ЕҚЫҰ САММИТI: ӘЛЕМ АСТАНАҒА ҮМIТПЕН ҚАРАУДА

ЕҚЫҰ САММИТI: ӘЛЕМ АСТАНАҒА ҮМIТПЕН ҚАРАУДА

ЕҚЫҰ САММИТI: ӘЛЕМ АСТАНАҒА ҮМIТПЕН ҚАРАУДА
ашық дереккөзі
362

Желтоқсанның 1-2 күндерi Астанада ЕҚЫҰ-ның кезектi саммитi өтедi. Яғни, ендi үш аптаға жетер-жетпес уақытта Астанаға бiр мезетте әлемнiң қырықтан астам елiнiң басшылары жиналып, жаһандық маңызы бар мәселелердi талқылайтын болады.

Мұндай Саммит осыдан 11 жыл бұрын Түркияда өткен екен. Содан кейiн биыл Астанада өткiзiлмек. Жалпы, 2010 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 35 жыл толады. Астана саммитi бұл ұйым тарихында 7-шi саммит болып табылады. Бұған дейiнгi саммиттер 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 Стамбұлда өткен.

15 қазандағы Қазақстан Сыртқы Iстер министрлiгiндегi ЕҚЫҰ департаментiнiң директоры Сержан Әбдiкәрiмовтың мәлiметi бойынша, 40 елдiң басшылары Астанаға келуге келiсiм берiптi. Сонымен қатар, 60-тан астам халықаралық ұйымдардың басшылары да Астанаға ат басын бұрмақ. Оның айтуынша, келуге келiсiмiн берген басшылардың көбi Еуропа елдерiнен, Азиядағы әрiптес-елдер қауымдастығынан. Саммиттiң күн тәртiбi бойынша, оған қатысушылар қарулануды бақылау, Ауғанстандағы жағдай, сенiм шараларын нығайту, трансұлттық қауiп-қатерлердi талқыға салады. Сондай-ақ, қаржы-экономикалық дағдарыс пен экологиялық апаттардың салдарын жою мәселесi жеке қарастырылмақшы. Қазанның 22-ciндегi "Қазақстан-Жаңалықтары" ақпараттық агенттiгiнiң таратқан мәлiметi бойынша, АҚШ президентi Барака Обама бұл Саммитке келмейдi, оның орнына сол елдiң Мемлекеттiк хатшысы Хилари Клинтон келетiн болды. Саммитке жұмсалатын қаржы 4,5 миллиард теңге (30 миллион доллар).

САММИТТIҢ КҮН ТӘРТIБI

Саммиттiң күн тәртiбi жайында әркiм әртүрлi әңгiме айтады. ЕҚЫҰ-ның мақсаты – Ауғанстанның проблемасын бiржақты ету, халықаралық терроризммен күрес, энергетикалық қауiпсiздiк мәселесi және Орталық Азия мен Каспийдiң мұнайы мен газын Еуропа нарығына шығару, сондай-ақ адам құқықтары, сөз бостандығы т.т. Еуропадағы жетекшi елдердiң басым көпшiлiгi саммиттiң күн тәртiбiне осы мәселелердiң шығуын қалады. Ал, соңғы жылдары тәуелсiздiкке қол жеткiзген елдердiң өз мұңы бар. Қазақстан қазiр Ауған жастарының бiлiм алуы үшiн 50 миллион доллар бөлiп отыр.

29 қазанда әзiрбайжандық AZE.az сайтында бұл саммит Әзiрбайжан мен Армения арасындағы Таулы Карабах мәселесiне басымдық беруiн қалайтындығы жазылған. Грузия Оңтүстiк Осетия мен Абхазия мәселесiн реттеудi мақсат етедi. Бiрақ, бұл Ресейдiң шымбайына тиетiн жағдай. Беларусь президентi Александр Лукашенко жалпы ЕҚЫҰ-ны реформалау қажеттiгiн айтады. 30 қазанда "Новости Беларуси" ақпараттық агенттiгiнде пiкiрiн айтқан ол ЕҚЫҰ-ның тек сайлау кезiнде бақылаушы ғана қызметiн атқаруы жеткiлiксiз дейдi. Сондай-ақ, Қырғызстандағы саяси дағдарыс, онда экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылық орнату, ұлтаралық араздықты қоздырмау мәселелерi де әлемдiк қауымдастықты алаңдатып отырған мәселе.

Қазiргi мәлiметтерге қарағанда, Саммит жұмысы үш секциядан тұрады. Алғашқы күнi екi секция жұмыс iстесе, екiншi күнi үшiншi, қорытынды секция жұмыс iстейтiн болады.

САММИТТIҢ НӘТИЖЕСI ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық пен Астана саммитi Қазақстанға не бередi? Бұл жайында сарапшылар әртүрлi пiкiрлер айтады. Ең бастысы, Қазақстанның әлемдiк қауымдастықтағы беделi өстi. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен бiр жыл iшiнде Қазақстанның танымалдылығы артты. Өйткенi, тәуелсiздiк алғанына жиырма жылға жуық уақыт ендi ғана болғандықтан, көптеген елдер Қазақстанның қайда орналасқанын, қандай бағыт ұстанатынын бiлмейтiн. Егер, Қырғызстанның саяси тұрақсыздығымен, этносаралық кикiлжiңiмен аты шыққан болса, Қазақстанның аты мәртебелi ұйымға төрағалығымен, оның 11 жылдан кейiнгi саммитiмен танылатын болады.

Сарапшылар, сонымен қатар, онсыз да инвестициялық климаты жайлы Қазақстанға инвестицияның ағылатындығы жайында болжам жасап отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары