ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА САРАЙЫ

ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА САРАЙЫ

ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА САРАЙЫ
ашық дереккөзі
140

Таяуда Талдықорған қаласында тағы бiр зәулiм сарайдың тұсауы кесiлдi. Қалаға кiре берiс жолда бой түзеген алып ғимарат түрлi спорттық жарыстар өткiзуге, спортшылардың жалпы дене шынықтырумен айналысуына арналып салынған. Салауатты өмiр салтын құрудың бiрден бiр төте жолы – спорт екенi баршамызға белгiлi. Осы тұрғыдан келгенде, Алматы облысы жұртшылығының игiлiгi үшiн салынған сарайдың келешек ұрпаққа тигiзер пайдасы өте көп.

"Жастар" спорт сарайының алдында белгiлi жырау Сүйiнбай Аронұлының ескерткiшi бой түзеген. Мәдениет сарайы емес, спорт сарайының алдында Сүйiнбайдың ескерткiшi бой түзегенi несi деп таңданатындар да бар шығар. Бiрақ, жыр алыбы Жамбыл атамыз сыйынбай сөз сөйлемеген құдiреттi жыр иесi Сүйiнбайдың мүсiнiнiң мұнда қоныс тебуiнде де бiр гәп бар. Ғимараттың оң қабатында орналасқан жыраудың бейнесi спорт сарайына келетiн әрбiр жеткiншекке рухани серпiлiс берiп ғана қоймай, бойларына ерекше күш-қуатты да сыйлайтыны белгiлi.

Ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов:

– Ескерткiш елге – қуат, ерге – жiгер, ұрпаққа – мұра. Бүгiнгi ашылып отырған "Жастар" Спорт сарайы спорттық қана емес, мәдени-рухани шаралар да өткiзiлетiн үлкен орда болмақ. Сондықтан жыр сүлейiнiң ескерткiшiн осы жерге орнатуды жөн көрдiк. Алдағы уақытта Спорт сарайынан жастар шыңдалып шығып, халықаралық ареналарда елiмiздiң абыройын асқақтатады деп сенемiн, – деген едi.

Жер көлемi 8 гектар жердi алып жатқан ғимарат құрылысына жалпы құны – 3 млрд.5 млн. теңге қаржы жұмсалған екен. Өңiрде Елбасының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын орындауда түбегейлi нәтижеге жеткiзу үшiн соңғы үлгiде салынған спорттық нысанның қажеттiгiн туындаған. Онымен қоса облыста спорттың қарқынды дамуы да бұл қажеттiлiктi айқындай түстi.

Алматы-Өскемен күрежолының оңтүстiк-шығысынан орын тепкен 4 қабатты ғимаратта спорттың барлық түрлерiне лайықталған 14 зал, жаттығу мен жарысқа қажеттi қолайлы жағдайлар жасалған. Сарай бiр мезгiлде 2081 адамды қабылдай алады. Биыл өңiрдегi спорт саласына 2,8 миллиард теңге бөлiнген едi.

Сағыныш Намазшамова,

Талдықорған

Серіктес жаңалықтары