КIТАП ШЫҒАРУ МӘДЕНИЕТI КӨҢIЛДЕГIДЕЙ МЕ?..

КIТАП ШЫҒАРУ МӘДЕНИЕТI КӨҢIЛДЕГIДЕЙ МЕ?..

КIТАП ШЫҒАРУ МӘДЕНИЕТI КӨҢIЛДЕГIДЕЙ МЕ?..
ашық дереккөзі
162

Баспа және кiтап iсiнде қордаланған мәселе шаш-етектен. Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылдардан кейiн-ақ алтын бесiгiмiз – ауылдағы есiгi үнемi айқара ашылып тұратын кiтапхана нүктелерiне қара құлып салынды. Сол бiр тоқырау жылдары кiтап және баспа саласы дағдарысқа ұшырап, рухани құндылықтан бiртiндеп қол үзе бастадық.

Оқырман мен баспа арасындағы әдемi байланысты жоғалтып алғалы қашан. Мұны бәз-баяғыдай өтiмдi әрi тиiмдi етуге деген көзқарас та жоқтың қасы. Баспадан жарық көрген кiтаптың таралымы да аз. Ал, кiтап мәселесiн уысынан шығарып алған елiмiздiң үкiметi бұл мәселеге ендi ғана бет бұра бастаған сыңайлы.

Қазақстан баспагерлерi мен кiтап таратушылар қауымдастығы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттiк кiтап палатасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiмен бiрлесiп өткiзген Ұлттық кiтап баспа iсiнiң 90 жылдығына арналған "Қазақстандағы кiтап баспа iсi: қазiргi жағдайы және даму болашағы" атты ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда баспа және кiтап iсiнiң бүгiнгi жай-жапсары әңгiме болды. Бұған дейiн де кiтап шығарушылар мен таратушылар жауыр болған мәселенi сан мәрте көтерiп жүрген. Алайда, қанша жерден шырылдаса да, олардың жанайқайы айтылған жерде қалып келгенi шындық. Бiр айта кетерлiгi, бұл жолғы баспагерлер сөз еткен жайттарды Байланыс және ақпарат министрлiгiнен және Президент әкiмшiлiгiнен келген өкiлдер тыңдап қайтты. Президент әкiмшiлiгi iшкi саясат бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Әлiбек Асқаровтың айтуынша, Қазақстанда баспа және кiтап iсiне байланысты туындаған мәселе шарықтау шегiне жеткен. "Оны бәрiмiз бiрiгiп шешпесек болмайды. Кiтап – мемлекеттiң бет-пердесi, мәдениетi. Бұл – үлкен өнер. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде кiтап шығару мәдениетi де төмендеп кеттi. Қазiр кiтап дүкендерiне бас сұқсаңыз, самсап тұрған кiтаптың 95 пайызы ресейлiк өнiмдер. Ал, отандық баспалардың өнiмiн там-тұмдап ғана кездестiресiз. Оның өзi бәсекеге қабiлеттi емес. Егемендi ел болып, етек-жеңiмiздi жинаған кезде рухани саланың бiр тетiгi – кiтап саласына немкеттi қарау қазақ деген атымызға сын", – дейдi жазушы.

Биыл Қазақстан Франкфурт қаласында өткен кiтап жәрмеңкесiне қатысып қайтқан. "Өкiнiштiсi сол, бұл жәрмеңкеге елiмiздiң мерейiн асқақтатуға барған баспагерлердiң стендi өте нашар деңгейде болыпты. Бұл бiздiң кiтап шығару iсiнiң төмендiгiн көрсеттi" деп ашынады Президент әкiмшiлiгi iшкi саясат бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Әлiбек Асқаров.

Ал, Кiтап палатасының президентi Жанат Сейдуманов елiмiзде баспа және кiтап шығару iсiне маман дайындайтын оқу орындарының аздығын тiлге тиек етсе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң журналистика факультетi Баспа iсi және БАҚ дизайны кафедрасының меңгерушiсi Сағатбек Медеубекұлы керiсiнше, баспа iсi мамандығы ашылғалы берi, әр оқу орны бұл мәселеге жiтi көңiл бөлiп жатыр дегендi айтады. "Журналистика факультетiнiң жанынан Баспа iсi және редакциялау мамандығын ашу идеясы 1973-76 жылдары басталды. Бiрақ бұл ұсыныс пiсiп-жетiле келе, 1997 жылдары ашылды. Содан берi студенттерге теориялық бiлiмдi тәжiрибемен ұштастыра берiп келемiз. Арнайы "Баспа күнi" ұйымдастырылып, баспагерлер шеберлiк кластарын өткiзедi" дейдi кафедра меңгерушiсi.

Елiмiздiң кiтап палатасының мәлiметiне сәйкес, республикада ресми тiркелген 127 баспа бар. Ал, олар жылына мемлекеттiк тапсырыспен 400-ге жуық аталым кiтапты 2 мың данамен басып шығарып, тек республиканың iрi кiтапханаларына үлестiредi. Мемлекет тарапынан қаржыландыру да жыл сайын өсуде, мәселен, биыл бұл мақсатқа 1 млрд. 212 млн. теңге бөлiнсе, келер жылы 1 млрд. 300 млн-ға жеткiзу көзделген. Ақпарат министрлiгi мұрағат комитетiнiң өкiлi Нұрасыл Тоғызбаев: "Мемлекеттiк тапсырыс аясында шығатын кiтаптардың 90 пайызы қазақ тiлiн құрайды. Қазiр бiзде осыдан екi жыл бұрын басталған жақсы дүние бар, шетелдiк классиктердi қазақша аударып, балалар болсын, әдеби көркем әдебиет болсын, қазақ тiлiнде аударылып, жеткiзiлуде. Соған орай қазақ классиктерiнде басқа тiлге аудару қазiр серия бойынша жүрiп жатыр" дегендi бiлдiрдi. Ендi, келесi жылдан бастап, Президент әкiмшiлiгi, Ақпарат және байланыс және Мәдениет министрлiгi бақылауды күшейтiп, республикадағы кiтапханалар тiзiмiн жасауды ұйғарып отыр. Мұнымен қоса мемлекеттiк тапсырыспен жарық көрген кiтаптарды кiтапханаға жеткiзу iсi мықтап қолға алынады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары