ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТI IСКЕ КIРIСТI

ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТI IСКЕ КIРIСТI

ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТI IСКЕ КIРIСТI
ашық дереккөзі
189

Бүгiнде Қырғызстанның халқы шешiмiн күтiп отырған мәселелер көп-ақ. Солардың ең негiзгiсi – Парламенттiң iске кiрiсуi. Өлке Президентi "Бүгiн-ертең Жоғарғы Кеңеш жұмысын бастайды" деп екi рет мәлiмдеп те жiберген едi. Бiрақ, олай болмай шықты. Кейбiр партиялардың Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) анықтаған сайлаудың нәтижесiне наразылық танытып, сотқа арыздануына байланысты Жоғарғы Кеңештiң бiрiншi сессиясы бiрнеше күнге шегерiлдi. Әйтсе де, парламенттiк республикаға айналған өлкенiң жаңа тарихы сәрсенбiнiң сәттi күнiнен басталды. Депутаттар мандаттарына ие болып, төс белгiлерiн тағынып, iстерiне кiрiсiп кеттi. Аздап кешiгуге апта басында орын алған әдеттен тыс мына бiр оқиға да әсерiн тигiзген. Тiзiмi бекiтiлiп қойған 120 халық қалаулысының 38-i өз ерiктерiмен депутаттық мандаттан бас тартатындығы жөнiнде ОСК-ға өтiнiш жасады. Мандатын әлi ала қоймаған болашақ депутаттардың арыздарын, заңға томпақ келсе де, ОСК амалдың жоқтығынан қанағаттандырды. ОСК-ның мүшесi Клара Соорункулова комиссияның жиналысында депутаттықтан бас тартқандардың қылығын "сайлаушыларға көрсеткен адамгершiлiксiз мәмiле" деп бағалады.

СОТ СПОРТ САРАЙЫНДА ӨТЕДI

Болашақ депутаттардың тiзiмi қайтадан толықтырылып жатқан күнi құрамына Бiшкектегi сәуiр оқиғаларында құрбан болған азаматтардың туған-туысқандары кiрген "Мекен шейiттерi" қозғалысының және "7 апрель" саяси партиясының, басқа да "революционерлердiң" талаптарына сәйкес, вице-премьер-министр Әзiмбек Бекназаров мәлiмет мәслихатын өткiзiп, Қырғызстанның экс-президентi Құрманбек Бакиевке байланысты сот iсiн аяғына дейiн жеткiзу керек деген мәлiмдеме жасады.

7 сәуiрде үкiмет үйiнiң жанындағы Алатау алаңында ереуiлшiлердiң оққа ұшқаны белгiлi. Осы қылмыстық iске байланысты сот процесiн Бiшкек гарнизонының әскери соты қарауды құзырына алған. Ашық есiк негiзiнде өтетiн сот отырысы Қожамқұл балуан атындағы спорт сарайында 15 қарашада басталмақшы. Естерiңiзге салсақ, 7 сәуiрде қаза тапқан 78 адамның өлiмiне 28 адам себепшi болғаны анықталған-тұғын. Олардың алтауы әлi күнге қашып жүрсе, 22-сi үй қамағында отыр. Ал, басты айыпкер деп саналған Құрманбек Бакиев президент Александр Лукашенконың қалқалауымен Беларусь республикасын паналап едi. "Қырғызстан да, Беларусь та сот шешiмдерiн атқару бойынша конвенцияға мүше, сондықтан олар Бакиевтi қайтарып беруi керек", – дейдi Ә. Бекназаров.

Iзiн жасырғандардың қалған бесеуi – Мемлекеттiк күзет қызметiнiң (МКҚ) бұрынғы төрағасы, экс-президенттiң iнiсi Жаныш Бакиев, үлкен ұлы – Ұлттық қауiпсiздiктiң мемлекеттiк қызметiнiң (ҰҚМҚ) жәрдемшiсi (iс жүзiнде басшысы) болған Марат Бакиев, ҰҚМҚ-ның бұрынғы төрағасы Мұрат Суталинов, экс-премьер-министр Данияр Үсенов, МКҚ-ның арнайы күштерiнiң басшысы Эсенбай Байышұлы.

Қырғызстанның Қылмыстық кодексi "Екi және одан көп адамды әдейi өлтiруге қатысқан, қызмет құқығын зомбылық көрсету арқылы асыра пайдаланғаны үшiн" 28 адамның үстiнен қылмыстық iс қозғады. Ал экс-президенттiң кiшi ұлы Максим Бакиев экономикалық қылмыс жасады деп айыпталуда. Сенiмдi мәлiметтерге қарағанда, ол Англияның құқық қорғау органдарының бақылауында. Тұманды Альбион бұрынғы ханзаданы Қырғызстанға бере қоюы да күмәндi. Өйткенi, Ұлыбритания қалтасы қалың экономикалық қылмыскерлердi ғана емес, лаңкестердi де қолтығына қысып жүргенi мәлiм.

"Киттерден" айырылып, аузы күйген қырғыз Фемидасы "шортандарды" желбезегiнен бекем қармап отыр. Айыпталушылардың iшiнде МКҚ-ның штаб басшысы болған Д. Дунганов, МКҚ-ның төрағасының бiрiншi орынбасары болған Н. Темiрбаев, экс-қорғаныс министрi Б. Қалыев, экс-бас прокурор Н. Тұрсынқұлов, Президенттiң қорғаныс және қауiпсiздiк iстерi бойынша мемлекеттiк кеңесшiсi болған Э. Сатыбалдиев, Президенттiң әкiмшiлiгiнiң экс-жетекшiсi Қ. Жороев, Президенттiң хатшылығының жетекшiсi (өлкенiң идеологы) О. Малеванная, ҰҚМҚ-ның "Альфа" арнайы операциялары басқармасының 8 қызметкерi және басқалар бар.

Қамауда отырған "Альфа" сарбаздарының жақын туыстары мен әрiптестерi "жауынгерлер бұйрықты атқарғанына кiнәлi емес" деген ұранмен бiрнеше рет қарсылық акцияларын ұйымдастырып та үлгердi. Ош және Жалал-Абад облыстарында маусым айында болған қырғындарға байланысты сот iстерi өз алдына жүргiзiлуде. Бұл бойынша экс-президенттiң iнiсi Жүсiпбектiң ұлы Санжарбек Бакиевке сот үкiмi шыққан. Оған "2010 жылдың 13, 14 маусымында Жалал-Абад қаласында жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырып, қару-жарақты заңсыз сақтап жүрген және билiк өкiлдерiне күш қолданған" деген айып тағылып, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ош және Жалал-Абад облыстарындағы бүлiктерге саяси баға беру мақсатында Қырғызстанның арнайы комиссиясы, сондай-ақ ешкiмге тәуелдi емес халықаралық комиссия оқиғалардың себебiн анықтау жұмыстарымен айналысуда. Алғашқысы жаңа жылға дейiн, екiншiсi жаңа жылдан кейiн өз қорытындысын жария етпекшi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстан" газетiнiң Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары