ҚАЗАҚТЫҢ БЕЛГIСI...

ҚАЗАҚТЫҢ БЕЛГIСI...

ҚАЗАҚТЫҢ БЕЛГIСI...
ашық дереккөзі
466

"Бренд" деген сөздi қайсыбiр қарапайым оқырман түсiне қоймауы мүмкiн. Оның мағынасы әрбiр фирманы немесе кәсiпорынды танытатын, оның өнiмiн жарнамалап баршаға паш ететiн тауарлық белгiсi дегенге саяды. Ол ұлтқа да қатысты. Мәселен, ұлттық бренд десек, сол ұлттың айырықша ерекшелiгiн бiлдiрiп тұратын танымдық белгiсi, өзгелерден айырықша көзге ұрып тұратын артықшылығы болуы шарт. Ол – бәлкiм ұлттық тағамы, киiм үлгiсi, музыкалық аспабы, экзотикалық өнерi, тағысын тағы болуы мүмкiн. Бұл – ұлттық бренд ретiнде бiр ғана нәрсемен шектелiп қаламыз деген сөз емес. Егер мақтанарлық жағдайы болса, ол қанша болса сонша бола алады. Дегенмен солардың арасында барша жұрт қабылдаған шоқтығы биiк дара бiреуi болуы қажет. Әрi ол әлемде басқа ешбiр елде жоқ, қайталанбас нұсқа болуы керек.

БIЗДЕ БРЕНД БАР МА?..

Мысалы, өзбектердiң ала тақиясы, қырғыздардың айыр қалпағы. Қанша қоғам ауысып, қаншама қызыл қырғын мен қуғын-сүргiн болса да, қанша жерден "ер басына күн туып, етiгiмен су кешсе де" көршiлес осы ағайындар бас киiмдерiне ие болып қалды. Бас киiмiңе ие болу деген сөз – басыңа ие болу деген сөз. Басқаның жетегiнде кетпей, басына ие болған елдiң болашағы кемел болмақ.

Осы орайда хакiм Абайдың сөзi ойға оралады. "Мен бала күнiмде естушi едiм, бiздiң қазақ сартты көрсе, күлушi едi: "Енеңдi ұрайын, кең қолтық, шүлдiрлеген тәжiк, арқадан, үй төбесiне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көзi көргенде "әке-үке" десiп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, "сарт-сұрт" деген осы", – деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап, күлушi едi: "Түйеден қорыққан ноғай, атқа мiнсе шаршап, жаяу жүрсе жемiн алады, "ноғай" дегенше "ноқай" десеңiзшi, түкке ыңғайы келмейтұғын солдат ноғай, қашқын ноғай, "бақалшiк" ноғай", – деп. Орысқа да күлушi едi: "Ауылды көрсе шапқан, жаман, сасырбас орыс", – деп. "Орыс ойына келгенiн қылады деген… не айтса соған нанады, "Ұзын құлақты тауып бер" -дептi деп.

Сонда мен ойлаушы едiм: "Ей, құдай-ай, бiзден басқа халықтың барлығы антұрған, жаман келедi екен, ең тәуiр халық бiз екенбiз", – деп, әлгi айтылмыш сөздердi бiр үлкен қызық көрiп, қуанып күлушi едiм".

Соған құсап бiздер кешегi Кеңес заманын қойып, бүгiннiң өзiнде "ала тақиялы көршiлер, айыр қалпақты ағайындар" деп өзбек пен қырғызды бiр түрлi кемсiткендей, әжуалағандай сөйлеймiз. Сонау кеңес дәуiрiнде СОКП Орталық Комитетiнiң съездерiнде, Жоғарғы Кеңестiң пленумдарында ала тақиялы өзекеңдер қатар түзеп қаздиып отырғанда iшiмiз жылып қалатын. Бiздiң қазекеңдер отырар едi, шоқпардай галстуктерiне буынып, мақпал қара костюмдерiне риза болып.

Әй, бiлмеймiн, солардың арасында қазақтың қара тақиясын бiр кисе Сәбең, Сәбит Мұқанов киген шығар. Басқасын қайдам… Өйткенi, бiздiң қазекең өзiнiкiн мансұқ көрiп, өзгенiкiн таңсық көргенде алдына жан салмайды ғой. Құдай үшiн айтайын, сол тұстағы бiздiң ағаларымыз қазақтың қара тақиясын киюден арланды. Өздерiн өркениеттен қалмаған озық адамдар ретiнде көрсетуге тыраштанды. Орысша сөйлегендi, орысша киiнгендi, ретi келсе орыстан әйел алғанды сән көрдi. Ең өкiнiштiсi, басқаша жасаса өзгелердiң көңiлiнен шықпай қаламыз, абырой-бедел жинай алмаймыз, лауазым-мансабымыздан айырыламыз деп өлердей қорықты. Сондықтан да қазақтың иiсi шығатын әр нәрседен ат тондарын ала қашты. Орынтағы үшiн ұлтын сатып жiберуден тайынбайтын ондай тыраштар әлi де арамызда көп. Ендi олардың қатарына ақша үшiн анасын айырбастап жiберуден тартынбайтын өлермендер қосылды. Ұлттық құндылықтарымыз олар үшiн көк тиын. Әуе айналып жерге түссе де оларға бәрiбiр.

Осы "бәрiбiр" деген немқұрайдылықтан "мынау қазақтiкi" деп айғайлап айтатын, көзге оттай басылатын ұлттық бренд бiзде күнi бүгiнге дейiн қалыптасқан жоқ. Жоқ емес-ау, қазақтың өзiне ғана тән ондай ерекшелiктер толып жатыр. Бiрақ оларды әлемдiк деңгейге, халықаралық дәрежеге көтеруге мойынымыз жар бермей келедi. "Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi алдымен бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл-ойымызбен, iс-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын бiлiп қойғанымыз жөн" деген екен Ататүрiк. Бұл жерде Ататүрiк ұлттық бейне дегенде ұлттық брендiмiздi мегзеп отыр. Осы аталы сөздi ұмытпайықшы.

ӨЗГЕЛЕР МОЙЫНДАСА ДА ӨЗIМIЗ МОЙЫНДАМАЙМЫЗ…

Бұл үрей, көлеңкесiнен қорқатын қазақ зиялыларының, әкiм-қаралардың бойынан бүгiн де толық арылған жоқ. Әлi де отыз қазақтың ортасында бiр орыс отырса, орысша сайрап қоя бередi. Әсiресе, орысы ормандай орталық және солтүстiк, шығыс облыстарда басқалардың қас-қабағына қарап жалтақтаушылық басым. Қанша мәрте айтылып, жазылса да мызғымай тұрған Петропавл мен Павлодар, Малиновкалар мен Мариновкалар осы сөзiмiздiң дәлелi. Бiздiң жақтың әкiмдерi бiр қазақты сыйлыққа ұсынса, мiндеттi түрде бiр басқа ұлт өкiлiн соған серiк қылады. Соңғы кездерi Елбасына елiктеп, сөздерiн әуелi қазақша бастап, бiр-екi ауыздан соң орысша судырататын тағы бiр мода шықты. Бiрақ олар бiр нәрсеге мән бермейдi. Елбасымыз тек қазақтарға қатысты, ұлттығымызға байланысты кейбiр ойларын ана тiлiмiзде ащы да әдiл түрде айтып қалады. Ал бiздiң қатардағы әкiм-қараларда ондай сұңғылалық, ондай шешендiк қайда!? Қағаздан басын алса, қазақша түгiлi орысшасынан жаңылып қалады.

Бiр өкiнiштiсi, қазақтың елдiгiн, ұлттығын, тiлi мен мәдениетiн басқа ұлттар әлдеқашан мойындап үлгерсе де әлi күнге дейiн коммунизмнiң елесiнен арыла алмай жүрген ескiкөз қазекеңдер, соның iшiнде сырмақ шетiнде отырған шолаң-шоштырақ қандастарымыз өздерi мойындай алмай, жалтақтаумен келедi. Осыдан 17 жыл бұрын мен Темiртау қаласына келгенде мұндағы қазақтардың үлес салмағы небәрi 3 пайыз екен. Қазақтың төбесiн анда-санда бiр көрiп қаламыз. Ол жылдары елiмiз тәуелсiздiгiн алып, халықтың ұлттық сезiмi жаппай оянып, тiл мен дiнге үлкен мән берiле бастаған ұлттық өрлеу, бетбұрыс кезеңi едi ғой. Өздерiн ұлы халықтың өкiлi сезiнетiн орыстардың өркөкiрек өктемдiгi басылып, сабасына түсе бастаған тұс. Соның өзiнде автобустың iшiнде екi қаракөз кездесе қалса, қазақша қауқылдасудан именiп, бұрынғысынша орысша шүлдiрлесе кететiн. Өйткенi, бұған дейiн көлiкте немесе басқа көпшiлiк орындарда екi қазақ қазақша сөйлесе кетсе орыстың кез келген маржасы көзге шұқып, "Че вы бормочете, по своему?" деп ешкiкөзденiп, едiреңдеп шыға келетiн. Осыдан әбден ығыр болған қазақтардың ол тұстағы бейшара жағдайын түсiнуге болатын, әрине.

"Таң атпайын десе де күн қоймайды" демекшi, Құдайға шүкiр, қазiр жағдай мүлдем басқаша. Темiртаудағы 17 жыл бұрынғы 3 пайыз қазақтың саны бүгiн 30 пайыздан асқан. Кезiнде бiрде бiр қазақша мектебi немесе балабақшасы болмаған қалада қазiр 5 қазақ мектебi, оншақты аралас мектеп бар. Қазақша және аралас балабақшалар өз алдына. Ендi қазекеңдер көлiк iшiнде қазақша сөйлеспек түгiлi қазақтың ән-күйлерiн самбырлатып-күмбiрлетiп қоятын болды. Мұның қалай деп жатқан ешкiм жоқ. Ендеше, тал түсте бойларын үрей билейтiндей бiздiң әкiм-қараларға не жорық?! Күнi бүгiнге дейiн басқа ұлттың алдында басбiлгi тайлақтай байпаңдай жөнелетiн ақсақал-көксақалдарымызға, орыс боламын деп одыраңдап жүрген, шаштарын сарыға бояғанмен қара көздерiн көгерте алмай, не түп орнымен ойып тастай алмай мысы құрып жүрген қандас қарындастарыма не жорық?!.

Қандастарымызды еттен өтiп, сүйекке жеткен бұл құлдық психологиядан арылту үшiн еврейлердi қырық жыл бойы құмды даланы кездiрiп, соңынан ертiп жүре берген Мұса пайғамбардың қылығы iспеттi бiр шара керек сияқты қазаққа. Мұса пайғамбар Мысыр перғауындарының езгiсiнен босаған еврейлердi қырық жыл бойы иен сахарада елден жырақ, көзден таса көшiре бергенде олардың арасындағы кұлдық сезiм санасына әбден сiңген үлкендерiнiң көзi құрып, жастарының бойында жаңа тәуелсiз сезiмнiң қалыптасуын күтiп жүрген ғой. Ақыры дегенiне жеттi. Бүгiнде әлемде еврейден әбжiл ел жоқ. Мың жыл бұрынғы жойылып кеткен тiлдерiн де жаңғыртып, жаңадан жасап алды. Ал бiз тiрi тiлiмiздi қатарға қоса алмай, пұшайман болып жүрмiз.

КЕДЕЙДIҢ КЕРIНЕН САҚТАСЫН…

Жалпы бiздiң қазекең орынсыз жерде сызылып, бет моншағы үзiлiп қалатын халық. Ұлттық киiмдерiмiздi киюден ұялып, оларды мұражайлардың экспонаты немесе әртiстердiң костюмi деп қабылдайтын болдық. Ибалылығымыз, инабаттылығымыз сондай, тiптi, мен мектепте оқып жүргенде атақты бiр батыр атамыздың атын тура айтудан ұялып, "К…бар" деп жазып қоятын әдеби оқулықтарда. Кейде "Басыбар" деп тергейтiн. Ол ол ма, бiздiң қырағы цензура Абайдың өзiн редакциялап, "Мен көрдiм дүние деген иттiң көтiн" деген В.А.Крыловтан аударған өлеңiндегi "иттiң көтiн" дегенiн "иттiң к…н" деп жазып сынықситын. Қазiр "Көтiбар" деп те, "иттiң көтiн" деп те айғайлатып айтып, бадырайтып жазып жүрмiз, ешкiмнiң ештеңесi қисайып қалған жоқ. Бiздiкi сол баяғы жалған жағымпаздық, өтiрiк қылымсу екен.

Өткенде ғана бiр ғалым ағамыз теледидардан "Қара жорға" биiн қытайлар еншiлеп кеттi" деп қатты қапаланып отырды. Шын мәнiнде оны қытайлар еншiлеп кеткен жоқ. Ол Гиннестiң рекордтар кiтабына бәрiбiр қазақ халқының ұлттық биi деп жазылды. Ал еншiлетпейiк десек қайтуiмiз керек едi? Өз биiмiздi әлемдiк аренаға өзiмiз алып шығуымыз керек болатұғын. Өкiнiштiсi, бiз өйте алмадық. Бiздер қазақтың дәстүрлi ұлттық билерiн билеуден арланып, оларды артта қалған мешеу өнер ретiнде бағалап, өзбектердiң биiмен селкiлдеп, кеудесiн бұлтыңдататын шығыстың билерiмен әуейi болып жүрдiк. Шын мәнiнде "Шығыс биi" деп жүрген осы билердiң өзi бiздiң қазақтың менталитетiне жат, хандар мен шаһтардың көңiлiн көтеруге арналған гаремдiк, интимдiк негiздегi билер емес пе?

"Сонымен, солай десек…" деп аталатын сол телехабарда Қытайдағы ағайындарымыздың қазақтың қазысын да Гиннестiң рекордтар кiтабына енгiзгенi "өкiнiшпен" айтылды. Ондағы қазақтар тура бiр тонна қазы жасапты. Ал осыны қабырғалы қазақтың қара шаңырағында отырған өзiмiз жасасақ қайда жүрдiк?!. Бiз ол кезде жылқы етi мен шошқа етiн араластырып, "Дружба" деген колбаса шығарып, сонымен мақтанып жүрдiк. Дәлiрек айтқанда. тағамды да саясатқа айналдырып жiбердiк. Сiрә, тағы бiрнеше түлiктiң етiн қосып, "Ералаш" деген шұжық жасап, айды аспанға шығарсақ, Гиннестiң рекордтар кiтабына енiп те кетер ме едiк, бәлкiм. Жоғарыда айтқанымдай, бiз бiр кездерi қазы түгiлi "қымыз" деп айтудан именiп, ұлттық сусынымызды "Биенiң сүтi" деп атаушы едiк қой. Қымызды шөлмекке құйып, этикеткасына дәл солай деп жазып қоятынбыз. "Үйiрiлген қышқыл-тәттi сары қымыз, Ауруға ем, сауға қуат, дәрi қымыз", – деп Жамбыл ақын айтқан қасиеттi сусын қымызды қай атамыз "биенiң сүтi" деп атапты? Жаңа сауылған сүттi саумал, содан кейiнгiлерiн түнемел қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бестi қымыз, ашымал, қорымал деп жiлiктеп атамаушы ма едi.

Қайталап айтамын, бiз өзiмiздi өзiмiз ұлықтай алмай жүрген халықпыз. Бiз қазақтың тамаша әндерiн шетелдiктердiң аранжировкасымен, солардың айтуы бойынша үйренудi ар санамаймыз. Өзбекстандық "Ялладан" "Қараторғай" мен "Құстар қайтып барады" сияқты әдемi әндерiмiздi үйренiп жүрмiз. Бари Алибасовтан "Жорға, жорғаны…" үйрендiк. Миллиондаған доллар шашып түсiрген не тарихи екенi, не қиялдан туғаны белгiсiз "Көшпендiлердi" көлденең көк аттылар қойып, басты рөлдерде солар ойнайды. Өзiмiздiң кедей-кепшiктерiмiз бен шетелде Қазақстанға қарап көзiн сүзiп отырған қандас бауырларымызға қарайласудың, солардың балаларын оқытудың орнына Ауғанстанның 1500 түлегiн елiмiзде тегiн оқытып шүленсимiз.

Бiз "қонағын құдайдай сыйлап, төрiне шығарған" дархан халық ретiнде кiм көрiнгендi төрiмiзде ойнақтатып қойып сыпайысып, сызылып отырмыз. "Кедейдiң керiнен сақта…" деушi едi қазақ. Өзi аш жүрiп, мұртын майлап алып, өтiрiк кекiрелейтiн сыпайыны осылай шенеген ата-бабамыз. Бiздiң кейбiр қылығымыз осы мақалды еске түсiредi.

Жаналқымға тақалып, жаһандану деген жәдiгөй заман келе жатыр. Жаһандану бiздiң керiлiгiмiз бен керенаулығымызды кешiрмейдi. Осыны бiлiп қойған жөн-ақ.

Аманжол АҚЫН,

Қарағанды облысы

Серіктес жаңалықтары