343
МУШКЕТЕРЛЕР ЕЛIНДЕГI МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЕСКЕРТКIШI
МУШКЕТЕРЛЕР ЕЛIНДЕГI МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЕСКЕРТКIШI
Қазақтың бiртуар ұлдарының бiрi, Алаш азаттығы үшiн күрескен қайраткер Мұстафа Шоқайдың жүрiп өткен жолы мен еңбегiн ұлықтаудың, келешекке өнеге етудiң тағы бiр талпынысы жасалды. Жақында Қызылорда облысы әкiмшiлiгiнiң мұрындық болуымен Париж маңындағы Ножан-Сур-Марн қаласында Мұстафа Шоқайдың бюстi орнатылды.
Бұл оқиғаның Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапарымен, Қазақ мәдениетiне арналған көрменiң өткiзiлуiмен тұспа-тұс келуi оның маңызын арттыра түскендей. Бұған дейiн газетiмiздiң бетiнде Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары Мұрат Мұхамедов Шоқай бюстiн француз жерiне орнатуға байланысты ұйымдастыру жұмыстарын қолға алғандарын хабарлаған едi. Ендi осы жұмыс ойдағыдай орындалған соң, Мұрат Бақтиярұлынан Франция сапарының жай-жапсары туралы сұрадық: Мұрат Мұхамедов:– Мұстафа Шоқай 1921 жылдан жамбасы жерге тигенше бостандық пен теңдiктiң Отаны болып саналатын Франция елiнiң астанасы Париждiң жанындағы Ножан-Сур-Марн қаласында тұрды. Осы жерде өзiнiң публицистикалық еңбектерi мен саяси күресi арқылы әлем танып, мойындаған саяси тұлғаға айналды.
Мiне, осындай елдiң бiртуар ұлы, халықтың құлы болған Мұстафа Шоқайдың туғанына биыл – 120 жыл. Осы айтулы датаны атап өтуге байланысты облыс әкiмi Болатбек Баянұлының тiкелей тапсырмасы бойынша iс-шара жоспары жасалынды. Соның бiрi әрi бiрегейi Мұстафа Шоқайдың жиырма жылдай тұрған жерiне, яғни Парижбен iргелес жатқан Ножан-Сур-Марн қаласына, өзiнiң тұрған үйiнiң iргесiне арнайы бюст қою болатын. Бұл бағытта бюстiң эскиздiк жобасына конкурс жарияланып, келiп түскен бiрнеше жобалардың iшiнде қызылордалық белгiлi сәулетшi Аманкелдi Кененбаевтың жұмысы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлiгiнiң арнайы комиссиясымен бекiтiлдi. Қоладан құйылған мүсiндi қазан айының 14-не "Мұстафа Шоқай" қорының төрағасы Базарбай Атабаев пен сәулетшi Аманкелдi Кененбаев ұшақ арқылы Францияға алып кеттi. Ал Тұрғанбай Маханов екеумiз Парижге қазанның 26-да келдiк. Бiздi Қазақстанның Франциядағы елшiсiнiң хатшысы М.Тұяқбаев пен "Мұстафа Шоқай" атындағы француз-қазақ достық қоғамының басшысы қарсы алып, бiрден Ножан-Сур-Марн қаласына алып келдi. Мен елшiлiк хатшысына ескерткiшке алып баруын өтiндiм. Бюст тұғырға орнатылып қойған екен. Бiрақ тұғырдағы жазуларда орфографиялық қателер болды және Мұстафа Шоқай кiм, бюсттi кiмдер орнатқаны туралы мәлiмет жоқ екен. Бұл жағдай көңiлiмiздi су сепкендей басты. Мен елшiлiк хатшысына "Мыналарды тез арада жөндеуiмiз керек" деп өтiнiш жасап, тұғырды жасаған адамдармен жолықтыруын өтiндiм. Бюсттiң ресми ашылуына бiр-ақ күн қалған едi. Жазу мәтiнiне байланысты бiрнеше көзқарас болды. Түптеп келгенде, ортақ бiр мәтiнге тоқтадық. Француз тiлiнде Мұстафа Шоқайдың есiмi, дүниеге келген, қайтыс болған жылдары, оның тәуелсiздiк үшiн күрескен тұлға екендiгi, бұл ескерткiш тәуелсiз Қазақ елi атынан қойылды деген сөздер жазылды. Ертеңiне Базарбай, Тұрғанбай, Аманкелдi, Яшар ағалармен бiрге Ножан-Сур-Марн қаласының вице-мэрiмен сұхбаттастық. Мен Қазақ елi туралы, Қызылорда аймағы туралы қысқаша мағлұмат бердiм. Сонымен қатар, тәуелсiздiк үшiн күрескен Мұстафа Шоқайға арнайы жер бөлу және ескерткiштiң қойылуына ықпал жасағаны үшiн алғыс айттым. Ендi сол ескерткiштiң айналасына орылмалы табиғи көк шөптермен гүл егуiне көмек көрсетуiн және ашылу салтанатының құрметтi қонағы болуына ұсыныс жасадым. Тони ханым ұсынысымызды жылы қабылдап, ескерткiштiң айналасын абаттандыру жұмысына байланысты тиiстi мекемеге тапсырма бергенiн жеткiздi. Бұл қалада, жалпы Францияда балабақша, мектеп, жол, барлық коммуналдық мәселелер толығымен оң шешiлген. Француздардың өз қаласын барынша таза ұстайтындығы және бiр-бiрiн қатты құрметтейтiндiгi, бұл елде үстемдiк етушi Заң екендiгi сырт көзге бiрден байқалады. Осы күнi Қазақстан Республикасы Президентi Н.Назарбаевтың Францияға ресми сапары басталды. Францияның басты ақпарат құралдары осы жайлы жарысып жазып жатты. Қазақ елiнiң Мәдениет министрлiгiнiң ұйымдастыруымен арнайы көрме ұйымдастырылды. Сол көрмеге бiз де қатыстық. Екi елдiң мәдениет министрлерi әртүрлi бағыттағы көрмелер ұйымдастыру, екi жақты мәдени байланыстарды дамытуға қатысты келiсiмдерге қол қойды. Бiздер сыртқа шыққанда, осы көрменi көруге есiк алдында 200-дей адамның кезекте тұрғанын көрдiк. Мiне, француздардың мәдениетке деген көзқарасын осыдан-ақ байқауға болады. Қала әкiмшiлiгiнен шыққаннан кейiн ағаларымызбен бiрге Мұстафа Шоқайдың жұбайы Мария Шоқайдың бейiтiне бардық. Айта кету керек, Мария ұлты бөлек болғанымен, жарына барынша адал болды. Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейiн оның барлық жазған еңбектерiн, қолжазбаларын жинақтап, көздiң қарашығындай сақтады. Қайтыс боларының алдында Францияның Орталық мұражайына өткiзiп кетiптi. Мария Шоқай христиандық рәсiммен жерленген. Құлпытастың өте сапалы жасалынғаны көрiнiп тұр. Жалпы, христиан қорымдарында жерленген бейiттердi көргенде, ұқыптылық пен тазалықтың куәсi боласың. Мария Шоқай туралы мәлiмет алу үшiн Бейiт әкiмшiлiгiне кiрдiк. Францияда бекiтiлген тәртiп бойынша, жерлеуге арналған жер төлемдерi сақталып берiледi екен. Барлық мәлiметтер компьютерге енгiзiлiп қойған. Бiр реттiк төлем 50 жылға дейiн, одан кейiн төлем енгiзiлмесе, ол орынға басқа адам жерленедi. Бiзге Мария Шоқай жерленген жер төлемiнiң мерзiмi 2015 жылы бiтетiнiн айтты. Мұстафа Шоқай сияқты ұлы тұлғаның адал жары ғана емес, оның көмекшiсi, рухани демеушiсi болған Мария Шоқайға құрметiмiз үшiн жатқан жерiнiң мерзiмiн тағы 50 жылға ұзартып, қажет қаражатын төлеп кеттiк. Мұны әруақ алдындағы қарызымыз, әрi парызымыз деп бiлдiк.
Гүлбиғаш Омарова, Газетiмiздiң арнаулы тiлшiсi
Қызылорда қаласы