БIЛIКТI ДӘРIГЕРЛЕРДIҢ КӨМЕГI
БIЛIКТI ДӘРIГЕРЛЕРДIҢ КӨМЕГI
Ел үкiметi денсаулық сақтау саласына жiтi көңiл бөлiп келедi. Қазiргi кезде елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде халықтың денсаулығын жақсарту тұрғысында түрлi шаралар ұйымдастырылып жүр. Осы iстiң жалғасы ретiнде Павлодар қаласында Ұлттық медициналық холдинг күндерi өткiзiлдi.
Акция мақсаты – аймақтық денсаулық сақтау саласын дамыту арқылы отандық медицина сапасын арттыру. Ұлттық медициналық холдингтiң көшпелi бригадасы жергiлiктi тұрғындар үшiн кеңес берiп, бiрқатар бiрегей және сирек жасалатын операцияларды өткiздi. Одан басқа, Ұлттық медициналық холдингтiң мамандары павлодарлық әрiптестерiмен медицинаның түрлi салаларындағы ең жаңа мағлұматтармен бөлiсiп, мәре-сәре болды.
Ұлттық медициналық холдинг бүгiнде диагностиканың, емдеудiң және оңалтудың ең заманауи әдiстемелерiн қазақстандықтар үшiн қол жеткiзерлiктей етiп жасауда. Холдинг арқылы шетелден отандық денсаулық саласына жоғары технологиялардың трансфертi жүргiзiлiп келедi. Ауыр науқаспен азап шегушi көптеген адамдар ем алу үшiн шетелге сандалмайтын болды. Бұл ретте, Холдинг Денсаулық сақтау министрлiгiмен тығыз қарым-қатынаста қызмет етiп, енгiзiлген жаңалықтарды әрi қарай таратуға жұмылып отыр.
Павлодар облысында ҰМХ күндерi шеңберiнде мастер-класстар мен дәрiстердiң топтамасы ұйымдастырылды. Нәтижесiнде павлодарлық дәрiгерлер түрлi ауруға тиiмдi түрде қарсы тұруға және облыс тұрғындарының бұрын қол жетiмсiз қызметтер көрсетуге мүмкiндiк беретiн ең заманауи үлгiлердi меңгередi.
Көшпелi бригаданың құрамында Ұлттық медициналық холдингтiң үздiк докторлары, хирургтар, нейрохирургтар, травматологтар, ортопедтер, акушер-гинекологтар, педиаторлар, неврологтар, неонатологтар бар. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушерия-гинекологиялық блогының мамандары акушерлiк және экстрагенитальдық патологиялары бар жүктi әйелдерге, сондай-ақ гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған кеңес өткiздi. Бiр айта кетерлiгi, жедел жәрдем орталығында алғаш рет мамандандырылған полижарақат бөлiмшесi құрылды. Ол елiмiздiң барлық аймақтардағы тұрғындарды тәулiк бойы қабылдау режимiнде қызмет етедi. Республикалық диагностика орталығының докторлары ең заманауи әдiс – магниттiк-резонанстық томографияны пайдалану арқылы Павлодар облысының тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетiлдi.
Бұл акция осымен екiншi мәрте өтiп отыр. Алдағы уақытта ҰМХ көшпелi бригадалар Қазақстанның басқа да аймақтарына барады.
Динара ДҮРМӘН