КӨКСАРАЙДЫҢ ИГIЛIГI ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ДА ОРТАҚ

КӨКСАРАЙДЫҢ ИГIЛIГI ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ДА ОРТАҚ

КӨКСАРАЙДЫҢ ИГIЛIГI ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ДА ОРТАҚ
ашық дереккөзі
243

"Көксарай су реттегiшiнiң құрылысы Елбасымыздың бастамасымен 2008 жылы қаржы дағдарысына қарамастан басталған iрi жоба болды. Осы жобаның арқасында Қазақстан суға деген тәуелдiлiктен құтылды. Өткен 19 жылда осы тәуелдiлiктiң салдарынан бiз Арнасай арқылы миллиардтаған текше метр суды көршi елге жiбердiк. Кеткен судың көлемiн есептер болсақ, ол бiр жарым Аралға тең".

Сенатор Қуаныш Айтаханов жуырда Шымкентте өткен Үкiметтiң көшпелi мәжiлiсiнде осылай дедi.

Көксарай алдағы көктемнен бастап өзiнiң жобадағы мiндетiн толық атқаруға кiрiседi, яғни 3 миллиард текше метр су қабылдайды. Құрылыс жұмыстары қазiр кестеге сай жүрiп келедi. Негiзгi нысандарда ол 1 желтоқсанға дейiн аяқталуы тиiс.

– Көксарайда былтыр 1 миллиард текше метр су жинақталып, ол Қызылорда мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы су тасқыны қаупiнiң алдын алды. Жиналған судың арқасында биыл Қызылорда облысының диқандары ағын сумен толыққанды қамтамасыз етiлдi. Күрiш былтырғыдан 40 пайызға артық жиналды. Көксарайдың қызығын қызылордалықтар көретiн болады, әлi, – дедi Көксарайдағы құрылыс жұмыстарымен танысып, облыс әкiмдiгiнде өткiзген жиында Үкiмет жетекшiсiнiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев. Осы жиынға қатысқан Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов:

– Көксарай су реттегiшiнiң жобасы туралы алғашқы кездерi әртүрлi әңгiмелердiң айтылғаны рас. Бiрақ жоба өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеп бердi. Биыл Көксарайға жиналған судың арқасында Қызылорда облысында суармалы егiстiктiң көлемi 160 мың гектарға ұлғайтылды. Облыстың күрiшшiлерi соңғы 25 жылда болып көрмеген мол өнiм алды. Сыр бойына қоныстанған елдiмекендер, оның iшiнде Қызылорда қаласы су тасқынына ұшыраған жоқ, – дедi.

Дегенмен ғасыр құрылысын салуда шешiлмеген мәселелер де жоқ емес. Мәселен, "Қожатоғай-Шәуiлдiр" тас жолы ауыр жүк көлiктерiнiң жиi қатынауынан бүгiнде жарамсыз күйге түскен. Жолды қайта жөндемесе болмайды. Сонымен бiрге стратегиялық маңызы бар Көксарай су қоймасын күзету қызметi әлi нақтыланбаған.

Көксарай су реттегiшi Мақтарал ауданындағы ағын су мәселесiнiң түбегейлi шешiлуiне де оң ықпал етiп отыр. Мақтаралда бұл проблема соңғы үш жылда шиеленiсiп кеткен болатын. Себебi диқандар Өзбекстан арқылы келетiн "Достық" каналына тәуелдi. "Кiсiдегiнiң кiлтi аспанда" деген емес пе, осы тәуелдiлiктiң салдарынан Үкiмет диқандардан суды мейiлiнше аз қажет ететiн өнiм егудi талап етiп келген едi. Нәтижесiнде мақта егiстiгiнiң көлемi 40 мың гектарға дейiн кемiп кеттi.

Көксарай су қоймасының салынуы арқасында ендi Мақтаралға ағын суды Шардарадан арнайы қондырғылар арқылы беруге мүмкiндiк туды. Ал, Көксарай салынғанға дейiн ертеңгi күнiн ойлаған су мамандары Шардара су қоймасын кемерiне келгенше толтыруға тәуекел ете алмай келген болатын. Көксарай салынғаннан кейiн биыл Үкiмет Мырзашөл өңiрiнде 86 мың гектар жердi суландыратын жобаның құрылысын бастады. Жоба бойынша Шардара су қоймасынан арнайы қондырғылардың күшiмен су тартылып, ол егiстiкке баратын каналдарға жiберiледi.

"Шымкентқұрылыс" компаниясы жүргiзiп жатқан құрылысқа бүгiнде 400-ге тарта техника, 700-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Су қоймасынан үш насос қондырғылары орнатылды.

– Келер жылды маусым айында құрылыс толығымен пайдалануға берiледi. Осы кезде бiз Мақтарал ауданындағы 130 мың гектар егiстiктiң 86 мыңын ағын сумен қамтамасыз ете аламыз, – дедi осы нысандағы жұмыстармен танысқан АШМ Су ресурстары комитетiнiң төрағасы Анарбек Орман. Жобада сондай-ақ, "Достық" каналының екi жағын бетондау қарастырылған. Оның нәтижесiнде судың жерге сiңуi азайып, шығын кемидi. Ең бастысы, диқандар су тапшылығынан құтылады. Мақта көлемiн қайта арттыруға мүмкiндiк туады.

Бiр айта кетерi, Су ресурстары комитетi төрағасы қызметiне келгенiне көп бола қоймаған Анарбек Орман кезiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары, Шымкент қаласының әкiмi қызметтерiн абыроймен атқарған. Iстiң көзiн таба бiлетiн азамат. Шымкент қалалық су арнасы мекемесiнде отыз жылдай қызмет еткен ол тоқсаныншы жылдардың аяғында осы кәсiпорынды жаңа заманға лайық етiп қайта құрған бiлiктi маман. Бүгiнде "Су ресурстары – Маркетинг" ЖШС облыс орталығы ғана емес, Сайрам ауданын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз етiп келедi. Оңтүстiк Қазақстан облысына келiп, 2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" бағдарламасының орындалуына байланысты жиын өткiзген Өмiрзақ Шөкеев бюджеттен бiр тиын қаржы сұрамай-ақ, миллионға жуық халықты тәулiк бойы үздiксiз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етiп отырған аталған кәсiпорынның жұмысын өзгелерге үлгi еттi. "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС қазiр халықаралық банктерден алған қаражат негiзiнде өндiрiске жаңа технологияларды енгiзiп жатыр. Өмiрзақ Шөкеевтiң жұмыс сапары барысында су құбырларын жаңа технологиялық әдiспен ауыстыратын қондырғылардың жұмысымен танысты. Бұл қондырғылардың бiр ерекшелiгi, ескiрген құбырларды көлбеу бағытта бұрғылау арқылы ауыстыра бередi. Ол үшiн бұрынғыдай құбырдың үстiне салынған ғимаратты бұзып немесе асфальт жолды талқандаудың қажетi жоқ. Өмiрзақ Естайұлы осы тың тәжiрибенi қолданысқа енгiзу туралы тиiстi азаматтарға тапсырмалар бердi.

2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" мемлекеттiк бағдарламасы "Таза су" бағдарламасының екiншi кезеңi болып табылады. 2005-2010 жылдарға арналған бiрiншi кезеңде елдiмекендер мен қалалардағы су жүйесiн жақсартуға республика бойынша 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның 75 пайызы республикадан, қалғаны жергiлiктi қазынадан бөлiнген. Әйтсе де бағдарламаны жүзеге асыруда бiрқатар кемшiлiктер орын алды. Оның негiзгiсi ауыз су құрылысын жобалауда жiберiлген. Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында өткен жиында Ө.Шөкеев алдағы уақытта ауыз суға байланысты жобалардың бiр орталықтан әзiрлену қажеттiгiн атап өттi.

Жалпы, "Ақбұлақ" мемлекеттiк бағдарламасына 944,5 миллиард теңге қаржы бөлiнiп отыр. Оның 624,9 миллиарды республикалық бюджеттен, қалғаны жергiлiктi бюджеттен қаралған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда елдiмекендердiң 80 пайызы, қалалардың 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамсыз етiледi.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары