ДЕРТКЕ ДӘРУ IЗДЕСЕҢ...

ДЕРТКЕ ДӘРУ IЗДЕСЕҢ...

ДЕРТКЕ ДӘРУ IЗДЕСЕҢ...
ашық дереккөзі
289

Отандық дәрi-дәрмек 50 пайызға жете ме?

Елiмiздiң медицина саласында да аз реформа жасалмады. Әрбiр келген министр денсаулық сақтау жүйесiн жетiлдiруге байланысты оңтайлы тәжiрибелердi енгiзiп жатса да, медицинаның негiзгi құрылымы – фармацевтиканың жағдайы соңғы кезде қиындап кеткен едi. Жасыратын несi бар, өз елiмiзде дәрi-дәрмек өндiрудiң үлесi 10 пайызға жетер-жетпес. Қалған 90 пайыз дәрi өнiмдерi шетелден импортталады. Дәрiханадағы дәрi-дәрмек бағасының аспандап кететiнi сондықтан.

Осыдан бiраз уақыт бұрын дәрi-дәрмектердi сату алдындағы барлық рәсiмдер қиын-қыстау кезеңде Үкiметтiң мiндетiне жүктелген-тұғын. Сол себептi де, дәрi-дәрмектердi тексеруден өткiзу туралы заңға өзгерiс енгiзiлiп, жұрт 1997 жылдан бастап жекеменшiк зертханалар көмегiне жүгiнетiн болды. Мiне, қазiргi кезде бұл iстi өз құзырына қайта алған мемлекет елiмiзде фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, дәрiлiк заттарды мемлекеттiк сатып алуды орталықтандыру, фармацевтiк өнеркәсiптi дамыту мақсатында бiрыңғай дистрибьютерлiк қызметтi iске асыруды да қолға алды. Сондай-ақ, жыл сайын дәрi-дәрмектi сатып алу үшiн жұмсалатын қаржыны 50 пайызға үнемдеу мүмкiндiгi қарастырылып отыр. Яғни, дәрi-дәрмекпен айналысатын компаниялар орталықтандырылған жүйеден дәрi-дәрмек сатып алғысы келсе арнайы жарияланған байқауға (тендерге) қатысуға ұсыныс бiлдiредi.

Елбасы фармацевтика саласы бойынша 2014 жылға дейiн мемлекетiмiздi 50 пайызға дейiн өз дәрi-дәрмектерiмiзбен қамтамасыз етудi мiндеттеген едi. Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешев бүгiнге дейiн елiмiздiң экспорттан көп мөлшерде дәрi-дәрмек алып отырғандығын айтады. Сондай-ақ, шетелден әртүрлi жолдармен ағылатын күмәндi, күмәнсiз дәрi-дәрмектердiң орнын неге отандық тауар баса алмайды деген әңгiме төңiрегiнде де сөз болды. Премьер-Министр бұл мәселенiң оңтайлы шешiлетiндiгiн, мемлекеттiк бағдарлама бойынша жеңiл несиелер берiлетiндiгiн айтып, кәсiпкерлердiң көңiлiн демеп тастады. Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов Қазақстанда дәрi-дәрмек өндiру саласын дамыту мәселелерiне арналған жұмыс бабындағы кеңесте жоғары сұранысқа ие дәрi-дәрмек шығаратын отандық өндiрiс орындарын құру, ұзақ мерзiмдi негiзде емдiк дәрi-дәрмектердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мәселелерiн талқыға салды. Отандық тауар өндiрушiлер бүгiнгi нарықтың 10-12 пайызын ғана жауып отыр, дәрi-дәрмектiң небары әрбiр үшiншi қорабы отандық тауар өндiрушiлердiң ғана үлесiне тиедi екен. Бұған дейiн қазақстандық фармацевтика көпшiлiк қолданысындағы арзан дәрiлердi шығарып келсе, ендi елiмiздi қатты алаңдатып отырған құрт ауруы, қатерлi iсiк, қант диабетi сияқты ауруларға қарсы күштi дәрiлер шығаруға маманданады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшiн зауыттарға қаржы қажет. Банктердiң пайызы 20-25-ке дейiн болғандықтан үкiметтiк қолдаудың қажеттiлiгi бiлiнедi. Жылдығы 8-10 пайыз несие тұратын жаңа зауыт жаңа желiлердi қосуға мүмкiндiк берер едi.

Алматы қалалық №2 емхананың бас дәрiгерi, қалалық мәслихаттың депутаты Амантай Бiртанов дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етудi бiр орталыққа бағындырудың медицина саласына тиiмдiлiгi өте жоғары деп бағалайды. "Бұл жүйенiң қолданысқа енгенiне аз ғана уақыт өтсе де, бiздiң қоғамымызда дәрi-дәрмектi орталықтандыру – өте керек нәрсе екенi байқалды. Ал осыған дейiн фармацевтикамен қалтасында ақшасы барлардың бәрi айналысып, сақталуы нашар, сапасы да күмән туғызар дәрiнi кiм көрiнген сатып келген едi. Оны орталықтандырудың арқасында сапасы мен сақталуын бақылауға қол жеткiздiк. Осы орталықта елiмiздiң аумағына таралатын дәрiлердiң бәрi бiр жерден тiркеуден өтiп, жер-жерлерге жеткiзiледi", – дейдi бұл жүйенiң тиiмдiлiгiне тоқталып.

Кейiнгi кезде жекеменшiк дәрiханалардың жауыннан кейiнгi саңырауқұлақ секiлдi қаптап кеткенi рас. Олардың көздегенi – пайда табу болды. "Тағы бiр айта кетер жайт, бүгiнде дәрi-дәрмектердiң орталықтандырылуына қарсы сан түрлi сындар айтылуда. Алайда, бұл әңгiмелердiң барлығы – жаңа жүйенiң жолын кесу үшiн қолдан ойлап табылған өсек-аяңдар. Оны осы уақытқа дейiн фармацевтикамен айналысқан азаматтар өздерiнiң бизнесiне нұқсан келетiн болған соң ел iшiне әдейi таратып жүр. Әрине, жаңа басталған нәрсенiң кемшiлiгi болады. Бiрақ мұнда барлығы көзге айқын көрiнiп тұр. Медикаменттердiң сапасы мен бағасында кемшiлiк байқалса, бақылау жасап отырған мекеменi жауапқа тарта аламыз. Ал, бұрын бұл мүмкiн емес едi. Бүгiнде дәрiлiк заттарды сатып алуды орталықтандыру арқылы оның бағасын арзандатуға болатыны да дәлелденуде. Бұл – өте жақсы нәрсе", – дейдi Амантай Бiртанов.

Демек, фармацевтика саласында ашықтық пайда болды. Бұрынғыдай "ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында" кететiн дәрi-дәрмектiң iздеушiсi де сұраушысы да бар. Жаңа орталықтандырылған жүйенiң алғашқы нәтижелерi де жоқ емес. Әлемнiң 110 мемлекетiнiң ұлттық әл-ауқат әлеуетiнiң рейтингiсiн немесе дәрежесiн көрсететiн дүниежүзiлiк әл-ауқат әлеуетi туралы жарық көрген баяндамада 2010 жылы Қазақстан ТМД мемлекеттерiнiң арасынан үздiк шығып, осы рейтинг бойынша 50-шi орынды иеленген. ТМД мемлекеттерiнiң iшiнде Беларусь – 54-шi, Ресей – 63-шi, Украина – 69-шы орындарды иеленген.

Ұлттық әл-ауқат әлеуетi туралы рейтинг 89 индикаторларды топтастырған 8 субиндекстен тұрады. Әрбiр субиндекстегi индикаторлар тұрғындардың табысына және азаматтардың әл-ауқатына қатысты индикаторлардан құралады. Регрессиялық сараптау нәтижесiнде әрбiр индикатор субиндекс бойынша рейтинг дәрежесiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Тұрғындардың әл-ауқатының жалпы рейтингi әрбiр субиндекс рейтингiнiң орташа көрсеткiшiн есептеу нәтижесiнде анықталады. Жалпы алғанда, нәтижелердi есептеу тәсiлi бiрдей, тек бiр ерекшелiк жаһандық бәсекеге қабiлеттiк индексi негiзiнен кәсiпорындар басшыларының арасында жүргiзiлген сауалнама деректерiне сүйенсе, ұлттық әл-ауқат рейтингi адамдардың күнделiктi тұрмыс тiршiлiгiн айқындайтын үй-шаруашылығындағы сауалнама деректерiне негiзделген.

Бұдан ненi аңғаруға болады? Әрине, Қазақстан халқының денсаулығы мен әл-ауқатының едәуiр артқанын, экономикалық мүмкiндiктердiң көбейе түскенiн байқау қиын емес. Яғни, тұрғындардың денсаулығы жақсарып, салауатты өмiр салтын ұстанса, елiмiздiң еңсесi де биiктей бермек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары