АСТАНА САММИТI: ЕНДIКТЕР МЕН БОЙЛЫҚТАР ЕЛОРДАДА ТОҒЫСАДЫ

АСТАНА САММИТI: ЕНДIКТЕР МЕН БОЙЛЫҚТАР ЕЛОРДАДА ТОҒЫСАДЫ

АСТАНА САММИТI: ЕНДIКТЕР МЕН БОЙЛЫҚТАР ЕЛОРДАДА ТОҒЫСАДЫ
ашық дереккөзі
345

Елiмiздiң Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуi кездейсоқ оқиға емес. Аса мәртебелi ұйымды өз тiзгiнiне алу баспалдағында Қазақстанның талай асудан өткендiгi де белгiлi. Мiне, қолға алған бастаманың өз жемiсiн берiп, әлемдегi ең беделдi ұйымды басқару еншiсi Қазақ елiне бұйырғанда, төбесi көкке жетпеген қазақ жоқ шығар.

Бүгiнде тәуелсiздiк алғанына небәрi 20 жылға қарай қадам басқан Қазақстан мемлекетiн бүкiл әлем танып үлгердi. Тiптi, аузын айға бiлегiн әлемдiк қауымдастық елдерi де Қазақ мемлекетiнiң ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiн бiрауыздан құптап, бұл үдеден шығатынына толыққанды сенiм бiлдiрген. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттiң басшылары артқан үмiттi адал ақтаған Қазақстан аз уақыт iшiнде қыруар шаруа атқарып, бiрқатар басқосулардың өтуiне мұрындық болды. Атап айтқанда, Қазақ елi бұған дейiн Трансазиялық Парламент форумын, Сыртқы iстер министрлерiнiң инвестициялық форумын, т.б. сол секiлдi алқалы әрi маңызды жиындарды өткiзiп, саяси және әлеуметтiк ахуалы күрт қиындап кеткен Ауғанстан мәселесiне көңiл бөлiп, сондай-ақ, сәуiр айында төңкерiс ошағына айнала жаздаған Қырғызстандағы дүрбелеңге тоқтау салуға байланысты ұстанымдарын ашық түрде жария еттi.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретiнде көршi Қырғызстан мемлекетiнiң уақытша басшыларымен бiрнеше рет кездесiп, мәселенiң одан әрi ушықпауына өз септiгiн тигiздi. Тiптi, елiмiз аса беделдi ұйымды басқару кезiнде қырғыз халқына гуманитарлық көмектер ұсынып, қирап қалған баспана мен ғимараттарды салу үшiн құрылыс материалдарын да жөнелттi. ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев бастаған арнайы топ дер кезiнде қолұшын беру жағын қарастырып, ЕҚЫҰ-ның басқа да делегаттарымен бiрге қырғыз елiне аттанды. Көршi елде бейберекетсiздiк пен тәртiпсiздiктi қадағалау үшiн полиция қызметкерлерiн де аттандыруға болатынына халықаралық қауымдастықтың көзiн жеткiздi.

Елiмiздiң бұл мiндеттi салиқалы түрде атқарғанын тап қазiр мәртебелi ұйымға мүше елдер де оң бағалап отыр. Әлемдiк қауымдастық елдерi он бiр жыл бұрын өткен ЕҚЫҰ саммитiнiң Астанада қайта жалауын көтеретiндiгiне аса қызығушылық танытуда. Сонымен, алқалы басқосулардың ашық алаңына айналған Астана қаласы желтоқсан айының 1-2 жұлдызында ЕҚЫҰ саммитiн өткiзу дайындығына кiрiсiп те кеттi.

ЕҚЫҰ САММИТIН ӨТКIЗУДIҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

ЕҚЫҰ тарихы 1970 жылдардың басында Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды жолға қою үшiн шақырылған көпжақты форумнан бастау алады. 1990 жылға дейiн ЕҚЫК нормалар мен мiндеттемелер тұжырымдалатын кездесулер мен конференциялар түрiнде жұмыс iстедi. Форум қызметiндегi бетбұрыс жасалған сәт — 1990 жылғы жоғары деңгейде өткен Париж кездесуi болды. Жаңа Еуропа үшiн Париж хартиясында Еуропадағы тарихи өзгерiстер үдерiсiн басқаруға үлес қосу және "қырғи-қабақ соғыс" бiткен соң туындаған жаңа сын-талаптарға жауап беру мiндетi қойылды. Осы мiндеттердi шешу үшiн бiрнеше мекемелер мен институттар құрылды. Мұндай шаралардың қорытындысы 1999 жылы Стамбулда ұйымның жедел мүмкiндiктерiн жетiлдiрудi көздейтiн Еуропалық қауiпсiздiк хартиясын қабылдауға себепшi болды. Осы кезде ЕҚЫҰ-ға қатысушы 30 мемлекет Стамбұл декларациясын қабылдады және Еуропадағы кәдiмгi қарулы күштер туралы бейiмделген шартқа қол қойды. Араға он бiр жыл салып, саммиттi 56 мемлекет басшыларының қатысуымен өткiзгелi отырған Қазақстан мемлекетi бiр жыл бойы кәрi құрлықтың кiндiгiнде жүргiзген нәтижелi жұмыстарын дүние жүзiне жария ету арқылы аяқтауға мүмкiндiк алды. Елбасы Н.Назарбаев: "Бүгiнде Қазақстан ғаламдық қауiпсiздiктiң ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепiлiне, бейбiтшiлiктiң берекелi белдеуiне айналды. Төрткүл дүниеге төрелiк айтқан Қазақ елi Азия және ТМД мемлекеттерi арасында тұңғыш рет беделдi ұйымның Саммитiн өткiзедi. Қазақ елi бұрын-соңды мұндай биiкке жеткен емес. Қазiргiдей күрделi кезеңде бәтуалы басқосу — ұйым үшiн де аса маңызды оқиға болып саналады" деген едi ЕҚЫҰ Саммитiн 1-2 желтоқсаны күндерi Астанада өткiзу туралы шешiмнiң қабылдануына байланысты жасаған мәлiмдемесiнде.

АСТАНА ДАЙЫНДЫҚ ҮСТIНДЕ

Қазiргi кезде Астана қаласы ЕҚЫҰ саммитiн өткiзуге аса белсендiлiкпен дайындалуда. Бас-аяғы 5 мыңға жуық мәртебелi меймандарды ойдағыдай қарсы алып, арнайы әлемдiк стандартқа сай қонақүйлерге орналастыру жағы да назарға алынды. Тiптi, қызмет көрсетушi мамандардың ағылшын тiлiнде ағылып тұруы да ескерiлген. Астана әуежайына саммит күндерi 40-қа жуық ұшақ ұшып-қонады. Бүгiнде 22 ұшақты қабылдауға арналған жаңа перронның да құрылысы тәмамдалды. Әлемнiң 40-тан аса мемлекет және үкiмет басшыларының қатысуы жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитi қарсаңында өрт сөндiру қызметкерлерi де сақадай сай. Тағы бiр айта кетерлiк жайт — ЕҚЫҰ саммитi кезiнде Қазақстанның мемлекеттiк бiр телеарнасының негiзiнде "Саммит ТВ" телеарнасын iске қосу жаспарлануда. Телеарнаның хабарлар торына Қазақстанның тарихы, этно-мәдениетi, әлеуметтiк-экономикалық саясаты туралы бағдарламалар кiредi. Онда саммит жұмысы онлайн тәртiбiнде көрсетiлiп, саммитке қатысушылармен сұхбаттар ұйымдастырылады. Мемлекет басшыларының кездесулерi, Саммит жаңалықтары берiлiп отырады. Телеарнаның хабар таратуы ағылшын тiлiнде болады. Саммитке қатысушыларды Қазақстан мемлекетiмен, оның жүргiзiп отырған саясатымен, қазақ елiнiң тарихы, салт-дәстүрiмен, мәдениетiмен таныстыру, және шет елге дәрiптеу мақсатында, Байланыс және ақпарат министрлiгi ағылшын тiлiнде "Астана Таймс" газетiн шығармақшы, ол шетел қонақтары үшiн негiзгi ақпарат дереккөзi болғалы отыр.

Жақында ғана ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы, Сыртқы Iстер министрi Қанат Саудабаев Венада өткен ұйымның Тұрақты кеңесiнде аталмыш ұйымға мүше мемлекеттердiң тұрақты өкiлдерiне, ұйымның хатшылығына Қазақстан төрағалық еткен кезеңде олардың қолдау көрсеткендерiне алғысын бiлдiрдi. "ЕҚЫҰ-ның "саяси менеджерi" ретiнде Қазақстан ұйымға мүше барлық мемлекеттердiң пiкiрлерi мен принциптерiн сыйлай отырып, ЕҚЫҰ-ның үш өлшемiн қамтамасыз ете отырып ортақ шешiмге келуге тырысып бақты, — дедi Қанат Саудабаев. Қазақстан төрағалық еткен кезеңдегi негiзгi мiндет — ғаламдық қауiпсiздiк сияқты маңызды мәселелердi шешу жолында Ұйымның жұмысын күшейтiп, оны одан әрi кеңейту едi. Қанат Саудабаев кеңестiң тұрақты өкiлдерiн Астанада өтетiн саммит жөнiнде құлағдар етiп, шараға дейiнгi қалған екi апта iшiнде Саммиттiң қорытынды Декларациясы бойынша ортақ пәтуаға келу керектiгiн мәлiмдедi.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН

Серіктес жаңалықтары