Нұрлан НОҒАЕВ: БIЛIМ БЕРУ БӨКЕЙ ОРДАСЫНАН БАСТАЛҒАН
Нұрлан НОҒАЕВ: БIЛIМ БЕРУ БӨКЕЙ ОРДАСЫНАН БАСТАЛҒАН
– Қоңыр күзде Елордаға ат басын тiреп, облыстың Астанадағы мәдени күндерiн өткiзiп жатыр екенсiздер. Осы iстiң мән-жайын айта отырсаңыз…
– Жалпы, биылғы жылы Батыс Қазақстан облысы әлеуметтiк-қоғамдық және мәдени салаларда жақсы көрсеткiштерге көтерiлдi. Жыл бойы 12 ауданның өнерпаздары облыс орталығында концерт берiп, шығармашылық әлеуеттерiн көрсеттi. Солардың iшiнен мықтыларын iрiктеп алып, тамыз айында Ақтөбе қаласына гастрольдiк сапар жасап, жұртшылықты тәнтi еткен болатынбыз. Жыл жабылар тұста әсем әнге сусындатып, өнерiмiздi паш етейiк деген оймен Астанаға ат басын тiреп отырмыз.
Өздерiңiз бiлесiздер, Батыс Қазақстан облысы – Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтақ, Түркеш, Дина сынды дәулескер күйшiлердiң елi. Мұхит Мералыұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Қатимолла Бердiғалиев, Ескендiр Хасанғалиев сынды әншi-композиторлардың кiндiк қаны тамған жер. Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлi, Ақұштап Бақтыгереева сынды қаламгерлердiң елi. Өнерге тұнып тұрған жер. Бұл бiздiң облыстың шығармашылық есеп беруi десек те болады.
– Кезiнде индустриялық әлеуетi жағынан көш басынан көрiнген Батыс Қазақстан облысының қазiргi жағдайы қалай?
– Батыс Қазақстан – елiмiздегi қарқынды дамып келе жатқан өңiрлердiң бiрегейi. Бұл аймақта машина жасау өнеркәсiбi жақсы дамыған. Кезiнде Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда ашылған iрi әскери зауыттардың жартысынан астамы осында шоғырланған. Кезiнде Қорғаныс саласына қажеттi қондырғылар шығарған "Гидроприбор", "Омега" зауыттары қазiр де қарапайым халықтың игiлiгiне жарап тұр. Аталмыш зауыттарда да кiшiгiрiм кемелер мен катерлер құрастырылады.
Жалпы, индустриялық-инновациялық даму аясында бас-аяғы 272 миллиард теңгеден астам қаражатты қажет ететiн 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобалардың арқасында 2162 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылуы тиiс. Биылғы жылдың өзiнде 29 жоба iске асып, 1 300-ден астам жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ, Индустрияландыру картасы аясында 90 миллиард теңгенi қажет ететiн 9 жоба қолға алынды. Жыл басынан берi осы жобалардың төртеуiнiң тұсауы кесiлiп, 241 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
– Қазақтың "қара алтын" мен газ қорының ең мол шоғырланған аймағындағы қарапайым халық көгiлдiр отынның қызығын көре алып отыр ма?
– Мәселен, соңғы үш жыл iшiнде облыс бойынша 12 аудан мен облыс орталығындағы ықшамаудандарға газ тартылды. Бақтықожа Iзмұхамбетов облыс басшылығына келгеннен бергi аралықта Орал қаласынан бес жүз шақырым жердегi Бөкей ордасы ауданына да көгiлдiр отын жеттi. Былтырдан бергi қаланың iргесiндегi Теректi ауданының халқы да көгiлдiр отынның жылуына қуанып жүр. Жыл басында Сырым ауданындағы Жымпиты елдiмекенiне, Қаратөбе ауданындағы бiрқатар ауылдарға газ тарттық. Жымпиты мен Қаратөбеге дейiн газ тарту жұмыстары жергiлiктi бюджеттiң есебiнен қаржыландырылса, басқа бiрқатар жобаларға жергiлiктi кен орындарын игерiп жатқан компаниялар инвестиция құйғанын айта кету керек.
– Ұлттық "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасының облыс бойынша жүзеге асу барысы қалай?
– Осы бағдарламаның аясында Бөкей ордасы ауданында 600 орындық, облыс орталығында 1200 орындық мектеп, Теректi ауданында 360 орындық, Жаңақала ауданында 700 орындық мектептер ашылды. Төртеуi де қазақ мектебi. Облыс бойынша 7 аурухана салу жоспарланған болатын. Орал қаласындағы, Ақжайық пен Тасқала аудандарындағы, ауылдық жерлердегi ауруханалар мен медициналық нысандар жылдың соңына дейiн iске қосылуға тиiс. Әрқайсысына қажеттi қаражат пен тиiстi жер телiмi бөлiнген.
– Елiмiздегi ең ұзын шекараның бойында жайғасқан облыс болғандықтан көршiлес Ресеймен арада экономикалық сауда-саттық мәселесiн қалай жүргiзуде?
– Батыс Қазақстан Ресейдiң бес бiрдей губерниясымен шектеседi. Атап айтар болсам, Астрахан, Саратов, Самара, Волгоград және Орынбор губерниялары бiздiң облыспен iргелес орналасқан. Ресеймен арадағы тауар айналымының көлемi 1 миллиард доллардан асып түседi.
Кеңес тұсында елiмiздiң шекара түбiнде орналасқан бiрқатар елдiмекендерiнiң тұрғындары сауда жасау үшiн Оралға келгеннен гөрi, ар жағындағы Ресейдiң қалаларына барғанды жөн санайтын. Тұрғындар үшiн әлеуметтiк жағынан осы тиiмдi едi. Шекара жабылғаннан кейiн екi арадағы байланыс тоқырап қалған-ды. Алайда, Кедендiк одақ құрылғаннан кейiн екi ел азаматтарының, ағайын-туыстардың бiр-бiрiмен қатынасуы бiршама жеңiлдедi. Мал өнiмдерi, құрылыс заттары, мұнай-газ шикiзаттары экспорттала бастады. Есесiне олардан өзiмiзге қажеттi дүниелердi кедергiсiз алып жатырмыз.
– Аймақ басшылығы туристiк кластердi қалыптастастыруға көңiл бөлiп отыр ма?
– Шыны керек, бұл өте күрделi мәселе. Батыс Қазақстан табиғаты әсем, тарихи ескерткiштерге бай өлке. Бөкей Ордасы ауданындағы Бөкей ханның, Жәңгiр ханның ставкаларының өзi неге тұрады?! Қазақстанда қазiргi таңда қолданылып жүрген көптеген басқару, бiлiм беру саласындағы жетiстiктерi ең алғаш осы Бөкей ордасынан басталған. Орман шаруашылығы, қазынашылық, ветеринария алғаш рет осы жерде қолданысқа енген. Қыздар гимназиясы, ұлдар гимназиясы да Бөкей ордасында ашылған. "Алғаш" деген баламамен айтылатын игiлiктердiң көпшiлiгi қазақ даласына батыс өлкеден тарағанын жұртшылық жақсы бiледi.
Өзiмiздiң азаматтарымызға да, шетелдiк туристерге де ұялмай көрсетуге тұратын, таңғалдыра алатын ескерткiштер, жәдiгерлер өте көп. Оған қоса, емдiк туризмдi дамытуға мүмкiндiк бар. Мамандардың зерттеуiне сүйенсек, Шалқар көлiндегi судың құрамы 500 шақырымнан астам қашықта жатқан Каспийдiң суымен пара-пар. Шалқардың суы терi ауруларына, жүйке ауруларына шалдыққан жандар үшiн өте пайдалы.
Одан бөлек, Әлжансор деген тұзды көлдiң маңында жыл сайын Ресейдiң түрлi аймақтарынан, Қазақстанның алыс өңiрлерiнен мыңдаған адамдар демалып, ем алып кетедi. Облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетовтiң бастамасымен көлдiң басында тұрғынжайлар мен қонақүйлер салынды. Ол үшiн жергiлiктi кәсiпкерлердi тарттық. Көлдiң жанындағы Сарыөңiр деген елдiмекенге арнайы газ жеткiздiк. Келесi жылы тақтайдай тегiс жолдың құрылысы да аяқталуға тиiс. Аймақтың инфрақұрылымы жақсарған сайын, туристер де көптеп келе бастады. Ал туристер келсе, жергiлiктi халық үшiн "екi қолға бiр күрек" табылатыны түсiнiктi.
– Қазағы қалың болса да, ормандай орыстың өтiнде отырсыздар. Аймақта мемлекеттiк тiлдi дамыту барысы туралы не айтасыз?
– Президент Әкiмшiлiгiнiң, статистика органдарының ресми бағамына сүйенсек, Батыс Қазақстан облысы қазақ тiлiнiң қолданыс ауқымы бойынша елiмiзде үшiншi орында тұр. Алғашқы екi орын Қызылорда мен Атырау облыстарына тиесiлi. Қазiргi таңда, облыс бойынша iс қағаздарының 97 пайыздан астамы мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Менiңше, бұл жақсы көрсеткiш.
Отанынан жырақта жүрген адамның отансүйгiштiк сезiмi күшейе түседi емес пе?! Ресейден атамекенге оралған қандастарымыздың басым көпшiлiгi ана тiлiнен ажырамапты. 1980-шi жылдары Орал қаласындағы қазақтардың үлес салмағы 8-9 пайыздан аспаса, былтырғы санақ барысында 51 пайызға жетiп жығылды. Облыс орталығының қазақылануына шетелден келген қандастарымыздың ғана емес, ауылдық жерлерден қалаға қоныс аударған бауырларымыздың да қосқан үлесi мол.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Арнұр АСҚАР,