшейткен сайын, оның да тамыры кеңге қанат жая бастайтын сыңайлы. Оған мемлекеттiк мекеме тiзгiнiн ұстаған кейбiр шенеунiктердiң бюджет қаржысын опырып жеп, iстi болуы дәлел бола алады. Ал, қарапайым мысал ретiнде нағыз жемқорлықтың қалыптасқан дәстүрiн жоғары оқу орындарынан кездестiруге әбден болады екен.

Форум аясында Елбасы Н.Назарбаевтың жемқорлықпен күрес бағытында алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды қолға алған "Нұр Отан" ХДП Алматы қалалық филалымен бiрлесе отырып, 2010 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Онда Алматы қаласы аудандары жанынан құрылған "Нұр Отан" ХДП-ның аудандық бөлiмшелерiнiң баяндамалары тыңдалды. Негiзгi сұрақтар бойынша "Нұр Отан" ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Амангелдi Кәрiмоллин сөз бастап, жемқорлықпен күресудiң негiзгi тетiктерiне тоқталды. "Бюджет ақшасын жымқыру бойынша 25 дерек анық анықталса, оның денi аудандық, кедендiк әкiмшiлiк мекемелерiне тиесiлi деуге болады. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттiк филармониясының директорының қомақты ақшаны қымқырғаны анықталды" дейдi партия мүшесi өз баяндамасында.

Алматы қаласының жоғары оқу орындарында да жемқорлықтың иiсi аңқып тұр. Бұдан өзге қоғамдық мекемелерден де фактiлер анықталды. Соған байланысты сенiм-телефондарын iске қостық. Бүгiнде осы сенiм-телефонына 50-ден астам хабарлама келiп түссе, оның 14-i ғанарасталып, қылмыстық iс қозғалған.

Жемқорлықпен күрес бағыттарын ашып көрсету – бұл мекемелердiң, әкiмшiлiктердiң есебiн тыңдаудан басталады. Бүгiнгi таңда жоғары оқу орындарында, құрылыс нысандарында және халыққа қызмет көрсету орындарында "Нұр Отан" ХДП-ның бақылау бекеттерi ашылған. Алматы қаласының аудандық партия бөлiмшелерi осы бақылау бекетiне келiп түскен арыз-шағымдарды тексеру арқылы, бiрқатар түйткiлдердiң бетiн ашқан. – Қоғамдық қабылдаулар, дөңгелек үстелдер өткiзiп тұрамыз. Қоғамдық қабылдауда 60-тан астам адамның мәселесi қаралды. Жыл сайын партияның көмегiне жүгiнетiндер көбейiп келедi, – деп жүрекжарды қуанышын жеткiзген нұротандықтар жемқорлыққа қарсы күрестi күшейте түсетiндiктерiн бiлдiрдi.

Қала тұрғындары мен студент жастар арасында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында партия құқық қорғау органдарымен "Таза сессия", "Жемқорлықсыз жол" секiлдi игi бастамалар өткiзiп жатыр. Сондай-ақ, форумда жемқорлыққа қарсы күресте белсендi жұмыс атқарған азаматтар "Белсендi қызметi үшiн" кеуде белгiсiн иеленiп, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары