ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛЫ АДАМ

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛЫ АДАМ

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛЫ АДАМ
ашық дереккөзі
420

Бауыржан Момышұлы десе, қазақтың өршiлдiгi, қазақтың табиғи болмысы, қазақтың мықтылығы, қазақтың кеңпейiлдiлiгi мен намысқойлығы көз алдымызға оралады. Тiптi, қазақ дейтiн халықты Бауыржан Момышұлынан, Бауыржан Момышұлын қазақтан бөлiп қарау, әсте мүмкiн емес.

Қазақстан Жазушылар одағы мен "Ел-Шежiре" қоғамдық қоры бiрлесе өткiзген "Ұлтын сүйген Ұлы адам" атты ғылыми-практикалық конференция Бауыржандай нар тұлғаның тойының бiр күндiк ғана емес, жылдар бойы жалғаса беретiндiгiнiң дәлелi. Алғашқы сөз тiзгiнiн қолға алған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза: "Бауыржан Момышұлы оқулары кең ауқымда, әртүрлi деңгейде өткiзiлiп келедi. Баукең өзiнiң аңызға айналған ғұмырында қан кешкен, толарсақтан су кешкен қазақтың арғы-бергi тарихындағы ұлы батырлары сияқты, ақ боз атымен шауып, жаудың бетiн қайтарған хас батыр ғана емес, бейбiт кезде қалам ұстаған, өзiнiң батыл-батыл ойларымен ұлтты сүюге тәрбиелеген ұлы жазушы. Баукеңнiң бойындағы қатар өрiлген батырлық пен хакiмдiк – Бауыржан Момышұлы дейтiн феноменалдық құбылыстың қос қанаты секiлдi елестейдi", – дедi. Конференцияда батыр туралы жылы әңгiме шерткен жандардың бiрi – полковник Ким Серiкбаев. – Өзiмнiң дәрiс өткiзетiн сабақтарым туралы емес, сiздерге Баукеңмен алғаш қашан, қалай кездескенiм туралы әңгiмелегенiм қызық болар, – деп бастады полковник Ким Серiкбаев. – Бауыржан Момышұлы бiздiң данышпанымыз. Баукеңнiң есiмi бiздiң мәңгiлiк мақтанышымыз. Бауыржанды мен жақсы бiлем деп, өтiрiк айта алмаймын. Баукеңдi мен екi-ақ рет көрдiм. Соның өзi мәңгiлiк менiң есiмде қалып қойды. Алғаш рет ол кiсiнi 1975 жылдың 20 қаңтарында көрдiм. Училищеде кафедра бастығы болып жұмыс iстейтiн Власов деген бiр армян жiгiтi бар едi. Сол кiсi кешкiлiк маған келiп: "Сен Бауыржанды бiлесiң бе?" деп сұрады. "Бiлем" деп жауап бердiм. "Бiлсең, ертең ол кiсi конференцияға қатысып, сөз сөйлейтiн болады. Бiр топ курсанттарыңды ал да, барып қайт" дедi. Сосын мен де: "Қазақ жiгiттерiн жинап апаруға рұқсат етiңiзшi" деп едiм, "армяндарды да ала кет" дедi. Сөйтiп, конференцияға бiр машина курсанттарды алып келдiм. Жазушылар Одағының әдебиетшiлер үйiнде өттi. Зал лық толы. Конференцияны Снегин басқарды. Қасымдағы бiрге келген курсанттар менен "Бауыржан қайсы?" деп сұрап қояды. Мен бұған дейiн Баукеңдi көрмегенмiн ғой. Содан не керек, конференция басталды. Он бес-жиырма минут өткеннен кейiн, үстiнде әскери киiмi бар, қолында жұп-жұмыр таяғы бар бiр кiсi кiрiп келдi. Оны жұртшылық қолпаштап президиумға шақырды. Жүрiс-тұрысы ерекше адам екен. Асықпай барып, өзiнiң орнына жайғасты. Түр-тұлғасына, өзiн-өзi ұстауына қарап, оның Бауыржан екенiн бiрден бiлдiк. Жастармыз ғой. "Бауыржан, Бауыржан" деп сыбырласып қоямыз. Генерал жазып алғанын сампылдап, оқып жатыр. Баукең шыдасын ба, "Генерал вы читаете хорошо. Но вас никто не слушает!" дедi. Бұрын-соңды генерал адамды кiм тоқтатқан? "Мына бiр қария келдi, президиумға отырды. Бұл кiм деп ойлап отырған шығарсыздар? Мен – Бауыржан Момышұлымын" дедi. Жұрттың бәрi қол шапалақтап, ду ете түстi. Бәрiмiз айғайлап-шулап, орнымыздан тұрып, қошеметтеп жатырмыз. Баукең оң жақ қолын көтерiп, "тоқтаңдар" дегендей кейiп танытты. Есiл-дертiмiз Баукеңнiң сөзiн тыңдау. Үзiлiсте ылғи қазақ жiгiттерi жиналып, бөлек тұрдық. Бiздi көрдi де, Баукең бұрылып өзi келдi. Әрқайсымыз өзiмiздiң кiм екенiмiздi айтып жатырмыз. Баукеңнiң қазақ туралы, қазақтың тiлi, қазақтың дәстүрi туралы жазғандарына бiз таң қаламыз. Баукеңнiң сол кездегi сөйлеген сөзi әлi күнге жадымызда. Мiнбенiң қасында тұрып, "Екi тiлде сөйлеп, екi тiлде жазам. Бүгiн орыс тiлiнде сөйлегенiм дұрыс шығар деп сезiнiп тұрмын. Өйткенi, мұндағы адамдардың көбiсi өзiнiң туған тiлiн түсiнбейдi" дедi. Бұл сонау 1975 жылғы, 20 қаңтардағы әңгiме болатын. Менiң таңқалғаным, бiр отыз минуттай сөйледi. Сол отыз минуттың iшiнде Бауыржан аға өзiнiң даңқты қолбасшы екендiгiн тағы бiр рет көрсеттi. Талай адамдарды тыңдап жүрмiз ғой. Көз алдымыздан талай маршалдар, генералдар өттi. Бiрақ, Баукең сияқты ешқандай қағазға қарамай, анық түсiндiрген адамды бiрiншi рет көруiм",-дедi. Конференцияда Бауыржан Момышұлы туралы естелiктер де, жылы лебiздер де көп айтылды. Батырдың келiнi, жазушы Зейнеп Ахметова атасының өз қолымен жазылған хатын оқып бердi. Бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген хатты батыр атасы төте жазумен жазып қалдырыпты. Атасының қолтаңбасы қалған хатты мiнбеде тұрып оқыған Зейнеп апа: "Мынау сарғайған қағаз атамның өз қолжазбасы. Арабша төте жазумен жазылған. "1973 жыл, қарашаның 19 жұлдызы, дүйсенбi" делiнген. Бүктеуiне дейiн, атамдiкi. Сондағы жазғаны мынау. "Қай ұлттың болмасын ана тiлi, ата дәстүрi, салт-санасы, сол халықтың өзiндiк қадiр-қасиетiн, жан дүниесiн, тұрмыс-тiршiлiгiн көрсететiн өз белгiлерi. Олар бүкiл бiр халықтың өмiр жолындағы ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы. Ұрпақтан ұрпаққа қалдырған ардақ мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар iргелi ел болып, бiздiң ұмыт болып қалуымыз мүмкiн. Ана тiлi, ата дәстүрi өзiнен-өзi жалғаспайды немесе бiреу сырттан келiп, сен үшiн көсегеңдi көгертiп, сақтап та бермейдi. Халықтың халық болып өмiр сүруi, не жырымдалып жүрiп, өз бет-бейнесiнен айрылуы, әрбiр ұрпақ өкiлiнiң өзiнен кейiнгi iзбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткiзуiне байланысты" деп жазып қалдырған. Сол күнi кешкi астан кейiн әңгiме өз-өзiнен басталып кеттi. Ата маған: "Балам, менен басқа Момышұлдарын орыс жасайсың ба, қып-қызыл қазақ жасайсың ба, ол саған байланысты. Балам, қазақта киiз үйдi көтерген кезде, шаңырақты ер адам көтередi. Оның уығын қадайтын әйел адам. Ұлттың ұлт болып қалуы, ел болып, ата салтын, дәстүрiн сақтауы, ең алдымен мына сендерге байланысты. Ана қалай болады, бала да солай болады! Ана тiлi деп бекер айтпаған" дедi. Атамның айтқан сол бiр ұлағатты сөздерiнiң бәрi қазiр шындыққа айналып отыр. "Еркек – түздiң тынысы, әйел – үйдiң ырысы" дейдi. Бала-шағамыздың бойына ұлттық қадiр-қасиетiн сiңiру, бесiк жырынан, әлдиiнен бастап, әйел адамдардың, арулардың мiндетi" деп сөзiн түйiндедi. Ауған соғысының ардагерi Бақытбек Смағұл батыр атасының күнделiктерiн арнайы жеке кiтап етiп шығарыпты. Күнделiк жазбалардан батырдың әр жылдарда жазылған рухани дүниесiнен мол мағлұмат алуға болады. Бауыржантанушылардың жасап жатқан дүниелерi туралы айтылар әңгiме таусылмайды. "Қолбасшы күнделiгi" де, батыр туралы жазылып жатқан шығармалардың бiр парасы ғана. Конференция барысында бауыржантанушы ғалымдарымыздың бiр қатары батыр туралы аңыз-әңгiмеге бергiсiз естелiктерiн ортаға салды. Қазiр Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы тойланып жатыр. Бауыржандай даңқты қолбасшы атамыздың "отыз күн ойын, қырық күн тойын" жасасақ та, артық емес. Той тойлау деген iшiп-жеу емес, батырдың өз қолымен жазылған рухани мұрасын бүгiнгi ұрпаққа паш ету. Қазақтың рухани байлығына қосылар асыл мұрасын ұрпағына насихаттау. Намысшылдықты, ұлттық рухты ұрпақ бойына сiңiргiмiз келсе, Бауыржан Момышұлының шығармаларын кеңiнен жеткiзуiмiз керек. Ол үшiн бауыржантануды бiр күнмен ғана шектемеуiмiз керек. Бауыржанның туған күнiнде "Бауыржан оқуларын" өткiзу мәселесi де конференция барысында сөз болды. "Бауыржан оқуларына" батырдың туған күнi, яғни 24 желтоқсанды белгiлеудi ұсынғандар да болды. Ұсыныс жасалғанымен, басты мәселе оның бекiтiлуiнде. Көпшiлiк қолдаған дүниенiң жүзеге асқаны да ләзiм. Сондықтан, Бауыржан күнiн өткiзу, қазаққа аманат, ұрпаққа парыз деп ойлаймыз.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары