Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖЕР ИЕЛЕРI ШЕНЕУНIКТЕР БОЛУЫ МҮМКIН

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖЕР ИЕЛЕРI ШЕНЕУНIКТЕР БОЛУЫ МҮМКIН

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖЕР ИЕЛЕРI ШЕНЕУНIКТЕР БОЛУЫ МҮМКIН
ашық дереккөзі
439

"Кезiнде күмәндi жекешелендiру жүргiзген нақты жер иелерi мен жалған жер иелерiнен мемлекет мұқтажына қажеттi барлық жер заңды жолмен сатып алынатын болады", – дедi Нұрсұлтан Назарбаев Алматы сапарында. Сейсенбi күнi Алматыға ат басын тiреген Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша қауымды Құрбан айт мерекесiмен құттықтап қана қоймай, Алматыдағы бiрнеше түйткiлдiң шешiлуiне түрткi болды. Ал осы мәселелердiң ең бастысы – шығыс айналма жол құрылысының сағызша созылуы.

Барша мұсылман қауымының Құрбан Айт мерекесiн алдымен Астана мешiтiнде қарсы алған Елбасы, құттықтау сөзiн Алматының орталық мешiтiнде жалғастырды. Шаһарымыздың әл-Фараби және Достық даңғылынан басталатын шығыс айналма жолы бүгiнде толыққанды қолданысқа жарамай тұр. Тiптi, құрылысын аяқтауға мүмкiндiк жоқ. Әзiрге жол бөлiгiнiң бiрiншi кезеңiнiң аяқталғандығын ескерткен қала әкiмi Ахметжан Есiмов, айналма жолдың орталықтағы кептелiс пен қыспақты жеңiлдетуге әсерi мол екенiн атап өттi. Жол жүрудi жеңiлдетуде маңызды нысан болып табылатын жолдың аумағындағы жер телiмдерi жеке адамдардың қолына өтiп кеткен. Ең қиыны сол, жер телiмiн сатып алған азаматтар жер бағасын аспандатып отыр.

Жолдың негiзгi 5,6 шақырымы қазiр салынып бiттi. Ел игiлiгiне жарап қалған жолға жалпы 57,4 миллиард теңге бюджеттен бөлiнсе, қазiргi таңда 42 миллирд теңге жұмсалыпты. Бiрақ, нәйетi 5,6 шақырым ғана жолды салуға неге сонша қаражат жұмсалды деген сауал туындайды? Қала әкiмiнiң айтуынша, мұндай қаржы жекеменшiктен жер телiмдерiн сатып алуға кеткен. Жер иелерi титтей де болса үкiметтен осылайша пайда көрiп қалуды мақсат тұтып отыр ма? Алматының солтүстiк аумағындағы жер телiмдерi әдетте қымбатқа сатылады, бiрақ шығыс айналымдағы жерлердiң бағасының ұшып тұрғанына таңым бар. Елiмiздегi кез келген жобаның құрылысын iске асыруда жер телiмдерiн сатып алу басты қиындыққа айналғанын мойындаған жөн. Сырттан келетiн көлiктi азайтуға бағытталған жолдың салынуына жер иелерiнiң сонша кедергi келтiргенi жанды күйдiредi.

Негiзiнен, бұл жолайрық кiшi Алматы өзенiнен өткел, Луганский көшесi арқылы тартылған көпiр асты айналымдық шеңберi, Горная көшесiнен өтетiн тоннель, Жарбұлақ сайындағы металл көпiр, ең аяғы Халиуллин көшесi мен Құлжа тасжолының қиылысындағы көлiктiк шеңбер. Осы төте жол арқылы мегаполиске кiрмей-ақ, Азиада нысандарына тiкелей шығып кетуге болар едi. Бiрақ жер телiмдерiнiң иелерi жер бағасын аспандатып отыр. Осы орайда Елбасы кезiнде заңсыз басып алынған жер телiмдерiнiң қожайындары шенеунiктер екенiн айта келе: "Бұл адамдар жердi бiрнеше жыл бұрын сатып алған бағамен мемлекетке қайтаруы керек. Қазiр осы жер телiмдерiн нарық бағасымен бiрнеше миллионға сатқысы келедi. Бiрақ оған жол берiлмейдi. Егер олар жердi мемлекетке қайтармаса, болашақта бiз ол жерлердi мемлекет мүддесi үшiн қайтарып аламыз", – дедi. Сондай-ақ, Азиада ойындарына қатысты жол тәртiбiн ретке келтiруде қолға алынып отырған құрылысқа кедергi келтiрген жер иелерiне қатысты: "Мен Үкiметке күмәндi жекешелендiру жүргiзген, сөйтiп, телiмдердiң құнын көтерiп отырған нақты жер иелерi мен жолған жер иелерiн тексеруге тапсырма беремiн", – дедi.

Биыл — Қазақ Ұлттық аграрлық университетiнiң 80 жылдық мерейтойы. Осы салтанатты шараға қатысқан Елбасы ауылға басты көңiл бөлiнiп отырғанын айтты. "Бұл ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын қара шаңырақ. 80 жылдың iшiнде 135 мың маман дайындаған екенсiздер. Қазiргi жағдайда ғылымның қажеттiгi өте үлкен, ауыл шаруашылығы инновацияланбай, ауылшаруашылығы көтерiлмей, жалпы экономика көтерiлмейдi. Бәрiмiздiң шыққан жерiмiз ауыл, қазақтың 40-45 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан ауылдың мәртебесiн арттырып, аграрлы саясатты дамытатын тек сiздер", – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары