3800 МҰСЫЛМАН МЕККЕГЕ АТТАНДЫ

3800 МҰСЫЛМАН МЕККЕГЕ АТТАНДЫ

3800 МҰСЫЛМАН МЕККЕГЕ АТТАНДЫ
ашық дереккөзі
281

Қасиеттi Құран Кәрiмде: "Қажылық – мұсылманның өз адал қаражаты және бар болмысымен орындайтын құлшылығы. Бұл ғибадатқа түйiрдей атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секiлдi жат ниет араластырмауы қажет. Мұсылман қажылық парызын өтеу жолында барша қиыншылықтарға сабырлылық танытқаны үшiн пайғамбарымыздың өзi (с.ғ.с.): "Аллаһым, қажының күнәсiн және қажы дұға еткен пенденiң күнәсiн кешiр", – деп дұға жасаған.

Мұсылман қауымы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұйрық еткен бес парызды орындауға мiндеттi. Қасиеттi ұлық мереке – Құрбан айт қарсаңында қажылыққа сапар шегуге ниет бiлдiрген жамағаттың соңғы легi Алматы Орталық мешiтiнен аттанып кеттi. Мекке шаһарына жол бұйырған қажыларға сәт-сапар тiлеген бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi қажылықтың қадiр-қасиетi мен шарттарына кеңiнен тоқталды.

Бас мүфтидiң айтуынша, былтыр елiмiзден Меккеге 2800 қажы аттанып, парызын ойдағыдай орындаса, биыл ниет бiлдiрушiлер саны едәуiр артқан. Тiптi, бұған дейiн Қазақстан мұсылмандары Сауд Арабиясының Қажылық министрлiгi жыл сайын бөлетiн квотаны игере алмай келген едi. Былтыр қажылыққа баруға талап қылған мұсылмандардың саны 2800 ғана болса да, бөлiнген квотадағы орындарға адам табылмағандықтан мың орынды тәжiктерге берген екенбiз. Алайда, тәубе дейiк, биыл қасиеттi Меккеге барып, қажылық парызын орындауға құлшылық танытып отырғандар көбейiп отыр. Ал, Қазақстанға бөлiнген квотаға ие болғысы келген тәжiктердiң жолы болмай, елiне қайта оралыпты. Бiр айта кетерлiгi, Түркия, Тәжiкстан, Өзбекстан секiлдi мұсылман елдерiнде қажылыққа бару үшiн 7-10 жыл бұрын кезекке тұрады екен.

"Мамыр айында Дiни басқарма және Дiни iстер комитетiнен жасақталған топты Сауд Арабиясының Қажы министрi арнайы шақырды. Ол бiзден: "Былтыр Қазақстаннан 2800 қажы қажылыққа келiптi. Биыл қанша квота сұрайсыздар?" деген сұрақты төтесiнен қойғанда, 5 мың квота сұрап едiк, 4 мың квотаға келiсiм бердi. Арнайы келiсiм-шартқа қол қойып, барлық мәселенi екi жақты шешуге тырыстық" деген бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi Мекке қаласына 3800 мұсылманның аттанғанын жеткiздi. – Қажылық парызын өтеушiлердiң денi қариялар. Арасында сексеннiң сеңгiрiне шыққандары да бар. Оларды арнайы дәрiгерлер бақылауда ұстап, алғашқы көмек ұсынатын болады. Мұсылманның бес парызының бiрiн өтеймiн деген ниеттерiңiздi Алла Тағала қабыл етiп, сапарларыңыз сәттi болсын демекпiз, құрметтi жамағат! – деп, ақ жол тiледi Бас мүфти.

Ал, биыл Құрбан айт мерекесi 16 қарашаға дөп келiп отыр. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi: "Кейбiр интернет беттерiнде "Құрбан айт 17 қарашада басталады" деген қате ақпарат жүр. Бұл дұрыс емес. Мұсылман күнтiзбесi бойынша ағымдағы жылғы Құрбан айт мерекесi Зұлхиджа айының 10-ына сәйкес келедi. Бұл бiздiң күнтiзбе бойынша – 16 қараша. Бұл күнi қазақстандықтар демалады", – дедi ұлық мерекенiң ұлы күнге айналғанына тоқталып.

Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтiзбесi бойынша Зұлхиджа айының 10-ыншы жұлдызында және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейiн келедi. Айттың алғашқы күнi мұсылман жұрты әдемi әрi таза киiмдерiн киiп, үстiне хош иiс сеуiп, мешiтке айт намазына барады. Айт намазы оқылғаннан кейiн Алла ризашылығы үшiн құрбандық шалынып, пайғамбарлар мен ата-бабалардың рухына бағыштап дұға оқылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары